УАХАБИЛЕР АҒЫМЫ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕСІНЕ ҚАЙШЫ
2011 ж. 18 тамыз
1892
2
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Соңғы онжылдықта бүкіл әлем елдерінде сан түрлі радикалды діни қозғалыстардың, оның ішінде өз идеологиясын исламдық сенімге негіздеген экстремистік ұйымдардың да белсенділігі айтарлықтай бой көрсете бастады.
Қазақстан өз бағдарын барлық діндер мен конфессияларға тең жағдайда қарайтын зайырлы мемлекет ретінде ұстанады. Міне сол себептен де тәуелсіздік алған жылдардың ішінде экстремистік діни ұйымдардың эмиссарлары ел азаматтарын өз қозғалыстарының қатарына тартуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар дін мәселесіндегі бірнеше ондаған жылдарға созылған мемлекеттік бақылау мен шектеудің құрсауы тәуелсіздік алғаннан кейін босап, Қазақстан халқының діни теңдігінің дамуына жол ашылды. Осы кезеңнен бастап елде мешіттердің құрылысы қолға алынып, медіреселер ашыла бастады. Көптеген қазақ жастары діни білім алу үшін шет елге аттанды. Дегенмен, республика тұрғындарының басым бөлігінің діни сауаттылық деңгейі өте төмен болатын. Соның салдарынан көптеген азаматтар жат діни ағымдарды уағыздаушылардың үгіт-насихатына жеңіл бой алдырды.
Жоғарыда аталған жат діни ағымдардың бірі - «сәләфи».
«Сәләфи» қозғалысының негізін қалаушы сириялық шейх Ибн Теймия болатын. Ол Шыңғыс хан ұрпақтарының қол астында болған моңғол-түркі тайпаларының 13 ғасырдың соңы мен 14 ғасырдың басында мұсылман елдерінің басым бөлігіне билігі жүрген заманда өмір сүрген. Ибн Теймия ислам мемлекеттерінде дендеп тұрған барлық тауқімет пен қайғы-қасірет бастапқы шығу тектен ажыраумен байланысты деген қорытындыға келген. Ал ислам әлемінің күш-қуатын қайта жаңғырту үшін сол уақытта исламда қабылданған жаңашылдықтардан бас тарту керек деп есептеген.
18 ғасырда «сәләфи» ағымы араб ортасында өзінің идеялық жалғасын тауып, оны Ибн Теймияның ізбасары Мұхаммед ибн Абд әл-Уахаб дамыта түсті әрі жаңа діни-саяси қозғалыс оның есімімен уахаби деп аталды.
Әл-Уахаб доктринасы арабтардың түрік отаршылдығына қарсы ұлт азаттық күрестің идеологиялық негізі ретінде әзірленді. Оған исламдағы парсының шиит, түркінің сопылық бағыттары негіз болды.
Уахабилер Ибн Теймия мен әл-Уахаб іліміне сәйкес барлық жаңашылдықты және исламдағы ұлттық ерекшеліктерді түбегейлі жоққа шығарады. Қазіргі заманғы көптеген адамдар үшін уахабилердің «таза ислам» идеясы тартымды көрінетіндігін ескерте кеткен жөн. Өйткені ол көптеген наным-сенімнен, архайкалық дағдыдан, ғұрыптан бас тартуға шақырады. Бұдан бөлек, ондай қауымға кірген адам ешқандай қиындықсыз әрі еңбектенбей-ақ формалды түрде өзін басқалардан жоғары тұрмын деп санауға мүмкіндік алады, себебі ол өз сенімінің ең дұрыс екендігіне бек сенімді.
Уахабилер мұсылман өз пайымдауында Құран мен Хадистегі нақты түсініктерге сүйенуі керек және оларды түсіну үшін ақыл-ой дәлелі мен логика әдістерін пайдаланбауы қажет деп санайды. Қазақтың көптеген әдет-ғұрпы, мәселен, ата-бабаға немесе әулиелерге құран бағыштау олардың көзқарасы бойынша пұтқа табынушылық болып саналады, осыған сәйкес оған шектеу қойылып, жадыдан мәңгілікке өшірілуі тиіс. Шындығында олардың «таза исламға» шақыруы - мұсылмандарға ешкім тексермеген, ештеңемен дәлелденбеген Құран мәтіндерінің түсінігін телуге ниеттену болып табылады. Уахабилер Құранның нақты түсініктерінің қажеттілігі туралы айта келе бірден тиімді жағына ұмтылады, әрі қасиетті мәтіндерді өздерінің пайымынша түсіндіруге тырысып бағады. Бұл түсіндіруге кез келген қарсылықты олар Құранмен келіспеу деп бағалайды. Яғни, өздерімен ымыраға келмеген адамды іс жүзінде дінсіз деп санайды.
Дегенмен, Қазақстан мұсылмандарының басым бөлігі уахаби миссионерлері жүргізіп отырған үгіт-насихатқа пейіл танытып отырған жоқ. Бұл біздің елімізде экстремистік исламдық қозғалыстардың күш алуына жол берілмейтіндігіне кепіл бола алады. Соңғы уақытта айқын көрініс тауып отырған біздің еліміздің мұсылмандары арасында іріткі салуға ұмтылыстың, керісінше қазақтардың және Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық мұсылман этностарының рухани бірлігін нығайта түсетіндігі анық. Қазіргі уақытта республика аумағында орналасқан барлық мешіттерде еліміз үшін дәстүлі исламның басымдықтарын, сонымен қатар радикалды исламдық ілімнің қауіп-қатерлі екендігін кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Толықтай алғанда, қазақстандық қоғамда Қазақстанның мұсылмандар Діни басқармасынан айналып өтіп, жұмыс істеп жүрген шетелдік миссионерлер, оның ішінде уахабилер де діни-ағартушылық қызметпен айналысып жүргендер емес деген түсінік қалыптасқан. Бұл мұсылман қауымының арасына іріткі салуға талпыныстар біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қиындатып, жас мемлекетімізді ішкі және сыртқы саясаттағы жағдайда қиындыққа душар етеді.
Мәселен, уахаби қауымның басшылары уахаби идеясымен келіспегендердің барлығы дінсіздер деп жариялай отырып, біздің азаматтар арасында ымырасыз шиеленісті қоздырмақшы. Міне соның салдарынан туыстардың, тіпті бір отбасының ішінде де олардың арасындағы ынтымаққа сызат түседі. Бұдан әрі уахабилердің бөтен діндегілерге, атап айтқанда, христиандарға, буддистерге, сонымен қатар атеистерге де қарым-қатынасы теріс көзқараста өзгереді. Уахабилердің саны мен ықпалы күшейген кезде Қазақстанда тұрып жатқан сантүрлі дін өкілдері арасындағы оң қарым-қатынасты қолдауда айтарлықтай кедергілер туындауы мүмкін. Құранда жазылған шарттарды талап ете отырып, олар өздерінің түсініктері бойынша әйелдерді сонау орта ғасырда араб елдерінен келген хиджап кию дәстүріне қайта оралтуға күш салуда. Бұл талпыныстар қазақтардың басым бөлігінің әділ қарсылығына да ұшырап отыр. Өйткені бұл біздің барлық дәстүрімізге қарама-қайшы келеді және де Елбасы Н.Назарбаев та хиджапқа қатысты өзінің нақты пайымын білдірген болатын.
Кез келген еркін ойға кедергі болып отырған уахаби ілімнің догмалығы уақыт ықпалына қайшы жүріп келеді. Өйткені қазіргі заманғы әлемде ұлттың бәсекеге қабілеттігі адамдардың жаңаны қабылдай алу, басқа халықтан үйрену, ғылым мен өндірісті дамыту, өз өмірін жақсарту сынды мүмкіндіктерімен айқындалады.
http://www.inform.kz/kaz/
*Тақырып өзгертілді