Қазақ мемлекетінде қазақ тілі жетімдік көрмейді деп ойлаймын...

Жанұзақ МҮСӘПІР, «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері: – Жанұзақ аға, ең әуелі өзіңіздің өмір жолыңыз бен өнер жолыңызға азырақ аялдай кетсеңіз... – Мен 1979-1984 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітіргенмін. Негізгі мамандығым суретші. 100-ден аса суретімді халық жақсы бағалады. «Алматы», «Рахат» телеарналарында, «Хабар» агенттігінде қызмет атқардым. – Дегенмен, суретті тастап, телеарнаға жұмысқа ауысуыңыз өкініш тудырмады ма? – Өкініш болған жоқ. Бұйрық солай болды. Дегенмен, мен суретті түбегейлі тастап кеткенім жоқ. Шын мәнінде сурет өнері мен телеарна жұмысы бір-бірімен егіз сияқты. Өнерді сүйсең, ол сені жатырқамайды. Ол адамға Алла тағаладан берілген байлық. Нағашы атам ұста еді. Өз әкем де өнерден қаражаяу емес болатын. Анам ақын болған. Өзім де ағашшы, қайысшы болып, содан ақындық пен суретке келіп едім. Сурет телеарнаға жетеледі. Телеарна – көп өнердің тоғысқан ұстаханасы. Қайта өнердің басқа саласында біраз қызметтер атқарғаным – шығармашылығымның, өнерімнің өрге басуына көп септігін тигізді деп ойлаймын. Жалпы сурет өнері көп өнерге жетелейді ғой. Мысалы, суретшілік мамандықты бітіріп, өнердің басқа саласын өрге тартып жүргендер жетерлік. Тек өзімнің қатар оқыған курстастарымды ғана айтсам, мысалы сіздердің «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры, дарынды ақын, көсемсөз шебері Халфықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаны, талай киноларға өз еңбегі сіңген «Қазақфильмнің» кинорежиссері, таяуда ғана «Қарсы бақылау» атты көлемді көркем киносериалды түсіріп бітірген қоюшы-режиссері Дархан Қожаханды да айтсақ болады. Ал бізбен оқыған жігіттердің ішінде қылқалам шебері болып жүргендер де, құдайға шүкір, жетеді. Атап айтқанда, «Дарын» сыйлығының лауреты, портрет жанрының шебері Тоққожа Қожағұлды, атақты «Аңырақай» полотносының авторы Мақсат Бексұлтановты, суретші, оралдық Мұқанбет Мұқашев, алматылықтар Еділбай Құрақбаев, Мұқамед Шабанов, мүсінші, ағаш шебері, талдықорғандық Айбек Жұмабекті атар едім. Ал бәріміздің басымызды қосып, өнер өріне ұмтылуға жұмылдырып жүретін педпгогика ғылымы докторы, өнертанушы, суретші ұстаз, марқұм Құдайберген Болатбаев тірі болса, қазір барлық игі істердің басында жүрер еді... – Қазақша хабар таратуды «Қазақстан» арнасының ғана міндеті санап, өзге арналар «баяғы жартас бір жартас» болып жаңғырыға беретін жағдайға тап болмаймыз ба? – Меніңше, олай болмайды. Өз басым, бұдан бұрын да бірнеше телеарнада он жылдай жұмыс атқардым. Қазақ мәдениеті мен өнерін, тілін, ділін дәріптейтін көптеген бағдарламалар жасадым. Оның ішінде «Інжу-маржан» деген бағдарлама болды. Құрманғазы, Дина, Махамбет, Абай, Сүйінбайдан тартып, Әсет, Дәнешке дейін көтердік. Оған ешкім кедергі болған жоқ. Шәкәрімнің әнін де алғаш жаздық. Әр телеарнаның өз бағыт-бағдары, жолы бар. Қазақ мемлекетінде қазақ тілі жетімдік көрмейді деп ойлаймын. – Сіз қалай ойлайсыз, бүгінгі жастардың, әсіресе, жас журналистердің ана тіліне деген көзқарастары қалай? – Меніңше, аға буынға қарағада, тілге деген жанашырлық жастардан, әсіресе, жас журналистер тарапынан көбірек байқалатын сияқты. Бүгінгі жастар өз ана тілін өте жақсы біледі. Бәрі де қазақ ауылында өскен. Тілдің мәйегіне қанған. Сөздің мәнін жақсы түсінеді. Ұлттық мәселелерді жан-тәнімен көтереді. Бұл мәселеде оларға көңілім толады. – Жасырары жоқ, кейде қазақ тілді бағдарламалар орыс тіліндегі жүргізілімдердің көшірмесі болып, көрермендерін «әттеген-ай» дегізеді. Бұған не дейсіз? – Иә, ондай жәйттер жоқ емес. Алайда, елдердің бір-бірімен өнер-мәдениет саласында әртүрлі тәжірибелік алмасулары – әлемде бар құбылыс. Орыстардың өзі ағылшын немесе өзге ұлттардан көшіріп алады. Қаз-қалпында көшірмесе де, еліктейді. Ізденіс жолында, өсу мақсатында қазақ журналистерінде де ондай жағдайлар кездессе, таңдануға немесе кінәлауға болмайды деп ойлаймын. – Тележурналист ретінде айтыңызшы, «Қазақстан» арнасында ақиқат қаншалықты шынайы айтылып, көрсетіліп жүр? – Шындыққа барынша жақындаймыз енді... Біздің әркүнгі хабарымызды халық көріп отыр, өтірікке жол жоқ. Телеарналар арасында да өзіндік бәсекелестік, ақпараттық жарыс болады. Әркім өз арнасын көтеруді ойлайды. Олай болса, халықтың күткенін айту – міндетіміз. Ақпараттық-сараптамалық жағынан Қазақстан бойынша біріншіміз деп айтуыма әбден болады. – Алда Тәуелсіздік тойы. 20 жылдық мерейлі шараға не тартуларыңыз бар? – Аллаға тәубе, қазақ елін күллі әлем таныды. Еліміз егемендік алғалы еңсеміз көтеріліп, өреміз өсті. Жиырма жылдық той әр күні назарымызда. Шама-шарқымыздың жеткенінше жақсы хабарлар, әртүрлі бағдарламалар беріп келеміз. Ол біздің күнделікті атқарып отырған жұмысымыз. Алдағы күнде де жақсы-жақсы жобалар мен үлкен жоспарларымыз бар. – Өзіңіздің өміріңізде де той болғалы жатыр екен, ердің жасы елуге толып, толысқан, кемелді шаққа келіпсіз. Тойыңыз құтты болсын! – Рахмет, Алла жар болсын! – Елге бергеніңізден береріңіз көп десем, қателеспейтін шығармын. Алдағы жоспарларыңыз қандай? – Тәуелсіз еліміздің көк туы мәңгі желбірей берсін деп тілейік. Өз басым елім үшін тамшыдай болса да үлес қосып, еңбек етсем, өзімді бақытты сезінемін. Әр адам өз қолынан келгенше отанына қызмет етсе, елінің дамуына үлес қосса, еліміз бен жеріміз бұдан да көркейіп, алға басар еді. Сол мұрат жолында ерінбей еңбек етіп, халқыма адал қызмет көрсеткім келеді. Суретшілік өнерімнен толық мағлұмат беретін бір альбомым дайындалып жатыр. Әкем мен шешем адал, еңбекқор адамдар еді. Солардың ізгі жолын жалғап, елімнің сенімін ақтасам болды. Балаларымның бойына да ізгілікті сіңіруге барынша тырысып жүрмін. Оларды жақсылыққа жақын болуға тәрбиелеп, бақытты болашағының іргетасын қалауға барымды салудамын. Болашақ қазақ ұрпағының бақытты болғаны – біздің бақытымыз...  

Жәди ШӘКЕН