Діни тұрақтылық – мемлекет дамуының берік тірегі

6

Тәуелсіздікке қол жеткізген жиырма жыл ішінде Қазақстанда діни ахуал бұрын-соңды болмаған дәрежеде күрделене түсті. Дәлірек айтсақ, 90-шы жылдары еліміз өзін зайырлы мемлекет деп жариялағаннан бастап түрлі бағыттағы діни ағымдар өз ұстанымдарын еркін уағыздай бастады. Олардың арасында «Иегова куәгерлері», «Баптистер», «Кришнаиттер», «Хизб-ут Тахрир», «Таблиғи жамағат», «Уаххабистер», «Салафиттер» ерекше белсенділік танытты. Олардың ішінде негізгі мақсатты тереңге бойлатқан «саяси исламшыл» топтар да жоқ емес. Бұлар діни бағыттағы уағыздың ішінде немесе астарында саяси мақсатқа негізделген жоспарлармен де жұмыс істеуде. Олардың түпкі мақсаттары осы аймақта діни мемлекет құру қажеттігі жөніндегі, халифат құру идеялары бойынша немесе қоғамдық билік сатыларын нендей жолдармен реформалау керектігіне байланысты үндеулерінен байқалады. Мемлекеттің тұтастығы мен халықтың бейбіт өміріне өзгеріс жасауға талаптанатын мұндай идеялар халқымыздың салт-дәстүріне ғана емес, тәуелсіз еліміздің заңдарына да томпақ келетіні жасырын емес. Бұл жағдай жоғарыда аты аталған діни ағымдармен қатар, елдегі ислам дінін ұстанушы азаматтардың арасында пікір алуандығы мен өзара алауыздықтың тууына алып келді. Алғашқы жылдары берілген еркіндік бізді діни ахуалдың себебімен емес, нәтижесімен күресуге мәжбүрлеуде. Осыған сәйкес, үстіміздегі жылдың ортасында Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Дін істері агенттігі құрылды. Аталмыш агенттік елде «дәстүрлі исламды» дамыту тұжырымдамасын жасап, «байсалды исламды» орнықтыруды қолға ала бастады. «Дәстүрлі ислам» түсінігіне байланысты қоғамда түрлі пікірлер пайда болуда. Осыған орай аталмыш ұғымды талдап көрсек. Әлемдегі барша мұсылмандар ардақ тұтатын қасиетті Құранда Алла Тағала «Мен адамдарды бірін-бірі тануы үшін ұлттарға бөліп жараттым» дейді. Демек, Алланың тікелей пәрменімен жер бетіндегі адамзаттың ұлтқа бөліну үдерісі жүзеге асқан. Ал ұлт сөзінің атрибутына келер болсақ, оның өзіндік параметрлері бар. Мәселен, бір ұлт екінші бір ұлттан дербес тілі, дәстүрі мен мәдениетінің болуымен ерекшеленеді. Ал Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): «Егер кез-келген ұлттың өзіндік дәстүрі мен ғұрыптары Құран мен хадистерге қайшы келмейтін болса, онда оны ұстануға толықтай рұқсат беріледі» деген. Бұл қағида Ислам дінінің VIII ғасырдан бастап қазақ даласына ену процесі кезінде де сақталды. Түркі халықтары дәстүрінің Ислам діні қағидаларымен ұқсас болуы мен идеялар қайшылығының болмауы ата-бабаларымыздың өз дәстүрін емін-еркін ұстануына негіз болды. Аталған уақыттан бүгінгі күнге дейін қазақ даласы мен Орталық Азия аймағы көптеген дін ғұламаларын туғызды. Бұл ғұламалардың тікелей ықпалымен қазақ жеріне Ислам діні дендей енді. Өзіндік салт-дәстүрін дінмен астастыра ұстанған халқымыз дінаралық түсініспеушіліктерден де алыс болды. Орталық Азия халықтары Ислам дінінің Әбу Ханифа мазхабын ұстанып келді. Қазіргі таңда, жасыратыны жоқ, Қазақстан территориясына орныққан Исламның дәстүрлі емес ағымдары сан ғасырлық ата-баба мұрасы мен қазақы салт-дәстүрді мансұқ етуде. Олар ата-баба басына зиярат ету, кез-келген ұлттық дәстүрлі ерекшеліктерге т.б. қарсы шығуда. Оның үстіне мұны жасаушы өзіміздің қаракөздер болуы үлкен өкініш. Олар Ислам дінінде айтылмайтын, бірақ қазақы дәстүрде сақталып келген әдет-ғұрыптарды дінсіздікке балап, осы арқылы ата тарихымызға қиянат жасауда. Тіпті, оларға қазақтың ежелден мұсылман болғанын дәлелдеуге тура келуде! Қазақтың дәстүрінде тарихтан келе жатқан қайтыс болған кісінің жетісін, қырқын және жүздігін беру дәстүрлері бар. Ерте заманнан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан осы дәстүрлерімізді тамырын шет елдерден алып жатқан кейбір ислами ағымдар «шірікке» балап, ата-баба салтын мансұқ етуде. Рас, Ислам діні бойынша қайтыс болған кісі үшін тірілердің жасай алатын негізгі жақсылығы – марқұмның рухына бағыштап Құран оқу. Ал жетісі, қырқы және жүздігінде марқұмның туыстары жиылып, Алладан сол кісінің тірі кезінде жасаған кемшіліктерін кешуін сұрап, Құран аяттарын оқиды. Алайда, көбінесе, осындай ғұрыптарды орындауда жалпы қаймана қазаққа тән ысырапшылдық орын алатыны жасырын емес. Қазақтың тарихы той-томалақ пен ас өткізуге толы. Бірақ мұны да діни сауатты имамдардың түсіндіруі арқылы шешуге болады. Сондықтан «кейбіреулер» «шірікке» теңеп мансұқтаған ата дәстүріміздің Ислам дініне кереғар келіп тұрғанын байқай алмаймыз. Тіпті, Құранда мұсылмандарға жетісі, қырқы және жүздігінде жиналмаңдар деген қағида жоқ. Мұның өзі аталған дәстүріміздің тыйым салынуға негіз жоқтығын айғақтап тұрған жоқ па? Шынын айту керек, осы аталған салттардың негізгі мазмұнын қате түсініп, яғни, мақтаншақтық, даңғойлық, даңғазалыққа бой алдырып өткізушілер де жоқ емес. Бірақ имамдарымыз бен дінтанушыларымыз халыққа мұның негізгі хикметін түсіндірсе, көштің жүре түзелетіні анық. Қазақтың салт-дәстүрінде радикалды дін өкілдері қырын қарайтын осы секілді көптеген ерекшеліктер бар. Бұлардың бәрін де сауатты имамдар қарапайым халыққа тұрақты жеткізер болса елімізге де жат ағымдардың тигізер ықпалы да аз болмақ. Ислам діні кейбір азаматтар ойлайтындай догма емес. Мәселен, бұл дін бойынша Алла Тағала адамдарға халал ас жеуді бұйырған. Жеуге болмайтын харам нәрселер ашық көрсетілген. Бірақ адамдардың асты қалай дайындау қажеттігіне нұсқау берілмеген. Мәселен, қазақ халқына тән «бес­бармақ», яғни қазақша ет өзге мұсылман халықтарында кездесе бермейді. Сол секілді ирандықтар, түріктер мен арабтарда жасалатын кейбір тағам түрлері бізге де жат. Өйткені бұл тағамдар әрбір халықтың ұлттық тағамдары. Ал ол тағамдар бір ұлт үшін халал болып саналса, екінші ұлт үшін харам деп саналуы әбден мүмкін. Осы секілді, исламда адамдарға ұятты жерін жауып жүруді бұйырған. Бірақ қандай үлгіде киім киюді міндеттемеген. Сондықтан шетелдік мұсылман ғалымдарының кейбір уәждерін соңғы бұйрық секілді қабылдаудан аулақ болуға тиіспіз. Соңғы кездері тұрмысқа шығып жас келін атанған кейбір қыздарымыз беташар кезінде күйеуінің ата-анасы мен ағайындарына сәлем беруді «шірікке» балап, сан ғасырлық ата-баба салтына шекесінен қарауда. Үлкендерге иіліп сәлем беруді, ол кісілерден «бірдеңе дәмету» деп түсінетін және мұны солай түсіндіретіндерді көргенде Абай атамыз айтқандай, «қаныңның қайнап, жаныңның ашитыны» рас. Кезінде Шәкәрім атамыз қазақтың ежелден ұстанып келе жатқан дініне қырын қараушыларға «шатақ діндер» деген айдар таққан. Сәйкесінше, халқымыз да осындай ғалымдардың уәждеріне құлақ асып, «шатақ діндердің» таралуына мүмкіндік бермеген. Осы секілді «шатақ діндердің» дамуына тек ұлттық иммунитет қарсы тұра алады. Сондықтан елімізде ата тарих пен ұлттық ерекшеліктерімізді жете бағалайтын азаматтардың көп болғаны қажет-ақ. Демек, Дін істері агенттігінің негізгі шаруасы тек радикалды исламмен күресіп қана қоймай, қарапайым халықтың дұрыс діни сауат ашуына да, дін мен дәстүрді сабақтастыра қарауға мұрындық болса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені мемлекетті құраушылар – елдің қарапайым азаматтары. Олардың діни сауаты жеткілікті болып, ата дәстүрді жете ұғынса ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНЫМЫЗ тұрақтылық пен бейбіт дамуды ту қылып ұстаған айтулы елдердің бірі болар еді. Сонымен қатар, Дін істері агенттігі радикалды бағыттардағы ағымдарға сауатты қағидаларымен қарсы тұра алатын білімді азаматтардың көмегіне көбірек жүгінгені жөн болар еді. Кезінде діни фанаттардың Түркия мен Иранға да радикалды исламды таратуға әрекеттені белгілі. Алайда, сан ғасырлық ата-баба жолына беріктік танытқан бұл елдер жат ағымдардың таралуына жол бермей, тұрақтылықты сақтай алды. Мемлекеттің ұйытқы болуымен елдегі ислам ғұламалары шетелдік ағымдардың таралуына жол берместен, оларды орта жолдан қайтарған екен. Бұған қарапайым халық та мүдделі болған. Аталған жәйттер біздің елге де үлгі болуы тиіс.

Сәкен ЕСІРКЕПОВ