Құдай – жүректегі ӨШПЕЙТІН ҰЛЫ ДАУЫС

н

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:   – Несаға, Исматулла мақсымға араша сұрап Елбасыға жазылған ашық хатқа қол қойдыңыз, себебі? – Мен, жалпы, діндар адам емеспін. Алайда, азамат ретінде, жазушы ретінде өмірде болған және бар құбылыстарды айналып өте алмайсың. Бәрін емес те шығар. Ал мәңгіліктері бет бұрғызбай қоймайды. 1812 жылы Тегеранда туған Бахаулла деген діндар өзін Алланың елшісімін деп жариялады. Оның бес бағыты болды. Біріншісі – рухани туыстық, екіншісі – адамдар бауырластығы, үшінші – әйелдер теңдігі, төртіншісі – дінбасыларға жөнсіз табынбау, соңғысы – дінге соқыр сенімнен босану. Лев Толстой ислам дініне осы бахаизия арқылы қызыққан да, кейін шын ақиқат ілімге ұштасқан. «Ислам – ең таза дін» деген. Исматулла мақсым болса, ұлы бабаларымыз ұстанған Хақиқат ілімнің тубегі. Гәп пейілінің тазалығында. – Ашық хатқа ұлтымыздың рухани ұстындарына айналған қаншама зиялының қол қойып, қалыс қалмауы нені көрсетеді? – Зиялылық – танымы тереңдіктің қасиеті. Терең таным – әділетті ақ жолды іздейді. Қоғамды қандай да кесапатқа, қатерге қақтырып, соқтырып алмауды армандаймыз. Бұл – қазақтың ата дәстүрінің ұстанымы, өмір сүру салтының алтын қазығы. Ал оның нұрына жүрегі шомылып тұрғандар, шүкір, бізде аз емес. Оны өздерің де көріп, біліп отырсыңдар. Бұл – ел болуымыздың кепілі, жақсылықтың нышаны. – Биыл, өзіңіз білетіндей, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толып отыр. Қоғам қайраткері ретінде өзіңіз алаштың арманы болған дербестігіміздің іргетасын қалап, шаңырағын тіктеуге атсалыстыңыз. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы биігінен көз салғанда мемлекетшіл санамыз қуаттанды ма? Алда қандай мұраттардың төбесі көрінеді? – Ең керегі – Ел, Жер, Тәуелсіздік. Құдайға шүкір, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлағалы отырмыз. Елі мен Жері бар ғана ұлт Тәуелсіздікті аңсайды. Мәселен, саны қырық миллиондай күрд ұлтының (қазақтан үш еседен астам көп) жері жоқ. Тіптен, Түркияны басқарған Озалдың өзі күрд өкілі. Соның өзі күрдтерге жер әпере алмады. Өйткені, ата-бабасының таңбалап қалдырған жері жоқ. Бізге тәуелсіздік аспаннан салбырап, жайдан-жай орнай салған жоқ. Ол – ғасырлар бойы жалғасқан күрестің жемісі. Тарихымызда небір ұлы күрестер, ұлы батыр тұлғалар өтті, олардың ұлы мақсаттары болды. Егер Абылай хан аттанбағанда, қазіргі Кеген, Нарынқол, Іленің солтүстік жағалауы, Балқаштың тұмсығынан бастап Алматы, Шудың етегінен Қордайға дейінгі жерде қырғыздар отыратын еді. Бұл жерге Еуропаның екі мемлекеті сыйып кетеді. Егер Кенесары аттанбағанда, Меркі мен Қордайда – қырғыз, Тараз бен Созақта – сарт отыратын еді. Ал Тәуелсіздіктің басын соноу түкпірден тартып қарасақ, ол оңайлықпен келмегенін көресіз. Біз ата-бабаның дәстүрін, ерлік дәстүрін, даланың даналығы мен қаһармандығының шыққан тегін тауып алып, соған жалғанбасақ, үзеңгі қағыспасақ, ештеңе жасай алмаймыз. Меніңше, Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерілісі, Сырым Датұлының ұлт-азаттық қозғалысы, Жайық пен Жемнен өтіп, жауға кетіп қалған батыстың жерін қайтарып алған Қасым хан, қалмақты Алтай асырып қуалаған Есім ханның қаһармандығы, Кеңес үкіметі кезінде Степлаг­тағы көтеріліс, Теміртаудағы жұ­мысшылардың қозғалысы, т.б. толып жатқан бас көтерулер, ең соңғысы, Желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі – Тәуелсіздіктің тарихи шежіресі. Тәуелсіздік – тарихи даналық пен қаһармандықтың шежіресі. Осы 20 жылда көп шаруа тындырылды. Енді соған ие болып қалу біз бен өскелең ұрпаққа сын. Бүгінгі ұрпақ ұлттың дұшпандары кім екенін білмесе, ата-бабасының даналығын еске алмаса, қаһармандығын көз алдына елестетпесе, соларды бойына сіңіріп өспесе, тәуелсіздіктің қадіріне жетуі неғайбыл. – Бізде ұлттық идеология қалыптасқан ба? – Черчилл: «Біздегі демо­кра­тияның өзі де оңып тұрған жоқ, бірақ оны алмастыратын да ештеңе жоқ» деген. Сол айтқандай, бізде демократия дегенді естіп алды да, «әркім өзі біледі екенге» еріп, бетімен кетті. Конституциямызда Қазақстанда тұратын байырғы халық пен онымен қатар өмір сүріп жатқандардың бірлік одағын құру деп көрсетілген. 1993 жылы Конституциямызда демократиялық парламенттік-президенттік құрылым деп көрсетілді. Сөйтсе, біз айтып отырған демократия, парламенттік жүйе аққу, шортан һәм шаян болып, жан-жаққа тартты. Содан 1995 жылы Конституцияны өзгертуге тура келді. Басқа отыз шақты унитарлы елдің тәжірибесіне сүйене келе, елдің есін жинау үшін бір тұлғаның – Президенттің өкілеттілігі қажет болды. Бұл елімізге инвестицияның келуіне де қолайлы еді. 1996 жылы-ақ АҚШ-тан инвестиция түсті. Сөйтіп біз мемлекетті көтере алдық. Біз жалғыз емеспіз, құр айғаймен ештеңе шешілмейді, әлемдік тәжірибені ескермесек, оған сүйенбесек болмайды. Ішкі ахуалымыз бен сыртқы жағдайымызды бағамдап отыру керек. Солардың арасынан жол тауып, өз туған еліңді қақтырмай, соқтырмай алып жүру деген – ұлттық идеология. Әлемдік кеңістікте, өз жеріңде қазақ екеніңді дәлелде. Оны дәлелдеу үшін ата-бабаларыңнан келе жатқан бүкіл ұлы дәстүрлеріңе жақында, оларды жаныңа жақындат. Екіншіден айтарым, ваххабизм деген бұзық, шатақ дін айрандай ұйып отырған ұлтымызды ірітіп, шіріту үшін келіп, лаңын салып жатыр. Кесірлі ағым – құпия сыртқы күштердің көшпенді арабтарды арандатуымен ойлап шығарылған саяси доктрина. Мекке мен Мәдинада ойран салып, Таиф каласын қанға бояған. Олар арабтарды қанаушы мен қаналушы топқа бөлген. Бұл жағынан келгенде коммунистерге ұқсайды. Тоталитарлығы коммунистерден де асып түседі. Менің білуімше, Қазақстанда төрт мыңдай діни ұйым болса, оның екі жарым мыңы ислам ұйымдары. Біздің таңдау жолымыз ата-бабаның ұстанып келе жатқан дініне, дәстүріне түседі. Саясаттың да, діннің де, өнердің де т.б. негізінде ұлттық салт-дәстүр тұруы керек. Бабамыздың айқын жолын Президентіміз де айшықтап айтты. Оны іліп алып ілгері дамыту – мемлекеттік институттар мен біздің жұмысымыз. Ата-бабадан келе жатқан дәстүрлердің ұлы көшінде күннің сәулесі тұрады. Бабаларымыз сол сәуле көбірек түсетін жағында жүрген, соған бір-бірлерін жетелеуге ұмтылған. Ал біз қайтеміз? Сәуледе түгелімен өзім жатып алсам дейді. Өзім-өзім дегенге ізгілік жұға ма? Ұлттық идеология үшін әрқайсысымыздың ізгілігіміз керек. Басқасы уақытымен реттеле береді. – Несаға, «әдебиет адамға тазаруға көмектеседі» деген ұғым бар. Ал әдебиетіміз сол жүрісінен жаңылып қалған жоқ па? – Жаңа айтып кеткендерімнің бәрі әдебиетте болуы керек. Әдебиет, саясат, ғылым да – өнер, нанын жеп, суын табу да – өнер. Осының барлығы ұлттың эпопеясын жасайды. Қазір елімізде мың шақты жазушы болса, солар қоңырқай, сұрқайылау тірлікті сілкіндіріп, оятып, қопарып тастайтындай болуы керек. Біздің әдебиет, жазушы мен ақын қоғамға келер бәледен алдын ала ескертетін, қатерлі құбылыстан сақтандыратын болуы керек. Қазіргі кезде әдебиеттің бұл функциясы өте кемшін түсіп отыр. Жазушы өзінше лағып, қоғам өмірінен тыс өмір сүрмегені абзал. – Елбасымыз үнемі Қожа Ахмет Ясауидің жолына табан тіреуіміз керек деп айтып келеді. Алайда сол сопылық ілімді ұстанушылар, бейбіт адамдар қуғындалады, қамалады. Ал мына жақта жихадшыл топ елді дүрліктіріп, атысып-шабысады, қазақтар қазақтарға қарсы оқ атып, қаза болып жатады. Бірақ олардың аты-жөндері аталмайды... Бұл көріністерден қайшылық байқамайсыз ба? – Қатерлі діни ағымдардың әрекетін әшкерелеп, халықтың санасына жеткізу керек, сосын халық өзі жеп қояды. Ваххабиттер неден ұтып отыр? Қисапсыз ағылып жатқан қып-қызыл ақшамен халықты алдайды, сөйтіп жүрегін алады. Қазір қаншама жастарымыз жүрегін беріп қойды. Енді оның жүрегі қазақ деп соқпайды, сол сұрқия діннің сойылын соғып, көзі қанталап тұратын болады. Күш пен ақша жүрген жерде бәле шығады. Бірде театрдағы жиынымызға біздің өңірдің суын ішіп өскен сақалды серкесі келіп қапты, келгеннен зарлады, бізге қоқысын төккісі бар. Мен: «Әй, келдің бе, тыныш отыр. Сен не заулап зарлайсың. Өмірдің, тірліктің мәнін біз де білетін шығармыз. Сен қоя тұр» деп тыйып тастадым. Елде осындай тойтарыстар болмай жатыр. Тойтарыс болмағасын олар бетімен кетіп, емін-еркін улы уағызын насихаттап жүр. Біздің рухымыз әлсіреп кеткен ғой. Жетпіс жылда тектінің көзін құртып, тентіретіп жіберді. Шынын айтқанда, содан құлдық психология қалды, сосын әрнәрседен үркектік пайда болды. Біздің ауылда Ағыбай деген шынашақтай шал болды. Тұқымдарынан сәбет үкіметінен көп-көрім қорлық көрген, ол өзі сәбеттермен өлгенше соғысып өтті. Мен бір кісімен шөп шабысуға бара жатқанда жолшыбай Ағыбайға ұшырастық, жанында баласы бар. Таудан тас тасып, қора құрып жатыр екен. Ата-бабасының ескі қыстауының орны болса керек. Сәлем-сауқат сұрасқаннан соң қасымдағы кісі: «Ағыбай, жаныңды қинап, тас тасып, не істеп жатсың, оның керегі не?» деді. Сонда ол: «Құдайдың берген жанын Құдайдың өзіне қинап берейін деп жатырмын» деді. Не деген тектілік! Сол сияқты бізде тектілік, бекзаттық, ақсүйектік болмай тұр. Біз идеология саласын ақсатып алдық. Оның басында мықты, жүректі, батыл адам отыру керек. Еліміздегі діни ахуалды сараптап, газет, журналдарға жазып, оның қоғамда талқылануын қадағалауды тиісті органдар қолға алғаны дұрыс. Ол халыққа жат діндердің пиғылын тануға көмектеседі. Бірақ қазір бұқарамыз бізден алыс қалды, яғни, бас пен кеуде екі бөлек кетті. Ақылды бастар бір жақта тұр, денсаулығы мықты, бірақ ақылы аздау, қазір естігенін қазір ұмытып қалатын жұрт та пайда болды. Тамағы тоқ, көйлегі көк, өмірге не үшін келдім, маған не болып жатыр, күн қайда, көлеңке қайда дегенмен ісі жоқ. Әйтеуір томпаң-томпаң етіп, кетіп бара жатқаны. – Мұныңыз түңілу, дәрменсіздік емес пе? – Жоқ. Кейде балконнан қарап отырып, осы жарық өмір керек пе деп ойлайсың. Бірақ со­ларға ерегісіп өмір сүру керек. Ваххабиттер нағыз қылмыскерлер ғой. Кейде өлгің келмейтіні, осындай қылмыскерлерге ерегісесің. Бәленің бәрі де осы әсіре діншілдерден шығып жатыр. Мұсылман болудың мәнісі осы екен деп, улы уағызға елітіп, улы ақшаға дертіп, «анау болмайды», «мынау ширк» деп қазақтан құбыжық жасағысы келеді. Сақал өсірсе, хиджап кисе мұсылман болып кете ме? Ал ол адамның кім екенін білмейсің ғой, өзі де білмейді. Сырты бүтін, іші түтін деген бар емес пе? Адам өзін-өзі танымайтын болса, содан түк шықпайды. Жан ауруының бірінші кіріспесі: өзін-өзі тану. «Мен кіммін?» деген ұлы сауалды үнемі өзіне қою керек. Құдайға қаншалықты жақындадым деп, өмір бақи осы ұлы сауалды іздеумен өту керек. Құдайға жету, жақындау деген қолтықтасып кету деген сөз емес қой. Құдайға жету деген сөз – имандылықты тану, соны іздеу. Құдайға жақын жолды іздеу, сол сәулеге қарай жүру. Сол кезде біз дұрыс өмір сүреміз деп ойлаймын. Құдай бір жақта, өзің бір жақта. Әйтпесе, Құдай деген жүректе тұрған өшпейтін ұлы дауыс, үнемі қоңыраулап тұрады. «Құдайға жақындау» деген үн, ең болмаса, соны естіп отыруымыз ғой. Сонда біздің жақсылығымыз болатын шығар. – Осындай қалыптасқан жағдайда жауапкершілік жүгін кім арқалайды? Тығырықтан қалай шығамыз? – Мемлекет, қазақстан­дық­тардың мүддесінен қа­райтын болсақ, жоғарыда айт­қандарымыздың оң екеніне көзіміз жетеді. Бірақ ол шаруаны тек биліктің немесе жекеленген отансүйгіш азаматтардың мойнына артып қоюға болмайды. Онда кешеуілдеп қаламыз. Әрбіріміз сол жауапкершілікті алуымыз керек. Әрине ықпалды органдардың қуатты қолдауы, қарқынды жұмысынсыз ештеңе өнбейді. Билік халыққа, халық билікке сол үшін керек. Екеуі бірлесіп, жүкті бірдей тартатын бір арбаға жегілген арғымақтар сияқты болады. Оған естияр азаматтар, интеллигенция қосылып, халықтың санасына жеткізу керек. Біздің қазақ өзін тануы шарт, оған біз ықпал етуіміз керек. Қазақты сырттан келіп жатқан әсіре діншілдер ел қылмайды. Олардың мақсаты – қазақты ыдыратып, мұнайы мен басқа да байлығына ие болу. Біз өзімізге оралуымыз керек. Біз өз ішімізге жағатын ата-бабамыз егіп кеткен рухани егінінің жемісін жеуіміз керек. Ештеңені қиратпай-ақ қояйық, тып-тыныш ата-бабамыздан қалған мұраға, дінге, ділге ие болайық.Билік бұқараға, бұқара билікке бүкіл жауапкершілікті итере салса, ешқашан оңбаймыз. Екінші, капиталистік нарықтық экономика келген кезде бағытымызды, ойлау бағытымызды жоғалтып алдық. Нарықтық экономиканың не екенін де білмеді. Көп нәрсені білмегендік осындай мәселелерге ұрындырып отыр. Өзімізді қажап, қайрап, шешілмеген түйіннің жауабын біреуден емес, өзімізден іздеуіміз керек. Қазақтың осындайға душар болғанына мен кінәлімін дейтін жан ауыратын күйде болсақ, болашағымыз болады. – Қоғамымызда басқа қандай дерттерді атап айтар едіңіз? – Қазақтың құрып тұрған жері бар – қазақтың тұлғасы өзінен өзгеге қолын соқпайды, қуанбайды. Қазақ өзінен өзгеге қуанып, «менен озды» деп қолын соғатын болса, «кейінгі буын бізден озуы тиіс» деп ойлайтын болса, еліміз озық болар еді. Кейбір жазушы ағаларымыз, әріптестеріміз бабамыздың бір асыл мұрасын тауып алса, «басқалар жаңалық ашып қоя ма» деп, тықпыштап өледі. «Мен-мен», «өзім» деген адам тас мола құсап өзімен-өзі қалады. Біздің кеңірек қарайтын «объектілеріміз» болады. Абай дедік пе, Абайға қатып қалдық. Мұқағали десек, Мұқағалидан айрылмаймыз. Ол – асыл мұраларымыз, өзі өлсе де ұлттың жадынан өшпейтін тұлғалар, бірақ сол жерде қатып қалуға болмайды ғой. Сол жерде қатып қалған ел өспей қалады. Керісінше, жетпеген жерін толықтырып, іздеп табу керек. Ұлтқа ортақ «объектілерді» жерге, жүзге немесе руға теліп, меншіктеуге болмайды... – Бірлік қайткенде қолға келеді деп ойлайсыз? – Тарихымызды зерделеп отырып, бір нәрсеге таң қаламын. Мысалы, «жау Түркістанды алды» дегенде ұлан байтақ даланың түкпір-түкпіріндегі қазақ азаматы бір уақытта атқа қонып, бір жерге біріге қалады. Я болмаса, бір тас қазақтың шекесіне жазықсыз тисе, ойланбай жан-жақтан жетіп келеді. Қайдан білді, қалай ақпарат жетті? Шет-шегі жоқ далада шашырап күн кешіп жатқан қазақтың бірлігі қалай берік болған? Меніңше, ешкім білмейтін, ешкімнің ойында жоқ осы үш жүзді біріктіріп жататын қылта, төте жол бар деп ойлаймын. Ешкім айтқан жоқ, ешкімнің ойында жоқ, бірақ жетіп келеді. Осындай қасиет біздің географиялық жағдайымызда әбден болуы мүмкін. Олар неге жетіп келе салады? Жалпы, халық біле бермейтін қасиетті адамдар осыны білген. Сол қасиеттің ұшын тауып, жабысып, айрылмасақ деймін. – Аға, батырлықты қалай түсінесіз? Бұрынғы майданда сыналатын жаугершілік заман өтті ғой, қазіргі кездің батыры қандай болуы керек? – Батырлық деген атқа қонып, қолға найза алып, біреуді түйреу емес, соғысу, шабу емес. Меніңше, әділдіктен асқан батырлық жоқ. Әділ болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Екіншіден, батырлық – мінез. Көркем мінез, текті мінез, ер мінез, міне осы керек. Қай заманда да осыларды бойына сіңірген адам – батыр. Қазақ: «Жауды жеңген жарты батыр, өзін жеңген бүтін батыр» демей ме? Бүтін батыр болу үшін мінезіңді жөнге сал дегені. Әділ, әрі мінезді адамнан көп ерлік күтуге болады. Батырлықтың алды – жеңіс. Ал жеңісті қамтамасыз ететін – кемел көрегендік, сөзсіз сенім. Осылармен бетпе-бет қалатын айнымас мақсат. Ал енді батырлықтың құйысқанына қисынсыз жерден қыстырылып, батыр көрініп жүргендер қаншама?! Жауы жоқ заманда ана жерден бір, мына жерден бір жұлқынып, алдыңа көлденең жатып алады. «Мен!», «Мен!» деп өзін-өзі қайраткер, ең әділ, асқан қамқоршы жасаудың технологиясын игеріп алған бұлар қазақты қарадай қараң қалдырып, бас салып билікке тас лақтырып, күл шашып, шат-шәлекей жүр. Қоғамның, халықтың көңіл-күйімен ойнайтын осындайлардан абай болу ауадай қажет. Ессіз «қайраткер» ел бұзады. – Сіздің «Батыр» атты әңгімеңіздің бас кейіпкерінен Маңғыстауда өткен атақты Сүйінғара батырдың бейнесін таныдық. Осы турасында айта кетсеңіз? – Сүйінғара – қазақтың батысында туған азаматтықтың, ерліктің, мәрттіктің, тектіліктің – көлденең ұстасаң да, көтеріп ұстасаң да – көкте ойнап тұратын көксүңгісі. Мен осы жампоз туралы біраз әңгіме айта аламын. Бірақ мына шағын сұхбаттың ол қай жеріне сияды. Бір ғана нәрсе. Біз кеден деген ұғымды бүгін ғана біліп отырмыз ғой. Ал ол бұл тәртіпті Үстірт үстінде заманында-ақ орнатқан. Бәрін айтпай, бірін айтқанның өзінде, оның осынысы заманынан асып туғаны емей, немене? Дұрыс байқағансың, «Батыр» әңгімесінің кейіпкері сол айтулы Сүйінғараның өзі... – Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ