Желтоқсан – оқиға емес, көтеріліс!

азат

Азат Перуашев, «Ақ Жол» ҚДП-ның төрағасы:  Біз тарихқа құрметпен қарамасақ, болашағымыз баянды болмайды. Мұны соңғы күндері қоғамдағы әртүрлі бағыттағы пікірталас тағы дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, тәуелсіздікті қазақ халқының ғасырлар бойы жүргізген күресінің нәтижесі емес, тағдырдың көктен жіберген тартуы деп түсінетіндер арамызда аз емес. Мәселен, Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы ой-пікір бірқатар азаматтардың мемлекеттілікті қазақ тарихынан бөлек алып қарайтынын байқатты. Әрине, Тәуелсіздіктің 20 жылдық кезеңінде жеткен жетістігіміз ұшан-теңіз. Оны дәріптеу керек, насихаттау қажет. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткізу жолында осы далада қаншама батыл қадамдар жасалып, азаттық жолында талай жан құрбан болды. Қазақ елінде азаттық жолында ашық күрес те, құрбандық та жетілікті. Мәселен, 1916 жылы болған ұлт-азаттық қозғалысын алайық. Ол көтерілісті қазақ елінің тәуелсіздікке деген ұмтылысы емес деп кім айта алады? 1931-1933-ші жылдары ашаршылыққа қарсы қазақ даласында 400-ге жуық көтеріліс болды, оған 80 мыңнан астам қазақ азаматтары тікелей қатысқан болатын. Бостандыққа ұмтылған қазақ халқының соңғы күресі болған Желтоқсан көтерілісіне биыл 25 жыл толады. Бірақ, Ел Тәуелсіздігінің мерейтойымен тұспа-тұс келген Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы мемлекеттік деңгейде өтуі тиіс іс-шаралар тізімінен тыс қалды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерекелік шараларды атап өтумен қатар, ел егемендігі үшін қасық қаны қалғанша күрескен азаматтарға және сол уақтағы тарихи маңызы зор оқиғаларға құрмет көрсету біздің азаматтық борышымыз. Ол үшін, ең алдымен, 1986 жылы алаңға шыққан біздің замандастарымыздың, бойжеткендер мен бозбалалардың алдында бас июіміз қажет. Сондықтан «Ақ жол» пар­тиясының мұрындық болуымен Желтоқсанның 25 жылдығын атап өту республикалық Қоғамдық Комитеті құрылды. Әрине, барлық міндетті комитет мойнына жүктеу артық болар. Бізге тәуелсіздікті жақындатқан Желтоқсан көтерілісін жаппай қоғам болып дәріптеуіміз қажет. Неліктен? Себебі ат үстінде жүріп ұлан-ғайыр жерді білектің күші, найзаның ұшымен ғана емес, ақыл-парасатымен қорғап қалған батыр бабаларымыздың шын мұрагерлері бар екенін дәл осы желтоқсандықтар көрсетті. Кеудемізді мақтаныш сезімге бөлейтін Желтоқсанның бас­ты жеңісі – тоталитаризмнің темір құрсауында қамалған ұлттардың арасында ең алғаш болып ашық қарсылық білдіруі. Кеңес одағының коммунистік идеологиясына бірінші жебе қадаған қазақтың қайсар ұл-қыздарының ерлігін әлем мойындады. Ұлттық мақтанышқа айналғандықтан Желтоқсан көтерілісін лайықты деңгейде атап өту туралы ұсынысты еліміздегі ондаған қоғамдық ұйымдар қызу қолдап жатыр. Баса айта кететін мәселе, Қоғамдық комитет партиядан тыс қоғамдық деңгейде жұмыс жүргізетін болады. Комитет жұмысына белсене атсалысуға ықыласты кез келген ұйымға есік ашық. Менің ойымша, Желтоқсан саяси партияның немесе жекелеген топтардың меншігі я болмаса саяси ұпай жинайтын құралы емес. Желтоқсан – ұлттық мақ­танышымыз! Ол қазақ ұлтын ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды бір арнаға тоғыстыратын ортақ саяси құндылыққа айналуы тиіс. Неге? Өйткені тарих – халықтың жады. Онда мақтаныш пен мұң қатар жүреді. Біз тәуелсіздік тұғырын тек ортақ саяси құндылықтар арқылы бекіте түсеміз. Әр кездегі ұлттың ұтысын ғана емес, ұтылыстарын да саралап, тағылымды сабақ алу да м – Тәуелсіздіктің іргесін бекітуге қосқан үлес болмақ. Желтоқсанның шындығын ешқандай бүкпесіз, бүге-шігесіне дейін ашу, оған саяси әділ баға беру – ол әруақтарға құрмет, қазақтың ар-намысына құрмет, елдігімізге, елге құрмет екендігіне бүкіл қоғам қосылып отыр. Қоғамдық Комитеттің ұйым­дастырушылық отырысына елімізге аты мәлім азаматтар: Сабыр Қасымов, Амангелді Айталы сынды қоғам қайраткерлері, алаштанушы, «Азаттық» радиосының редакторы Сұлтанхан Аққұлұлы, Қазақстан тарихшылары қоғамының президенті Мәмбет Қойгелдиев, «Әділет» тарихи-ағарту орталығының жетекшісі Бейбіт Қойшыбаев, «Ұлт Тағдыры» қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім, «Желтоқсан ақиқаты» қозғалысының жетекшісі Бейсенғазы Нүкен, саясаттанушы Айдос Сарым сынды азаматтардың қолдауы осы ойымызды дәлелдейді. Біз өз тарихымыздың ақтаңдақтары мен ашық жараларын келешек ұрпаққа ұғындыру және жеткізу мәселесінде саяси көзқарастар мен бағытқа қарамай, ортақ ұстаным жасай білуіміз қажет. Мен бұл комитетке барлық саяси партиялар мен ұйымдардың кіруі жөн деп ойлаймын. Біз бір нәрсені тарих жадына қалдыруымыз қажет: желтоқсаншылар орысқа немесе басқа ұлтқа қарсы алаңға шыққан жоқ. Біздің замандастарымыз тоталитарлық режимге, коммунистік жүйеге, осы жүйенің қазақтың ұлттық болмысын жаншуына қарсы шықты. Және соның құрбаны болды. Желтоқсаншылар қазақтың кім екенін көрсетті. Туған ұлтқа жасалған саяси террорды неге біз айыптамаймыз?! Бүгінгі коммунистік идеологияны ұстанып отырған партиялар қазақ ұлтының алдында осы құрбандық үшін де жауапты екендігін естен шығармау қажет. Сондықтан Желтоқсан көтерілісі мен көтеріліске қатысқандардың шынайы саяси бағасын беру қажет. Біздің ортақ мақсатымыз – осы. Алматы қаласында 2006 жылы Желтоқсан көтерілісінің 20-жылдығына арналған ескерткіштің ашылуын құптай отырып, жұртшылық оны Желтоқсанға берілген саяси бағаның бастауы деп санады. Осындай ірі шаралардың басқа да қалаларда, облыстарда жалғаспағаны өкінішті-ақ. Желтоқсан көтерілісі тек Алматыны қамтымай, Өскемен, Семей, Қарағанды, Жезқазған, Ақмола, Петропавл, яғни бүкіл Қазақстанды қамтыды. Ескерткіш орнатылғалы бері арада 5 жыл өтті, бірақ ешқандай мардымды жұмыстар атқарылмады. Cондықтан Желтоқсан көтері­лісін жаңғырту үшін тек Алматы қаласымен шектелмей, бүкіл облыс орталықтарында ескерткіштер орнатылуы қажет деп санаймын. Себебі, Желтоқсан көтерілісі – бейсаналы түрде ұлттық мемлекеттілікті құру идеясымен қаруланған еді. Бұл көтеріліс дүниенің даму бағытын өзгерткен «Прага көктемі», «Будапешт көтерілістері», «Вильнюс көтерілістері» тәрізді халықаралық геосаясат бағытын бұрған аса маңызды тарихи оқиғалармен қатар тұр. Ендігі мәселе – Желтоқсанға саяси баға беріп, бүкіл кеңестік республикалардағы демократиялық үдерістердің дамуына себепші болған тарихи көтеріліс деп мойындау әрі оны заңдық тұрғыда бекітіп, көтеріліске қатысушыларды ел Тәуелсіздігіне үлес қосқан батырлар санатына қосу қажет. Азаттық үшін желтоқсандықтардың атой салған жері, қанын төккен, қасіретті де қасиетті жері – Желтоқсан алаңын ұлттық символға айналдыруымыз қажет. Ол жерді көздің қарашығындай қорғау, ондағы қанды қырғында шейіт болған құрбандардың бейнесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біздің азаматтық борышымыз. Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға қоғам тарапынан жан-жақты моральдық қолдау қажет. Өйткені олар – сол кездегі тоталитарлық заманның құрбандары. Желтоқсан көтерілісі қоғамды ажыратуға емес, керісінше, бүкіл қоғамды ұйыстырушы фактор ретінде қарастырылуы қажет. Сондықтан комитет мүшелері келесі басым бағыттарды өзекті деп санайды: 1. Көтеріліске қатысу­шы­лардың айрықша мәртебесін заң жүзінде бекітіп, оларға тиісті әлеуметтік және медициналық көмектер көрсету, құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз ету. Өйткені, тек ресми мәліметтер бойынша, сол кезеңде 5 мың, ал көпшілік есебінше, 30 мыңнан астам қазақтың жас жігіттері мен қыздары осы көтерілістен әртүрлі зардап шекті. 2. Көтеріліске қатысушы­лардың тағдырлары жайында шынайы тарихи баға берілген Еске алу кітабын шығару кезек күттірмейтін іс. 3. Жыл сайын қараша, желтоқсан айларында Қазақ­станның барлық оқу орындарында, мекемелерінде, қоғамдық ұйымдар мен ғылыми ортада, әскери бөлімшелерде «Желтоқсан тағылымдары» атты тақырыппен жаппай оқу, сабақтар, пікір-сайыстар, жиналыстар, дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар, көрме т.б. шаралар өткізу қажет. 4. Бұл күндері мешіттерде көтеріліс құрбандарының рухына бағыштап, құран, дұғалар оқу – біздің парыз. 5. Қазақстан тарихы оқулық­тарында Желтоқсан көтерілісіне айрықша мән беріліп, оның тарихтағы лайықты орнын қамтамасыз ету. Ұрпақ қарызы деген ұғым бар. Сол кезде ел үшін ерлік жасаған желтоқсандықтар қудаланды, оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды, түрмеге тоғытылды, зорлық-зомбылық көрді, денсаулығынан айрылып, мүгедек халге түскендер де баршылық, ажал құшқандар да жоқ емес. Желтоқсаншылардың көпшілігі бүгінгі өмірден де өздерінің лайықты орнын таба алмай, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз, сансырап жүр. Олар тағдырдың осындай тәлкегіне шыдады. Желтоқсан көтерілісі – тәуелсіздікке қосқан олардың нақты үлесі. Олардың осындай өшпес рухты күресін бағалап қана қоймай, мойнымыздағы ұрпақ қарызын қайтаруымыз қажет. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Сонымен, іске сәт!