Тараздағы теракт
2011 ж. 18 қараша
3267
0
«Лаңкестерді талқандап, жоқ қыламыз»
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелерін жинап, Тараздағы террорлық шабуылдан кейін елдегі қауіпсіздік жағдайын талқылады. «Қазақстанда орын алған террорлық әрекетті басып жаншуға біздің мемлекеттің күші мен жігері жетеді. Елдің тыныштығын алған лаңкестерді талқандап, жоқ қылатын шамамыз бар. Халықтың да мұқият болғаны жөн. Қандай да бір қауіптің белгісін байқаса, тиісті орындарға хабарласын» деген Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Таразда лаңкес қолынан қаза тапқан полиция мен Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдерінің отбасына қайғырып көңіл айтты.
«Ақ жол» демократиялық партиясының мәлімдемесі
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
Коалициясының кезектен тыс жиналысын шақыруды талап етеміз!
«Ақ жол» партиясы демократиялық күштердің Жалпыұлттық «Қазақстан-2020» коалициясының кезектен тыс жиналысын шақыруды талап етеді. «Ақ жол» партиясы Таразда діни экстремистердің қатысуымен болған қайғылы оқиғаларға байланысты алаңдаушылығын білдіреді. Қазақстанның Тәуелсіздік күні мейрамы алдында күнәсыз адамдарды өлтіру және олардың өміріне қастандық жасау - бүкіл Қазақстан қоғамына және мемлекеттің зайырлы мәніне қауіп-қатер және сын. Осындай адам жиіркенетін тағылық әрекеттің негізгі мақсаты халықты қорқыту, мемлекеттік органдарға қоқан-лоққы жасау болып табылады. Сондықтан біз қоғам мен мемлекетті Қазақстан халқына тән емес экстремизм мен төзімсіздікке қарсы тұрып, конституциялық құрылысты, азаматтық бірлікті және толеранттықты қорғау үшін топтасуға шақырамыз. Қазақстанның «Ақ жол» партиясы қажетті іс-шаралар қабылдау үшін, біздің еліміздің 600-ден аса қозғалыстар мен ұйымдардың басын қосып отырған кең көлемді қоғамдық алаң ретінде, демократиялық күштердің Жалпыұлттық «Қазақстан-2020» коалициясының кезектен тыс жиналысын шақыруды талап етеді. Жалпыұлттық коалиция мемлекетке әрбір қазақстандық отбасын қорғайтын және еліміздің барлық қалалары мен ауылдарында тыныштық орнататын іс-шаралар кешенін дайындауы қажет. Біз коалицияға кірмеген басқа да саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге бұрынғы алалық пен келіспеушілікті қалдыра отырып, әрбір қазақстандық үшін ең маңызды мәселелерді бірлесіп талқылауға шақырамыз. «Ақ жол» партиясы Тараз қаласында экстермисттердің қолынан қаза болған, жапа щеккен азаматтардың отбасылары мен жақындарына, туыстарына қайғыларына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтады. Біз саяси партия ретінде, ортақ шаңырағымыздағы әрбір қазақстандық үшін, әрбір қазақстандық азаматтың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.