Асар туралы ақиқат. Елді бөлгіш Елшібайға ерген депутаттар Елбасының ел бірлігі саясатына қарсы ма?

5
4252



Жала жабу үшін де
Президенттің атын
жамылатын заманға жеттік…


Тамыздың 23 күні «Жас Алаш», 25 күні «Рейтинг» газеттерінде Ға­лым­жан Елшібайдың «Президент Н.Назарбаевтың назарына» деп айқай­лаған айдармен «Оралмандарды автобиографиясына қарап алалау…» деген мақаласы жарық көрді. Қалың жұртты өзіне еріксіз жалт қарату үшін мақаланың кіріспесінің өзінде адамның жаны түршігетін сөздер аямай-ақ беріліпті. «…Ал оңтүстіктегі «Асар» ықшамауданына оралмандар Өзбекстанның тек бір ауданынан, онда да бір ғана рудан тұратын адамдардың іріктеліп қоныстануы (осы жерде және ары қарай қарайтқан біз –авт.) қалай? Әлде мемлекеттік бағдарлама оралмандарды географиясы мен автобиографиясына қарап алалайтын ат төбеліндей топтың жетегінде кетіп, жеке мүддені көздейтін «дәулер» «диспетчерлік» жасап отыр ма? «Асарға» айрықша артықшылықтардың қарастырылуы бюджет қаржысының көмегі ғой. Президенттің тікелей бақылауындағы бағдарламаны өз қалауына қарай бұрмалап орындайтын ондай пысықайлардың тірлігі тексерілмейтіні неліктен?»
Газет оқушыларынан алдын-ала кешірім сұраймыз, өйткені үзіндіні көбірек беруге тура келіп отыр. Себебі, баяғыда бір болмағыр бала «өзіміз де әкемізді сабап едік, бірақ мынадай арбаға байлап қойып сабағанды көрмеген едік» деген екен. Біз де тапсырыспен жазылатын талай дүниені оқып едік, дегенмен дәл мынадай дәлелінің қиюы қашқан, дәйегі қисыннан мақұрым мақаланы оқымаппыз. Дана қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама – қисынына қара» дейді, яғни қисыны келмей тұрса сен қанша жерден «менікі – шындық!» деп шырылдағаныңмен, өтірігіңнің бір-ақ тұтам құйрығы көрініп қалады деген сөз. Ал, аталған мақалада қисынның орнына Геббельстен қалған «өтірік неғұрлым сорақы болса, жұрт соғұрлым тез сенеді» деген ұстаным ғана бар.
Мысалы, қос газет «мемлекеттік субсидия алу арқылы әрқайсының құны 1млн.400 теңге жылыжайда өнім өсірумен шұғылданып, жұрт сияқты жұмыс істеп сабылмайсың» деп жазады. Субсидияны қазақшаға аударсақ «жәрдемақы», яғни қайтарылмайтын ақша. «Асардағылар» болса үйді де, жылыжайды да өсімімен қайтарылатын несиеге салып жатыр. Жәрдемақы мен несиенің айырмашылығын білмей ме журналист? Білмесе «қандай қаржыға салып жатырсыздар» деп бір ауыз сұрамай ма? Сұрамай ма демекші, кез келген журналисті сыни мақала жазарда екі жақтың да пікірін тыңдауға міндеттейтін жазылмаған заң бар. Оны да білмеген күннің өзінде адами әдеп, қазақи тәрбие көрген деген ұғымдар және жеткілікті.
Бұл мақаланы оқығаннан кейін біз «Ақ Орда Корпорациясы» деп аталатын тұтас «империясы» («Рейтингте» осылай жазылған – авт.) бар Ибадулла Қалыбековпен хабарластық.
-Cіздің «империя» құрып алғаныңызды есітпеппіз, құтты болсын! Мына мақаланы жазған жігіт сізбен хабарласты ма?
-Жоқ. Иә менімен, иә менің «Асардың» басындағы інім Садулламен ешқандай хабарласпапты.
-Жарайды, «олар үшін» де біз хабарласқан болайық. Мақалаға байланысты айтар қандай ой-пікіріңіз бар? Өзбекстанда министр, одан кейін 1996 жылдан 2004 жылға дейін, қашан Қазақстанға келгенше қарамағына 28 министрлік қараған «Агропром» атты алып кешенді басқарған, премьердің (демек, президенттің де, өйткені бұл елде президент әрі үкімет басшысы болып табылады) оң қолы дәрежесіне дейін көтерілген, шеттегі қазақ баласы шығуы мүмкін мансаптың ең биік шыңына көтерілген азаматсыз. Тіпті Италияда өткен бір үлкен жиынға Ислам Каримов өзінің орнына сізді жіберген де жағдайы бар… Адамның басы айналар сондай биік лауазымды лақтырып тастап, бұл жақтан соған шамалас болса да қызметке орналасып алмай, сөйтіп, жалғанды жалпағынан басып жүрмей «Асар» деген атан түйе тарта алмас ауыр жүкті өз еркіңізбен мойныңызға артып алғаныңыз қалай?
-Өмеке, біздің бұл істеп жатқан ісіміз жайлы БАҚ-да берілуіне, оның ішінде өзімнің атымның аталуына қарсы болып келгенімді білесіз. Себебі, мен бұны ешқандай да ерлік деп санамаймын. Істесек өзіміз үшін, Өзбекстандағы жерлестеріміз үшін, түптеп келгенде қазағымыз үшін істеп жатырмыз. Бұны әрбір қазақ істеуге тиіс.
Ал, бүгін баспасөзде көрінуге бел бусам, ол кейінгі кезде кейбір газеттерде ақиқаттан ауылы мүлдем алыс жатқан, елдің ішіне іріткі салатын, өкіметтің саясатына да қарсы, қоғамдық өмірге де қайшы дүниелердің жазылғаны ызамды тудырды. «Асар» деген не, ол қалай өмірге келді, қалай жүріп жатыр, осы жайлы шындықты айтып бергім келіп отыр. Шындықты білген жұрттың бізді қолдайтынына сенімім кәміл.
Сіз өте дұрыс сұрақ қойдыңыз, мені осы іске кім мәжбүрледі? Мен елге оралған алғашқы кезеңде бұндай сұрақты түсінбей жүрдім. Себебі, шетте өскен қазақтың табиғаты басқаша болады. Қазақтың тіліне, қазақтың өзіне деген сағыныш, ана тіліңде емін-еркін сөйлесе алмаудың өзі сырттағы қазақты сүтше ұйытты, бір-біріне бауырмашылығын арттырды. Шеттегі қазақ екіншісінен «қай рудан, қай жүзденсің?» деп сұрамайды. Қолынан келсе көмегін береді, келмесе ең болмағанда жылы сөзін аямайды. Біз сондай ортада өстік. Ал бұл жақта жеке адам түгілі білдей бір облыстық мәслихаттың кейбір депутатары елдің руын түгендейтін комиссия құрғанын естігенде естен тана жаздадым…
-Кешіріңіз, елге көшу деген ойға қашан, қалай бекіндіңіз?
-Мен Өзбекстандағы тілге деген, бізге деген саясат 1993-жылдардан бастап өзгере бастағанын көріп жүрсем де, 1997-98 жылдарға дейін де үмітімді үзгім келмеді. Қызмет бабымды пайдаланып қазақ мектептерінің жабылмауына, қазақ азаматтардың билікке қолы жетуіне шамам келгенше көмектесуге тырыстым. Өкінішке қарай, онымның нәтижесі шамалы болды… Сосын қазақ ұлтының атынан билікке араласып, азды-көпті абырой тапқаннан кейін ең болмаса сол туған аудандағы қазағымызды руға, жүзге бөлмей, жетім-жесірімізді қалдырмай, ел болып тұтаса, бірлесе көшуіне қызмет етейік деп шештік. Және біз Қазақстанға келгенде барар жерімізге салмағымызды түсірмеуді, масыл болмауды басты мақсат тұттық. Қайта бара сала-ақ өз еңбегімізбен Отанымыздың ертерек аяққа тұрып кетуіне үлесімізді қосайық, қазақ ұйымшылдығының үлгісін көрсетейік деген ойға бекіндік.
Біздің көшті бұлай ұйымдас­тыруымызға себеп болған екінші нәрсе – сол 1997-жылдардан кейін Өзбекстанда болашағы жоғына көзі жеткен қазақтардың, әсіресе, жастардың Қазақстанға жаппай көшуі еді. Бірақ, әркім жеке-жеке көшкендіктен бір үйдегі бес ұлдың бес өңірге тап болғаны да бар. Бір-бірінің тойы мен қазасына айлап емес, жылдап бара алмай жатты.
-Ондай жағдай Моңғолиядан келген қазақтардың арасында да жиі кездесті…
-Өзбекстандағы ресми түрдегі 2 млн.қазақты Үкіметтің көмегінсіз көшіріп әкелу өте қиын. Оның үстіне ол жақтағы қазақтар ана тілін таза білгенімен, бұл жақтағыдай орыс тілін де жақсы білудің қажеттігі болған жоқ… Екі елдің арасындағы баға айырмашылығы он еседен астам. Бау-бақшалы үйіңізді сатып келсеңіз, ақшасына ондай үй тұрмақ үй салатын телім жер алудың өзі оңай емес. Жұмыссыздықты тағы қосыңыз. Біз осының бәрін ойладық. Көшудің неше түрлі нұсқасын қарастырдық. Мен лауазымды қызметте болғаннан кейін, жұмыстан шыға алмайтынмын. Сондықтан жүйе жасау үшін астыртын жұмыс істеуге көштім. Өзімнің бауырларымды, достарымды Қазақстанға жіберіп, орналасатын жер көруді бастадық.
-Таңдау не үшін Шымкентке түсті?
-Оның себебі көп. Біріншіден, ол жақта елдің жағдайы күн санап нашарлай түсті де, алысқа көшуді ойлаудың өзі қиын болды. Екіншіден, бәріңіз бірдей опарыла көшіп кете алмайсыз. Бес-алты баланың, ал ол жақтағы отбасыларда бес-алтыдан кем бала жоқ, алдымен бір-екеуі, сосын қалғандары, өстіп біртіндеп көшкеннен басқа амалы қалмады. Қашан түгел көшкенше барып-келгенге қолайлы. Үшіншіден, тіл мәселесі. Төртіншіден, бұрыннан жақын жатқан, аралас-құралас, құда-жекжат ел, үйреніскенге ыңғайлы.
Менің өзім түнгі 11-де жұмыстан шығып, сосын Қазақстанға келіп, түн ішінде, мәшиненің жарығымен бұл жаққа жіберген жігіттер дайындаған жерлерді көретінмін… Біз Шымкент қаласының ол кезде құрамына кірмейтін, Сайрам ауданы, Тассай ауылдық округінен жер алдық. Өзімізге қойған екінші шартымыз, алатын жеріміз жергілікті тұрғындардың мүддесіне қайшы келмейтін болуы тиіс еді. «Бізге бермеп еді, оралмандарға берді» деген сөзді естігіміз келмеді. Алған аумағымыз ол кезде ешкімге керек емес жер болатын. Ол бүгінгі «Асар» түскен жерден 3-4 шақырымдай қалаға жақындау жер еді. Рәсімдеу үшін өз қалтамыздан 400 мың доллар шамасында қаржы шығарған кезімізде жергілікті биліктің кезекті «ойынының» кесірінен ол жерден айрылып қалдық. Бұл өз алдына тұтас бір хикая, оған тоқталып жатпай-ақ қояйық… Енді қайтадан, көптеген қиыншылықпен қаладан алыстау басқа жерді алдық. Ол үшін маған сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі болып отырған нағыз ұлтжанды қазақ азаматы Серік Үмбетовке баруыма тура келді. Атасына мың рахмет, ол кісі министрліктің күздік бидай егетін алқабынан жер бөліп берді. Көшіріп әкелеміз деген 2800 отбасының әрқайсысының жер теліміне мемлекеттік акт алып, жекелеп рәсімдеу қайтадан басталды. Соншама адамның барлығы да Өзбекстаннан келіп, мұнда айлап жатып онымен айналысуына мүмкіндігі де, қаражаты да болмағандықтан біз солардың бәріне нотариустан сенімхат алып, қалада азаматтарымыз пәтер жалдап жатып жұмыс істедік. Компьютерлерімізді де Өзбекстаннан алып келдік. Бланкі қағазды да өзіміз басып шығардық. Неге? Арзандату үшін. 2800 отбасының жерін рәсімдеуге екі жылдан астам уақыт кетті!
Жер алу дегеннің қандай екенін басынан өткен біледі. Біз оған керек ұшан-теңіз ақшаны табу үшін құрылыс бригадасын құрып, басқалар сұраған ақының жартысына жалданып жұмыс істедік. Біздің жұмысымыздың сапасын көрген жұрт тапсырысты бізге беретін болды… Осылайша тынбай еңбек етіп, тиыннан теңге құрап, барынша үнемдеп біз екі жылда 8 млн.доллардай табыс таптық. Табысымызға түрлі техника, құрылыс заттарын шығаратын қондырғылар алдық. Өзімізге база жасадық. Сосын барып елді жинадық. Автобустар ұйымдастырып, шекарадан күтіп алып, 2500-дей адамды алып келіп, ас беріп, олармен ақылдастық. «Мынау 324 гектар жер Қазақстанның бізге жасаған жақсылығы. Енді біз осы жерге шағын, кішкентай болса да көрікті етіп 2800 үй салуымыз керек. Сонымен қатар өзімізге жұмыс орнын жасауымыз керек» дедік. Алдымызда отырған азаматтардың 99 пайызының бұл жақтағы бағамен үй салуға шамасы келмейді. Ол – айдан анық. Ал, бірыңғай сәулеттік үлгімен салу олар үшін тым қиын шаруа. Сол жерде мен елдің алдына шықтым. «Біз, ағайынды бес жігіт әкеміздің өсиетін орындасақ деген ойдамыз. Бөтен елде жүрсек те әжептәуір беделді қызмет істедік. Ол – кімнің арқасы? Ол әуелі Алла-тағала, сосын қазақ деген таңғажайып халықтың ар­қасы. Біз қазақтың алдында өзі­мізді өлшеусіз қарыздармыз деп есептейміз. Соның титтей де бір бөлігін өтеу үшін осы үйлерді бірың­ғай жобамен, жалпы осы елді­мекенді өз алдына шағын қалашық етіп сәулеттік үлгімен салуды біз мойнымызға алғалы отымыз. Сіздер сенім артсаңыздар, соған кірісеміз» дедім. Халық бірауыздан құптады.
Осылайша жер телімін жоғарыда айтқандай етіп алған біз енді бұл үйлерді салуда да мемлекетке салмақ салмаймыз деп шештік. Біз тіпті квота алудан да бас тарттық. Сол 2800 отбасының ары барса он пайыздайы ғана квота алған. Бұл – 2007 жыл, жерге деген бағаның аспанға ұшып тұрған шағы. Мемлекет біздің жерімізді 100 млн.долларға бағалап, оның 75 млн.долларын несие ретінде беретін болды. Сол несиені алып, жұмысты бастаған кезде дағдарыс келді де, ісіміз тоқтап қалды. Төрт жүздей үйдің іргетасын қалап, бес жүздей үйге көбікблок түсіріп қойған едік. Салған үйіміз 7-8 ғана болатын. Бірақ, жылына 1000 үй сала алатын мүмкіндігіміз бар. Не істеу керек? 2008 жылы мен Елбасымызға хат жаздым. «Осылай да осылай еді, жақсы жобамыз аяқталмай қалайын деп отыр. Ең қиыны көшіп келер 19 мың халықтың тағдыры. Олар бізге сеніп Өзбекстан азаматтығынан шыққан. Бұл жаққа келіп азаматтық алғаны бар, алып үлгермегені бар, осынша адамның далада қалар түрі бар» екенін айттым. Көмек сұрадым. Елбасы Шымкентке келді. «5 минутқа болса да кіріп шығамын» деп еді, бір сағаттан астам аралап, жобамен жақсылап танысты. Бізді қолдады. «Бұл өзі масылдық емес, нарыққа қарай икемделген жүйе екен, үйлер несиеге салынып жатыр екен, оны қайтаратын тетік те ойластырылған екен, көмектесуміз керек» деді. Осылайша біздің жобаны негізге алған «Нұрлы көштің» өмірге келуіне Елбасының сол сапары себепкер болған еді. Сонымен, мемлекет үй мен жылыжай салуға несие беретін болды. Жұмыс орны әрі несиені қайтару тетігі – жылыжай. Ал, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым салуға мемлекет көмек беретін болды. Сол 7-8 үйдегі жылыжайда тамылжып пісіп тұрған жеміс-жидек, көкөністі Елбасы өз көзімен көрді, көрген соң оның әрқайсысы жылына 10 мың доллар шамасында таза табыс беретініне көңілі сенді. Жылыжай деген жұмыс орны мен несиені қайтару көзі ғана емес, ол әрі экологиялық таза өнім, әрі базардағы арзаншылық, демек елге деген әлеуметтік көмек қой.
Міне, содан бері 2,5 жыл өтті, бүгін жоба бітуге дайын. 1725 үй салынды. Үй­лердің 60 пайызы екі қабат. Бұл жер­дің тарлығынан туған дүние. Айттым ғой, от­басылардың басым көпшілігі көп балалы, ал оларға екі үйден салуға шама кел­мейді. Ондай үйлерде әке-шешесі, үй­ленген бір баласы, үйленбеген тағы бір­неше баласы тұрады. Сонда іс жүзінде бір үйдің ішінде екі отбасы тұрады деген сөз.
Әлгі екі газет «элита тұратын «Тұлпардағыдан» кем емес не деген көрікті үйлер» деп жазыпты. Неге олар көрікті болмауы тиіс? Бірақ, сол «Тұлпарыңызда» үйдің шаршы метрі 1000 доллардан аспаса кем емес, ал біз 368 доллардан салып жатырмыз. Айтпақшы, үкімет басшыларының өзі бұл бағаға күмәнмен қарады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары арнайы мамандар жіберді. Олар салынатын үйдің бағасын есептегенде оның бір шаршы метрінің өзіндік құны 837 долларға тең болды. Бұның 600 доллары құрылыс затының бағасы, қалғаны жалақы мен басқа да шығындар. Біз осы бағаны қалай 2 еседен аса арзандата алдық? Біз металл мен цементтен басқа құрылыс затын түгел өзіміз жасап шығардық. Қиыршық тастан шегеге дейін. Үйдің қабырғасын көбікблоктан көтердік. Жалақыдан қалай үнемдедік десеңіз, біздің үйлерді өздері соған көшіп келетін азаматтар салып жатыр. Екіншіден, техниканы барынша молынан пайдалануға тырыстық. Біз тіпті жұмысшылардың тамағынан да үнемдедік. Қайтіп? Картоптан бастап бәрін өзіміз өсірдік, нанды да өзіміз пісірдік. Әр тиын есепте болды.
Біз енді осы ісіміздің несін айтып мақтануға тиіспіз? Қайта елімізді айтып мақтанайық.
-Әлгі жазғыш соға салғандай «орал­мандардың ішінде географиясы мен автобиографиясы тура келмейтін адамның ешбірін «Асардың» маңына жолатпауға» қалайша мүдделі болып жүрсіз?
-Осы сұрақты мен өзім де түсінбедім. Сұрап жүріп зорға түсініп алдым… Айтпақшы, мен тағы бір алты азаматпен бірлесіп Науаи облысындағы Әйтеке бидің кесенесін тұрғызуға қомақты қаржы бөлгенімді есіткен бір жігіттер «Сіз Кіші жүзденсіз бе?» сұрағанында таң қалғанымды көрсеңіз. Әйтеке, Төле, Қазыбек билер күллі қазаққа ортақ емес пе?!.. Айттым ғой, сырттағы қазақтың руға, жүзге бөлінбейтін артықшылығы бар деп. «Асарда» кәзір Өзбекстанның Ташкент, Сырдария және Жызақ облысынан көшіп келгендер қоныстанып жатыр. Олардың бәрі бірдей қалай менің руласым болады? Сонда да болса мына жала жаныма батқан мен елді жиып, жерлестерімнен руын сұрауға мәжбүр болдым. Кейін оныма тағы ұялдым, өйткені арамызда үш жүздің баласының бәрі, тіпті қожаларымыз да бар екен. Бұл мақала жұрттың ашу-ызасын туғызып жатыр.
-Көшіп келмегендерге де жер телімін беріп жатыр екенсіздер, сондай-ақ жер телімінің сатылып кетуі де орын алып жатқан көрінеді сіздерде…
-Бұны жазған жандардың «Нұрлы көш» бағдарламасымен және оның орын­далу Ережесімен толық таныс­пағаны көрініп тұр. Онда ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 8 мамырдағы №674 Қау­лы­сымен бекітілген «Нұрлы көш» бағдарламасының пи­лот­тық жоба­ларға қатысу­шыларға тұрғын үй сату Ереже­сінің 2-тармағына сәйкес Бағдар­ламаға қатысушылар – оралмандар ҚР азаматтығын алған немесе алуға рәсімдеп жүрген, сондай-ақ соңғы үш жылда республика аумағында тұратын немесе «Асар» шағын ауданында жер телімі бар көшіп келушілер деп көрсетілген. Ал, Бағдарламаға қатысушылардың тізімін Шымкент қалалық әкімдігі құрған тұр­ғын-үй комиссиясы бекітеді. Оның құрамына мәслихат депутаттары, көші-қон полициясының қызмет­керлері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері кіреді. Мақалада мұндай үй саны 175 деп жазылыпты. Оның дәл қанша екенін мен білмеймін, бірақ бұлар азаматтығын биыл ала алмайтын болған жандарға тиесілі жер телімдері мен біздің салып бергенімізді күтпей, өз күшімен салып алған және белгілі себеппен сатуға мәжбүр болған отбасылардың жері. Сосын сатса сатуы заңды да, жеке меншігіне сатып алған, мемлекеттік актісі бар өзінің жері ғой.

«Асар» мен «Ақ Ордаға» жабылған қара күйе

-Сіздің «империяңыздағы» Ақ Орда корпорациясы Шымкентегі Назарбаев мектебінен бастап барлық тендердің түгін қоймай ұтып алып жатыр екен ғой?
-Ұтып жатса кеше нөлден бастаған, бүгінде 200-ден астам техникасы, 3500 жұмысшысы бар ірі корпорацияның ұтқанына қуанбай ма қайта? Қолын­дағы мөрінен басқа ештеңесі жоқ «фир­ма­лардың» да ұтатынын газеттерден оқып жүрміз ғой…
-Елбасы өзіңізге сеніп тапсырған «Нұрлы көштің» кәзіргі жағдайы қалай?
-Мен «Нұрлы көштің» бас жағына ғана, оның бағдарламасын жасауға ғана араластым. Маған «Нұрлы көшті» жүргізу үшін «Самырұқ-Қазына» ұлттық қорының көп атқарушы директорының бірі деген қызмет берілген еді. Бес айдан соң мен «Нұрлы көштен» шеттетіліп тасталдым… Содан бері тек «Асармен» айналысамын.
-Сіздерге ықыласы ыстық премьердің орынбасары Ерлан Орынбаев екеуіңіз біте қайнасқан байланыс орнатқан деп те жазыпты ғой жазғыштар?
-Орынбаев мырза «Нұрлы көш» бағдарламасының жұмысын қадағалайтын ведомствоаралық комиссияның төрағасы, мен соның бір мүшесімін. Бұдан басқа екеуміздің арамызда ешқандай біте қайнаған байланыс болған емес.
Жат жерде жүріп-ақ жасынан билікке араласқан, аузына келгенін айтатын журналистей емес, әр сөзіне жауап беріп үйренген, жетінші атасы Аман осыдан 350 жыл бұрын Самарқанның маңындағы Қойтас деген жерден «өзбек, тәжік көбейіп барады, қалың қазақпен бірге болайық» деп өзіне қарасты елін Сырдың бойына көшіріп әкелген ел ағасы, міне, осылай дейді. 1961 жылы Мырзашөлді, қазақтың ата қонысын, Мәскеу тізеге салып Өзбекстанға беріп жіберетінін ол заманның ерлері қайдан білсін…Қазір «аура» деген сөз бар ғой, басынан аяғына дейін жалған сөзге құрылған «мақаланың» аурасының ластығы, теріс энергетикасының күштілігі сонша, оны талдаудың өзі бізге ауыр соқты. Қалай жаның ауырмасын, «Асардағы» үйлердің де, жылыжайлардың да, мектеп пен балабақшаның да құрылысын тендерден тек өзі ұтып алатын «Ақ Орда» тіпті басқа мердігерлердің бас сұғуын қаламайды, мақтаулы «Отау-Строй» инфрақұрылым саламын деп сотқа шақырылып, әуре-сарсаңға түсіп жүр» деген сөздің сыры неде десек, Қалыбеков мырза «пайдасы жоқ үй мен жылыжай құрылысына тендерге өзімізден басқа ешкім түспейді де, ал «Отау-Строй» пайдасы бар инфрақұрылымды тендер адал өтпегеннің арқасында ұтып алған болатын, соны айтып сотқа беріп едік, сотта ұтылып қалдық, енді қоғамдық ұйымдардың күшімен «Отаудың» жұмыс сапасын қадағалағаннан басқа амалымыз қалмады» дейді.
Қос газет «Асардың» инфра­құ­рылымына 9 млрд. 893 млн.184 мың теңге, ал канализациясының өзіне 949 млн.986 мың теңге бюджеттен жеке қаралып, әуел баста-ақ әжетханаға дейін әдемі сызылыпты, жеке адамдардың кәріз жүйесіне қыруар қаржы бөлінгенін бұрын-соңды естімеппіз» деп жазады. Адам сауатсыз болса қиын екен ғой, елдімекеннің инфрақұрылымы барлық заманда мемлекеттің мойнында және бюджеттің ақшасын бөлдіру мен бекітудің пәленбай сатысы бар, ең ақыры оған парламент пен үкіметке дейін араласады, ал оны «өз қалауына қарай бұрмалап орындалуына» экономикасы түгелдей дерлік шетелдіктер мен жеке меншіктің қолына өтіп кеткен біздің мемлекетте бар жұмысы бюджет қаржысының қалай жұмсалуын тексеру болып қана қалған «қасқыр» мекемелер жол беріп қарап отырмайды. Екіншіден, бұл жеке адамдардың салып жатқан үйі емес, бұл Ұлттық жобаға айналған, Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген тұтас бір ықшамауданның құрылысы.
Осылайша журналист істің мән-жайының бәрін тонын теріс айналдырып берген. Жарайды, деңгейі төмен «Рейтингке» бұл мақала өз рейтингін «атың шықпаса жер өртеу» арқылы көтеру үшін қажет болды дейік, ал «Жас Алашқа» жол болсын?.. Және журналист өз сөзін ғана емес, халық қалаулыларының да пікірін қосқан. Бірақ, оған «Жас Алашта» орын жетпей қалған, немесе кейіннен қосымша жазылған болуы мүмкін, әйтеуір «Рейтинг» қашан, қандай жиында айтылғаны жайлы үн қатпаса да, оралмандарды «алалауға» қарсы жаны «күйіп-піскен» облыстық мәслихаттың біраз депутатының сөзін беріпті. Тұрақты комиссия төрағасы, заң ғылымының докторы Қанатбек Досалиев: «… оңтүстіктегі 7 аудан, қалаға да «Нұрлы көш» бағдарламасында қаралған қаржыны сын сағатта шөміштен қағып, тек «Асарға» ақшаны үйіп-төгудің астарында нендей саясат жатыр? Бағдарламаның орындалуын талдау, зерттеу мақсатында көшпелі мәжілістер өткіздік. Арнайы құрылған депутаттық комиссия мемлекет басшысын алдап-соғу үшін бағдарлама керемет жүзеге асуда деп көпе-көрнеу көзбояушылықтарға барған бірқатар былық-шылықты әшкереледік» депті. Бірақ, «мынау сол құжаттан» деп бір ауыз дәлел келтірмепті. Бәрінен де осы мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболов ағамыз асып түсіпті: «Асардың тұрғындарына айрықша артықшылықтардың қарастырылуы облыстағы әр тарапқа қоныстанған басқа оралмандармен қатар осы өңірде туып-өскен жергілікті тұрғындардың да наразылығын тудыруда. Қолайлы жағдайдың барлығы жан-жақтан жасалып жатқан «Асардан» қос қабатты баспана алу үшін олар шетелге көшіп кетіп, қайтадан оралман болып оралуы тиіс пе?..» дейді облыстың екінші басшысы. Сенейік десек, газет «Досболовтың сөзі» деп беріп отыр. Сенбейік десек – көзіміз өзіміздікі.
Мақаланың аты айқайлап тұр, ал заты не? Заты – біріншіден, көреалмаушылық, «жоқ болса бере алмайтын, бар болса көре алмайтын» таза қазақи көп шылықтың бірі. Әйтпесе, Ибадулла Қалыбеков бастаған азаматтар кәзір қолдағы барға тоқмейілсімей, «Агроқаржыдан» тағы да Елшібай жалған жазғандай тендерді ұтып алып емес, жұрт қатарлы, дәлірегі өзге жұрт несие алар қаржының 15 пайызын алдын-ала құйса, бұлар 40 пайызын құйып несие алып, сол несиеге «Асардың» жанынан зауыттар салатын жер телімдерін сатып алып, ол аумақта бақандай 5 өндіріс орнын ашумен айналысып жатыр. Оның біріншісі – алдында 2 га жылыжайы бар, 6000 тонна көкөніс өңдейтін, сұрыптайтын әрі қаптайтын, бүкіл облыстың көкөнісін сақтауға болатын қойма. Екіншісі – Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірлерінде жылыжай салуды дамыту үшін оңтүстіккореялық технология негізінде, солардың лицензиясымен жылына 330 гектар жылыжай салуға жететін бөлшектердің бәрін өзімізде шығаратын әрі сервистік орталыққа айналатын зауыт. Үшіншісі – америкалықтармен бірлескен кәсіпорын құрып, бүкіл ТМД аумағында жоқ құрастырмалы, жазда салқын, қыста жылы, 95 пайызы зауыттың өзінен құралып шығатын үйлер жасайтын зауыт. Бес пайызы, құрастыру жұмысы ғана үй салынар жердің басында жасалады. Бағасы да арзан, 1 шаршы метрі 300 доллардан аспайды. «Бұндай үйлер кәзір АҚШ пен Канадада көп, оны өз көзімізбен көрген соң барып кірісіп отырмыз. «Асардың» жігіттерін АҚШ-та 2 ай оқытып келдік. Төртіншісі – қытайлық ең жаңа технологиямен бір жылда 7,5 мың үй салуға жететін құмнан, әктен тұратын, сегіз пайыз ғана цемент қосылған, экологиялық таза газоблок шығаратын зауыт. Бұл көбікблоктан да тиімді зат. Бесіншісі – жылыжайларға қажетті арнаулы пленканы шығаратын зауыт. Біз Қазақстанда 5 мың жылыжай істесек, 40 мың отбасын жұмыспен қамтамасыз етеміз әрі олар жылына 2 млрд.доллар пайда табады. Мақтаралда қазір 200 мың гектарға мақта егеді, 20 млн.доллар пайда таппайды». Бұлардың біреуі кәзір жұмыс істеп жатыр, үшеуі биылғы 16 желтоқсанға дейін, біреуі ендігі жылы іске қосылады.
Мақала затының екінші қыры – тыныш жатқан жұртты дүрліктіру. Біздің алдымызда сол ықшамаудан тұрғындарының хаты жатыр. Гүлшахар Үсентаева: «Батыр анамын, Ұлы жүздің қызымын, тату елдің арасына іріткі салатын ойы бұзықтың мақаласымен келіспеймін» дейді. Ташкент қаласынан көшіп келген, руы Кіші жүз рамадан Қуатбек Әуесбаев, Шыршық ауданынан келген руы қожа Қарлыбай Әбуов, Қасым Атабаев, Фатима Байзақова, Бақыт Жанкелдиев, Мейірбек Әжібаев және тағы басқалар ағайынды Қалыбековтерге алғысын, ал екі сөзінің бірінде «айрықша артықшылықтар» деп өтірік жазатын Ғалымжан Елшібайға наразылығын білдіріп отыр.
Қолымыздан келсе жақсылық істейік те, ағайын. Түсіне білсек «Асар» – қазақтың маңдайына аз бұйырған ұйымшылдықтың теңдессіз үлгісі ғой! «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген дана Абайдың өсиетімен қайта небір үлкен істі үндемей ғана тындырып жүрген осындай ерлерді миллиарды бар, бірақ бір қазақ ауылды көшіріп келмеген өзгелерімізге өнеге етпейміз бе? Біздің еліміздің президенті туралы әркім әртүрлі пікір айтады, біреулер түкке алғысыз етсе, екіншілер пайғамбарға, тіпті Алла-Тағала: «менің бүкіл жаратқан дүниемнің ішіндегі ең асылы – адам баласы» деген адамдық деңгейдің өзін азсынып періштеге, Күнге теңеп жатыр, ақиқат әдеттегідей сол екі шексіздіктің ортасында жатса керек, қалай болғанда да ол кісінің досы да, дұшпаны да Нұрекеңнің жаңалыққа жаны өте құмар, идеясы көп адам екенін мойындайды. Аталмыш мақала авторы Ғ.Елшібай Президент бірден түсініп, қолдау көрсеткен жобаның қаншалықты прогрессивті, қазақ үшін қаншалықты маңызды екенін түсінуге деңгейі жетпеген-дағы, бақандағы етке секіріп жете алмай «сасып кетіпті» деген мысықтың кебін құшқан. Соған қарамастан, қолындағы қалам мен газетті пайдаланып «Еділдің бойы ен тоғай, ел толтырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едім» деген кешегі Махамбеттердің жолымен бүгін шетелде қалған қазақтың бір бөлігін болса да елге қоссам, сол елдің қолына тезірек «балық аулап күнін көріп кететін қармақ берсем» деп, жыл он екі айдың екі-үш айында ғана үйінде болып, қалған уақытта берісі Қытай, арысы Американың арасын жол қылып ел қамын жеп жүрген бүгінгі Едігелерді ұлттың Көшбасшысына жеккөрінішті етуге жанын салып баққан. Жанын салып баққаны соншама, жазған дүниесінің деңгейі тіс қаққан тәжірибелі, сауатты журналистің деңгейінен мүлде төмен болып кеткеніне, сөз саптасы «Қан мен тердің» атақты кейіпкер әйелінің сөз саптасы болып шыққанына қарауға да шамасы келмеген. Мынадай масқарадан кейін қаламды қайлаға ауыстырып, жер қазған ғой ең дұрысы… Ал, тілшісі елге қызмет етудің орнына елге іріткі саksg жалғандықтың жаршысы болып жүргеніне «Жас Алаш» газеті өз бағасын берер деп ойлаймыз.
Мақаланың жаман жері Елбасы мен елдегі ерлерді қарсы қойғанында да емес. Ең зиянкестігі журналистің ең киелі де қасиетті нәрсеге – қазақтың ауызбіршілігіне ауыз салғанында, аз қазақтың бірін екіншісіне қарсы қойғанында. «Әне, анау «Асар» сенің Алла берген несібеңді жолдан бұрып, аузыңнан жырып әкетіп жатыр, саған жеткізбей жеп отыр» деп атойлауында. Осыны көріп отырып ұлы Абайдың «қазақтың жауы – қазақ» деген сөзіне несіне ренжиміз?..
Сол атойдың «халық қалаулысы» деп аталатын Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты депутатары тарапынан да түсіністік таба қалуына қалай қынжылмассың?!
Ел бірлігін насихаттап, халық қамы үшін жұмыс істеуі тиіс депутатардың оралман ағайындарға қол ұшын созудың орнына басқа жұмыс таппағандай, өз күндерін өздері көріп жатқан қандастарының руын тексеру үшін комиссия құрғаны… тарихта болмаған іріткі. Онсыз да осымен аты шығып жүрген Оңтүстікте рушылдықты енді «заң шығарушылардың» «заңдастырып» бергені ел естімеген масқара емес пе? «Рейтингте» сөзі берілген облыстық мәслихаттың 5 депутаты, Ә.Досболов, Р.Оспаналиева, Қ.Досалиев, Н.Жұмашев, А.Раманқұловтар ертең сайлаушылары алдында не деп жауап береді? «Біз бір елді үшке бөліп жатырмыз» деп есеп бере ме?
Бұлардың қай-қайсысы да бір өзі Өзбекстандағы ең болмағанда он-он бес үй қазақты көшіріп әкелуге, тым құрығанда көшіп келуіне жәрдем етуге, жұмыс тауып беруге толық шамасы жететін шығар деп ойлаймыз. Біреуінің фабрикасы бар, біреуінің зауыты, біреуінің базары, біреуінің фирмасы, біреуінің тағы бірдемесі бар дегендей. 1961 жылы Мәскеу өзбек еліне беріп жіберген Шымқорғаннан мектеп директоры, марқұм Қойлыбай Қалметов деген азамат мың үйді бастап Шұбарсуға көшіп келді. Үш қабатты мектеп үйін халық өзі Қойлекеңнің басшылығымен асарлатып салып алды. Біз оны да түрткіледік. Ақыры шыдамы таусылған Қойлекең аудан әкімінің орынбасарын соның өзінің кабинетінде сабады… Алматының түбіндегі «Жаңа талап» аулындағы, бүгінде ол да марқұм, жай жұмысшы Қасенғазы деген жігіт жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп 15 отбасы жерлесіне Қытайдан (Қытайдан!) туған жерге жетуіне жәрдем берген. Әне, азамат! Біздің оңтүстіктегі бес депутат та істің байыбына бармай байбалам салғанша 75 қазақ отбасының көшіп келуіне көмектессе – бұл деген тұтас бір ауыл ғой! – ел ағаларының, халық қалаулыларының атына нағыз лайық іс сол болмас па еді!
Шамамыз келмесе – оралман болудың азабын тартқан жоқпыз ғой біз – ең болмаса елден жылы сөзімізді аямайық та. «Бұл дүниенің қарызы о дүниеге кетпейді» дейді дана қазақ, біздің әрбір жақсы-жаман ісіміз, ісіміз тұрмақ жылы, жанашыр, артық-ауыс, ауыр, жалған сөзіміз көзіміздің тірісінде өз алдымыздан, одан да бұрын бала-шағамыздың алдынан шығатынын және еселеп шығатынын ұмытпайық та. Бұл – Алла-Тағаланың аса ауыр, бірақ барынша әділетті нығметінің бірі…

Өмірзақ АҚЖІГІТ
«Президент және халық»,
№39, 16.09.2011  

5 ПІКІРЛЕР

  1. Құдай-ай, не деген сорлы журналист едің Елшібай. құдай берген қаламыңды қорғай алмай, әр кімге ұстатып, биліктегі бишілер мен қарапайым халықтың арасында жеңгетайлық жасап жұруіңнің өзі Алланың алдында есеп беретіндей іс болыпты. Мен жас анамын, 6 айлық баламмен әр кімнің табалдырығында тапқан қаржымның бәрін құйып, пәтер жалдап күн көремін. қазақ халқы туған әйелді 40 күн сақтап, баққан. мен сорлыға 40 күн бері тұрсын босанғаннан кейін 20 күн өтпей жатып жұмыс істеуге тура келді. мұның себебі не екенін білесің бе? Рәшкүл сынды апаларымыз халықты шайқатып, билікте отырғанында мен сияқты қазақтар бүгінгі таңда үй тұрмақ қара жерді де көрмес. айтайын дегенім «үйлі ге бір үй, үйсізге мың үй. ал, Рашкүл сынды апаларымызға таудың етегінен 5 жұлдызды қонақ үй». әй журналист сымақ, сіра қарны тоқ бала көрінесін. біз сияқты қысы қатты Астананың көшесінде балаларыңмен далада жүрсең, сен үшін үй арман болып, баспананың қадірін білсең, ата жұртқа келіп, еңбңктенңп, қоныс тойын тойлап жүрген қара халықтың көңіліне қаяяу салмас едің. ал жеке өзің өз жолыңды, атыңды қалыптастыра алмаған соң Алла бағын ашқан адамның аяғын шалуды ойлағаннан басқа қолыңнан не келуші еді. мен өз елімде жүріп қара топыраққа қол жеткізе алмай жүрген қазақпын. қайта-қайта өз өзін неге айтып отыр деген шығарсың, тоқшылықтан масайып жүрген сол басыңы менің күнімді берсін. сол кезде жұртты күндеу бері тұрсын, анау арсыз қаламыңның қайда қалғанын білмей қаларсын.
    Ал, ана оралмандарды елге көшіріп, өзге жұрттың түрткісінен құтқарған Ибадулла мырзаға құдай сабырлық берсін. себебі арамыздағы мынадай жабайы қазақтар бар да ондай адамдардың көңіліне қаяу түседі. Ибадулла ағай қазақстандықтар жаман екен деп қалмаңыз, Елшібай қазанға түскен құмалақ қой. Ал сізге Алла жар болсын! Астанадан қазақстанның барлық оралмандарына жалынды сәлем! бірліктеріңіз бекем болсын!

  2. Төле би бабам айтпақшы, Жүзге бөлген жүзіқаралар ғой ел бүлдіргіш Елшібай сауатсыз бен елді бөлгіш депутаттар…

  3. Ибадулла Қалыбеков секілді серке, іскер азаматтарға тек алғыс айту керек қой. Өзбектердің өзі мойындап, жоғары лауазым береді. Ал біз руың өзге, жүзің басқа, асып кеттің деп, аяғынан тартамыз. елшібай деген сауатсызға еріп жүрген ОҚО депутатарының да деңгейі белгілі болды ғой. Масқара, руын анықтау үшін комиссия құрғаны несі?..

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз