Ел мені қазақ Губині деп жатса, өнерім сай келген болар...

08

Ералхан ӘБІШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші: – Жаңа қызметіңіз құтты болсын! (Біз сұхбат алған күні Ералхан ағамыз Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының директоры болғанына бір ғана апта болатын. Автор.) – Рахмет. Шынымды айтсам осы күнге дейін қызметтің соңын қумаппын. Жұрт итермелемесе, жүре беретін әдетім бар. Яғни, жазда әйелім «жаз келді ғой» деп қыстық киімімді шешіп алмаса, қыстық киіммен жүре беретін жайым бар. Көктем кезінде осы орынның бос тұрғанын естігенмін. «Әй, неге бармайсың?», деп біраз адам итермелеген болатын. Мән бермей, қарбаласпен жүре беріптім. Жаз мезгілі келіп, біраз жұмыстарым сиреп, демалатын кез басталғансоң әр нәрсені ойлануға уақыт та болады екен. Сол кезде әлгі орынның әлі де бос тұрғанын естідім. Қой, неде болса, көрейін деп түйіндемемді өткіздім. Құдай оңынан беріп тұр ма, әйтеуір мені осы жұмысқа шақыртты. Шынымды айтсам күтпеген едім. – Жаңа қызметті қарқынды бастапсыз, өнеріңіз бір жақта қалып кетпей ме? – Әлсірей қойған жоқ, бірақ өзім кішкене шаршап қалған сияқтымын. Екі жаққа бірдей жүгіру оңай емес екен. Жаңа жұмыстың аты жаңа. Жаңа қызметке келген соң бәрімен танысып, үйренісіп болғанша қиындықтардың болатыны сөзсіз. Бұрындары да көптеген қызметте істеген едім. Яғни, эстрада - цирк колледжінде директордың орынбасары болдым. Осы күнге дейін әкімшілік жұмыс пен өнерді бірге алып жүрдім. Былайша айтқан да етім үйреніп қалған. Қолыңнан келіп, біліп тұрсаң неге істемеске? – Жеке шығармашылық кешіңізді жоспарлап қойыпсыз. Дайындығыңыз қалай? – Ең алғашқы жеке концертімді 1997 жылы өткізген едім. Үш–төрт жыл сайын концерт беріп тұрамын деген әр әншінің жоспары бар ғой. Концерт беремін деп жүрген кезде 2007 жылы «Мұрагер» продюсерлік орталығын аштық. Қызу қызметке кірісіп кетіп, менің жазып жатқан альбомым жайына қалды. Сөйтіп жүргенде былтыр желтоқсан айында елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақты алдым. Ал, қаңтар айында өзімнің туылған күнім болды. Елуге толдым. Туылған күніме елбасымыз керемет сыйлық жасады. Осы үшеуі бірдей қарбаласқаннан кейін кешімді тағы да қоя тұрғанды жөн санадым. Шынымды айтсам, ұялдым. «Ой, мынау тегі дайындалып жүріпті ғой, атағын да сатып алған шығар» дегенді айтпасын деп, осы кезге жоспарладым. Осындай атақты сеніп тапсырған соң бұл кешті шынында да жасау керек деген мақсат қойдым. Бұрын жәй әнші болсам, енді еңбегі сіңірген қайраткер болдым ғой. Сол үшін жоғарғы деңгейде өткізу керек. Жаз айында осы қазанның 22 болады деп шешіп қойдым. Бірақ дәл осындай қызметке келемін деп ойлаған жоқпын. Бұл жәй ғана сәйкестік. Бұл жерден де ұят болды. Сол себепті барынша ешкімге ешқандай ауыртпалық түсірмей бәрін өзім жасаймын. Әйтпесе «мынау тегі келе салып құтырды ғой» дейтін шығар... Бұл кешті берудегі мақсатым, университетке сіңген еңбегімді емес, халыққа сіңген еңбегімді көрсету. – «Ел еркесі – Ералхан» деп халыққа біраз еркелегіңіз келген сияқты ғой... Кезінде “жас қазақ үні“ газеті сізді қазақ Губиніне теңеп еді...Бойыңызға, өнеріңізге де қарап айтқан секілді. – Дәл өстіп қой деген, өнердегі досым, белгілі актер, режиссер, қайраткер және осы кештің де режиссері Асқар Наймантаев болатын. Негізі неге еркелемеске? Өзім қай жерде жүрсем де көңілім көтеріңкі, достарыммен әрдайым қалжыңдасып, былайша айтқанда еркелеп жүремін. (күліп) Ашулансам да, табан астында ашуланып, тез ұмытып кетемін. Өмірімдегі алға қойған мақсатым бар. Яғни жұрттың бәрімен дос болу. Әдейі «о-о-о, мынада дос болатындай дүниесі бар екен» деп емес. Адам адаммен дос болу керек деген қағида бар ғой, сол қағиданы қатты ұстанамын. Жалпы, қай жерде болмаса да еркелеймін. Халыққа да еркелеп жүремін. Осы күнге дейін концертімде болмадыңыз ба, болдыңыз ба білмеймін. Бірақ, сол жерлерде еркелігім байқалады. Өйткені мен ешкімге «жоқ» деген сөзді айтқан емеспін. Осы істеп жатқан жұмысымның 90% тегін істедім десем өтірік айтқаным емес. Сондықтан «вставкан» қанша деген кезде, 7000 теңгеге де бара беремін, 700 долларға да бара беремін. Керек болса, тегін де барған кездерім болды. Кейде біреулер тегін шақырып, артынан бензиніңе деп жүз доллар беріп жатса оған намыстанбай ала беремін. Бермесе, алмай-ақ қоямын. Тегін істеп жатқан соң еркелеп баратын кездерім болады ғой енді. Ал ел мені қазақ Губині деп жатса өзің айтқандай, бойым да өнерім де сай келгендіктен болар. – Осы сұхбатты оқып отырып, «Ерекеңді тегін шақырса да болады екен ғой» деп шақырушылар көбейіп кетсе не істейсіз? – Онсыз да көп қой. Бұйырғаны болар енді. Егер де қолым тиіп, үлгеріп жатсам, барудан шаршамаймын. Бәрі халықтың көңілі ғой. – Бірнеше жыл бұрын берген концертіңізбен осы концертіңіздің айырмашылығы неде? – Біріншіден, ол кез ең бірінші кешім болды. Негізі қазіргі жастарға таң қаламын. Қорықпай жылда жеке кештерін ұйымдастырып жатады. Бір жағынан әрдайым халықтың назарында жүрген дұрыс та шығар. Дегенмен ол менің қолымнан келмейді екен. Ол кезде орысша айтқанда «опыт» болмады және де жеке кешім деп алып, көп адамды шақырып, ән айтқызғанмын. Басты қонағымның бірі Роза Рымбаева болатын. Розаны шақырғандағы мақсатым сол арқылы халықты жинау емес еді. Жақын достарым болғандықтан шақырдым. Жеке кешім болғандықтан бұл кеште маған қатысы бар адамдарға ғана ән айтқызамын. Репертуарым өзгеше болады. «Мұрагер» продюсерлік орталығында қызмет еткен соң, сол жердегі біраз жобаларым бар. Сол жобаларымның, шәкірттерімнің қатысуымен өтеді. «Ару», «Адем» топтары, Сая Маханбет, «Беймарал» әзіл- ысқақ театры қатысады. Асқар Наймантаев жүргізеді. Биылғы жаңалығым тірі дауыста сүйемелдеп отыратын «ВИА Аңыз» тобын құрдық. Кеш жанды дауыста өтеді. Тағы бір айта кететін жәйт екі кішкентай балапандарды сахнаға шығарғалы отырмын. Жасы кіші болғанымен халықаралық конкурстың лауреаты, он жастағы – Димаш. Тума талант, төрт жасынан бастап пианино сабағына барған. Мен оны көрсем өзімді көргендей боламын. Кіп- кішкентай. Екінші балапан Шымкенттегі – Асылзат деген қыз. Жасы – он екіде. Күнде көріп жүрген танымал әншілерді шығарғаннан сахнаны енді аттаған дарындыларды шығарған жаңалық сияқты. Және осы күнге дейін бір сахнада өнер көрсетіп жүрген өнердегі достарымның бәрін көрермен ретінде қонаққа шақырамын. Оларды шақырып алып мақтану емес, соларды көріп өзіме күш жинаймын. – Кеш жанды дауыста болады деп жатырсыз. Осы мәселені қозғағанда бәрінің проблемасы бір. Ол бізде жақсы аппараттың жоқ екендігі... Енді сіз дәл осы Студенттер сарайына директор болып келіп отырсыз ғой. Ол жағынан әріптестеріңізге қандай көмек көрсете аласыз? – Осы жанды дауыс деген бізде жаппай проблема болды ғой. Енді мен жаңа келдім. Ненің не екенін енді анықтап біліп жатырмын. Студенттер сарайын бір аралап, не жетіспей тұр, не керек екендігін анықтап тізім жасаймын. Солай талап ететін тізімді құрып, басшылыққа кіріп өз талаптарымды қалдырамын. Және тек сонымен ғана шектелмей сырттан жақсы мамандарды әкеліп, бәрін бір қаратып шығарамын. Дәл осы бір аптаның ішінде жарықтарды, дыбыстарды реттедік. Жұмысымыз қарқынды түрде жүрсе, бұйыртса ол тілектеріміз де орындалып қалатын шығар. Шынымды айтсам, мен бұл жерге айлық үшін келген жоқпын. Айлығымның қанша екенін де білмеймін. Өткенде қызым «Папа, айлығың қанша?» дейді. Мен «ой қызым, білмеймін. Орынбасарымдікі 65000 екенін білем» десем ол: «Ондай болса бір он бес мыңға жоғары шығар, соны маған бересің» дейді (күліп). Жұрттың алдында сөз бере аламын. Осы күнге дейін істелген жұмыстан бір сатыға жоғарғы ететініме. Тірі дауыс деп бәрі шулап жатыр ғой. Бірақ оның артында не жатқанын кім біліп жатыр. Фонограмманың өзі әншінің өз даусымен жазылған дүние. Бірақ, оны халыққа «ой, мен ән жаздырттым» деп мақтанып айтудың қажеті жоқ сияқты. Неге дейсіз ғой? Себебі халыққа ол керек емес. Оларға керегі тірі дауыстағы өнер. Фонограмма болмаса телевидениеге жазылмайды, таспа болып шықпайды, интернетке сала алмаймыз, тіпті қазіргі тілмен айтқанда ұялы телефонда тыңдай алмаймыз. Бізді фонограммаға үйреткен телевидение болып табылады. «Ой, жанды дауысты біздің микрафон жазбайды. Дыбыстарды жалғап отыратын уақыт жоқ. Фонограммамен айта салыңдаршы» дейді. Елімізде ондай аппарат жоқ. Ең аяғы келіп осы ақшаға тіреледі. Және бір айта кететін жәйт, қазіргі телевидениелердің бәрінде орыс тілділер. Қазақ өнеріне бәрінің түкіргені бар. Оларға ақша болса болды. Бұл концертті осы беріп жатқан ақшаға сай түсіре ала ма, алмай ма шатағы жоқ. Әйтеуір, ақша болса болыпты. Бізге фонограмма сол үшін керек. Халықтың ол үшін шулауының түкке де қажеті жоқ. «Дарынсыз әнші болып жүр» дейтін болса, оған да қам жеудің қажеті жоқ. Себебі, өнерде ең аяғына дейін шынымен жаны ашыйтындар, шынымен өнерлі адамдар қалады. Ал ана уақытша келген әншісымақтардың сахнадан кететін өз уақыттары бар. Ол бір Алланың берген сынағы шығар. – «Мұрагер» продюсерлік орталығында қандай жұмыстар жүріп жатыр? – «Ару», «Адем», «ВИА Аңыз» топтары, «Шабыт» атты бишілер, «Беймарал» әзіл-сықақ театры және дыбыс жазатын студиямыз бар. Осы аталынып өткен топтар қызуқанды жұмыстарын жүргізіп жатыр. Белгілі бір бюджетіміз бар. Аты аталынып өткен жобаларыма қоятын бір талабым бар: «әрдайым өз шығындарыңды өздерің жабасыңдар» дейтін. Биылғы жаңалықтарымыз, бірінші, осы менің жеке концертімді өткізу. Содан кейін желтоқсан айының үшінде «Беймарал» театрының алғаш көрермендерге ұсынып отырған жеке шығармашылық кештері. Және жағдай көтеріп жатса, жаңа жылдың алдында «Жаңа жылда, жаңа жұлдыздар» деген концерт қойсақ па деген ой бар. Жаңа жылдан кейін «Ару» тобына үш жыл толады. Солардың жеке шығармашылық кештерін ақпан айында өткіземіз. Яғни барша қыздарға дәл осындай сый жасағымыз келеді. –Білуімше, «Ару» тобының атына ғана үш жыл, ал құрамындағы қыздар жиі ауысатын сияқты... – Бұл топтың затына да үш жыл болды. Неге? Өйткені осы үш жыл ішінде біраз жұмыстар атқарылды. Әрине, қыздармен жұмыс істеу қиын екенін жасырмаймын. Олар тұрмысқа шығады, болмаса аяқ асты туыстары өнерде жүруіне рұқсат бермей қояды. Бір қыз кетті екен деп топтың жұмысын да тоқтатып қоя алмаймын. Себебі, осы күнге дейін қаншама қаржы жұмсалды. Керісінше, бұл топқа қыздар үлкен талаппен алынады. Осы күнге дейін жасалынған жұмыстар болады. Жаңадан келген соң әндердің бәрін жаңартып шығу керек. Яғни, талап арта түседі. Деңгейі өседі. Бүгінгі күні бұл топта он тоғыз ән бар. Құрамының ауысуы жұмысымызға кедергі жасайтынын жасырмаймын. Ауысқаны маған да ұнамайды. Бірақ не істей аламыз? Енді қазіргі қыздарыма қатты сенемін. Бұрынғы қыздармен салыстырғанда барлық жағынан айырмашылық өте көп. Дауыс, стиль, түр жағынан жоғарғы деңгейде. Мен оған қуаныштымын. – Дарынсыз, бірақ ақшасы көп адаммен жұмыс істеп көрдіңіз бе? – Ия, істеп көрдім. Өте қиын. Ондайларға мен әдейі қымбат айтамын. Өзінің ақшасының қадірін білсін деген мақсатпен айтамын. Және де сұрап келген мәселесін (ән жаздырту, бейнеклип түсіру) шешіп беремін де, тез арада қош айтысамын. Өйткені олардың қасында жүргеннің өзі ұят. Себебі қолынан түк келмейді. Сахнада тұра алмайды. Оларға керегі тек мақтану. Сондайлардың кесірінен халықтың өнерге деген көзқарастары өзгереді. – Жеке өміріңіз туралы да айта өтсеңіз... – Отбасым «советский стандартқа» сай. Бір әйел, бір ұл, бір қыз, бір попугайымыз бар. Әйелімнің есімі – Қаршыға. Студенттік кезімізден бастап кездесіп, сол кезде отбасын құрдық. Ұлым – Жандос. Мектепті де жоғарғы оқу орнын да аяқтап, Бішкек қаласында үш мемлекет қосылып ашылған компанияның қызметкері. Қызым – Мөлдір. Мектепте оныншы сыныпта оқиды. Қазіргі еркеміз де, қуанышымыз да, қызығымыз да сол. Көңіл күйім жоқ кезде соны көрсем, өзімнен өзім күліп, қуанып, бәрін ұмытып кетемін... Отбасым осы, біреуден ілгері, біреуден кейін деген сияқты ғой. – Сұхбатыңызға үлкен рахмет. Есеп беру кешіңіз жоғарғы деңгейде өтсін!

Сұхбаттасқан Гүлдана ИМАНБАЕВА