Тәуелсіздікті алғаш халыққа жеткізгеніме, өзімді бақытты санаймын

Сұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор: 3   –Биыл егемендігімізді алып, тәуелсіз ел болғанымызға 20 жыл толып отыр. Бізге бұл атаулы күн оңайлықпен келмегені белгілі. –Дүние жүзінде тәуелсіз 192 мемлекет бар. Бұл деген әрбір халық өзінің мемлекетін орнатып, барлық тарихи жағдайын еске ала отырып, өз мемлекетін құрады деген сөз. Сонымен қатар, халықаралық аренаға 192 мемлекет шығып, өзінің қалаған мемлекеттерімен өзара пайдалы қарым-қатынас орната алады. Ол, дипломатиялық, консулдық, еңбек, экономика, саяси, әлеуметтік жағынан болуы мүмкін. Сондықтан дүниежүзіндегі атаулы мемлекеттер өзара қаласа, әр мемлекет пен өздерінің қарым-қатынастарын ұйымдастыра алады. Қатынасты ұйым­дастыру дегеніміз мемлекеттер халықаралық аренада өздерінің тәуелсіздіктерін, халықаралық құқыққа байланысты қызметтерін атқарады. Тәуелсіз мемлекеттердің бүгінгі күні алдарына қойып отырған мақсаттары, өздерінің мемлекеттерін гүлдендіру және ілгері дамыту. Елбасымыз бір сөзінде былай деп еді: «Тәуелсіз мемлекеттер 192 болатын болса, сол 192 мемлекеттің тәуелсіздіктерін жариялаған 192 адам бар, соның бірі мына сіз» деген. Жалпы, тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Бұрынғы тоталитарлық жүйенің кезінде, барлық республикалар сол жүйенің айтқанынан шыға алмады. Тіпті, одақтас республикалардан шығатын заттардың барлығын орталыққа жинайтын. Ол одақтас республикалардың бәрі де «дотациялы» мемлекет болып табылды. Қалай дотациялы болмасын. Айталық, біздің елімізде шығатын байлықтардың 93 пайызын орталыққа әкетіп, оның 7 пайызын ғана өзімізге беріп отырды. Егер біздің елімізді алатын болсақ, сол кезеңнің өзінде жер көлемі жағынан дүние жүзіндегі мемлекеттердің ішінде 9 орын алады. Ал енді біздің елімізде шықпайтын байлық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Менделеев таблицасындағы барлық заттар біздің жерімізде бар. Жалпы, бізде шығатын байлықтардың барлығын есептей келсек, 1,5 млрд халықты асырауға жететін байлық шығады екен. Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекет болып, өз егемендігімізді орнатып жатырмыз. Енді, біздің мемлекетіміз тәуелсіз мемлекет болғандықтан халықаралық аренаға шығып, 130-дан астам мемлекетпен қарым-қатынас жасап, өзіміздің отанымызда ғана емес, сол қатынасқа түскен мемлекеттерге де пайдалы істерді ұйымдастырып отырмыз. Елбасымыз айтып келе жатқандай байлығымызды жаңа технологиялық әдістерменен елімізде пайдаланып, дүние жүзіндегі өркендеген мемлекеттердің қатарына қосыламыз деп отыр. Бүгінгі күні еліміздің ең басты мақсаттарының бірі дүние жүзінде бәсекелес 50 мемлекеттің қатарына қосылу. Сөз жоқ, біз бұл мемлекеттердің қатарына қосыламыз. Елбасының іскерлігіне дәлел ретінде бір нәрсе айтайын, Ақмола өздеріңіз білесіздер үлкен қала болған жоқ, шағын ғана болды. Сол Ақмоланы біздің астанамыз етіп, сонда көшіргені өте орынды шешім. Неге десеңіз, Горбачев өзінің бір сөзінде былай деді: «Қазақстанның теріскей облыстары Хрущевтің кезінде Қазақстанға берілген, оны қайтару керек» Бұл енді Горбачевтың тарихты нашар білетінінің белгісі деп санаймын. Өйткені, бұл жерлердің барлығы 1918 жылғы Лениннің «Революционный Комитет по управлению Киргизским краем» атты декретінде жазылған болатын. Одан кейін, 1920 жылы 26 тамызда Ленин қол қойған Қазақ автономиялы республикаларын құру туралы декретінде осы жерлердің барлығы кірген. Ал бұл жерлердің Қазақстанның құрамына кіргендігі біздің алаш арыстарының арқасында. Өздерінің бар еңбегін, жігерін, өзіміздің бұрынғы жерлердің барлығын Қазақстанның құрамында сақтап қалуға тырысқандықтан деп санаймын. Егер былай ойлап қарасаңыз «Саратов-Сарытау» дегеннен шыққан, бұл жерлерде қазақтар өте көп болған. Мына «Барнаул-Барынбай» дегеннің ауылы, соның жанындағы «Кулагенская степь-Құлынды даласы» дегенді айтып тұр. Бұл жерлерде бұрынғы қазақ хандарының, байларының жайылымы болған. Шүкіршілік, бізге осы бүгінгі жерімізде жетеді деп, олардың ешқайсысына ауыз салып отырғанымыз жоқ. Өйткені, осы бүгінгі жерімізден шығатын байлықтарымыздың өзі Қазақстан халықының, тіпті өз халқынан артылып шетке де шығаратындай жағдайда. Енді бүгінгі күннің талабына келсек, қазір «Әлемдік жаһандану» деп жатыр ғой, осы жаһандану саясаты кезінде біздің президентіміз қазақстанның ерекшеліктерін жоғалтпай, сол дамыған мемлекеттердің қатарында болуға барлық іс-әрекетін жасап жатыр. Оған ол кісінің шамасы жетеді. -Тәуелсіз еліміздің Конституциясы қалай қабылданғаны жайында айтып берсеңіз? Өйткені, сол конститутцияның қалануына, оның бекітілуіне өзіңіз айтарлықтай үлес қостыңыз ғой. Біз алғашқы конститутциямызды 1924 жылы «автономиялы республика» кезінде қабылдадық. Екінші конститутциямызды 1937 жылы «одақтас республика» болып кірген кезде қабылдадық. Үшінші конститутцияны 1978 жылы «гүлденген социализм дәуірі» кезінде қабылдадық. Демек, бұл конститутциялардың барлығы тоталитарлық жүйенің күші бар кезінде қабылданды. Былайша айтқанда тоталитарлық жүйеде тұрған конституция болды. Онда біздің көрсетілген құқықтарымыз өте жұпыны, әлсіз еді. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған тәуелсіздік туралы заң болды. Осы орайда айта кетейін, тәуелсіздікті халыққа алғаш жеткізгеніме өзімді бақытты санаймын. Жоғарғы Кеңестің мінбесіне кеудемді кернеген үлкен ұлттық-патриоттық сезіммен шығып, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі» Конституциялық заңының жобасы туралы баяндама жасадым. Сондай байқағаным, залда отырған беделді азаматтар, біршама депутаттар ішінде тоталитарлық жүйенің атына айтқан ауыр ойларымды қолдағанымен, әр жерде өзара сыбырласып, айыптау сөздерімді артық санайтындардың бар екендігі сезіліп тұрды. Мен депутаттардың көңілі мен назарын әлемге айбынын шашқан күшті де мызғымас, қатал орталықтандырылған империялық Кеңес Одағының күйрей бастағанына, бірнеше республиканың оның құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекеттер ретінде өркендейтінін, қиын да болса болашағы зор, қуанышты бостандық жолына түскендігін шамамның жеткенінше дәлелдеуге тырыстым. Сол кездегі менің көңілімнің соншалықты көтеріңкі болғаны, жүрегімді жарып кететіндей болып тұрды. Тіпті, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, 500 жылдан астам уақыттан соң барып, Тәуелсіз мемлекет құруға мүмкіндік алдық. Міне, бүгінгі күні Нұрсұлтан Әбішұлы осы тәуелсіз мемлекетті одан әрі қарай гүлдендіріп, оны барлық дүниежүзіндегі мемлекеттерге белгілі мемлекет етуге өзінің бар еңбегін бағыштап отыр. Бүгінгі күні Қазақстанды білмейтін мемлекеттер өте аз. Бұрын бізді ешкім білмейтін. Бірақ бүгінгі күні дүниежүзі халықтарының басым көпшілігі, тіпті барлығы біледі деп айта аламын. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірнеше сағатқа созылған талқылаудан кейін, Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды 1991 жылғы 16 желтоқсанда, кешкі сағат алтыдан он төрт минөт өткенде басым көпшілік дауыспен қабылдады. Заң қабылданғаннан соң тура 30 минутт өткен соң, Түркия Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Әлемдік дипломатияның тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған болатын. Олай дейтінім, Тәуелсіздікті жариялап, еліміздің егемен­ді ел болғанын алғаш халыққа хабарлағанымды, жеткіз­генімді мақтанышпен айтамын. Енді аманшылық болса, көп уақыт өтпей Қазақстанның Тәуелсіздігіне жиырма жыл болады. Жиырма жыл үлкен тарих болмаса да, бірақ осы 20 жылдың ішінде Қазақ халқы өзінің Президентін қолдап, 500 жылдан бері жетпеген жетістігімізге қол жеткіздік. Елбасының жарлығымен 16 желтоқсан ресми Тәуелсіздік күні және жалпы халықтық салтанатты мейрам болып жарияланды. Қазақстан Республикасы бүгінде тәуелсіз демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, өзін таныта білді. Жалпы, Тәуелсіздік баға жетпес қымбат қазынамыз. - Аға, осы конституцияны қабылдау мен оны қалып­тас­тырудың аралығын­да күрделі мәселелер болатыны сөзсіз. Енді осы жайында толықтыра кетсеңіз? - Конститутция деген бұл мемлекеттің негізгі заңы. Ал біздің Қазақ елі «Ата заңымыз» дейді. Қазақ атасын сыйлаған. Сондықтан да негізгі заңымызды «Ата заң» деп атаймыз. Шын мәнінде, бұл біздің халықтың таңдаған ата заңы. Бұл заңда еліміздер тұратын азаматтардың құқықтары мен олардың міндеттері көрсетілген. Содан кейін мемлекеттің құрылымы жазылған. Осының бәрі біздің конститутцияда көрсетілген. Біз осы Қазақстанның бұрынғы тоталитарлық жүйедегі тарихын қосатын болсақ, бізде бес конститутция қабылданған екен. Оның үшеуі тоталитарлық жүйенің кезінде болды. Ол кезде орталық бізге үлкен құқықтарды бере қойған жоқ. Ал енді, өзіміздің Тәуелсіздік жағдайымызда қабылданған екі конституциямыз бар. Оның алғашқысы үлкен дайындықпен 1993 жылы, ал екіншісі 1995 жылы қабылданды. – Аға, осындай көп да­йындықпен жасалған алғаш­қы Конституциямыздың екі жылдың ішінде қайта қабыл­дануының сыры неде? 1995 жылғы Ата Заңды қайта қа­был­дауға қандай себеп болды? - Алғаш Конституцияны қабылдағанда біз президенттің басқару формасын елімізге енгізгеннен кейін, біртұтас мемлекеттік билікті үшке бөлдік. -Атқару-басқару билігі; -Заң шығару билігі; -Сот билігі; Бірақ сол кезде прези­денттің өкілеттігі аса мол етіп шешіле қойған жоқ. Елімізде көптеген өзгерістер белең алып жатты. Олқы тұсы мемлекеттік билікті заң шығармашылық, атқарушы және сот тармақтарына бөлудегі айқындықтың болмауынан, Президенттің өкілеттіктері мен құқықтарын жете белгілемеуден көрініс берді. Сондай-ақ, елімізде болып жатқан демократиялық процестерді айшықтай түсу қажеттігі туындады. Яғни, саяси және экономикалық реформалар нәтижесінде мемлекет пен жеке тұлға арасындағы қатынастарды нақтылау күн тәртібіне шыға бастады. Жаңа Конституцияны қабылдаудың саяси қажеттілігі республиканың егемендігін ең жоғары құқықтық деңгейде баянды етуден алға тартылды. Сондықтан да, екі жыл өтпей жатып, 1995 жылы Конситутция қабылдадық. Біздің республикамызда бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне көшу эволюциялық жолмен жүзеге асты, бірақ бұл процесс өз орнынан айырылғалы тұрған консервативтік күштердің қарсылығынсыз өткен жоқ. Конституцияны қабылдау кезінде көшелерге танкілер шыққан Ресейдегідей ашық сипат алмағанымен, әртүрлі бағыттағы блоктардың қасарысуы көзге ұрып тұрды. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тұжырым­дауынша Қазақстан Респуб­ликасының 1993 жылғы Конституциясы ымырашылдық Конституция болды. Сол тұстағы қазақстандық қоғам “демократиялық масайрау”, “бостандық пен тәуелсіздіктен масайрау” көңіл-күйін кешуде еді. Осыдан келіп тіл, қос азаматтық мәселелері, этностық мүдделерді саудаға салу, тағы басқа келеңсіздіктер қоғам дамуының ырғағына сызат түсіре бастағаны мәлім.1995 жылғы Конституцияны қабылдаудың тағы бір себебі – экономикалық қажеттілік еді. 1993 жылғы Конституция бойынша жерге жеке меншікке жол берілмейтін. Алайда, тәжірибе көрсеткеніндей, жерді жеке меншікке бермейінше, толыққанды нарықтық қатынастарды дамыту мүмкін емес. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепілдік берілмейінше отандық өндірісшілеріміз де, шетелдік инвесторлар да капиталдық тәуекелдікке бара алмайды. Жағдайды басқа арнаға бұру ұмтылыстары байқалды. Қоғамда өріс ала бастаған жіктелу тұрақтылыққа, баяндылыққа қауіп төндірді. Сондай-ақ, Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына себептер қатарына аса қажетті болған сот реформаларын жатқызар едім. 1993 жылдың Конституциясы бұрынғы сот жүйесін консервациялап тастады, одан шын мәніндегі тәуелсіз соттың негізі орын таппады. Судьяларды тағайындау тәртібі олардың тәуелсіздігіне кепілдік бере алмады. ҚР Конституциялық сотының қызметі мен құқық­тық негіздері де қайтадан қарауды талап етті. Осы органның 1995 жылдың 6 наурызында 13-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесін заңсыз (легитимсіз) деп тапқан шешімі саяси дағдарыстың себеп-салдарына айналды. Жалпы алғанда сол кездегі ғалымдар Конституциялық сотты шамадан тыс саясиландырып жіберді. Осыдан барып Конституциялық сотты Конституциялық кеңес етіп қайта құрудың қажеттілігі саяси дағдарыстың алдын алу мақсатында жасалған оң шара дер едік. 1993 жылғы Конституция шеше алмаған тағдырлы, ең басты мәселелердің бірі – жоғары мемлекеттік билік органдарын ұйымдастыру проблемасы болғаны белгілі. Анығырақ айтсақ, билікті бөлісу принципін жүзеге асыру моделінің өтпелі кезең жағдайларына сай келмеуі, билік тармақтарының конституциялық-құқықтық мәртебелерін анықтаудағы қарама-қайшылықтар, мемлекеттік билік органдары арасындағы тартыстарды шешудің тетігін жете анықтамау қызмет үйлесімін тежей бастады. Оның үстіне, жергілікті билік органдарының конституциялық негіздерінде де айтарлықтай кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар орын алды. -Ал 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституцияның бір-бірінен айырмашылығы болды ма? Болса қандай? – Екі Ата Заңымызды алып қарайтын болсақ, айтарлықтай айырмашылық бар дей алмаймын. Ата Заңның бұрынғы құрылымының жалпы қалпы сол күйінде сақталды. Дегенмен айырмашылығы сонда – анағұрлым икемді президенттік басқаруға өкілеттіліктер көптеп берілді. Сонымен қатар Парламенттің құқықтары кеңейтіліп, құзыреті біршама арттырылды. Мысалы, заң шығарушы орган Үкіметтің, министрлердің, өзге де органдардың есебін тыңдап, шақырып отыратын жағдайға жетті. -Бүгінгі күнгі конституция­лық заңнамаға көңіліңіз тола ма? Әлде өзгертулер керек деп ойлайсыз ба? -Әрбір Конситутция қабыл­данғанымен, өмір талап етсе түрлі өзгерістер енгізіле береді. Қатып қалған, өзгермейтін заң жоқ. Өйткені, заң қаншалықты демократиялы болғанымен өмірдің көрінісі, өмірдің байлығы демократияның өркендеуіне шек жоқ. Сондықтанда өміріміз талап етіп жатса, халық қолдап жатса ондай өзгерістер ене береді. Халықтың тілегі, халықтың талабы, ол мемлекеттің талабымен қатар, осы мемлекетті сүйгендіктің, қолдағандықтың белгісі деп санаймын. -Аға, осы еліміздегі күрделі мәселелер қаншалықты заң жүзінде шешіліп жатыр? - Менің ойымша дәл бүгінгі біздің заңдарымыз көптеген мемлекеттердің алдындағы проблемаларды шешіп жатыр. Сол заңдағы көрсетілген талап-тілектердің бәрін, халықтың талабын орындасақ, соғұрлым құқықтық мемлекетке жол саламыз. Біз осыны айтамыз да, бірақ соңынан бұл талаптарды орындауға әр уақытта ұқыпты қарамаймыз. Сондықтан мен айтқан болар едім, әрбір Қазақстан азаматы сол заңдарға, еліміздің заңы болғандықтан аса үлкен құрметпен қарап, орындауға тырысу керек. -Аға, әрбір азаматтың парызы өз отанының алдында қызмет ету және қолынан келгенше өз үлесін қосу. Сіз елім үшін не істей алдым деп ойлайсыз? - Мен аса бай болмасам да, өзімнің жеке жоғарғы оқу орным бар. Содан тапқан табысымның барлығын елдің игілігіне жараттым десем артық айтпаған болар едім. Біріншіден мен өзімнің туып-өскен ауылыма, яғни Жаңақорған ауданына үлкен 3 қабатты мешіт салдырдым, Сонымен қатар, бүкіл мұсылман халқының атасы Хиссамидин Сығанаки деген кісі болған, ол 1132 жылы дүниеге келіп, 1199 жылы 67 жасында қайтыс болған. Жаңақорған ауданының түбіндегі «Сығанақ» деген, қазақ халқының ең көне астанасында жерленген. Ол кісінің зиратын халық болып, ел болып қайта ұйымдастырған болатынбыз. Ал өзім, Хиссамидин бабамыздың және Бексұлтан Байкенжеевтің мүсінін жасатып аудан орталығына қойдырдым. Және Үміт деген он құрсақ көтерген әйел, сол балаларының барлығын соғысқа аттандырып, біреуі ғана тірі оралған. Батыр ана бар. Сол кісінің мүсінін жасаттық, әр мүсіннің биіктігі 4 метр, салмағы әр қайсысының 6,5 тонна қоладан жасалған. Мен бұл істерді мақтанышпен емес, аз да болса тапқан табысымнан еліме бөліскенімнің белгісі деп айтар едім. -Сұлтан аға, ұлт мерейін көтерген Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай қазақ халқына, қалың оқырманға қандай тілек айтар едіңіз? - Енді біздің республикамыз 20 жылдығын тойлауға дайындалып жатыр. Менің әлі есімде «Беловежская пуща» дейміз ғой, сол «Беловежская пущада» 1991 жылы желтоқсанның сегізі күні Россияның, Беларусияның, Украйнаның мемлекет басшылары бұрынғы Одақты таратып, барлығына бостандық берді. Мен ойлаймын келешектебардық мемлекетте осы үш мемлекеттің батыр қайраткерлеріне, үшеуінің мәселені шешу жөнінде әңгімелесіп отырған, үлкен мүсіндерін қояды деп. Өйткені, осы 3 мемлекет қайраткерлері осындай шешімге келмесе бүгінгі бостандықты біз алар ма едік, алмас па едік? Ол үлкен сұрақ тудырған болар еді. Сондықтан біз ғана емес, бұрынғы Одаққа кіретін республика халықтарының барлығы өздерінің алғыстарын айтып жатыр, айта да береді. Шүкіршілік, біз бүгінгі күні осы тыныштыққа жеттік, осы саясатқа жеттік, мемлекетіміз Тәуелсіздікте өмір сүріп келе жатыр. Жалпы, бүгінгі күні менің тілегім әрбір жанға үлкен бақыт, қуанышты өмір тілеймін. Бастысы, келген қонақтарға әрқашан дастархандары жайылып жатса деймін. Өйткені, дастархан жаю деген-ол молшылықтың, мол бақыттың белгісі, осы қалыптасқан дәстүрінен ешқашан айрылмасын деп тілеймін.Ал, енді 20 жылдық мерейтойымызды бүкіл ел болып атап өтеміз. Бұл біздің тарихымыздағы үлкен оқиғалардың бірі болып саналады. Біз бостандық, тәуелсіздік таңында 20 жылдан бері өмір сүріп келе жатырмыз. Бостандықтан, тәуелсіздіктен артық ештеңе керегі жоқ. - Соңғы сұрақ, қазіргі уақытта тіл мәселесіне байланысты түрлі пікірлер болып жатыр? Өзіңізде естіген боларсыз, осы жайында не айтасыз? - Жалпы біздің елімізде ешкімнің біздің тілімізге қарсы шығуға қақысы жоқ. Өйткені, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі-қазақ тілі. Ал қазақ тіліне қарсы шықты деген сөз, ол қазақ халқына қарсы шықты деген сөзбен пара-пар. - Салмақты да салиқалы әңгімеңізге үлкен рахмет! Әсел РЗАЕВА