Сауытбек Абдрахманов: ЖУРНАЛИСТИКА ӨЗГЕЛЕР АМАНДАСА ДА АЛМАЙТЫН АДАМДАРМЕН АРАЛАСЫП-ҚҰРАЛАСТЫРАДЫ

с

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті: 

– Сауытбек аға, сіз қолыңызға қалам ұстамағанда футболшы болып кетуіңіз мүмкін бе еді? Доп қуалап, футболдың соңына біржола түскеніңізде, бәлкім, шын мәнінде №1 ойыншы болар ма едіңіз? – Сіздің бұл сұрақты Бауыржан Омарұлының «№1 ойыншы» деген эссесін оқығаннан кейін қойып отырғаныңызды шамалаймын. Бауыржан онда менің футболда қақпада тұрғанымды, ал қақпашының №1 футболка киетінін пайдаланып, соны ойнатып тұр ғой. Спортты, соның ішінде әсіресе футболды жақсы көретінім рас, қақпашылықпен мүмкіндігінше кәсіби тұрғыдан айналысқаным да, екінші разряд алғаным да рас. Бірақ футболдың менің өмірімдегі рөлін тым асыра бағалауға да болмайды. Футбол, қанша дегенмен, ойын... Өзіңе бір-ақ рет берілетін өмірді ойынға арнау үшін сен өзіңнің тек футбол үшін жаралғаныңды, халқыңа футболшы ретінде ғана пайда келтіре алатыныңды, бойыңда осы өнерге ерекше қабілеттілікті сезінуің керек. Менде ондай сезім болған емес. Дәл сондайлық қабілет табылмағандықтан шығар. Сондықтан бұл сұрағыңызға үлкен футболда үлкен жетістікке жете алмас едім деп жауап беруге мәжбүрмін. Жалпы, сөздің орайын пайдаланып айтып қалайын, бізде, қазақта спорттың мәнін әлі де жете бағаламау бар. «Доп ойнаған тозар» деп мақалдайтын кез емес қазір. Қазір доп ойнаған озып тұрған заман. Тіпті допты нашар ойнайтындар да озып тұр... Біздегі облыс орталықтарындағы әлжуаз командалардың ойыншыларының өзінің айлығы бәлен мың доллар дегенге сенесіз бе? Шындығында солай. Негізінде, спорт – ұлы ұғым. Әсіресе, бәрін дерлік экономикалық қуат пен әскери күш айқындап бара жатқан мына заманда халқы аз елдің халқы көп елді жеңуінің санаулы жолының бірі осы – спорт. Ал халқы 16 миллионнан сәл ғана асатын Қазақстан аз елдердің қатарына қосылады. Спорттың ұлы ұғым екендігін Елбасымыз бір сөзінде әдемі айтып еді. «Әлемде елдің туы екі жағдайда ғана көтеріледі, оның біріншісі – мемлекеттің басшысы шетелге ресми сапармен барғанда, екіншісі – сол мемлекеттің спортшысы дүние додасында озып шыққанда» деген болатын. Бұл сөзге ештеңе қосып-алудың қажеті жоқ сияқты. – Журналист мамандығын таңдаған жастарға не айтар едіңіз? – Біраздан бері Еуразия университетінде «Журналистикаға кіріспе» пәнінен дәріс оқып жүрмін. Бұрын «Шығармашылық зертхана» бойынша да оқытқаным бар. Профессор атағын алдым. Биыл алдым. Мұны қадап көрсететін жөнім бар. Осы күндерде газеттердің бірінде мені докторлық диссертациясын биыл қорғағандай етіп жазған мақала шығыпты. Журналистің өзіне телефонмен хабарласып, мені «бойына классикалық білім жинаған қаламгер-ғалым» деп бағалағанына разылығымды білдіре отырып, докторлық диссертациямды 2007 жылы қорғағанымды, ал биыл профессор атағын алғанымды есіне салдым. Ізетті қарындасым ғафу өтініп жатыр. Сөйтсем, ол менің аты-жөнімді Білім және ғылым министрлігінің сайтынан көрген екен, онда мен профессор атағын алғандардың тізімінде тұрған болатынмын. «Журналистикаға кіріспенің» алғашқы дәрісінде студенттерге мынадай жағдайды әңгімелеген едім. 1976 жылы, яғни осыдан 35 жыл бұрын біз жас журналистердің бүкілодақтық бірінші семинарына қатыстық. Университетті бітіргеніме жыл жаңа толған кез. Бізді «Правда», «Известия», «Комсомольская правда» газеттерінің, ТАСС-тың, АПН-ның басшылары қабылдады. Тамаша кездесулер өтті. Ой көкжиегіміз кәдімгідей кеңи түсті. Жур­налистиканың, әсіресе батыс журналистикасының неше түрлі қызық жайларына қанықтық. Борис Стрельниковпен кездесу кезіндегі бір әңгіме есімде. Нью-Йорктегі тілшілік қызметін жаңа бастаған күндерінің бірінде ол жексенбі күні киоскіден «Нью-Йорк таймстың» жаңа нөмірін сатып алады. Жол жиегіндегі орындыққа отырып, оқи бастайды. Оқи бастасымен-ақ, неге екені белгісіз, құлпынай жегісі келеді. Нью-Йорк. Қыс кезі. Қаңтар айы деді ғой деймін. Ал жегісі келіп тұрғаны – құлпынай. Басқа ештеңе де емес. Құлпынай. Бұл қалай болғаны сонда? Барған сайын құлпынайдың дәмі мұрын жарып, аңсары құлпынайға ауып барады. Мұның мәнісіне қалың газеттің («Нью-Йорк таймстың» жексенбілік нөмірінің қалыңдығы анау-мынау томнан кем болмайды) ортаңғы тұсына жеткенде барып қанығады. Сөйтсе... газеттің сол күнгі баспахана бояуына құлпынай қосылған екен! Құлпынай сатумен айналысатын компания ма, фирма ма өз өнімін осылай жарнамалаған екен... Ал ол кезде біздің газеттерде жарнама атаулы хабарландыру мәтіндерінде ғана болатын, ал телевидениеде тіпті кездеспейтін де. «Правданың» Америка Құрама Штаттарындағы меншікті тілшісі Генрих Боровикпен өткен кездесу де есімде ерекше қалып қойды. Генрих Аверяновичтың сондағы бір сөзі мынау. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Сол өмірде адам өзінің мамандығын әрі кеткенде үш-төрт рет қана ауыстыра алады. Әдетте мамандық ауыстырылмайды да. Бір өмірде бірнеше мамандық иесінің өмірін сүруге мүмкіндік бере алатын екі ғана мамандық бар. Оның бірі – актерлік өнер. Екіншісі – журналист кәсібі. Боровик осылай деді. Журналистикадағы даусыз дарындардың бірі ретінде толық мойындалатын қаламгердің айтқан сөзін осы жолға түскен әрбір жас есте ұстаса артықтық етпейді. «Журналист кәсібін таңдау арқылы сіздер өз өмірлеріңізді мәнді де мағыналы етудің нақты мүмкіндігіне ие болып отырсыздар. Сіздер журналист болып жұмыс істеу арқылы бір жолы саясаткер болып, бір жолы экономист болып, бір жолы актер болып, бір жолы құрылысшы болып, бір жолы спортшы болып, бір жолы заңгер болып, бір жолы инженер болып ойлай аласыздар, солардың ішкі жан әлеміне ену арқылы өздеріңіз де белгілі бір дәрежеде олардың өмірін сүре аласыздар» деймін жастарға. Өткен жылы «Қашаған құрықтаған Қазақстан» деген репортаждар кітабым жарық көрді. Сол кітаптың Президенттің мәдениет орталығында өткен тұсаукесерінде: «Осы он жылдың ішінде Елбасының шетелдік ресми сапарларына, басқа да лауазымды тұлғалар бастаған делегацияларға ере жүріп, белгілі бір дәрежеде өзімді бір жағынан саясаткер, бір жағынан дипломат, бір жағынан депутат сияқты сезінген сәттерім аз болған жоқ» дегенім бар еді. Әртүрлі мамандық иелерімен сөйлесе жүріп журналистің өзі де ой көкжиегін кеңіте түседі, білімін толықтыра түседі. Әрине, журналист, егер арнайы мамандық иесі болмаса немесе аса бір феномен қасиет иесі болмаса, ол салалардың бәрінен бірдей хабардар бола қалмайды, тіпті бола алмайды. Негізінде, журналистикадан асығыстықтың табы атымен табылмауы шын мәнінде мүмкін де емес. Ағылшын ақыны, сыншы Мэтью Арнолдтың «Журналистика – жол жөнекей жазылатын әдебиет» дейтіні сондықтан. Марк Твеннің бір сөзі бар – «Журналистер бәрін біледі, бірақ дәлін білмейді» деген. Марк Твен әзілқой адам, бірақ бұл арада ол ащы шындықты айтып отыр. Егер мен де әзілдеп айтсам, өзің онша түсіне бермейтін жайларды оқырмандарға түсіндіріп бере алсаң, онда сенің шын журналист болғаның дер едім... Білмейтініңді білдірмеудің өзі – білімділіктің бір түрі. Бәрін білу, әсіресе дәлін білу – өте қиын, ең бастысы – дәнін білу. Мәселенің дәнін білуге болады. Әбден-ақ болады. Әрине, білгенге, біліп жазғанға, тіліп жазғанға не жетсін. Соған барынша ұмтылу керек. Журналист мамандығын таңдаған жастарға не айтар едіңіз дейсіз бе? Мен студенттерге мынаны айтамын. Сіздер тамаша мамандық таңдадыңыздар деймін. Бұл мамандық, егер оны ойдағыдай игеріп шықсаңыздар, сіздерге өмірдің көптеген қырларын айқара ашып көрсетеді, деймін. Бұл мамандық сіздерге өзге мамандық иелері амандаса да алмайтын талай адамдармен емін-еркін араласып-құраласудың, сағаттап сұхбаттасудың тетігін қолға ұстады, деймін. Бұл мамандық сіздерге ел көрсетеді, жер көрсетеді, бұл мамандық сіздерге айтулы азаматтардың ойына ой қосуға, сөйтіп олардың толғаныстарын халыққа қосыла жеткізуге жол ашады, деймін. Бұл мамандық сіздерге үлкен, шын мәнінде халықтық мінбер береді, ол мінберден сіздер бір сәтте жүздеген мың адамға, ал телевизия, радиожурналистикасының соңына түскендерге миллиондаған адамдарға тікелей сөз арнауға жағдай жасайды, деймін. Бұл мамандық сіздерге елдің саяси құрылысын айқындауға, үкіметінің тыныс-тіршілігін қалыптастыруға хал-қадерлеріңізше араласуға, кейде тіпті соған ықпал етуге мүмкіндік береді, деймін. Айтқандай, өзгелер амандаса да алмайтын дейтініме бір мысал келтірейін. Ана жылы Америкаға барғанымда Тед Тернердің өзімен аз-кем болса да сөйлесіп қалғаным. Ти-Би-Эсті, Си-Эн-Энді құрған ұлы кәсіпкер ғой. Журналист болмасам, ел атынан сөйлемесем ол мені қайтсін? Өзі миллиардер. Бірнеше мемлекеттің басшысынан сұхбат алу айтуға ғана оңай. Ондай мүмкіндікті маған осы мамандық беріп отыр ғой. Әлемнің елуден астам елінде болу да тек журналистиканың арқасы екені анық. Осы күзде Қарағандыға барып, «Орталық Қазақстан» газетінің 85 жылдық тойына қатысып қайттым. Сонда басылымды біраз жыл басқарған, 1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде «Бұл – мемлекеттік төңкеріс!» деп тұрып жазған мақаласымен-ақ қазақ журналистикасының тарихына енген Нұрмахан Оразбек ағамыз: «Ең жауапты мамандық – журналист мамандығы. Өйткені, журналист қоғам үшін жауап береді» деген еді. Бұл да осы жолға түскен адамның жадынан шықпауға тиіс сөз. Журналистиканың мүмкіндігі мол. Журналистика қоғам өміріне мониторинг жүргізеді, әрқилы мәселелер бойынша пікірлердің мінберіне айнала алады, адамдарға мәлімет алу мүмкіндігін жасайды, пікір айту мүмкіндігін береді, халықтың пікірін билікке тыңдата алады, қоғамдық сарапшы міндетін атқара алады, қоғамда тиісінше рухани ахуал қалыптастыра алады. Бұл бір кәсіп үшін аз ба? Тіпті де аз емес. Әлемдегі журналистиканың бастау-бұлағы қағазға мәтін басып шығару десек, осыған қазақ даласының тікелей қатысы бар екенін айта кеткен артық болмас. Тараз қаласының солтүстік жағында, Талас өзенінің бойында көне қала орны бар. Жергілікті халық «Жуантөбе» деп атайды. Тарихи деректерде осы жер Атлах деп аталған. Атлах маңында 751 жылы қытай және араб әскерлерінің арасында шайқас болған. Бұл жайында «Великие битвы кочевников» деген кітапта да айтылады. Сол шайқаста араб қолы жеңіске жеткен. Біздің даламызда қай діннің үстемдік құратыны дәл сол шайқаста шешілген. Ал ол шайқастың адамзат өркениеті үшін маңызына келсек, мәселенің мәнісі мынада. Тұтқынға түскен қытай әскерлерінің арасынан қағаз басу құпиясын білетін адамдар бар болып шыққан. Солар арабтарға құпияны амалсыз ашқан. Алдымен Самарқанда, одан кейін араб елдерінде қағаз басу жолға қойылған. Қағаз кейін Кордова халифаты (Испанияда) арқылы еуропалықтарға жеткен. Осылайша біз қағаз басу өнерінің жер жүзіне жайылуына қазақ даласындағы сол шайқас тікелей әсер еткен дей аламыз. – Әдебиет зерттеушісі екеніңізді оқырман жақсы біледі. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек «Сатира – әдебиеттің өгей баласы» деп айтып еді. Сіздің де бір кездері сатираның ауылына соққаныңызды білеміз. Журналистика факультетінің 2-курс студенті бола жүріп, сатиралық шығарма жазған екенсіз. Бірақ, кейін бұл жанрды қойып кетіпсіз. Бұған Оспанхан ағаңыз ренжіген де екен. Сатирадан неге кеттіңіз? – Сатирадан кету үшін оған келу керек қой... Ал мен сатираға келіп те үлгерген жоқпын. Облыстық газеттегі бірнеше қысқа сықақ әңгімелер, «Ара» журналына шыққан жалғыз әңгіме сатираға келу деген сөз болмаса керек. Негізінде менің кісілік табиғатым әдебиеттің осы саласына бейім емес екендігін сол жас кезімде түйсікпен түсіндім-ау деймін. Адамның мінін айтуға жоқпын. Мұным кейін әдебиет, театр, кино сынында да көрінді. Анда-санда сын мақала жаза қалсам, сынаған адамымның жағдайын ойлап, қатты қиналып бітетінмін. 5-курста Мемлекеттік кино комитетінде жұмыс істеп жүрген жерімнен «Социалистік Қазақстанға» ауыса салысымен «Ниет және нәтиже» деген сын мақала жазғаным бар. Болат Мансұровтың «Махаббат туралы тәмсіл» фильмін сынаған едім. Рецензия: «Қазақфильм» туындыларының қатарына тағы бір сүреңсіз картина қосылғаны өкінішті» деген сыңайдағы сөйлеммен аяқталатын. Арада бір айдай уақыт өткенде Кино үйінде Камал аға Смайылов жолығып қалып, «Қайтейін, бәрінен де «тағы бір» деген сөзің өтіп кетті ғой» дегенде бетімнен отым шыға ұялғанмын. Шынында да, кеше ғана өзім жұмыс істеп келген мекемеге байланысты дәл сол сөзді айта қоятын жөнім жоқ еді. «Бәйшешектер» фильмі туралы «Бәйшешектер неге солғын?» деген тақырыппен сын рецензия жариялағанымда кино төңірегіндегі жігіттер режиссердің сол күндердегі хал-күйін айтып, өзімнің де күйзелгенім есімде. Осындай-осындайдан барып, сынды нақты адамдарға, нақты шығармаларға емес, құбылыстарға, үрдістерге байланысты айтқан жөн екен деген ойға тоқтадым. Бұл айтып тұрғаным өз атымнан жарияланатын, яғни авторлық материалдарға байланысты. Ал газет басшысы ретінде, әрине, олай ете алмайсың. – Сізді ғалым еткен ұстазыңыз Сейіт Қасқабасов екені белгілі. Сейіт аға туралы: «Жетекшім болмағанда не етер едім? Өмірден бір дипломмен өтер едім» деп әзіл өлең жазғаныңыз да бар екен. Өзіңіздің ғалым болғыңыз келмеді ме? – Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовқа құрметім бөлекше. Оны айтып та жүрмін. Әйтсе де, «сізді ғалым еткен» деген сөзіңіз онша дәл айтылған дей алмаймын. Біреу біреуді аспирант етуі мүмкін, ғылым кандидаты етуі мүмкін, ғылым докторы етуі де мүмкін. Дегенмен, біреу біреуді ғалым ете алмайды. Сондықтан Сейіт ағам мені ғылым жолына бейімдеді, сол жолға салды деген дұрысырақ шығады. Қазақстан компартиясының Орталық комитетінде жүргенімізде мен мәдениет секторының меңгерушісі едім, ал Сейіт Асқарұлы мәдениет жөніндегі кеңесші болды. Секеңді ЦК-ға Өзекең – Өзбекәлі Жәнібеков шақырған еді. Қатты қадірлейтін. Көп сөйлесетінбіз, көп пікірлесетінбіз. Сонда Секең сенде аналитикаға бейімдік бар екен, бір тақырыпты қаузасаң ғылыми еңбек жазып та тастайтын едің дегенді жиі айтатын. Ақыры жылдар өте келе ойындағысы орындалды. Мен бұл үшін ол кісіге ерекше қарыздармын. Кандидаттық, докторлық диссертацияларымды кейінірек жазғаным жаңағы сіз айтқандай «ғалым болғым келмегендіктен» емес, аппараттағы жұмыс, мемлекеттік қызмет мүмкіндік бермегендіктен деген орынды. Екі диссертацияны да Президент Әкімшілігіндегі, Мәдениет министрлігіндегі жауапты жұмыстардан кейін, журналистикаға ауысқан тұста жазып жүргенім осы сөзімнің дәлелі болса керек. – Сауытбек аға, студент кезіңізде Зейнолла Серікқалиев ағаның, Сағат Әшімбаев пен Оралхан Бөкейдің жақсылығын көп көргеніңізді айттыңыз... Бір кездері жасы үлкен ағалардың жасы кішіге қамқорлығы ерекше болатын еді. Қазір сол үрдіс сақталған ба? – Негізінен, сақталған. Орталық комитетте жүргенімізде Өзекеңнің – Өзбекәлі Жәнібековтің, Мырзекеңнің – Мырзатай Жолдасбековтің, Әбекеңнің – Әбіш Кекілбаевтың қамқорлығын көп көрдік. Сейіт Қасқабасовтың қанатты қамқорлығын жаңа ғана айттым. Өзім де, қолдан келгенінше, жастарға қолғабыс жасауға тырысамын. «Социалистік Қазақстанда» бірнеше жігіттің жұмысқа алынуына септігім тиген еді. Ешқайсысы ұятқа қалдырған жоқ. Солардың бірі – бүгінде терең толғаныстарға толы, тосын пішінді мақалаларымен көзге түсіп жүрген Мақсат Тәж-Мұратты редакция аппаратына алдырумен қоймай, партия мүшесі де болмай тұрған жерінен өзім басқаратын партия тұрмысы бөліміне тілшілікке қабылдаттырғаным бар. Әнеукүні Мақсатпен «Тәуелсіздік формуласы» деген хабардың тележазбасында жолығып қалдық. Мақсат сол кездегі қамқорлығымды разылықпен ауызға алып жатыр. Редакциядағы жас жур­налистердің біразы да қолым­нан келгенше жасаған жақсы­лы­ғымды бағалайды деп ойлаймын. Әрине, ол кез бір басқа, бұл кез бір басқа. Индивидуализм – капиталистік қоғамға да, жаһандану үрдісіне де тән құбылыс. Бүгінде біреуге қамқорлық жасамадың деп біреуді жазғыра алмайсың. Ең дұрысы «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абай сөзін ұмытпау болса керек. – Кино саласы туралы шебер жазғансыз. ТМД елдерінің елге танымал талай өнер шеберлерінен де сұхбат алғаныңыз бар. Солардың ішінде ерекше есіңізде қалғаны бар ма? – Өзім үшін сабақ болған екі жайды айтайын. Бірі жас кезімнен, бірі жасамыс кезімнен. Екінші курста ғой деймін, Алматыға атақты киноактриса Людмила Чурсина келді. «Лениншіл жасқа» деп сұхбат алатын болдым. Бұрынғы «Қазақстан», қазіргі «Жетісу» қонақ үйіне тоқтаған екен. Өзімше әбден дайындалып бардым сұхбатқа. Қағазға түсіріп алған сұрақтарымның өзінің ұзын саны жиырмадан асады... Ықыласпен қабылдады. Шамамен бір сағаттай әңгіме айтты. Менің сұрақтарым бітетін емес. Бір кезде барып, «Сіз кешіріңіз, мен Мәскеуде де сұхбатқа мұнша уақыт бөлген емеспін... Қазір бір кездесуге баруым керек болып тұр» дегені. Сонда барып жастар газетіндегі шағын сұхбатқа тым көп сұрақ дайындап жібергенімді түсіндім. Тәжірибесіздік қой. Жиырма ғана жастамын. Айтқандай, одан кейін тағы бір ыңғайсыз жағдай болды. «Жетісу» қонақ үйі Орталық универмагтың қарсы бетінде ғой. Қонақ үйден шығып, ЦУМ-ға кіргенмін. Бір кезде қарасам... Людмила Чурсина сонда жүр. Мені көріп қалды да, жаңа ғана бір кездесуге баруым керек еді дегеніне қысылғаны ма, «Мұндағы дүкендерде не болады екен деп, тез кіріп-шыға қояйын деп едім...» деген сыңайда ақталып жатты. Ал екінші жағдай тәжірибе едәуір толысқан кездің өзінде болды. Ана бір жылы Елбасының ресми сапарынан кейін Мәскеуде арнайы қалып қойдым. Ойым –Ресейдің атақты өнер адамдарымен сұхбаттасу. Олардың телефон нөмірін табу деген бір қиямет қайым. Үй телефоны тұрмақ, қалтафонын да өздері көтермейді. Бергі жағындағылар жолатпайды. Елшіміз Қырымбек Көшербаевтың тапсыруымен елшілік кеңесшісі Ерлан Байжанов араласып жүріп, ақыры Андрей Михалков-Кончаловскийдің көмекшісі арқылы сұхбатқа келісімін алдым. Оның алдында елшіліктегілер Людмила Зыкинаның үй телефонын тауып берген еді. Андронмен кездесуден бір күн бұрын қонақ үйде отырып, Л.Зыкинаның үйіне телефон соқсам, ар жағынан «Я слушаю» деген таныс дауыс естіле кеткені. Зыкинаның өзі!.. Орыс деревнясынан шыққан, халықтың өз ішінде өскен, дарқан жанды адам ғой, бірден сөйлесіп ала жөнелді. Бәлен жыл бұрын, Алматыда, «Қазақстан» қонақ үйінде өзінен сұхбат алғанымды, оның «Социалистік Қазақстан» деген газетке шыққанын айтып жатырмын. «Есімде, есімде» деп қояды. Ширек ғасырдай бұрынғы, көп республиканың біріндегі сұхбат қайдан есінде болсын, ішкі мәдениеті ғой соны айтқызып тұрған. Содан әңгімені бастады дейсің. Ақтарылып айтып жатыр, айтып жатыр. Әңгімелері өте қызық. Бұл арада біреуін ғана келтіре кетейін. Теледидардағы «Фурцева» деген телесериалға байланысты есіме түсіп отыр. «Бір жолы Фурцеваға кірдім, дейді. Соның алдында ғана Володя Высоцкий «Мерседес» алып, бүкіл Мәскеуді аң-таң қалдырған. Одан кеммін бе, мен неге алмаймын деп Мәдениет министріне кіруге бекіндім. Екатерина Алексеевна қашандағысындай құшақ жая қарсы алды. Осылай да осылай, ана Высоцкий «Мерседес» алды, менің де алуыма көмектесіңіз деймін. Министр салған беттен: «Жоқ, сен алмайсың» дегені. «Неге алмаймын? Қырылдаған даусымен, гитарамен ән айтатын Высоцкийден кеммін бе, немене?» деймін ашуланып. «Кем емессің, артықсың, бірақ «Мерседес» алмайсың». «Неге? Түсіндірсеңізші». «Сен – орыс әншісісің. Сен – Волганың жыршысысың. Сен «Волгамен» жүруің керек. Керек десең, «Волганың» жаңа сериясынан алып берейін, бірақ Зыкина «Мерседеспен» жүрмеуі керек», деді министр. Айтқан сөзіне тақ тұрдым. Ойы әбден орынды. Арада бір ай өтпей жатып, жаңа «Волга» алдым». Шынында да, тағылымды әңгіме емес пе? Осындай хикаялардың талайын айтып тастады телефонмен. Ұят болғанда, не телефонды диктофонға қоспаппын, не қағазға дұрыстап түсіріп отырмаппын. Бір кезде өзім тоқтатқандай болдым, «Людмила Георгиевна, таңертең хабарласайын, сұхбаттың уақытын өзіңіз белгілеңіз», деп. Ертеңіне Андронның көмекшісі хабарласып қалды, «Андрей Сергеевич сізді бүгін қабылдайды, қай сағатта екенін өзіміз айтамыз», деп. Не істеу керек? Содан әрі ойлап, бері ойлап, Михалков-Кончаловскиймен алдымен сұхбаттасқан жөн шығар деп шештім... Үй телефонын өзі көтеретін қарапайым Зыкина ешқайда кетпейтіндей көрінді. Хабарласып, ғафу өтіндім, оқыс тапсырма шығып қалды деуге тура келді. «Андронға баратын болдым» дей алмаймын ғой енді... Сөйтсем, соным қателік болған екен. Қайта Андрей Сергеевичке айтуым керек еді, «Кешіріңіз, сізге арнайы келемін, дәл бүгінге Людмила Зыкина сұхбатқа келісім беріп отыр» деп. Қысқасы, одан кейін ұлы әншімен сөйлесудің сәті түспеді. Сол күні Андронмен сөйлесіп, бірден Астанаға ұшып кеттім. Мәскеуге қайта айналып барғанша Людмила Зыкина өмірден өтіп кетті... Өкінішті-ақ болды. – Естуімше, Эдуард Шеварднадземен сұхбаттасу сізге оңай болмапты. Грузияның бұрынғы басшысы сізге келісімін қалай берді? – Грузия демекші, сол сапарға байланысты мойнымда бір қарыз бар. Бізді ол елге «Боржоми» арасан суын шығаратын компания шақырып еді. Жолымызды, жатын орнымызды, ішіп-жемімізді дегендей бәрін сол компания көтеріп алған. Олар, тіпті, менің Арменияға екі күнге барып-қайтуыма дейін жағдай жасап берді. Біздің парыз – «Боржоми» суын насихаттап қайту. Былайша айтқанда, жарнама жасау. Сол шаруаны созыңқырап алғаным. Демек, күндердің бір күнінде «Әлемге әйгілі арасан суы» деп пе, «Жұмыр Жер» айдарымен бе, әйтеуір, «Боржоми» туралы арнайы жазып жатсам мұнымды дұрыс түсініңіз... Ал Эдуард Шеварднадзенің сұхбатқа келісімін алу онша қиынға түскен жоқ. Бұл арада ол кісінің біздің Елбасымызға жеке құрметі шешуші мәселе болған сияқты. Эдуард Амвросиевич тіпті Нұрсұлтан Әбішұлының мерейтойына байланысты құттықтау хатының мәтінін де дайындап қойыпты. Тамаша сөздер айтқан. Биік баға берген. Оны Астанаға келген соң Президенттің өзіне табыс еттім. «Қарсы болмасаңыз, бұл жазға­ныңызды біз газетке жариялайық. Еліміз, Елбасымыз туралы сіздей жаһанға аты мәлім саясаткердің аузымен айтылған баға біз үшін  қымбат» дедім. Келісе кетті. «Қарсы емеспін. Оған қоса былай деп айтайын: Қазақстан – ұлы мемлекет, оны ұлы адам басқарады» дегені. Тап осылай айтты. «Казахстан – великое государство и возглавляет его великий человек» деді. «Тура осылай жазайық па?» деп қайталай сұрадым. «Тура осылай жазыңыз. Қазақ­станды мен өте жақсы көремін, онда талай рет болғанмын. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдің қандай ғажайып табыстарға қол жеткізгенін білемін. Сондай ерекше елге мен жан-тәніммен бар жақсылықты тілеймін», деді Эдуард Амвросиевич. Бұған қалай мерейленбессің? Сізбен сұхбаттың басында журналистикамен айналысу бұл кәсіптің иесіне өзге мамандық иелері амандаса да алмайтын адамдармен араласып-құраласуға мүмкіндік береді дегенім сондықтан. – Сауытбек аға, 60 жасқа тол­ған тұсыңызда елдегі газет­тердің бәрі еңбегіңізді жарыса жазып жатты. Абыройлы жолыңыз жалғаса беруін тілеймін! Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА