Тараздағы теракт

5 Қарашаның 12-і күні Тараз қаласында сұмдық оқиға орын алды. Соның салдарынан қарапайым халықтың үрейі басылар емес. Кез келген тырс еткен оқиғаға елеңдеулі. Қару-жарақ дүкендерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалып, ақыр соңында елді үрейге бөлеген жиһадшы өзін-өзі жарып жіберген. 1977 жылы туылған, жихадизм жолын ұстаушы М.К.Қариев Жамбыл облысының Тараз қаласында 7 адамның, оның ішінде  М. Кариев қарулы шабуыл жасап, оны сыртынан бақылап отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің екі қызметкерін  және құқық қорғау органдарының 5 қызметкерінің өліміне себепші болды. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының 3 қызметкері жарақаттанған. Бұл туралы журналистермен болған баспасөз мәслихатында Бас прокурордың орынбасары Нұрмахамбет Иса мәлім етті. Оның айтуынша, таңғы сағат 11-лер шамасында М.Қариев Мазда-626 көлігінің иесі Закировқа қарақшылық шабуыл жасап, қорқытып, көлігін тартып алған. 11:35-те Қариев қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, күзетші В.Федорченконы өлтіріп, Н.Е.Оразбасовты ауыр жарақаттаған. Сосын жартылай автомат және «Сайга» қаруын иемденіп, тайып тұрған. Өзінің ізіне түскен екі полиция сержанты П.К.Аямқұлов мен Н.А.Бәйсейітовты өлтіріп, олардың табельдік қаруын алған. Қариев өзінің тұрғылықты жеріне барып, РПГ-26 гранотометын алып шығады да, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департамент қабырғалары мен терезелерін атады. Бұл жерде адам өлімі орын алмаса да, ғимарат біршама қираған. Ал сағат 12:45-те Қариев полиция патрулінің екі қызметкерін жарақаттаған. 13:00 шамасында жол полициясы қызметкерлері оны жаралап, қолға түсірген. Осы кезде Қариев өзін-өзі жарып жіберген. Соның салдарынан взвод командирі капитан Г.Байтасов сол жерде қаза болған. Ұстау барысында полиция сержанты С.С.Алашов та жарақат алған.   Нұрсұлтан Назарбаев: 

«Лаңкестерді  талқандап, жоқ қыламыз» 

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелерін жинап, Тараздағы террорлық шабуылдан кейін елдегі қауіпсіздік жағдайын талқылады. «Қазақстанда орын алған террорлық әрекетті басып жаншуға біздің мемлекеттің күші мен жігері жетеді. Елдің тыныштығын алған лаңкестерді талқандап, жоқ қылатын шамамыз бар. Халықтың да мұқият болғаны жөн. Қандай да бір қауіптің белгісін байқаса, тиісті орындарға хабарласын» деген Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Таразда лаңкес қолынан қаза тапқан полиция мен Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдерінің отбасына қайғырып көңіл айтты.

«Ақ жол» демократиялық партиясының мәлімдемесі 

Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:  

Коалициясының кезектен тыс  жиналысын шақыруды  талап етеміз!

«Ақ жол» партиясы демократиялық күштердің Жалпыұлттық «Қазақстан-2020» коалициясының кезектен тыс жиналысын шақыруды талап етеді. «Ақ жол» партиясы Таразда діни экстремистердің қатысуымен болған қайғылы оқиғаларға байланысты алаңдаушылығын білдіреді. Қазақстанның Тәуелсіздік күні мейрамы алдында күнәсыз адамдарды өлтіру және олардың өміріне қастандық жасау - бүкіл Қазақстан қоғамына және мемлекеттің зайырлы мәніне қауіп-қатер және сын. Осындай адам жиіркенетін тағылық әрекеттің негізгі мақсаты халықты қорқыту, мемлекеттік органдарға қоқан-лоққы жасау болып табылады. Сондықтан біз қоғам мен мемлекетті Қазақстан халқына тән емес экстремизм мен төзімсіздікке қарсы тұрып, конституциялық құрылысты, азаматтық бірлікті және толеранттықты қорғау үшін топтасуға шақырамыз. Қазақстанның «Ақ жол» партиясы қажетті іс-шаралар қабылдау үшін, біздің еліміздің 600-ден аса қозғалыстар мен ұйымдардың басын қосып отырған кең көлемді қоғамдық алаң ретінде, демократиялық күштердің Жалпыұлттық «Қазақстан-2020» коалициясының кезектен тыс жиналысын шақыруды талап етеді. Жалпыұлттық коалиция мемлекетке әрбір қазақстандық отбасын қорғайтын және еліміздің барлық қалалары мен ауылдарында тыныштық орнататын іс-шаралар кешенін дайындауы қажет. Біз коалицияға кірмеген басқа да саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге бұрынғы алалық пен келіспеушілікті қалдыра отырып, әрбір қазақстандық үшін ең маңызды мәселелерді бірлесіп талқылауға шақырамыз. «Ақ жол» партиясы Тараз қаласында экстермисттердің қолынан қаза болған, жапа щеккен азаматтардың отбасылары мен жақындарына, туыстарына қайғыларына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтады. Біз саяси партия ретінде, ортақ шаңырағымыздағы әрбір қазақстандық үшін, әрбір қазақстандық азаматтың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.