ТІЛІН КЕССЕ ДЕ, ҮНДЕМЕЙТІН ҚАЗАҚТЫ ҚАЛАЙ ОЯТАМЫЗ?..
2011 ж. 19 тамыз
1866
0
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Тәуелсіздіктен бері де бір саябырсымаған тіл майданында қазақ тілі тағы бір соққыны бастан кешіріп отыр. Осы аптада Мәдениет министрлігі мемлекеттік тіл туралы заң жобасынан өтініштер мен оған берілетін жауаптардың тек қазақ тілінде болуы керектігі туралы норманы алып тастайтынын жеткізді. Оған, ең алдымен, орыстілді бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың жаппай қарсылық білдіруі бірден-бір себеп болып отыр.
Жуырда Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің жанынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындау үшін қырық шақты адамнан қоғамдық комиссия құрылып, аталған ұжым өкілдері өз жұмыстарының бастапқы нұсқасын ғаламторда жариялаған болатын. Онда бірқатар мамандық иелеріне, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық компания қызметкерлері және құқық қорғау, әскери қызмет, сот приставтарына мемлекеттік тілді міндеттеу мәселесі айтылған еді. Алайда артынша-ақ барша орыстілді басылымдар шулап қоя берген соң, бастама көтеруші министрлік сенімсіз сілтеген аяғын кері тартып, ғаламторда дау тудырған мәселелердің заң жобасына енгізілмейтінін жеткізіп, басу айтты. Ал қазақтілді қауым әлі «ұйқыда» жатыр. Аталған заң жобасының нұсқасы алғаш жарияланған сәтте де, оған орыстілді қауым наразылық білдіріп жатқанда да, артынан мәселе даукестердің пайдасына шешілгеннен кейін де үндемес кейпін бұзған жоқ.
Өткен аптадағы бір жиында Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева былай деп өкпе-ренішін білдірген еді: «Мемлекеттік тіл тағдырына келгенде билікті сынауға алдымызға жан салмаймыз. Ал егер ашық пікірталасқа шығуға келсек, орыстілді қауымға мұны түсіндіруді ешбір зиялы, ешбір тіл жанашыры істеп жатқан жоқ. Бес күннің ішінде орыстілді интернет ресурсында заң жобасы жөнінде бес мыңнан астам пікір жазылды. Қазақтілді бірде-бір БАҚ жұмған аузын ашқан жоқ. «Мәдениет министрлігі не істейді екен, жағдайдан қалай құтылып шығады екен?» деп сын көзбен тасадан қарап отыр».
Расында, солай болды ғой. Бұл мәселе аса маңызы жоқ, қатардағы тақырып болса, барша орыстілді басылымдар осылай өре түрегелер ме еді? «Е-е, ол әншейін құжат қой, оған қарап жатқан ешкім жоқ, орысшамызды сөйлей береміз» деп самарқаулық танытып, тыныш жатқан ешқайсысы жоқ. Газет-журнал, түрлі қоғамдық ұйымдар, орыстілді саясаттанушылар, сарапшылар, заңгерлердің тайлы-таяғына дейін қалмай үн қатты. Орыс, славян және казак ұйымдары, «Лад» қозғалысының беделді өкілдері түрлі басылымдардың алғашқы бетінен түскен жоқ...
Қазақ тілінің жанашырлары қайда?
Біз ше? Жазғы демалыс па? Зиялы қайда, БАҚ қайда, ұлтшылдық бағыттағы қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, партиялар қайда? Өзін бір кездегі Алаш партиясының ізбасарымыз деп таныстыратын «Ақ жол» қайда? Дардай бір атауды иемденіп жүрген «Руханият» қайда? «Ұлт тағдыры», «Қазақ тілі» қоғамы, «Мемлекеттік тіл» қозғалысы қайда? Әлде біздің зиялы нақты өмірді ысырып, көне тарихтан үзінділер жариялап, бабаларымыздың қалай батыр болғанын айтып, балбал тастардың маңында суретке түсу арқылы да ұлтжандылық имиджін қалыптастыруға болады деген тұжырымға біржола тоқтады ма? БАҚ үндемесе, интеллектуалдар архивте жүрсе, ұйымдар мен қозғалыстар – кезекті демалыста.
Партиялар саяси науқанды ғана торып жүр. Сонда бұл мемлекеттік тіл мәселесі кімге керек болды? Әлде қазақ баспасөздері мен ұйымдары 20 жыл сөз етіп келген руханият тақырыбынан біржола шаршады ма? Шаршасақ, тіл майданындағы жеңілісімізді ресми түрде мойындап, өзге халыққа жол берейік.
Аталған дау туындаған екі аптаның ішінде зиялы топ арасынан осыған қатысты үн қатқан адам бар ма екен? Өз басым бірді-екілі басылымнан саясаттанушы Айдос Сарымды ғана жолықтырдым. Оның өзін орыстілді басылымдар жабыла төмпештеуге кірісті.
Айтпақшы, болар іс болып қойғаннан кейін қазақ басылымдарының арасынан бұл мәселені министрліктің жеңілісіне балап, шоқ-шоқтап тұрған жарияланымдарды кездестірдік. Бұл бір ғана министрліктің я мекеменің жеңілісі емес қой, жаны қазақ қауымның ортақ қайғысы емес пе? Әу баста «аталған заң жобасын талқылауға қоғамның барлық өкілдері атсалыса алады» делінген болатын. Қоғамның орыстілді бөлігі өз ұпайын артығымен түгендеді. Орыс тілінің аясын мысқалдай тарылтпау үшін айқасқа түсті. Бабаларының «На войне все средства хороши» деген нақылына берік жүгініп, «кетемін» деп үркітті, «жазамын», «төңкеремін» деп қорқытты. Қысқасы, дегеніне жетті, арыз-талаптарын орындатты.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
– Бірден айтайын, біздің зиялы қауымнан қазір бәлендей бір үміт күту – бекер тірлік. Олар қазақтың мүддесін, қазақтың тілінің мүддесін былай қойғанда, өздерінің жеке басының, жеке шығармашылығының мүддесін жетістіре алмай жүр. Қазір біздің зиялы қауымның қоғамдағы алатын орны жоқтың қасы болып тұр. Сондықтан біздің зиялы топ бұл заң жобасына қатысты даудан сырт қалып, еш үн қатпағанына өз басым еш таңғалмаймын. Мен үшін бұл – қалыпты құбылыс. Ал тіл мәселесіне келетін болсақ, мүлде құралақан қалып жатырмыз деп те айта алмаймын, ілгерілеу бар. Дегенмен ол қайсыбір адамдардың, мекемелердің күш салуымен емес, өзінің табиғи қарқынымен дамып келе жатыр. Соған кедергі келтірушілер әлі де көп.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург:
– Біздің зиялы қауым қазір зиялы болмай қалған. Өзінің ұлттық мүддесіне келгенде көрмеген болып отыра беретін «үндеместік саясатқа» басады. Сондықтан халық өзі ояну керек. Тіл мәселесіне, жер мәселесіне келгенде үндемей қалған адамды азамат деп, зиялы деп атаудың қажеті жоқ. Мәдениет министрлігі игі бастама көтеріп жатқанын естіп, қуанып қалған едім. Бірақ олардың кері шегініс беріп жатқанын қазір ғана естіп отырмын. Орыстың шовинистік ұйымдарына төтеп бере алатындай жігерлі интеллектуалдар бізде әлі де жоқ. Жаңағы орысшыл ұйымдар – «біздің президентіміз – Медведев» деп ашық ұрандап жүрген адамдар. Сондықтан ресми билік те олардың сөзіне құлақ аса бергені дұрыс емес. Бүгін шулайды екен деп, құлағымыздың тыныштығы үшін тіліміздің тағдырын тағы кері айдаудың қажеті жоқ. Қазақ тілі түбі жеңіске жететінін сеземіз.
Сәкен КӨКЕНОВ,
"Алаш айнасы"