
Тарихи тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған элита экономикада және сыртқы саясатта толағай табыстарға жетті. Бүгінгі таңда Қазақстан бұл салада Орта Азияның және ТМД-ның жетекші елдерінің бірі, оның жақсы аты әлемге жайылды. Алайда, бізді алда, әсіресе, ішкі саясатымызда, ұлттық құндылықтар майданында қыруар жұмыстар күтіп тұр. Соның бірі – өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қазақ жерінде қолдан жасалған ашаршылықтан қынадай қырылған миллиондаған халықтың рухын ұлықтау. Бұл қазақ тарихында болмаған сұрапыл, ұлттық қасірет еді. Ең сорақысы сол, тәуелсіз Қазақстан сол 4 млн халықтың рухына арнап әлі бір белгі қоя алған жоқ. Бұл ақылға сыймайды. Сол 4 млн-ның 90 пайызы қазақ, 250 мың орыс және өзге де ұлт өкілдері. «Ақ жол» демократиялық партиясы жоқтаусыз қалған ата-бабаларымыздың жоқтаушысы, ұлттық құндылықтардың болады, осынау ашаршылық құрбандарына арнап Қазақстанда мемориал кешенін ашуға мұрындық болады деп кәміл сенемін. «Ақ жол» деген партия атауынан тырнақшаны алып тастасаңыз, ол қазақ ұғымында басы ашық бір мағына береді. Яғни, Алланың ақ жолы деген мағына. Ал Алланың ақ жолы қашанда әділет жолы, ол жайында елбасы да өз сөзінде қадап-қадап айтты, «Қазақстан әлеуметтік әділетке ұмтылу керек» деді. Бұл тамаша бағдар. Негізінен, кәсіпкерлер партиясы болып табылатын «Ақ жол» әлеуметтік әділеттік туын көтеретін партия болуға тиіс.