НҰРТАСТЫҢ НҰРЫ ТАСЫДЫ

0
1501

«…Ел басқару деген өте қиын. Ел басқару біреуге бақыт, біреуге мехнат. Мен өзіме мехнат жолын таңдадым. Мен өз бала-шағамнан гөрі қазақ хақының жағдайын ойладым, ел қатарына қосылса екен дедім.
Үш нәрседен тазамын. Бірінші, сонша жыл ел басқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін, бір сом да пара алған емеспін – арым таза.
Екінші, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойған емеспін – қолым таза; сенбегендер архив ақтарып көре берсін.
Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза».

Нұртас Оңдасынов

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген ел емеспіз бе? Саналы ғұмырының соңына дейін адалдық пен әділдік жолында қазақ мүддесі үшін еңбек еткен азаматтың есімі қашанда ел есінде. Таяуда Шардара қаласында ол кісінің құрметіне арнап ескерткіш ашылды. 107 жылдығымен тура келген бұл шараға қазақтың игі жақсылары қатысып, Оңдасынов жөніндегі естеліктерімен бөлісті.
«Нұртас Оңдасынов елін аздырмаған, жұртын тоздырмаған. Рас ол ел билеп тұрған кезде қазақ елі азбады да, тозбады да. 1938 – 1951 жылдың аралығында қазақ халқының басынан қандай оқиға өтпеді. Тарихқа үңіліп қарасаң Оңдасынов қанды креслоға келіп отырыпты. Оның алдында алты Халық Комиссарлар Кеңесі болған, алтауы да халық жауы деп атылып кеткен екен…» деп Нұртас Ондасыновтың өмірдеректерін, мұраларын отыз жыл бойы зерттеп, жинап, кітап шығарып жүрген астаналық қаламгер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалиева ағынан жарылды.
Нұртас Оңдасынов 1904 жылы 26 қазанда қасиетті Түркістан ауданы Үшқайың деген ауылда дүниеге келген. Еңбекке жастайынан араласқан Нұртас, ел билігіне де ерте кірісті. Небәрі 34 жасында, 1938 жылы Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағалығына сайланған. Бұл жауапкершілігі мол лауазымды қызметті 13 жыл бойы мінсіз атқарды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алды. Білімсіз балалардың барлығын мектепке беріп, көзін ашты. Сонымен қатар ауылшаруашылығы, малшаруашылығы, өндірісті дамытуда үлкен жұмыстар атқарған. Мәселен, соғысқа дейін Қазақстанда қара металлургия өнеркәсібі болмаған. Ел басына күн туған заманда орынбасары Дінмұхамед Қонаев, ғалым Қаныш Сәтбаевпен ақылдаса отырып, Қарағандыдан зауыт салуды қолға алады. Қазіргі әлемге аты әйгілі Теміртаудың іргесінің қалануына осы азамат себепші болған еді. Елге беймәлім тағы бір ерлікпен пара пар ісі, ол Теміртау, Ақтау деген қала атаулары осы кісінің арқасында берілді.
Ол үнемі «орындалмаған үш арманым бар» деп айтып жүреді екен. «Бірінші арманым – зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деп едім, Мәскеуге өтіп кеттік. Маған Алматыда тұру бұйырмады». Оңдасынов зейнеткерлікке шыққан соң, оны ешкім Алматыға шақыра қоймайды, сондықтан Мәскеуге тартып отырған. Қарызданып-қауғаланып кооперативтен үй алады. Сөйтіп, өмірінің соңына дейін сонда қалып қойған. «Екінші арманым – Оңтүстік облыстарда керемет талантты жігіттер бар еді, соларды қызмет бабында өсіре алмадым. «Жершіл, рушыл» деп айта ма деп қорықтым. Үшінші – жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, ол артымдағы ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ, тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келді. Сөйтіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым».
Өмір бойы ел билігінде жүріп, ғылымды аңсаған Нұртас Дәндібайұлы зейнеткерлікке шыққан соң ғылымға бет бұрады. «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», «Араб текті қазақ есімдері», «Шығыс халқының мақал-мәтелдері» атты кітаптары жарық көрді.
1989 жылы 4 қарашада Мәскеуде қайтыс болған Оңдасыновты, өз өсиеті бойынша, Түркістанға әкеліп жерледі.

Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз