Ибадулла ҚАЛЫБЕКОВ: Біздің мақсат – «Асарды» халыққа және Елбасыға уәде бергендей етіп орындап шығу

Елшібайлар езіп жүрген жалғандықты әшкерелеген кәсіпкер осылай дейді...

            – 1 қараша күні «Жас Алаштың» тілшісі Шымкенттегі «Асар» мөлтекауданы туралы бұрынғы жазғанының мазмұнын сол күйінде сақтап, тек сыртқы түрін ғана өзгертіп, «Ибадулла Қалыбековтің қателігі үшін басқалар отқа түсуі керек пе?» деп тағы бір мақала беріпті. «Жаңалығы»­ – сіз жайлы іліп-қағып, кекетіп-мұқатып (өзіне осыны лайық көрсе, қайтерсіз?..), «Президент және халық» газетінде шыққан мақалада «Жас Алашқа» «күйе жаққаныңыз», мәслихат депутаттарын «ғайбаттағаныңыз», оқырмандарды «адастырғаныңыз» туралы біраз нәрсенің басын шалыпты. Соның ішінде Парламент депутатының өтінішінен соң кездескендеріңіз, бірақ, сіздің келесі сұхбаттасудан сырғақсып кеткеніңіз, олардың сізді іздеп таппағаны айтылыпты... – Біріншіден, біз ол мақалада Елшібайдың 23 тамыздағы «Жас Алаштағы» сұрақтарына нақты жауап қана берген болатынбыз. Рас, Парламент депутатының бірі менің көз алдымда Ғалымжан Елшібайға қоңырау соғып, «сен ол кісіні танымай, білмей, істеген ісін көрмей, өзімен жолықпай, қалай мақала жазғансың? Әуелі кездессейші, сонда сенің пікірің сөзсіз өзгереді» деді. Менің журналистпен кездесуіме сол кісі себеп болды. Хабарласқан да өзім. Мен, шынында да, бұл бір дұрыс, халқына жаны ашитын ұлтжанды жігіт шығар, «Асардың» тарихын, оның қандай қиыншылықпен жүріп жатқанын білмей, қанша мың адамның бірлігі мен ынтымағының арқасында ғана мүмкін болып отырғанынан бейхабар күйде, біреулердің айтуымен сырттай топшылап жүрген азамат болар деп кездестім. Және, ойымда ештеңе жоқ, бұл идеяның қайдан, қалай туғаны, бұл тірлікті не үшін қолға алғанымыз, біздің мақсатымыз жайлы ұзақ әңгіме жасадым. Ал әлгі жігіттің сол кездесуден соң жазылған мақаласын оқығанда, тіпті ол ұлтжанды болмай-ақ қойсын, жай адам ретінде менде оған деген бір жиіркеніш сезім пайда болды. Себебі, мен мүлде басқа әңгіме айттым. Мен Өзбекстанда ірі лауазымды қызметтерде істегенімді, інілерімнің де қызметте болғанын айтсам, ол қызметтің бәрі сол елдегі төлқұжаты қазақ 2 млн., төлқұжаты өзбек 3 млн., барлығы 5 млн. қазақты сыйлағандықтан, қазақпен санасқандықтан маған қазақтың атынан берілгендігін, әйпесе, мен істеген мансапқа өзбектің бір баласы табылмай қалған жоқ – соны сезініп өскенімді айттым. Өзбек мемлекеті басшысының тәрбиесін көрдім. Сол қызмет арқылы елмен араласқаным, азды-көпті абырой тапқаным үшін мен, ең алдымен, сол Өзбекстандағы қазақтардың алдында қарыздар екенімді жеткізу үшін айттым. Мен бұған дейін ешқашан өз мансап жолым жайлы әңгіме қылған емеспін, оны мақтанып айтуға да ұяламын. Маған ең қатты батқаны да осы – мені мақтаншақ етіп, Қазақстанға келгенімде үлкен кісілер алдыма түсіп жүгіріп жүрген етіп көрсеткісі келгені болды. Мен оған елге келгенде ерекше қуанғанымды, Қазақстанға бір күн де еңбегім сіңбегеніне қарамастан, жақсы қарсы алып, алты күнде азаматтық беріп, астыма көлік, қолыма қызмет беріп жатқанда, «өз жағдайым жақсы, артта қалған ел не болады» деген ой менің жүрегімді қатты ауыртты, жеке басымды ғана ойлап кетуге ұялдым деп те айтып едім. Мен ол жігіттерге «Асар» секілді жобаға түбегейлі ден қойғаным, әрине, біріншіден, Өзбекстандағы қазақ еліме деген қарызымды өтеуім болса, екіншіден, мұнда келгенде де тек жақсылық көруім, осының бәрін ойлай келе артта қалған жұртты, ең болмаса өзімнің туып-өскен ауданымдағы қазақты түп-түгел, жетім-жесіріне шейін қалдырмай көшіріп әкелуге тиіспіз деген ойға бекідім деп те айтқан едім. Ал ол жігіт болса менің сөзімнің бәрін бұрмалап беріпті. Тіпті, Қайрат Келімбетов жайлы: «Барсам, ыржалаңдап күледі» деппін. Келімбетов мұны оқыса, мына журналисттің өзіне күлетінін қалай байқамайды?.. Маған ол жігіттер (Елшібай «Рейтингтің редакторымын» деген жігітпен бірге келген) мән-жайға түсінген секілді көрінді. Елшібай: «Бүгін – бейсенбі, ертең де жұмысым бар, сенбі күні жолығайық, сонда айтқандарыңызды газеттерге қаз-қалпында береміз, хабар өзімізден» деді. Мен келістім. Тіпті, рахмет айттым. Ал жұма күні әлгі жігіттерімнің облыстағы түрлі мекемелерден «Нұрлы көшке» қатысты деректер жинап, тырнақ астынан кір іздеп жүргендерін естідім. Мен аң-таң болдым. Соны естімегенде екі-үш күннен кейін «қайдасыңдар?» деп хабарласатын да едім. Жолыққанда «бұларың не?» деп сұрар едім, із-түзсіз кеткен өздері. Бірақ, жаланы маған жауыпты. Тілшінің тағы бір өтірігі – біз, Елшібай жазғандай, онымен «Президент және халық» газетінде мен жауап берген мақала шыққанға дейін емес, шыққаннан кейін кемі 15-20 күн өткен соң барып жолықтық. Ал тілші жігіттің мені «Нұрлы көш» бағдарламасын жасағанмын деп жаһанға жар салып жүр» дегені ешбір ақылға сыймайды. Өзіңізге де айтқан, елге келгенде ешкімге салмақ салмай, керісінше, келген күннен бастап қазақ елінің дамуына шамамыз жеткенінше үлесімізді қоса бастауды ойлағанымызды айттым. Ал «нұрлы көш» деген сөздің өзі ең алғаш рет 2008 жылы Елбасымыз «Асарға» келгендегі жиында сөз алған арамыздағы 85-тегі ақсақалымыздың аузынан шықты. «Бұған дейін қазақ басынан талай көшті өткізіп еді, бірақ, соның бәрі небір жаман атпенен тарихта қалып еді. Мынау көш олардың ешқайсысына ұқсамайды, бұл бір ерекше нұрлы көш болайын деп тұр» деді ақсақал. Бұны айтқанда ол кісі ешқандай билікке жағымпаздануды ойлаған жоқ. Тіпті, ол ақсақалдың өзі әлі келіп те үлгермеген еді, енді келейін деп жүрген. – «Асар» жобасын республика бойынша таратуды айтқан Елбасының өзі ғой? – Иә. Және Елбасы бұл жайлы дәл сол 2008 жылы «Асарда» елмен болған кездесуде айтты. Төрт-бес күннен кейін Президент аппараты басшысы Қ.Келімбетовтен шақырту алдым. «Республикалық «Нұрлы көш» бағдарламасы жасалатын болды, сіз де соған қатысасыз» деді. Бағдарлама жасау үшін вице-премьер жетекшілік ететін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылды, мен соның бір мүшесі болдым. Бағдарламаға барлық облыстан ұсыныстар түсті-дағы, нақты бағдарлама жобаның операторы болып бекітілген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жасалды. Тиісті министрліктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатыстырылған Жұмысшы тобын вице-министр Тамара Дүйсенова басқарды, министр Бердібек Сапарбаев апта сайын бізді жинап, жобаның дайындалу барысын талдап отырды. Ал Бағдарламаны іске асыру мақсатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әлеуметтік қоры арқылы қаржы бөлінді, мені Елбасының айтуымен «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының атқарушы директорларының бірі етіп тағайындады. Қаржы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы өтетін болды. Астыма жақсы көлік, қолыма мол жалақы берді. Мен мұны да мақтану үшін емес, мемлекеттің біздің өзіміз қолға алып жатқан ісімізге жасаған қамқорлығын көрсету үшін айтқан болатынмын... – Айтпақшы, тілші «Келімбетов неге оны «трайбалист» деп айыптағанын түсінбедік» дейді... – Біріншіден, ол кісі мені тек сол мәселе үшін шақырған жоқ. Не үшін екенін жоғарыда айттым. Сөз арасында «үстіңізден арыз бар, сізді «трайбалист» атапты» деді. Мен сол күнге дейін «трайбалист» деген сөзді есітпеген екенмін... Ұялсам да, «ол не деген сөз?» деп сұрадым. «Рушыл» деген сөз» деді. Мен күліп жібердім. Себебі, сырттағы қазақта рушылдық деген жоқ нәрсе... Бірақ, бағдарлама жасалып, қаржыландыру басталғанға, 2009 жылдың мамыр айына дейін-ақ бұл мәселе 2009 жылдың сәуір айында «Самұрықтың» құзырынан алынды, ӘКК-лар Жаңа технология және инновация министрлігінің қарауына берілді. Бес ай ғана атқарушы директор болып істеген мен «Самұрықтағы» штаттық қызметім қысқарып кеткендіктен, министрлікте қайта ашылмағандығы себепті сол уақыттан бастап тек «Асармен» ғана айналысып қалдым... – Яғни, «Нұрлы көш» бағдар­ламасы нақты жауап беретін жетекшісіз қалды, солай ма? – Солай деуге болады... Үш жылға есептелген Бағдарламаның операторы, ең бірінші – 2009-жылы Еңбек министрлігі болса, екінші жылы ол Құрылыс істері жөніндегі агенттікке, үшінші жылы Ішкі істер министрлігіне берілді. Қаржы екінші жылдан бастап әр облыстың бюджетіне жекелей түсе бастады. – «Нұрлы көштің» қаржысы мемлекеттік бюджеттің қаржысы деген не сөз? Бұл «үйдің бәрі мемлекет есебінен тегін салынады» дегенді білдіре ме? – Жоқ, біз бюджеттің ақшасын өсімді несиеге алып отырмыз. Тек «Асарға» ғана қатысты емес, бүкіл «Нұрлы көш» бойынша солай. Бірақ, басқа аймақта салынатын үйлер мүлдем аз, 70 үй, 100 үй... Оның үстіне биылғы жылы мен білетін үш облыс – Батыс Қазастан, Маңғыстау және Қостанай ол ақшаны мемлекетке қайтарып берді. Себебі, ол бағаға, шаршы метрі 368 долларға ешқандай құрылыс компаниясы үй сала алмайды. «Өзге өңірлерде тәп-тәуір жүзеге асып жатқан жоба Оңтүстікте тығырыққа тіреліп тұр» депті тілші. Ләйім, жүзеге асып жатқан болсын, мен оған тек қуанамын. Бірақ, менің білетінім жоғарыдағыдай жағдай. Басқа жұрттың бәрі біздің «Асарға» қызығып жүр... Облыс тендер жариялап, оны жеңіп алған мекеме салған үйлерін оралмандарға несиеге беруі тиіс. Үйлер мемлекеттің балансында тұрады. Оралмандар несиені қайтару үшін әлгі үйі мен оған қоса үйі тұрған жерін кепілдікке қояды. Жер – жеке меншікте. Әрбір оралман отбасы қалалық әкімшіліктің құрылыс басқармасымен жеке келісімшартқа отырады. Бес жарым жылдың ішінде оралман үй мен жылыжайдың жарты құнын «Тұрғынүйқұрылыс» жинақ банкіне құюы тиіс. Қалған жартысын Банк өз есебінен құяды, сөйтіп мемлекет бюджет қаржысын толық қайтарып алады. Ал Банк қалған жарты құнына 10 жылға оралманға өз есебінен өсімімен несие береді. Он жылда қайтара алмаса үй де, жер де Банктікі болады. Халықтың «Асарға» қызығатыны – үйдің бағасы арзан, әрі несие қайтарар табыс көзі бар. Бұндай арзан бағаға сала алмайтыны себепті үй мен жылыжай құрылысына өзіміздің «Ақ Орда» корпорациясынан басқа ешкім тендерге қатыспайды. Ереже бойынша екі рет жалғыз компания ғана қатысса, үшіншіде тендер сол компанияға беріледі. «Ақ Орданың» жеңе беретінінің себебі сол ғана... Құрылыс заттарын өзіміз жасап шығарамыз, өзіміздің мамандарымыз болашақтағы өздерінің баспанасы үшін жұмыс істейді. Біздің екі есе арзанға сала алатындығымыздың сыры сонда. – «Асарда» жер телімі сатылатыны жайлы хабарландырулар қаптап жүр» депті... – Біздегі салынуға тиіс, бірақ салынбай жатқан телімдер жайлы, неге олай және кімдердікі екені жайлы мен өте жақсы білемін. Бастапқы кезеңде болашаққа көзі жетпей, жерін сатқан аз ғана адам болған, ары кетсе 20-30. Қазір ондай жоқ. Хабарландыруларды біздің маңайымыздағылар берген, өйткені олар да қай аудан екенін білдіру үшін «Асар» деп жазады, бірақ, нағыз «Асарға», 1725 коттеджге ешқандай қатысы жоқ жандар. – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық Тұрғын үй жөніндегі комиссияның төрағасы Баһадүр Нарымбетовтің: «Асар» шағынауданындағы оралмандарға пилоттық жобаға сәйкес баспана бергенде «Тұрғын үй туралы» заңның құзыры жүрмейтіні көрсетілген құжат қажет. Ертеңгі күні қылмыстық жауапкершілікті кім арқалайды?» деген сұрағы «Асар» жайлы бір сарында жазылған мақаланың көбісінде жүр... – Бұл комиссия бүгінгі күнге дейін бұл сұрақты бізге неге қоймаған?.. Үкімет қаулысының орындалу тәртібінде: «Асар» мөлтекауданында жер телімі бар оралманға үй салынып, несиеге беріледі» деп анық етіп жазылған. Комиссия оралманның «Асарда» жер телімі бар-жоғын, азаматық құжаттарын тексереді. Заңға қандай қайшылық бар мұнда? Пилоттық бағдарламаны жасауға көптеген министрлік, оның ішінде Әділет министрлігі де белсене атсалысты. Ол қанша сүзгіден, сараптамадан өтті. Оны аз десеңіз, «Асарды» бұған дейін 38 рет тексергенін бұрын айтқан болатынмын. Солардың бәрі бай­қамаған қандай заңсыздық бұл? Тағы бір көп айтылатын мәселе – неге «Асардағы» әр адамға 15 шаршы метрден артық тиеді деген сұрақ. 15 шаршы метр – жекеменшік жерінде, өсімі бар несиеге, демек өз ақшасына үй салып жатқан адамға емес, мемлекеттен тегін үй алған адамға ғана жүретін ереже. Осыны түсіну де соншалық қиын ба? Кез келген мектеп бітіруші білетін осыны түсінуге де білдей республикалық «Жас Алаш» газетінің тілшісі Елшібайдың және оның тобындағылардың сауаты жетпегеніне таңым бар... – «Біздің жігіттер» екі сөздің бірінде «Асарға» «айрықша артықшылықтар» жасалып жатыр» деп жазады. Ол қандай артықшылықтар? – «Нұрлы көштің» басқа өңіріне қандай, бізге де дәл сондай көлемде қаржы бөлінеді. Ешқандай артықшылық жоқ. Айырмашылық – бар. Ол неде? «Асарда» үй салынатын жердің бәрі жеке меншіктікі, өзге өңірлерде – мемлекеттікі. Оларда қайта жеңілдік бар, себебі мемлекет, жер өзінікі болған соң, қандай үй салады, оны қай оралманға береді – өзі біледі. Бізде тендерді ұтқаннан кейін компания әр оралманнан оның жерін жеке сатып алып, біткен соң мемлекетке сатып, мемлекет қайтадан әр оралманға жеке сатады. Бізде тапсырыс беруші – 1725 адам, өзге өңірде жалғыз – мемлекет. Тілші «қарық болып жатыр» деген өзге облыстарда салынған үйлердің тең жартысы иесіз бос тұр, себебі халықтың қалтасы көтермейді. 1725 үйдің 60 пайызы екі қабатты коттедждер. Оларда екі отбасы тұрады. Отағасы, әйелі, үйленген баласы мен келіні, үйленбеген, тұрмыс құрмаған балалары. Соның есебінен, бізде 2800 отбасы тізімге алынған. 1550 үй салынып бітті. 175 үйдің 101-і салынбай тұр. Бұлар – азаматтық алып үлгермеген, немесе жер телімін 5 жылға алуға мүмкіндік беретін оралмандық уақытша құжатты өткізіп азаматтық алғанымен, жеріне қайтадан мемлекеттік акт алып үлгермегендер. Азаматтық алудың оңай шаруа емес екенін басынан өткізгендер ғана біледі. Құжаттардың дайын болмай қалуының мың бір түрлі себебі бар, оның қайсыбірін айта берерсің... Біз бұл істі бір орталықтан реттеп жүргізіп отырғанымыздың өзінде осындай қиын жағай. Тілші істің нақты мән-жайы қандай екенін сол уақтылы азаматтық ала алмаған кісілерден сұраса болар еді... Қалған 74 үй шамасы бар кісілер бағдарлама басталуын күтпей, өз ақшасына салып алғандар немесе салып алатындар. Сондықтан, ешқандай да игерілмей қалған қаржы жоқ. Біз өзіміз қайта үкіметке тамыз айында «бұл үйлерді келесі жылы, құжат дайын болған соң салып аламыз, оларға деген ақшаны биыл салынған 400 үйдің жанындағы жылыжайға бөлейік (былтыр жетіспеушілік себебінен жылыжайға қаржы қарастырылмаған болатын), оларға техникалық су апаруымыз қажет, басқа да инфрақұрылымды, соның ішінде саябақты да бітіріп алайық» деп ұсыныс жасадық. Ол бюджетте қаралған. Неге қаладағы мөлтекаудандарда бар ондай құрылымдар «Асар» секілді аудандарда қаралмауы тиіс? Мектептер мен балабақшалар да солай. Бұл жерде заңға қайшы ешнәрсе жоқ. Жалпы, бюджетке кіретін нәрсенің бәрінің алдымен жобасы жасалады, сосын облыста, салалық министрлікте, қаржы министрлігінде сараптамадан өткізіледі, сосын барып премьер-министрдің өзі басқаратын республикалық бюджеттік комиссияда қаралады. Қолдау тапса Ведомствоаралық комиссияда қаралады. Сосын бюджетке кіргізіліп, Парламентте қаралады. Ең ақырында барып оған Президент қол қояды. Үй жайы солай болғанда, басқа игерілмей жатқан қаржы мектеп пен балабақша сияқты инфрақұрылым салумен айналысып жатқан компанияларға байланысты, біздің оған ешқандай қатысымыз жоқ. Солардың өзі де жылдың аяғына дейін игеретін шығар деп үміттенеміз. Игергені бәрінен бұрын бізге, «Асардағы» халыққа керек. 2800 отбасыдан (тілші санау білмейді немесе әдейі жалған жазғандай 1000-ға жетпейтін емес) оларға баратын оқушылар мен сәбилер саны әбден есептелген. Негізі, үш мектеп керек еді. Әзірге екеуін салумен шектеліп тұрмыз. «Бала саны жетпей қалса жылаймыз ба» деп ниеті нашар тілші қолтырауын секілді жалған көз жасын төкпей-ақ қойсын... Дәл сол тәрізді «Ақ Орда корпорациясы» ЖШС-і қатысып жүрген тендерлерге де, оның ішінде «Өркен» АҚ-на Е.Орынбаевтың үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Тендер өткізудің өз тәртібі бар. 38 тексеру секілді, оның да бір жерінен шикілік шықса, «Ақ Орданың» жолы жабылар еді. Қысқасы, мен бұл тілшіге, бұл газетке не керек екенін түсіне алар емеспін...

Түйін: Ғ.Елшібайдың аталмыш мақаласында «Асарға» қатысты сын мақаланың артында тапсырыс берушілер тұр» дейтін Ибадулла Қалыбеков сонда облыс әкімі Асқар Мырзахметовті де тасадағы тапсырыс берушілердің тізіміне қосқаны ма?» делініпті. Мұны «сезікті секіреді» дейміз бе, «ұрының арты қуыс» дейміз бе, не дейміз? Себебі, біздің мақалада ол сөздер жазылмаған болатын. Ал іс жүзінде тапсырыс па, тапсырыс емес пе, оны екі жылдағы 38 тексеру мен бес-алты басылым бетіндегі бірінен-бірі айнымайтын мақалалардың қайта-қайта жарық көруіне қарап көзі қарақты оқырман өзі-ақ ажыратып алады деп ойлаймыз... Ғ.Елшібай 1 қарашадағы мақаласын «Асар» шағынауданы жайлы сараптамалық мақала жарық көргеннен кейін біреулер Ибадулла Қалыбековпен әрі қарай «бас жаққа барыспау» керектігін айтты» деп бастайды. Сараптамалық-мыс мақаланы жазарда хабарласпағанын осылайша өзі мойындап алады да, сәлден соң «беті бүлк етпей «маған да, інім Садуллаға да хабарласқан жоқ» депті» дейді. Өтірікші адамға не айтуға болады?.. Өмірзақ АҚЖІГІТ