«Боратқа» несіне ренжисіз?«Бораттың» шығуына қазақ режиссерлері кінәлі!

б

Иә, соңғы жылдары «Қандай кинолар көріп жүрміз?» деген сауалдың төңірегінде бірталай қызу пікірталастар бой көрсетіп жүр. Алайда, «сол киноларымызда тарих бұрмаланып жатқан жоқ па?» деген сауалға ой жүгіртіп көрдік пе?! Өткенімізден сыр шертіп, тарих қойнауында қалған құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған тарихи фильмдер бүгінгі таңда көзі қарақты көрермендердің жүрегінен қаншалықты орын тауып жүргені беймәлім. Тіпті, елімізде осы мәселе төңірегінде толғанып жүрген режиссерлер де жоқ-ау деген ойға қаламыз.

Дегенмен, «қазақта тарихи фильм жоқ, түсірілмеген» деуден аулақпыз. Ондай фильмдер баршылық, бірақ олардың деңгейі қандай екені «соқырға таяқ ұстатқандай» анық. Бұл турасында білікті мамандар мен кинорежиссерлерге сауал қойсаң, алатын жауап біреу-ақ. Олар әркез: «тарихи фильмдерді түсіру оңай емес, көп қаржыны талап етеді» деген үйреншікті әніне баса жөнеледі. Бұл жауапты ести-ести мезі болған қарапайым көрермен, әдетте, шетел киноларын көріп, солардың тарихына тамсанатыны, ащы да болса – шындық. Соңғы бес-алты жылда отандық телеарналарда Кореяның тарихи телесериалдары барша қазақ көрермендерінің назарын өзіне аударды. Ондағы «Жумонг», «Қайсар ханшаларымыз» режиссерлеріміздің есіне кешегі Абылай, Кенесары, Тәуке хандарымызды, Сақ патшайымы Томиристі түсірген-түсірмегенін қайдам, бірақ көрермен ретінде өзіміз «әттең, солар туралы картиналар түсірілсе ғой, шіркін...» деп оларды еске алғанымыз рас. Бір қарағанда, корей сериалдары ешқандай зиянсыз, керісінше, жас ұрпаққа берер тәрбиесі мол сияқты көрінеді. Алайда, сол сериалдарды көрген қазақ баласы бүгінде «Мен Абылай хандай болам» деп емес, «Жумонг ханзададай боламын» деп өсуі нені білдіреді? Яғни, бұл фильмдер бүлдіршіндеріміздің санасына, олардың психологиясына теріс түсінікті сіңіріп жатыр. Оларды қазақта да батырлар мен хандар, ханзадалар мен ханшайымдар болған дегенге сендіріп көр. Еліктегіш талшыбық өзгеге еліктеймін деп жүріп, өз қағынан жеритін дәрежеге жетпей ме? Аталған батырларымыздың ерліктерін дәріптеп, қандай азамат болғанын білмесе де, қазіргі кез-келген жас ұрпақ Жумонгты білетіні ненің салдары? Әрине, таң атқаннан-күн батқанша әрбір үйдің төрінде сайрап тұрған арналардан көрсететіні шетел фильмдері мен сериалдары. Осындай жағдайдан кейін болашағымызды бағамдап, келешегімізге кемел қараудың өзі артық секілді. Қазақ кино әлемінің бойтұ­марындай болған Шәкен Айманов ағамызбен қоштасқаннан кейін, қазақ киносымен де қоштасқандаймыз. Олай дейтініміз, бүгінде құнды, қастерлі картиналардың қатарына қосылатын, жұртшылық қауым тапжылмай отырып көретін фильмдер жоқтың қасы. Қаншама жыл өтсе де ел есінде қалған ескі фильмдерден басқа ұлт жадын жаңғыртар жаңа дүниелер тумады десек, өтірік айтпаған болар едік. Иә, кино мүлде түсірілмеді деп айта алмаймыз. Десе де деңгейі төмен, әлжуаз. Байқап қараған адамға, қазақ тарихында киноға азық болар дүниелер көп болмаса, аз емес. Тек таңдай отырып, бай мұрамызды ел игілігіне жарата білу керек. Жалпы, кино тұрғысынан сөз қозғағанда барлығының да айтар ойы бір арнаға саяды. Яғни «қазақ баласы өз тарихын білмейді, өзге мемлекет фильмін көруге құлшыныс білдіруде алдарына жан салмайды» деген көзқарастар мен сыни пікірлер оңай-ақ туындап ала жөнеледі. Мысалы, алғашқы көркемсуретті «Аманкелді», «Қыз Жібек» фильмдері талай жылдарды артқа тастап, бүгінгі күнге дейін жетті. Және де олардың көрермені де жоғалған жоқ. Халыққа қанша көрсе де, жалықпақ емес. Бұның сыры неде? Қазір де дәл сондай сапалы да идеясы салмақты тарихи фильмдер түсіруге Қазақстанда, расымен, қаржат жоқ па, әлде сапалы бір фильм түсіргенше, сапасыз он фильм түсіргенді жөн көре ме? Қазіргі дамыған өркениет заманының өскелең ұрпағы тарихи, әдеби кітаптарды оқығаннан гөрі, оны дайын кино түрінде көруді жөн санайды. Ал саны бар, сапсы жоқ фильмдерді көргеннен кейін ол ұрпақ өз тарихын көз алдына қалайша елестетпек? Кешегі күні І.Есенберлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлиндердің жазып қалдырған шығармаларын, «сапасыз түсірілген» деп емес, «сапасыз жазылған» деп қабылдамауына кім кепіл?! Соңғы жылдары отандық кинематографияға қандай фильмдер қосылды және олар қандай деңгейде? «Жетімдер», «Ғашық жүрек», «Жаралы сезім», «Келін», «Қыздығы алынбаған Қайрат және...» сияқты бытықы-шытықы фильмдер (кешіріңіздер, оның басқаша аудармасын да, баламасын да таппадық... және атауы сондай болғанға біз емес, фильмдеріне басқа атау таппаған түсірушілер ұялсын...) Бұл фильмдердің қай-қайсысы да сыннан көз ашпады. Ол фильмдерден көп нәрсе талап ету де сәбилік аңғалдық болар еді. Олардың кез-келгенінің сценарийлерінде де, түсіру кезінде де, монтаждау барысында да өте көп кемшіліктердің кеткені көзге ұрып тұр. Кейбіреулеріндегі анайылық пен азғындықтан бастап, кейіпкерлердің шалалығы, актерлерге шеберліктің жетіспеуі, олардың жаттанды сөйлеуі... тізе берсең, шыға береді. Осының бәрі көрерменді жалықтырып жіберетіні белгілі. Тіпті, кейбір кейіпкерлердің өз ана тілінде шала сөйлейтіндігі әрбір қазақтың намысын кернейді. Сатыбалды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» фильмі ғана соңғы уақыттарда жарыққа шыққан туындылар арасынан бөлектеніп тұр. Шығармашылық топтың жұмысын бағаламауға болмас. Режиссердің де, актерлардың да, операторлардың да кәсіби деңгейі жоғары екенін бірден байқайсың. Сценарий де жап-жақсы. Тек сценарийдегі қайсыбір тұсқа көңіліміз толмай, «қап, әттеген-ай!..» деп қалғанымыз рас. Мәселен, өзен тасып, ауылды су басқанда «бәрің шіркеуге барыңдар» деп, бүкіл халықты шіркеуге тоғытады. Әрине, ол мешіт бола ма, шіркеу бола ма, басқа бола ма – айтар ойы халықты қандай апаттан болмасын, тек дін құтқарады, Құдай сақтайды, сол жолға түсейік деген ойды мегзеген астар жатқан шығар, бірақ оның шіркеу болғанына мүсілім жүрек іштей қарсыласқандай болды... Ал есімі тарих беттерінде алтын әріптермен орын алатын қазақтың біртуар азаматының рөлін қырғыз артисі Азиз Бейшеналиев­тің ойнағанда, ел патриоты ретінде қызғанып қалғанымыз жасырын емес. Осы тұста айта кететін бір наз – режиссерлер киноны «фестивальдық» және «көрерменге арналған фильм» деп екіге бөліп қарастыратын мінез тапты. Бұл киноға деген, өнерге деген дұрыс қарым-қатынас емес. Осы үрдіс өткен ғасырдың 90-шы жылдарында пайда болса, соңғы жылдары бұл қалыпты жағдайға айналды. Олар көрермендерге арналған фильмдерге көбіне-көп жұлдыздарды түсіруге тырысады. Солай аудитория жинауды көздейді. Ал ол киноның сапасы қандай, әлгі жұлдыздарымыз өз рөлдерінде қалай ойнап жатыр деген ой екінші орында. Қазіргі таңда кез-келген фильмді алып қарасаңыз ән шырқап жүрген әншілер немесе сән көрсетіп жүрген сәнқойлар басты рольдерді сомдап жүргенін көресің. Мысалы, бүгінде көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген «Болашақ» атты отандық сериалды алып қарайтын болсақ, киноның айтар ойы, түпкі мақсаты жоқ емес. Отандық телесериалға «сусап» отырған қазаққа дер кезінде ұсынылған өнім. Дегенмен, рольдерде ойнаған қыздардың барлығы жаңадан шығып жүрген әншілер мен өнер иелері. Жылтыраған беті болмаса, актерлық шеберлігі керемет деп айта алмаймыз. Ал Өнер академиясында кино актері мамандығына машықтанып шыққан нағыз мамандар, арнайы білімі бар актерлеріміз әншілердің көлеңкесінде қалып жатқаны өкінішті. Жалпы, кино арқылы әрбір мемлекеттің қандай екенін анық байқауға болады. Айталық, Үнді халқының қандай екені олардың бір ғана киносынан анық көрінеді. Кез-келген киносынан. Олардың мықтылығы да сол – әрбір картинасына тұтас үнді халқының болмысын шеберлікпен сыйдырып жібереді. Ал корей ұлтының қай фильмін көрсеңіз де, сол ұлтқа тән сыпайылық, әдептілік, мәдениеттіліктің үлгісі мен мұндалайды. Ал қазақтар ше? Біздің қайсыбір режиссерсымақтар өздерін керемет білгір санайды да, «менікі дұрыс!» деп, не сөз ұқпайды, не сын көтере алмайды. Ұлтының жақсылығын ұлықтаудың орнына, керісінше, тұтас бір халықты жоғарыдағыдай «бықи-шықи» фильмдер арқылы тек жерге ұруды біледі. Жамандық, кертартпалық жоқ емес, әрине. Қоғам болған соң, бәрі болады. Тек сол жамандықты қалай көрсетуде емес пе мәселе? Орнымен көрсетуге шеберлігің, ақыл-парасатың жете ме? Бір ұлтты солай қорлауға моральдық, заңдық құқығың бар ма? Ал біз «Боратқа» ренжиміз... Бәзбір режиссерлеріміз бен олардың бәзбір фильмдері болмаса, «Борат» та болмас еді...

Әсел РЗА Оралхан ЕРТАЙҰЛЫ