МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ӨЗ ТҰҒЫРЫНА ҚАЙТСЕК ҚОНАДЫ?

ме Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асып бара жатса да, өз туған тілімізді тұғырына қондыра алмай келе жатқанымыз елдігімізге де, ұлтымызға да, билік басында отырған азаматтарымызға да, зиялы қауым өкілдеріне де ауыр сын. Тәуелсіздікке дейін қалада қоныстанған қазақтардың үлес салмағы 7-8 пайыздан аспағанын есепке алсақ, бүкіл халқымыздың 26 пайызы ғана орыстанған болып шығады. Алайда, қазіргі дерек бойынша ұлтымыздың 50 пайыздан астамы өз ана тілін мүлде білмейтін болып шықты. Сонда тәуелсіздік не үшін керек болды? Төрт аяғымызды тең баса алмасақ, не үшін азаттықты аңсадық ғасырлар бойы? Қазақ тілінің шұбарлануы халқымызды жаппай сауатсыздандыруы әбден мүмкін, себебі өз ана тілін шала білетін, шала сөйлейтін халықтың ақыл-ойы, сана-сезімі бастапқы кезінен ауытқиды. Тіл ойдың, сөйлемдердің нақты көрінісі екенін ескерсек, өз ана тілінде сөйлем қоры жеткіліксіз адамның ойлау қабілеті табиғи түрде шектемелерге ұшырайды. Саналы ойлау формасы автоматты түрде талдау жасау, философиялық ой жүгірту қабілетінен айырылады. Мәселеге дұрыс тұжырым жасау түйсігі, жан-жақтылы ойлауға мүмкіндік бермейді. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, басқа ұлттың тілінде сөйлейтін адамның анатомиясы, жүйке, жұлын жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырап, сан ғасырлық генетикалық информация сақталған хромосомада үлкен өзгеріс пайда болады екен. Бұл клеткадағы 23 жұп хромосоманың 8-інің жойылуына әкеп соғатын көрінеді. Сол 8 жұп хромосома неше мыңжылдық ата-бабасының, тұқым қуалау факторы саналатын ерекшеліктері мен гендік қасиеттері сақталған маңызды бөлігі болып табылады. Генетикалық табиғи информация сақталған 8 жұп хромосома басқа ұлттың тілінде сөйлейтін, ойлайтын, жазатын адамның миынан бір жолата өшеді. Сонымен бірге барлық тұқым қуалайтын, гендік ерекшеліктер, сан ғасырлық ұлттық ерекшелікке тән информацияылар қоймасы жойылады. Адам табиғи түрде басқа жанға айналады, қалыпты адам болып өмір сүру бағытынан жаңылады. Психологиялық, физологиялық жақтан өзін жайсыз сезінеді. Өз тілдерінде сөйлейтін қандастары өзіне жат сияқты сезілетін сезім, жатса-тұрса ойынан кетпейтін болады, ұлттық салт-дәстүр, мәдениет бағзы заманнан қалған, оны жабайы халықтың мешеу, тозығы жеткен, қолданыстан шыққан өркениеті деп біледі. Тіпті оны білгісі де, тыңдағысы да келмейді. Қобыз сарыны, домбыра күйлері, халық әндері оларға жай дыңғыр ретінде естіледі, оларды тыңдау, есту олар үшін ауыр да қиын. Шыдап тұра алмайтын жағдайға түсіруі мүмкін. Ана тілін білмейтін өздері сияқты басқа ұлттың тілінде сөйлейтін, ойлайтын, жазатын, өзі сияқты қалыптасқан адаммен ғана тіл табыса алады. Бірақ оларда ортақ нағыз адами ерекшеліктер бойларында толық қалыптаспағандықтан, үрей мен сенімсіздік еңсесін басып тұрады, бір-біріне де толық сенім арта алмайді, шектен асқан қаталдық та, суық және салқын қандылық та бір ерекшелігі болып санасында қалып қояды. Асқан өзімшілдік, жекешілдік көзқарас бұл адамдарда басым болады. Жеке мүдде тұрғысынан бұлар ешкімді де аямайды, мемлекеттік деңгейде де, ұлттық тұрғыдан да, өз мүддесі үшін бәрін де сатып жіберуден, саудалаудан тайынбайды. Сана-сезіміндегі қалыптасқан, ұлттың рухани бірлігі, мәдени тұтастығы дейтін ұғым бұзылады. Ұлттық сана-сезімдегі бос қалған кеңістікті басқа идеялар, ағымдар, селкеу, боркемік көзқарастармен тұмшаланады. Жат мәдениеттің құрсауында болған, психологияның, сананың, физиологиялық көңіл-күйдің тұтқынына түскен ұлт өз бойындағы барлық қарсылық көрсетуші элементтерінен айырылады. Бүкіл халық ұлттық идеологиясынан, мәдениетінен, салт-санасынан және неше мыңжылдық дәстүрлі гендік ұлттық қасиетінен қалай бас тартқанын өзі де сезбей қалады. Отанға, жерге, ұлтқа деген жауапкершілік пен сенімді өз мойнына алғысы да келмейді: олар үшін ұлттың тілі жат, мемлекеттік мүдде көк тиын, тек өз мүддесі жолындағы тыныштықты ұнатады, ешкім мазаламайтын, соқтықпайтын, мүлкіне қол сұғылмайтын, тыныш тіршілігін, өмірін аңсайды. Оларда қазаққа тән ақкөңілділік, аңқылдақ мінез, кішіпейілділік, үлкенді сыйлау, ізет көрсету көп кездесе бермейді. Ұлттың өзгеріске ұшырған осы бөлігі, өкінішке қарай, мемлекеттің барлық саласына, экономика, қаржы-банк жүйесіне және саяси-әлеуметтік саладағы барлық орындарға өрмекшінің торындай жайғасып үлгірді. Аш қасқырдай анталаған осы сұрғылт тобыр ұлттың тағдырына, мемлекеттің келешегі мен ертеңіне, тәуелсіздігіне барған сайын қара бұлт үйіріп келеді. Екінші бір тобы: ол қазақша ойлайтын, сөйлейтін, орысша да сайрайтын құлдық санадағы адамдар. Бұл топтағылар – қазақи ерекшеліктер, мінездер, әдет-ғұрыптар болғанымен, өз пікірін, сөз майданын ашық білдірмейтін, білдіруден қорқатын, ертеңгі наны мен күні үшін өмір сүруді қалайтын, барға қанағат етіп жоқты тап демейтін, ұлттық мүддеге бей-жай қарайтын, қарын қамы үшін тіршілік етіп жүрген адамдар. Бұларға кеңестік кезеңде білім алып, ауылдан қалаға ойысқан, бойына ауылдың мәдениеті мен тілін сіңіріп келгенімен, ұзақ жылдық бодандық биліктің қол астында қызмет істегендіктен, өз бойындағы ұлттық құндылықтарды құлдық санаға айырбастап жіберген осы топтың мемлекеттік биліктің арасындағы үлес салмағы басымырақ. Ұл-қыздарын орысша тәрбиелеп, орысша оқытқан, жалтақ мінезбен күн кешіп келе жатқан осы топтағы адамдардың қолында барлық мүмкіндіктер бола тұрса да, ешбір қолдан келер қайыры жоқ, ұлттың түбегейлі жойылуына қарадан-қарап жол беріп отырған осылар еді. Бұл топ бәрінен де қауіпті, қатерлі саналады. Жазушылардың түгелге жуығы, жаратылыстық-қоғамдық ғылымдар саласында істеп жүргендердің, тіпті қатардағы өзін зиялы қауымның қатарынан көргісі келетін кез келген адамның бәрін осы топқа жатқызуға болады. Қоғамға қарама-қайшы пікір қалыптаспағандықтан, билік шын мәніндегі өз бағытынан жаңыла бастады. Билікті тәрбиелейтін интелегенция өз күшін көрсете алмағандықтан, биліктің тамыр алатын, сусындайтын, рухани қуат алатын өзегі, қайнар көзі қалмады. Өз бетінше әрекет етуге мәжбүр болды. Мемлекеттік органдардағы орыс тілділердің үлес салмағы 96 пайыздан асып жығылады. Жыл сайынғы тілге бөлінетін миллиардтаған қаражатты сарып етіп өткізетін семинарлар, конференциялар, жиналыстар, мәдени іс-шаралар осылардың қолымен жансыз, сауатсыз деңгейде өткендіктен ешқандай нәтиже берместен құр айғаймен аяқталуда. Біз шынайы, нағыз, өз қолы өз аузына жететін, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке жетеміз деп ойлап едік, жеттік пе? Жеттік, алайда сол тәуелсіздік осы сұр тобырлардың қолына өтті. Ұлт өз бағытынан, дәстүрінен жаңылды, енді қайтып орыс тілді, орыс тілді болғанда өзімізге ұқсайтын, тілі басқа, ойы басқа, ниеті басқа қандастарымыздың боданына тап бодық. Ұлт шынайы еркіндігінен, тәуелсіздігінен айырыла бастады. Өзінде бір шелек суы жоқ адамның біреуге бір бақыр су бере алмайтынын түсінбедік, өз жауымызды, нағыз көзқамандарды билікке жетелеп әкеліп, өзімізді, тұқымымызды тұздай құртатын, ойрандайтын топтан, билеуші әулетті қолдан жасадық, Өз ұлтының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, психологиясын, жан-дүниесін, аңсаған арманын, тіпті қасыреті мен қайғысын, көз жасын, мұңын түсінбейтін адамдарды билікке әкелу солар арқылы ұлттық мемлекет құру бос қыялға айнала бастады. Шынайы, нағыз, демократиялы ұлттық мемлекет құру бұл топтың қолынан келмейтіні анық екенін біле тұра көз жұма қарадық. Сыртқы күштер осылардың қолы арқылы мемлекеттік мүддені емін-еркін өз қолдарына алып, ұлттық байлығымыз бен экономикамызды шеңгелдей бастады. Ұлттық бұржуазияның қалыптаса алмауы, 85 пайыз ұлттық байлықтың шетелдік алпауыттарға сатылып кетуі мемлекеттің қазіргі экономикасына, ауыр ықпал етіп отырғандықтан, мемлекет өзін-өзі теңшеп отыру мүмкіндігінен айырылды. Инфляцияның өсуі, зат бағасының көтерілуі, ішкі өнімнің айтарлықтай құлдырауы қоғамның орнықсыздығына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Өз ана тілін білмейтін, ұлттық мүдде жолында күресе алмайтын, сату мен саудалауды ғана білетін, орыстанған тобырлардың орнын ұлттық кадрларымызбен толықтырудың сәті әлдеқашан жеткен сияқты. Орыстанған қандастарымыздың орыс тілін қай деңгейде меңгергенін саралап, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 97 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар екен. Алайда былтырғы жылы оның 25 пайызы қысқартуға ұшырағандықтан, қазір бар жоғы 65 мың адам ғана қалған болуы керек, осы мемлекеттік қызметкерлердің 96 пайызы мемлекеттік тілге мүлдем сауатсыз. Негізгі лауазымды қызметтерде өз ана тілін білмейтін шала қазақтардың отырғанын ескерсек, мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілге көшуі екіталай екені айтпаса да түсінікті. Орыс тілділердің мемлекеттік аппараттарға шоғырлануы барған сайын күшейіп келеді. Ұлттық кадрларға, мемлекеттік тілге қажеттіліктің болмауынан ұлттық құндылық мемлекеттік органдарда еш кәдеге жарамай қалды. Қысқартуға ұшырағандардың мүлде басым бөлігінің қазақ тілді екенін ескерсек, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізетін қызметкерлердің шын мәнінде азайғанын көрсетеді. Тіл тек өз мәдениеті мен өркениеті бар жерде ғана өз ғұмырын сақтай алады, түлеп дамиды, толығады. Тілдің бірден-бір тірегі – оның төл мәдениеті мен сөйлеушісі, ұлттық әліпбиі. Осы үшеуінен айырылған жағдайда тілдің өміршеңдігі жойылады. Тіл мен бірге оның сөйлеушісі болған ұлт та жер бетіне құрып жоғалады. Сан ғасырлық тарихымыздың, көшпенді далалық өркениетіміздің, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып дамып отырған, түркі тілдерінің ішінде сөздік қоры ең мол сақталған, шешендік, эпостық-қисса дастандардың, аңыздардың, ауыз әдебиетінің мол қоры бар Қазақ тілінің қазіргі кездегі жағдайы өте мүшкіл екені бәрімізге аян. Ең біріншісі: қазақ тілі өзінің төл сөздерінен, байырғы диалектісінен, синтаксистік-лингвистикалық қасиетінен айырыла бастады. Күнделікті қатынаста, тұрмыста жиі қолданылатын жай сөздердің орнын шұбар тілді, орыс тілі араласқан, дүбәра, қойыртпақ сөздер басты. Сұлу да ырғақты, әуезді, сазды дыбыстар басқа дыбыспен таңбаланғандықтан бұзып айтатын, созылмалы, ауыр дыбыстарға айналды. Екіншіден: тілді сөйлеуші халықтың психиологиясы, мінезі, танымы, көзқарасы тілдің шұбарлануына байланысты өзгеріске ұшырап отырытынын ойласақ, тілдің әлсірегенінен сөйлеуші халық өз мәдениетінен де біртіндеп қол үзе бастайды. Төл әдебиетін, көркемөнерін түсінбейтін ұрпақ қоғамның орнын біртіндеп басады. Үшіншіден: қоғамның гуманитарлық ақыл-ой, сана-сезімінде үлкен сілкіністер белең алып, осы ұлттың, мәдениет, тарих, әдебиет, философиялық, гуманитарлық көркемөнер саласында үлкен қайраткерлер енді қайтып бой көрсетпейтін болады. Ұлттың сана-сезіміндегі құлдыраулар, сол халықты мемлекетке деген, жерге деген, отанға деген сүйіспеншіліктен айыра бастайды. Рухани жақтан әлсіз, жұтаң халық ұсақ-түйек саясатшыларға, ұсақ бұржуазиялық жазушыларға, дерек көздеріне сүйенген, шолақ ойлы тарихшыларға, шала сауатты экономистерге, заңгерлерге, сәл ғана сауатты шенділерге қоғадай жапырылып сенетін болады. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды парықтай алмайтын, тексізді төрге сүйрейтін, сүреңсіз дәуір басталады. Қоғам рухани діңгегінен, тіреушісінен айрылған жағдайда мәдениет пен тіл қатар жойылады. Балабақшадан бастап үш тұғырлы тілдің жолға қойылуы, оң қолы мен сол қолын парықтай алмайтын бүлдіршіндердің өз ана тілін толық меңгеріп шығуына ауыр кедергі келтіретіні сөзсіз. Жапонияда 13 жасқа дейін бала тек өз ана тілінде, өз ұлтының мәдени, рухани құндылықтарын бойына сіңіргенше басқа тілдерді оқытуға қатаң тыйым салынады екен. Күнделікті қоғамдық өмірде бастауыш-орталау жане орта мектептерде оқитын балалармен үнемі кездесіп қалатыным бар. Олардың адамдармен толық мүмкіндікте ой бөлісе алмайтыны, пікір алмаса алмайтыны, ойлау жүйесіндегі олқылықтар, шала сауаттылық және өз деңгейіндегі балалардың игеруге тиісті білімін мектеп қабырғасынан ала алмағаны ашындырады. Қазақ тіліндегі сансыз балабақша ашылғанымен, онда білім беретін тәрбиелеушілердің орыс тілділігі, шала сауаттылығы, балабақшаға түскен сәбилердің өзін дүбәра, мәңгүрт ұрпақ етіп шығарып отыр. Ауызекі тілдегі туған халқының көркем сөз өнеріне, әуезді сөйлеу өнеріне жаттықпаған, қанықпаған баланың өз ұлтына деген терең махаббаты да болмайтыны шындық нәрсе. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: «Бір әулеттің ақсүйек болуы үшін 150 жыл уақыт керек», - деген екен. Дегдарлық, бекзаттық, тектілік қасиеттің, әрине, бір күнде адамның бойында, қона салмайтыны белгілі. Шетел ғалымдарының зерттеуіне қарағанда өз ана тілінен, ұлттық рухынан қол үзген адамның қайтадан, өз ұлтының қатарына қосылуы үшін төрт ұрпақ ауысуы керек көрінеді. Ол үшін де туған ұлтының арасында өсіріп, тәрбиелегеннің өзінде, төртінші ұрпаққа келгенде ғана ұлттық сана-сезім, рух адам бойынан қылаң бере бастайтын сияқты. Бесінші ұрпаққа жеткенде кәдімгідей қатарға қосылатынын айтады. Жарты миллионнан асатын қазақ баласының орыс мектебіне баратынын ойласақ, біз болашақта бір-бірінің жағасынан алатын екі түрлі ұрпақ тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба деген ойға қаламыз. Онсызда жағадан алып жатқан қандастарымыз жетерлік ғой. Тіл тек сөйлеушімен ғана шектелмеуі керек. Сол тілде сөйлеуші ұлттың мәдениеті де қанат жайып өркендеуі керек. Бес мың жылдық тарихымыз бар деп мақтанатын қытайдың өзінде алуан түрлі мәдениеттер мен алуан түрлі диалектілердің өмір сүруі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бір аймағында тұратын қытай ұлтының өкілі екінші бір аймағындағы өз қандасымен аудармашы арқылы түсінісуге мәжбүр болады. Билік өкілдері бір тұтас Бейжің диалектісіне көшкенімен де, осы уақытқа дейін ортақ тілде сөйлеуге жалпылама көше алмай отыр. Қытай бір тілді, тұтас мәдениетті халық болған болса, онда жасап жатқан басқа ұлттарды су шайғандай, баяғыда жұтып кететін еді. Бір мәдениеттің, бір тілдің төңірегіне топтасқан орыстар әліпбиін үш рет өзгерткенде, жоқ боп кетуге шақ қалдық. Неше жүздеген ұсақ халықтар жер бетінен мәдениетімен, тілімен қоса құрдымға кетті. Кедейшілікпен ептеп күн көрерміз-ау, бірақ тілсіз өмір сүре алмаймыз, ағайын! Осыны ұмытпайық!

Ерсін НӘСІПҰЛЫ