МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ – ЕЛ БІРЛІГІН ҚОЛДАУ!

Қадірменді тіл жанашырлары! Өздеріңізге мәлім, таяуда біз, ұлт зиялылары, партия, қоғамдық ұйым өкілдері, ақын-жазушылар, өзге де тіл жанашырлары бірлесіп, мемлекеттік тілдің бүгінгі аянышты жағдайы туралы ашық хат жарияладық. Ашық хатта Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау туралы мәселе көтердік. Себебі, 2-тармақта «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркес мемлекеттік тілге тұсау салып тұр. Осыған орай, 2011 жылдың 2 қазанында, жексенбі күні сағат 11-де, қалалық әкімшіліктің арнайы рұқсатымен, Алматы қаласындағы «Сарыарқа» кинотеатрының жанындағы алаңда «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткіземіз. КЕЛІҢІЗДЕР! ҚОЛДАУ БІЛДІРІҢІЗДЕР! Тілсіз – ұлт жойылады. Тілсіз – ұлттық құндылықтардың ешқайсысы да өркен жая алмайды. Егер біз мәңгүрттенбеген, өз бағыт-бағдары бар ұлт екендігімізді, рухани күш екендігімізді танытсақ қана, өзгелер де бізбен санасады. Рухы оянған, намысын жоғалтпаған ел екендігімізді айқындар кез келді. Бейбіт көңілмен, шынайы рухтастық жағдайда өтетін сол басқосуда шыншыл ой-пікір тоғыстыралық.

 

Ұйымдастыру комитеті