ҚР «Мемлекеттік тіл туралы» заңының жобасы

ы

Қазақстанның террито­риялық тұтастығының және ұлт мәдениетінің сақталуы мен дамуының басты шарты – қазақ тілі болып табылады. Осы Заң қасиетті қазақ жерін мекендейтін, қазақ халқының мәдениетін және ұлттық болмысын сыйлайтын әрбір азаматтың, оның конституциялық парызы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін меңгеруін және қазақ тілінің республиканың барлық аумағында толық көлемде қолданылуын, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді қолдану құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. I Тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Негізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: этникалық топ – өзiнiң тарихи отанынан тысқары елде тұрып жатқан этностың бiр бөлiгi; этникалық топ шоғырлана тұратын елді мекен – жекелеген ауыл-кент тұрғындарының 51 пайызынан астамын бір ғана этникалық топ құрайтын елді мекен; ономастика – тіл білімінің жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бір саласы; орфография – дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн ережелер жүйесi; топонимика – ономасти­каның географиялық нысандар­дың атауларын, олардың пайда болуы, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтiн бір саласы; 2-бап. Мемлекеттік тіл туралы заңнама Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» осы заңы 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Констиуциялық Заңына, Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді. Сонымен қатар 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің шешімімен қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы, 2010 жылы қабылданған «Ел бірлігі» доктринасы және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де құқықтық актілерінен тұрады. 3-бап. Қазақстан Республи­касының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының міндеті 3.1 Қазақстандағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз етуді, қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттілік туғызуды қамтамасыз етеді.. 3.2. Мемлекеттік тілдегі терминологияны жетілдіріп, ономастика жұмыстарын реттейді. 3.3. Мемлекеттік тілді жетіл­діріп, дамытады және мемлекеттік тілдік ортаны қалыптастырады. Қазақстандағы тіл саясатын нақтылау арқылы мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін арттырады. 3.4. Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдары қызметінде, халықаралық ұйымдар мен шетелдік ұйым, кәсіпорындарда және бірлескен кәсіпорындарда мемлекеттік тілдің қолданылуын реттейді. 3.5. Осы Заң жеке адамдардың арасындағы өзара қарым-қатынас тілін және діни қауымдар мен бірлестіктердің іс-шараларының өткізілу (жүргізілу) тілін реттемейді. Азматтардың өзара қарым-қатынас тілін таңдау құқығы бар. 3.6. Мемлекеттік тілдің міндетті түрде қолданылуы Қазақстанда тұратын этникалық топтардың өз тілдерін пайдалану құқығын жоққа шығармайды және ол тілдердің абыройы мен беделіне нұқсан келтірмейді. 4-бап. Қазақстан Республи­касының мемлекеттік тілі 4.1. Қазақстан Республикасы­ның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 4.2. Қазақстан халқын топтас­тырудың негізгі факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. 5-бап. Қазақстан Республи­ка­сындағы этникалық топтардың тілі 5.1. Қазақстанда тұратын эт­ни­калық топтар тілдерінің мәр­тебелері бірдей болып табылады. Олардың ешқайсысына заң жүзінде артықшылық берілмейді. Әр этнос өкілдері өз ана тілінде сөйлеуге, оны дамытуға толық ерікті. II Тарау. Мемлекеттік тілдің қолданылуы Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы Президенті қызметінде, ҚР заң шығарушы, атқарушы органдарында, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, үкіметтік емес ұйымдарда және бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс және ісқағаздарын жүргізетін ресми тіл болып табылады. Өзге тілдер қолданылған жағдайда, ісқағаздарында өзге тілдегі нұсқамен қатар мемлекеттік тілдегі нұсқасы қоса берілуі тиіс. Мемлекеттік тілдегі іс қағаз түпнұсқа болып табылады. 6-бап. Мемлекеттік тілді Президент қызметінде қолдану 6.1. Президент бекітетін Конституциялық күші бар Заңдар, Жарлықтар, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар мемлекеттік тілде әзірленіп, жүргізіледі. 6.2. Президент қызметінің құрамына кіретін агенттіктер, комитеттер, комиссиялар, кеңестер өз жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізеді. 7-бап. Мемлекеттік тілді заң шығарушы органдарда қолдану 7.1. ҚР Парламентінде Заң жобалары мемлекеттік тілде әзірленіп, талқыланып, қабылданады. 7.2. ҚР парламенті палата­ларының және комитеттерінің отырыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. 8-бап. Мемлекеттік тілді ҚР атқарушы органдарында қолдану 8.1. ҚР Үкіметінде дайындалатын Заң жобалары, бағдарламалар, Қаулылар, Ережелер, Нұсқаулар т.б. құжаттар мемлекеттік тілде дайындалып, бекітіледі. 8.2. ҚР орталық атқарушы органдары (министрліктер, комитеттер, агенттіктер) мен жергілікті атқарушы органдары (облыс, аудан) өз қызметінде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді. 8.3. ҚР Электронды үкімет жүйесіне ақпараттық технологияның соны жетістіктерін міндетті түрде мемлекеттік тілде қолданысқа енгізіп, оның барлық деңгейде мүлтіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді. 8.4. ҚР Прокуратурасы, ҰҚК, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, қаржы полициясы, кеден комитеті өз жұмыстарында ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді. 9-бап. Мемлекеттік тілдің ҚР Сот жүйесінде қолданылуы 9.1. ҚР жоғарғы соты өз жұмысына қажетті нормативтік актілерді, Ережелерді, Нұсқау­ларды, Шешімдерді мемлекеттік тілде дайындап, бекітеді. 9.2. ҚР облыстық, қалалық, аудандық және ауданаралық соттарында, мамандандырылған соттарда іс жүргізу мемлекеттік тілде іске асырылады. Сонымен қатар іс жүргізу өзге тілде өткен жағдайда аудармашылар қызметі пайдаланылып, ісқағаздарында мемлекеттік тілмен қатар өзге тілдегі нұсқасы қоса толтырылуы тиіс. 10-бап. Мемлекеттік тілдің жергілікті өзін өзі басқару органдары мен коммерциялық емес ұйымдарда қолданылуы ҚР-ының жергілікті өзін өзі басқару органдары мен коммерциялық емес ұйымдарда мемлекеттік тіл қолданылады. 11-бап. Мемлекеттік тілдің бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылуы 11.1. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілге басымдылық беріледі, бірақ бұл өзге тілдердің қолданылуын шектемейді. Қазақ тілдік орта жасау және мемлекеттік тілді толыққанды қолдану мақсатында, телеарналардың өзге тілдегі барлық хабарлары, олардың меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тілде ілеспе аударма арқылы берілуге міндетті. 11.2. Мемлекеттік тілде берілетін телерадио хабарлары көрермендердің көрулеріне және тыңдауыларына қолайлы уақытта берілу міндетті. 11.3. Мемлекеттік тілді өзге тілдердің экспансиясынан қорғауды қамтамасыз ету үшін, республика аумағына импортталатын газет-журналдар мен баспа өнімдерінің жалпы көлемінің арасалмағы, өзге тілде 20 пайыз, қазақ тілінде 80 пайыз болуы шарт. 11.4. Мемлекеттің қаржы­сымен басылатын өзге тілдегі газет-журналдардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы болуы міндетті. Өзін-өзі қаржыландыратын өзге тілді бұқаралық ақпарат құралдарына бұл талап жүрмейді. 12-бап. Мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта және жарнамада қолданылуы 12.1. Қазақстан аумағында жүргізілетін барлық түрдегі (форматтағы) көрнекі ақпарат, міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылады, көрсетіледі. Этникалық топтар шоғырлана орналасқан елді мекендерде мемлекеттік тілмен қатар сол этникалық топтың тілінің қолданылуына шектеу қойылмайды. 12.2. Меншік түріне қарамас­тан, Қазақстан аумағында қызмет істейтін барлық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамалар мемлекеттік тілде беріледі. Қажеттілік болса, жарнама мәтіндерінің аудармасы Қазақстанда тұратын этникалық топтардың тілінде де беріледі. 12.3. Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында, таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде қажеттi ақпарат болуға тиiс. Тауарлардың бағалары мемлекеттік тілде беріледі. Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары, таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiліндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi. 13-бап. Мемлекеттік тілдің білім, ғылым, мәдениетте қолда­нылуы 13.1. Қазақстанда мектепке дейінгі балалар мекемелерінде оқыту мен тәрбие мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал басқа тілдерде тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту міндетті. 13.2. Балалар үйлерінде және оларға теңестірілген, мемлекет қамқорлығындағы ұйымдар мен мекемелерде оқыту, тәрбие беру жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мемлекет қаржыландырмайтын балалар үйі мен оларға теңестірілген ұйымдарда, меншік түріне қарамастан, оқыту, тәрбие беру жұмыстары мемлекеттік тілмен қатар өзге де тілдерде жүргізілуі мүмкін. 13.3. Қазақстанда бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім мемлекеттік тілде беріледі, қажеттілігіне қарай, өзге де тілдерде беріледі. 13.4. Қазақстан Республикасы жалпы білім, бастауыш, орта, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейін білім беру жүйесінде мемлекеттік тілде білім алуға кепілдік береді. Қазақстан Республикасының басқа тілде білім беретін жалпы білім, бастауыш, орта, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейін білім беру ұйымдарында сыныптан сыныпқа көшу, оқу орнына түсу және бітіру кезінде мемлекеттік тіл бойынша міндетті түрде емтихан тапсырылады. Бұл емтиханның көрсеткіші жоғары оқу орындарына түскенде міндетті түрде есепке алынып, жалпы білім дәрежесін анықтайтын балл санына қосылады. 13.5. Мемлекет қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулерге, балалар әдебиетінің шығармаларына, әдеби шығармаларға жан-жақты қолдау жасайды. Ғылыми дәрежені ізденушілердің ғылыми жұмыстары мемлекеттік тілде қорғалады. Өзге тілдерде қорғалған ғылыми жұмыстар жоғары атттестациялық комиссияға мемлекеттік тілде аударылып тапсырылуы міндетті. 13.6. Қазақстан үкіметі мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және азаматтардың әлемдік ақпарат кеңістігінен мемлекеттік тілде мағлұмат алуын қамтамасыз ету мақсатында интернеттегі тікелей аударма жүйесіне қазақ тілін енгізеді. 13.7. Республика аумағындағы кино өнімдері (телефильмдер) мемлекеттік тілде көрсетіледі. 14-бап. Мемлекеттік тілдің ономастикада қолданылуы 14.1. Елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың, сондай ақ басқа да физика-географиялық обьектілердің дәстүрлі, тарихи қалаптасқан атаулары қазақ тілінің ережелеріне сай жазылады және өзге тілдерге аударылмайды. 14.2. Республика аумағында жұмыс істейтін барлық ұйымдар мен мекемелер, меншік түріне қарамастан, өз атауларын мемлекеттік тілде беруге міндетті. 14.3. Республикалық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің атаулары қазақ және ағылшын тілдерінде жазылады. Карталардың ішіндегі барлық топонимикалық атаулар бір тілде – мемлекеттік тілде беріледі. 15-бап. Мемлекеттік тілдің но­тариаттық қызметте қолданылуы Қазақстан Республикасында нотариаттық қызмет істері мемлекеттік тілде жүргізіледі. Азаматтардың талабы бойынша, мүмкіндігіне қарай, дайындалған құжаттардың өзге тілдегі аудармасы қоса беріледі. 16-бап. Мемлекеттік тілдің азаматтардың жеке құжаттарында қолданылуы 16.1. Қазақстан аумағында қолданылатын азаматтық хал актілерін анықтайтын құ­жаттардың – куәліктің, паспорт­тың, неке туралы куәліктің, аттестаттың, дипломның, т.б мәтіндері тек қана мемлекеттік тілде жазылады. Халықаралық құжаттарда мемлекеттік тілмен қатар ағылшын тілі де қолданылады. Кеңес үкіметі кезіндегі берілген, әлі өзінің заңдық күшін жоймаған құжаттар өзге тілде де қолданыла береді. 16.2. Қазақстан аумағында азаматтардың аты жөнін жазу әр этностың өзіне тән қалыптасқан дәстүріне сай жүргізіледі. 17-бап. Мемлекеттік тілдің жиналыстарда қолданылуы Қазақстан аумағында билік тармақтары, өзін өзі басқару органдары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және меншік нысандарына қарамастан, кәсіпорындар мен мекемелерде барлық ресми шаралар (съезд, сессия, конференция, жиналыс, мәжіліс, отырыс, мәдени шаралар, т.б.) мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қажетті жағдайда, өзге тілдерге ілеспе аударманы ұйымдастырушылар қамтамасыз етеді. Этникалық топтар шоғырлана орналасқан елді мекендерде мемлекеттік тілмен қатар сол этникалық топтың тілінде де жүргізілуі мүмкін. 18-бап. Мемлекеттік тілдің қаржы қызметі мен банк жүйесінде қолданылуы 18.1. Меншік түріне қарамастан, Қазақстан аумағындағы қаржы институттары, банк жүйесі, өнеркәсіп пен бизнес саласындағы ісқағаздары және статистикалық қаржылық есептері мен басқа да құжаттары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қажетті жағдайда, өзге тілдерде де жүргізілуі мүмкін, бірақ мемлекеттік тілдегі мәтіні түпнұсқа болып табылады. 18.2. Ұлттық валюта, бизнес құнды қағаздары, несиелік облигациялар, тағы басқа да бизнес қауымдастығы пайдаланатын құнды қағаздар мемлекеттік тілде шығарылады. 19-бап. Мемлекеттік тілдің ха­лықаралық қызметте қолданылуы Қазақстанның дипломатия­лық өкiлдiктерi мен Қазақ­станның халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiнiң қыз­метi мемлекеттiк тiлде, қажет болған жағдайда басқа да тiлдердi пайдаланып жүзеге асырылады. Екiжақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттiк тiлдерiнде жасалады, көпжақты халықаралық шарттар оған қатысушылардың келiсiмiмен белгiленген тiлдерде жасалады. Қазақстанда және шетеледерде басқа мемлекеттер өкiлдерiмен өткiзiлетiн ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тiлдерге аударылып, мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. III Тарау. Мемлекеттік тілді қолдау мен қорғау 20-бап. Мемлекеттік тілді құқықтық қорғау 20.1. Қазақстанда мемлекеттік тілді шектеуге бағытталған заңдар немесе нормативтік-құқықтық актілер қабылданбайды. 20.2. Мемлекеттік тілді құрметтеу Қазақстан азамат­тарының   міндеті болып саналады. Мемлекеттік тілді төмендету, менсінбеушілік пен сыйламаушылық іс-әрекеттері және оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін басқа да ашық және астыртын жұмыстарды жүргізуші азаматтар мен қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер заң бойынша жазаға тартылады. 20.3. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның орындалу барысына тұрақты түрде бақылау жасау мақсатында Қазақстан Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламентіне жыл сайын есеп беріп отырады. 21-бап. Мемлекеттік тілді қолдау 21.1. Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік тілі – мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар Мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдайлар жасайды. 21.2. Қазақстан Үкіметі Мем­лекеттік тілдің рсепуб­ликаның барлық аймақтарында бірдей қолданылуын (бірегейлікке, бірізділікке түсіру) мақсатында ономастиканы, терминологияны, орфографияны және ұлттық әдеби тілдің нормаларын реттейтін комиссиялар құрады. 21.3. Қазақстан Үкіметі, халықаралық құқықтық принциптерге сай, шетелдердегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқып-үйренуіне қаржылық, материалдық-техникалық қолдау көрсетеді және оларға қажетті педагог мамандар дайындауға жағдай жасайды. 21.4. Мемлекет Қазақстан­дағы әрбір азаматтың мемлекеттік тілді пайдалану құқығын қамтамасыз ететін шаралар қабылдайды. 22-бап. «Мемлекеттік тіл туралы» заңға қатысты жауапкершілік 22.1. Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік тілінің осы заңның көлемінде қолданылуы мен қорғалуын Қазақстан Республикасының Президенті, Парламенті, үкіметі, облыс әкімдері мен жергілікті өзін өзі басқару органдары қамтамасыз етеді. 22.2. Орталық және жергілікті органдардың, барлық меншік нысанындағы, оның ішінде шетелдік заңды және жеке тұлғалардың қатысуымен құрылған ұйымдар мен мекемелердің бірінші басшыларына мемлекеттік тілді қолданылуын ұйымдастыруда және жүзеге асырылуында жеке жауапкершілік жүктеледі 22.3. Қазақстанда информа­циялық-байланыс технология саласында мемлекеттік тіл­дің қолданылуы мен дамуын қамтамасыз етуге қажетті барлық жағдай жасалынады. Барлық ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге қажетті ақпартаттық, финанстық жұмыстарға арналған техникалық құралдармен және программалармен қамтамасыз ету міндеті Қазақстанның Үкіметіне жүктеледі. IV Тарау. Азаматтардың мемлекеттік тілді қолдану құқығын қамтамасыз ету 23-бап. Азаматтардың мемле­кеттік тілде білім алуын қамтамасыз ету 23.1. Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі білім және тәрбие беру мекемелерінде, орта және арнайы білім беру орындарында, жоғарғы оқу орындарында (бакалавриат, магистратура), мамандардың біліктілігін арттыру институттарында, меншік түріне қарамай, мемлекеттік тілде білім алуды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тілмен қатар өз ана тілін балаларына үйрету әр ата-ананың азаматтық парызы. 23.2. Қазақстан Республикасы мемлекеттің қаржысы арқылы шетелдерде білім алуға және біліктілігін көтеруге мемлекеттік тілді толық меңгерген азамат­тардың жіберілуін қамтамасыз етеді. 24-бап. Азматтардың арыз, өті­ніш, шағымдарын қабылдау және жауап беру Қазақстан Республикасы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін өзі басқару органдарында, меншік түріне қарамай, барлық кәсіпорындар мен мекемелер және ұйымдарда заңды тұлғалардан және жеке азаматардан түскен өтініш, арыз-талап, шағымдарға, т.б. мемлекеттік тілде жауап берілуін қамтамасыз етеді. Қажетті жағдайда, жауаптың өзге тілдегі аудармасы мемлекеттік тіл­дегі түпнұсқасымен қоса беріледі. 25-бап. Ақпараттың мемле­кеттік тілде берілуін қамтамасыз ету Қазақстан мемлекеті билік тармақтарының барлық дең­гейінен Бұқаралық Ақпарат Құралдарына берілетін ақпарат, олардың меншік түріне және ақпарат тарату тіліне қарамастан, міндетті түрде, бірінші кезекте мемлекеттік тілде беріледі. 26-бап. Мемлекеттік тілді қаржыландыру Мемлекеттік тілді ендіруге, қолданылуы мен дамытуына бағытталған бағдарламалар мемлекеттің тарапынан қаржы­ландырады. Әр жыл сайын Қазақстан үкіметі мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған қаржының жұмсалуы бойынша Парламентке есеп береді. 27-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілде жұмыс істеуін қамтамасыз ету 27.1. Қазақстан үкіметі елдің барлық аймақтарында мемлекеттік тілде хабар тарататын теледидар мен радио жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. 27.2. Қазақстан үкіметі елдің барлық аймақтарында мемлекеттік тілдегі мерзімді басылымдардың таралуын қамтамасыз етеді. 28-бап. Мемлекеттік тілдің азаматтық алу кезіндегі талап етілуі Қазақстанның азаматтығын алуға үміткер шетел азаматтары қазақ тілін меңгеру деңгейін тексеруден өтеді. Мемлекеттік тілді талап етілген деңгейде меңгермеген шетелдіктерге Қазақстанның азаматтығы берілмейді. 29-бап. “Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тілі туралы” Заңын Қазақстан Рес­пуб­ликасының басқа да заң актілерімен сәйкестендіру Осы Заңның қолданысқа енгізілуімен “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” Қазақстан Республикасының Заңы өзінің күшін жояды және Қазақстанның басқа да заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. 30-бап. Осы Заңның өз күшіне енуі Осы Заң ресми жарияланған күннен бастап өз күшіне енеді. Заң жобасын дайындаған Жұмысшы тобының мүшелері: Дос Көшім – жетекші, «Ұлт тағдыры» қозғалысынан Болат Дүйсембі – «Ұлт тағдыры» қозғалысынан Болат Бөтеев – «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер Одағынан Марат Бөтеев – «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорынан Нұржан Ошанбеков – «Мемлекеттік тіл» қозғалысынан Нұргелді Уәли – Тіл институтының қызметкері, ғылым докторы Бәшір Жаналтай – «Руханият» партиясынан Әбдірәшит Бәкірұлы – Қалалық «Қазақ тілі» қоғамынан, публицист

Алматы, 20 қазан 2011 жыл