Түсік - ең ауыр қылмыс екенін білесің бе?

немесе түсік (аборт) жасауға барар сылтауларымыз көңілге қаншалықты қонарлық?

аборт4 Бүгінгі күні жылтырағанның бәріне қызығып сәнге айналдыратын болдық емес пе. Ортамызға қарай пікірімізбен жүрісімізді де өзгертуге тырысамыз. Айналадағы жандардан қалғымыз келмей жанталасқан кезде ата-аналарымыз: «Ел өлсе сен де өлесің бе?» деп дүрсе қоя беретін. Қазір өзіне-өзі қол жұмсау да сәнге айналғандай. Осындай келеңсіздіктердің бірі – қолдан түсік жасау да қоғамдық алаңдаушылықтан өтіп жай өмірдің заңына айналып барады. Бұл дұрыс па? Ойланыңыз, оқыңыз!

Шамасы бірер ай бұрын жергілікті басылымдардың бірі - «Вечерный Талдыкорган» газетінде жас қыз өзінің сүйіктісінен бала көтеріп қалғандығын және ол жігіт баланы алдырып тастауын талап еткендігін жазып ақыл-кеңес сұраған екен. Оның жан айқайына қол ұшын бермек болған көпшілік қауым баланы алдырмауын айтып жатса, «жанашыр» тағы бір қыз: «Балаңды алдырып таста, ол сенің аяғыңа өмір бойы тұсау болады. Бүгінгі күні барлығы балаларын түсік арқылы алдырып тастап жүр емес пе?» деген «ақылын» оқыған соң қолға қалам алуға тура келді.

Бүгінгі күні қоғамда не істелмей жатыр? Өлім-жітім, қылмыс көбейіп бара жатыр деп байбалам саламыз. «Не деген заман, бірін-бірі көшеде тонап кетіп жатыр, балшы-балгерлер қаптап кетті, кішілер үлкенді сыйламайтын болды, бұлар ақырзаманның белгілері емес пе!» деп үлкен кісілер кейіп жүр. Ия, келісуге болады. Өз баламызды өлтіріп жатқанда сол ақырзаман неге келмейді деп ойланса қалай болар екен? Қазір жас қыздар некесіз жыныстық қатынасқа жиі түсіп, байқаусызда көтеріп қалған балаларын өз ықтиярымен алып тастауда. Бұған етіміз үйреніп кеткені соншалық – таныстарымыз түсік жасатқанын естісек малын соғымға сойғандай ғана әсер ететін халдеміз. Ал түсік деген – ауыр қылмыс, үлкен күнә емес пе? Қасиетті Құран Кәрімде «Кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе оның жазасы тозақта мәңгі қалу. Аллаһ оған қатты ашуланады, оған лағынет айтып және үлкен азап дайындайды»(Ниса, 93) делінген. Егер Жаратушымыз осылай десе онда өміріміз аяқталғанда не болмақпыз? Жас қыздар өздерінше сылтау жасағысы келеді. Біздің мақсатымыз - сол сылтауларды талдай отырып түсіктің алдын алу.

Осыдан біраз уақыт бұрын жас анамен сөйлескенімде былай деген еді: «Осыдан тура бір жыл бұрын мен аяғым ауыр екенін білдім. Жігітім мені аборт жасауға итермелеп басымды әбден қатырды. Өз ата-анам алыста тұратын. Сол күндерде мен тұман ішінде жүрген сияқты, миым істемей қалғандай еді. Бірақ мен интернеттегі түсік туралы сайтты оқыған соң көзім ашылғандай болды, ішімдегі баланы неде болса туамын деген ойға келдім. Қанша қиналсам да кішкене баламды босандым. Міне, балам қазір алты айға толды, істеген істеріне, қылықтарына бір тоймаймын. Түсік жасамағаныма сол кезден бері әлі де өз-өзіме дән ризамын!» Бұл оқиға өз-өзіне сенімді, басқалардың сөзін тыңдамай, баланы алдыру – нақақтан кісі өлтірумен тең екенін түсінген некен-саяқ жандардың бірі ғана. Жігітін де тыңдамай, әке-шешесінен де қорықпай, керек десеңіз туған-туыс, таныстардың сөзінен аттап өтіп осындай батыл шешімге келу ол қызға оңай соқпаған екен. Қаңқу сөздің бәрі артта қалды, «ит үреді, керуен көшеді» дегендей өсек-аяң да ол қыздың артынан еруі толастаған. Ал бірен-сараң айтылған айыптауларды естігенде баласының тәтті қылықтары жұбатады екен. Сіз де осындай ой шырмауында жүрген боларсыз. Екі ойлы жүрсеңіз бұл мақала сізге арналған.

Дәл осы қыз сияқты қыздарға «тек балаларыңның өмірін сақтап қалсаңдар болды, басқа қиындықтың бәрі артта қалады» дегің келеді. Кез келген затты жоғалтсаң сатып аласың, жанжалдассаң татуласасың, күйеуіңмен ажырассаң басқа күйеу табылады. Ал өзің өлтірген баланы саған кім қайтара алады? Түсіктен кейін артқа қайтар жол жоқ, өткен өмір келмейді. Сондықтан ислам дінінде ауыр күнә саналатын зинақорлық жайлы некесіз төсекке жатар алдында ойланған дұрыс болар. Баладан құтылған соң ешкім өзін жеңіл сезінбейді, ол мүмкін емес. Жан-тәнімен қыз бала түсікке ынтыққанымен ол қылмыс екенін жүрегінің түпкірінде бәрібір сақтайды. Жылдар, айлар өтседе де, тіпті қырық жылдан кейін де қандай сұмдық шешім екені өзіне ғана мәлім болады. Құрсақтағы бала ше? Ол анасының жып-жылы, жұмсақ құрсағында алаңсыз өсіп жатады. Осы ұяға кенеттен енгізілген дәрігердің аяусыз пышағы оны кескілеп өлтіреді. Ол бейшараның қашып құтыларға жері жоқ, ешкімді көмекке шақыра алмайды. Ең жақын адамы – анасы дәрігермен қосылып оны өлтіруде.

Түсік түрлері

Түсіктің бір сұмдық жері сол – туылмаған бала да туылған бала сияқты ауырсынуды сезеді. Бұл ғылымда дәлелденген. Жеті апталық (45-50 күндік) баланың өзі кәдімгі ересек адам секілді. Басы немесе бетінің бір жерін ауыртқан нәрседен қашады немесе қашуға әрекеттенеді. 11 аптада тек бет-жүзі емес, кол-аяқтары да ауыруды сезе бастайды. 13 аптада барлық дене мүшелерімен ауырсынудың не екенін сезетін болып қалады. Американың түсік жасағыш дәрігері – Бернард Натансон 12 апталық балаға жасалған түсікті УЗИ арқылы кинофильм етіп түсірген. Түсік кезінде бала пышақтан қашып құтылуға тырысып, жүрек соғысы екі есеге жиілеп, торға түскен балықтай бұлқынғанмен, сорғыш-пышақ баланың денесін ұстап алып бөлшектей бастайды. Сол кезде оның ауызы қатты шыңғырған адамдікіндей қатты ашылып қалған. Оның үнін әрине ешкім де естімейді... Фильм – «үнсіз шырқырау» деген атқа ие болды. Фильмді түсірген дәрігер тәубесіне келіп түсікке қарсы күресушілердің қатарына қосылған. Өз балаларын өлтіруге бара жатқан аналар құрсақтағы баласының қатты қиналып өлетінін, о дүниеде алдынан шығып «Анашым, мені неге сонша қинап өлтірдің?» деп сұрайтынын есте сақтаса...

Түсіктің да бірнеше түрлері болады. Тұзды түсік кезінде баланың азабы ең шырқау шегіне жетеді екен. Өсіп қалған баланың жүзіп жүрген суына ине арқылы тұзды су жіберіледі. Бала сол суды жұтады, сол сумен тыныс алады, терісі тұздан күйіп, жан шыдатпас азапты күй кешеді. Жаны қиналып, іші мен сырты түгел күйіп-жанып бір күн бойы ақырын жан тапсырады. Жоспар бойынша ертесі күні әйел баланы өлі күйінде туады.

Ендігі бір түрі гистеротомия деп аталады. Бұл кәдімгі кесарь тілігінің бір түрі. Тек баланы қажеті жоқ деп санаған аналар нәрестесі әжептеуір болып қалғанда осындай операция арқылы алдырады. Бұл жағдайда әйелдің іші жарылып, тірі бала алынады. Одан әрі дәрігер тірі баланы қандай әдіспен қаласа сол жолмен өлтіреді. Кейбір дәрігерлер жылап, аяқ-қолы қимылдап жатқан сәбиді тұншықтырса, кейбіреулер су толы шелекке салып тұншықтырып өлтіреді екен. Тағы бір жол - баланы жатырда жатқан жерінде кіндігін кесіп, оған баратын оттегінің жолын тоқтатып тастайды, ауа жетпей өлген бала далаға бес минуттан кейін шығарылып тасталады. Бұл түсік түрлерінің бірнешеуі ғана. Осының өзі жүрегінде титтей мейірімі бар жанды бей-жай қалдырмасы анық.

Мейлі, құрсақтағы жазықсыз сәбилер айқайлай алмайды екен, біз ересектер неге үнсізбіз. Мен сол сәбилердің атынан айқайлаудамын. Менің жазған осы бір мақалам алдағы уақытта ең құрығанда бір жанның өмірін сақтап қалса ол мен үшін үлкен жеңіс. Ойланыңыз. Бүгінгі таңда кітап, газет-журнал оқымайтын жастарымыз көп. Соларға әңгімелеп болсын, оқытып болсын, тіпті өзіңіз оқып берсеңіз де сіз де өз үлесіңізді тигізуге тырысыңыз. Осындай пікірді әрқайсымыз жүрегімізге ұялатып, басқаларға да ұялатсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Сізге бақыт сыйлайтын сәбиден артық ештеңе жоқ. Ақша да, оқу да, мансап та, байлық пен жаңа көлік те, тіпті сүйікті жігіт те бала сыйлайтын бақыттың орнын толтыра алмайды. Бала сыйлайтын тамаша бақыттан өзіңді ажырату ақымақтық.

Сенің аяғың ауырлаған сәттен бастап сен автоматты түрде «Ана» деген атқа ие боласың. «Болашақ» ана емес, нағыз Анасың. Сенің балаң қазірдің өзіңде бар, тек көзге көрінбейтіні болмаса ол да бала. Бұл әрбір әйел баласының өміріндегі ең маңызды оқиғаның бірі. Бірнеше айдан кейін өзіңнің ең жақын адамыңмен – сәбиіңмен кездесесің. Бұл өмірде болуы мүмкін ең үлкен бақыт деп есептеуге болады. Күйеусіз балаңмен бақытты отбасын құра аласың, ал баласыз күйеуіңмен бақытты бола алмайсың. Бұл өмірмен дәлелденген. Айналаңызға қараңыз. Осындай отбасылар сіздің де таныстарыңыздың арасында болуы мүмкін ғой. Күйеу табылар, ал ендігі жолы бала көтере аласың ба, жоқ па ол белгісіз. Егер баланы тусам ба әлде алдырсам ба деген ойда жүрсең, қолдайтын адам таппай жүрсең менің мақалам саған қол ұшын тигізер. Саған саусақтың арасында қалып қойған шаранаң түсіңе енген кезде өзіңді не деп жұбатасың?

Әйелдер өз ісіне көптеген ақталатын сылтаулар тауып алған. Солардың біразына жауап іздеп көрдік. Түсікке қатысты жиі айтылатын сылтауға ұқсас сұрақтар мен дұрыс бағыт берер жауаптар:

Ақша жоқта бала туып керегі не?

Кедейлік - ең бай деген адамның басына бір сәтте түсе салуы мүмкін нәрсе. Дәл сол сияқты келешекте сенің алдыңда не күтіп тұр? Байлық пен кедейлік адамның жүрегіндегі қанағатта жатыр. Аллаға шүкір етушіні бай деуге болады. Тағы бір мәселе сендей ойлаған шет елдіктер не істеп жатыр? Қазақтың балаларын асырап алуда. Неге оларда бала жоқ? Себебі олар да сен сияқты ойда болған. Ақшаны бірінші кезекке қойып баласын алдырып тастағаннан кейін жүрегінде Жаратушысы емес дүние тұрғандықтан Құдай оларға дүние берген де, «бала» атты ризықтарын алып қойған. Енді шет ел кезіп өздеріне біреудің керек қылмай тастап кеткен баласын асырап алуда. Сен де жүрегіңе имандылықты емес дүние кіргізбексің бе? Иман сезімін Аллаһ сүйген құлдарына ғана береді, ал дүниені кез келген адамға ұстата салады.

- Баланың әкесі ішкіш немесе нашақор, оның баласы да сондай болса қайтесің?

-Қанша жерден әкесі жаман болса да баланы қалай тәрбиелесең солай өседі. Ол ғылыммен дәлелденген. Кейде тәрбиелі, жақсы отбасыларда да балалары нашақор, араққұмар болып өседі. Сондықтан баласы да әкесіндей болып өседі деген сөз далбаса.

-Жігітің бала туралы білгенде сені тастап кетсе қайтесің?

-Мейлі, ол өзін-өзі бақыттан айыратын ақымақ болса тастап кетер. Бәрібір кейін қатесін түсінеді. Және тағы бір ескерер жайт - ол өз баласын сүйген қызынан болған баласын алдырып тастар ма екен? Егер сондай қадамға барып тұрса ол кез-келген күні-ақ сені тастап кетуі ықтимал. Себебі, жігітің сен ойлағандай сені сүймейтін болар.

-Аяғың ауыр болғаны үшін жұмыстан шығарып жіберсе қалай күн көресің?

-Баланы берген құдай сені және оны да аш қалдырмайды. Миллиондаған адам баласы мен аң-құстарды асырайтын Алланың бір сәбиді асырауға шамасы жетпес деймісің. «Бір қозы туса – бір бетеге артық өседі» деген мақал бар емес пе.

-Егер іштегі балаң мүгедек болып туылса қайтесің?

-Ондай сөздің бәрі бос сөз. Туылған бала да бір-екі жасында ауыру болып қалса керек емес заттай лақтыра салмайсың ғой.

-Жүктілік туралы анаң білген кезде не айтады?

-Анаңның анасы сен туғанда не айтты, ол да соны айтады деп ойлаймын. Не болса да бала жаратылып қойған және жақын арада дүниеге келеді. Анаң оны көргенде оны жақсы көріп кететініне сенімдімін. «Баланы өскенше бағасың, немерені өлгенше бағасың» деген мақал осындайды меңзеген болар.

-Көршілер не айтады?

-Бүкіл жұрт тек жалғызбасты аналарды ғана аңдып, өсек қылады деп ойлау қате. Адамдар туралы тек жақсылық ойлау керек. Бір күн айтар екі күн айтар, болды ғой содан кейін. Мақаланың басындағы кейіпкеріміздің де артынан қаңқу сөздер айтылған. Бірақ қазір оны кім жазғырып жатыр? Бәрі де уақытша ғана.

-Оқуыңды не істейсің?

-Оқу күте тұрады. Сен өміріңдегі ең бақытты кезеңге аяқ бастың. Ең бастысы - қазір сен және сенің балаң. Сенің аяғың ауыр, сені бүкіл әлем күте тұрсын. Академиялық демалыс туралы білетін боларсың?

-Анализ бен УЗИ баланың дені сау емес екенін көрсетті, оның үстіне тұмаумен ауырдың. Дәрігерлер саған түсік жасау туралы кеңес беріп отыр.

-Баланы мүгедек, ауру деп алдырып тастаған соң дені сау екенін біліп іші удай ашып жүрген аналар да көп қазір. Жоғарыда айтылғандай бала бір-екі жасында ауыру болып қалса емдетесің ғой, сол секілді неге іштегі баланың көзін құрту керек. Тұмау болып жүріп те талай келіншектер сап-сау бала туып алады.

-Әкесіз баланы қалай өсірмек­шісің?

- Күйеудің барлығы мен жоқтығы – уақытша нәрсе. Балажан ер-азаматтар жер бетінде толып жүр. Тіпті теңің табылмаса да бақытты өмір кеше аласың. Өйткені сенде балаң бар. Баласыз болсаң өз теңің табыла қалады деп ойлау қате. Күйеусіз де, баласыз да қалып қалудан сақтанғаның жөн болар. Күйеусіз отбасыдан гөрі, баласыз отбасылар бақытсыздау екенін айналаңнан іздесең мысал көптеп кездеседі.

-Мына қиын заманда сен балаға не бере аласың?

-Балаға ешқандай бағасы жоқ нәрсе - жарық дүниені, күнді көру бақытын сыйлайсың. Оған өзіңнің махаббатыңды және қамқорлығыңды бере аласың. Бұл өмір көрмей кеткеннен гөрі көп сыйлық емес пе?

-Бала тууға әлі тым ерте (немесе тым кеш) емес пе?

-Бала көтердің екен, демек бала тууға да шамаң жетеді деген сөз. Ерте ме кеш пе, оны Алла ғана шешеді. Адам өз жоспарымен емес, Алланың жоспарымен өмір сүреді.

-Бесінші, алтыншы, жетінші баланы туудың қажеті қанша?

-Бала көп болған сайын үйіңіз шаттыққа толы болады. Оған күмәнданбаңыз. Ержеткенде бір-біріне тіреу болып, жарасып өмір сүретін ұл-қыздарыңызға қарап шаттанатын боласыз. Жалғыз перзент өсірген үй мен көп балалы үйдің айырмашылығы көп екенін қартайғанда жақсы түсінесіз.

Сөз соңы

Сен жүкті болған сәттен бастап әлемдегі ең бақытты әйелге айналғаныңа сен! Қиналған сәттеріңде Алладан көмек сұра, біздің сұрағанымызды ол біз сұрамай тұрып-ақ беріп қойған. Тіпті қатты қиындық көрсең айналаңдағы адамдардан көмек сұра. Сонда жер бетінде ізгі жүректі жандардың көп екенін көресің. Тек өз қиындығыңмен жалғыз қалма. Әлі болмаған қиыншылықтан қорқып өз бақытыңды өзің өлтірме! Бір атақты адам: «Жол үстімен маған қарай дөңгелеп келе жатқан он түрлі жамандықтың тоғызы маған жетем дегенше құлап қалады, ал жалғыз қиыншылықпен күресуге әлім жетеді!» - деген екен. Қиындықты жеңетініңе сен. Барлық қиындықты сенім ғана жеңе алады!

ДАНИЯР Жанысов