Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі

0
4521


       Кейінгі екі-үш жылда республикалық, халықаралық деңгейде түрлі мәдени-ғылыми мәнді шаралардың ұйытқысына айналып келе жатқан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тағы бір маңызды басқосуға бастамашы болды. Өскемен қаласында «Алтай – түрік әлемінің алтын бесігі» атты алғашқы Халықаралық форум өтті. Форум жұмысына Қазақстан, Ресей, Жапония, Түркия, Корея сияқты әлемнің 12 мемлекетінен танымал түркітанушылар, фотосуретшілер, дипломаттар мен ғалымдар қатысты. Түбі бір түркілердің басын қосып отырған айтулы форумның шымылдығын Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаев ашты. Алтын бесігі – Алтай болып отырған түрік әлемін насихаттап, осы бағытта ауқымды істер атқарып жатқан ғалымдарды форумның басталуымен құттықтады.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен Өскемен қаласында өтіп отырған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумның мақсаты – түбі бір түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және қайта жаңғырту, Алтайдың археологиялық және мәдени ескерткіштерін қалпына келтіру, кең мұрасын сақтау, Алтай өңірінің экологиялық және тарихи-мәдени әлеуетін тереңдете зерттеу жөніндегі мемлекетаралық жобалар құру және оларды іске асыру болып табылады – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай форумға қатысушыларға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.
– Алтай ежелден «өркениет бесігі» – Еуразия құрлығындағы көптеген түркі халықтарының атамекені саналады. Өзінің табиғатынан ғажайып өлке Еуразияның географиялық және саяси орталығы болып табылады. «Ұлы көші-қон» уақытында Таулы Алтай аумағы көне мәдени дәстүрлерді сақтаушылардың трансмиграциясы өткен «дәліз» болды. Шығыс пен батыс халықтарын бірлікке үндейтін ғажайып өңірдің қайта жаңғыруы жолында одан арғы қадамдарын айқындайтынына сенемін – делінген Президент құттықтауында.
Ғылыми форумның пленар­лық мәжілісі Дархан Мыңбайдың «Алтайтану және түріктану: жаңа кезең және жаңа талап» атты баяндамасымен өз жалғасын тапты.
– Біз, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, еліміздің тарихына, бастау-тамырына өте ықыласпен қараймыз. 2006 жылы 26 мамырда жастарға арнап оқыған тарихи дәрісінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлттар тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді, олар қоғамдық құндылықтар жүйесімен, білім беру жүйелерімен бәсекелеседі» деп атап көрсеткен болатын. Осы ойды бүгінгі алтай, түрік халықтары қарым-қатынасы, бауырластығы тұрғысынан байыптай қарсақ, шынында да бізге ортақ тарихымыздағы құндылықтарды қазіргі күннің шындығымен лайықты сабақтастыра білуіміз керек. Тәуелсіздік алғалы бері біз Түркияы Республикасымен, ТМД ішіндегі және оған енбейтін түркі елдерімен қоян-қолтық байланыс орнаттық. Астанада Елбасы идеясымен Түрік академиясы ашылды. Сондай-ақ Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университеті, Алматыдағы С.Демирел атындағы университет, басқа да университеттер абыройлы жұмыс істеп жатыр. Жалпы отандық гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттары мен университеттердің алтайтану мен түріктану бағытындағы зерттеулері жүйеленіп, салаланып келеді – деді өз баяндамасында.
Форумға арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Марқайған табиғаты, Тарбағатай тауы, жазиралы даласы бар Шығыс Қазақстан бүгін тарихи оқиғаның ұйымдастырушысы болып отыр. Түркі әлемінің мәдени-этнографиясын тануға, ғылыми ой өрбітуге ұйытқы болып отырған бүгінгі форум – барлығымыз үшін маңызды» – деді.
ТЮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов аталмыш форумды дәстүрге айналдырып, ЮНЕСКО-ның мамандарын, ғалымдарын шақыруды ұсынды. Бұған Шығыс Қазақстанның рухани-мәдени потенциалы, тәжірибесі бар екендігін атап өтті. Сонымен қатар жиынға Қазақстан Республикасындағы Түркияның төтенше және өкілетті елшісі Лале Улькер ханым, Қазақстан Республикасындағы Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Харад Юдзо, Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы Елшілігінің Консулы Квон Донг-Сок және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігі істеріндегі уақытша сенімді өкілі Сергей Тарасенко қатысты.
Соңғы ғылыми зерттеулер көрсеткендей Алтай – Қиыр Шығыстан Еуропаға дейінгі аралықты мекендейтін сан-алуан халықтардың атамекені. Берел қорғанындағы қазба жұмыстары адам өркениетінің ең ежелгі қоныстары осында орналасқанын тағы бір айшықтай түсті. Сондықтан Шығыс Қазақстан Түркі мәдениетінің жұрнағын қорғаушы өлке саналады.
Халықаралық Форуммен қатар, 17-27 тамыз аралығында ШҚО әкімдігі мен ТҮРКСОЙ Қазақстанда алғаш рет ТҮРКСОЙ VIII халықаралық фотосуретшілер зертханасын өткізді. Шараға Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Тува республикаларының өкілдері қатысты.
Форум аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Форум қатысушылары БАҚ, қоғамдық ұйымдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
27 тамызда Қатонқарағай ауданы Берел мұражайының маңында құрылған киіз үй қалашығында «Алтай – алтын бесігім» атты түркі тілдес халықтардың Халықаралық дәстүрлі музыкалық фестивалі өтті.
Айтулы Форум Ұлы Алтай халықтары мәдениеттерінің жанасуы һәм қайта өркендеуі жолындағы игі шара. Ия, мың жылда бір болып отырған (Әбіш Кекілбаев), мыңжылдық асыл қазыналарды саралап, мыңнан бір мезетте мыңсайрам әуендерімен асқар Алтай аспанын айшықты сазға бөлеген түбі бір түркілердің бұл қадамы іргелі істің бастауы болмақ.
Көктің исі бұрқырап ауада да,
Әр күн мұнда жаныңа дауа ғана.
Өр Алтайдан түркілер шыққан десек,
Шығыпты-ау Адам Ата-Хауа Ана да,
– деп ақын айтқандай, Берел қорымнан табылған соңғы ғылыми жаңалықтарға сүйенсек, Алтай тек түркілердің ғана емес, бүкіл адамзаттың бесігі екені де анық­талуда.
Сөзімізді биыл 20 жылдығын атап өтіп жатқан Тәуелсіздігімізді ең алғаш мойындаған туысқан Түркия Республикасы Президенті Абдулла Гүлдің осы форумға құттықтауымен қорытсақ:
«Қазақстан түркі тілдес мемлекеттер арасында ынтымақтастықты дамытуда маңызды үлес қосты. Бұл тұтас алғанда біздің туысқан халықтарымызды жақындастыруда маңызды тарихи қадам. Осындай маңызды шараның ұйым­дастырылуы біздің ортақ тарихымызда алтын әріптермен жазылатын болады».

Қазыбек ИСА

Абдулла ГҮЛ, 
Түркия Президенті:

БҰНДАЙ МАҢЫЗДЫ ШАРА  біздің ортақ ТАРИХЫМЫЗДА АЛТЫН ӘРІПТЕРМЕН жазылатын болады.

Мен Шығыс Қазақстан облысы басшылығы мен түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы «ТҮРКСОЙдың» ұйымдастыруымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумы аясында және Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Алтай – алтын бесігіміз» атты фестивальдың өткенін естіп, қуанышқа бөлендім.
Тәуелсіздік алған соңғы жиырма жылда Қазақстан саясат пен экономика саласында үлкен жетістіктерге жетті және әлемдік қауымдастық пен Орталық Азия аймағының лайықты және беделді мүшесіне айналды. Біз де туысқан және достық ниеттегі Қазақстанның табыстары мен жетістіктеріне қуанамыз. Мен оған қол жеткізуде нағыз көшбасшылық қарымын көрсеткен қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ осы үшін тағы да құттықтаймын.
Қазақстан түркі тілдес мемлекеттер арасында ынты­мақ­тастықты дамытуда маңызды үлес қосты. Бұл тұтас алғанда біздің туысқан халықтарымызды жақындастыруда маңызды тарихи қадам деуге болады. Осындай маңызды шараның ұйымдастырылуы біздің ортақ тарихымызда алтын әріптермен жазылатын болады.
Қазақстан біздің еліміздің аймақтағы маңызды әріптесіміз болып табылады. Біздің қарым-қатынастарымыз Қазақстан Републикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 2009 жылы Түркияға жасаған сапары кезінде қол қойылған келісімшарт арқылы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.
Мен әлемдік қауымдастық алдында түркі халықтарының мәдениетін көрсетуде және оны болашақ ұрпаққа табыстауда халықаралық форум өткізу сияқты тарихи жауапкершілікті мойнына алған Шығыс Қазақстан облысының басшылығы мен «ТҮРКСОЙ» ұйымын құттықтай отырып, оларға табыс тілеймін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз