Жұртты қуантып, тебіренте алмаған ақын өзін де қуанта алмайды

Тұманбай Молдағалиев, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: [caption id="attachment_8135" align="alignnone" width="500" caption="Туманбай1-1"][/caption]

– Аға, әдебиет әлемін дамытуға бір кісідей үлес қосып, қазақ поэзиясында өз атыңызды қалыптастырдыңыз. Осы жыр көшіне қалай келдіңіз?

-Ең алғашқы туындым, өзімнің туған жерімде, Алматы облысыЕңбекшіқазақ ауданында 1951 жылдың қараша айында жарыққа шықты. Содан бастап, жазуға деген ынтам, ниетім ауып, басылым беттеріне үнемі өлеңдерім жарияланып жүрді. КАЗГУ-дың 3 курсында оқып жүрген кезімде, «Комунизм таңы» деген облыстық газет болатын, қазір «Жетісу» газетіне екі өлеңімді жіберіп едім, олар «Украйн қызына» деген, өлеңімді жариялапты. Солай жүргенде, университет қабырғасында жас ақындар кеші өтті. Онда менің өлең оқимын деген ойым жоқ еді, қасымдағы досым тұрып, «Тұманбай да өлең шығарады» демесі бар ма. Қашып кете алмайсың, шығып бір-екі өлең оқыдым. Соның бірі, «Украйн қызына» деген өлеңімді жұрт жылы қабылдады, өздерінің ыстық ылыстарын білдірді. Осы әсермен, ертесінде журналистикада оқитын Мәтжан деген досым, «кеше сенің өлеңдеріңді мақтады ғой, оны «Қазақстан әйелдеріне» (ол кезде «Сталин жолы» болатын) алып барайық» деді. Ертесіне екеуміз барып, мен ішке кіріп, есік жақта отырған келіншекке жазған өлеңдерімді ұсындым. Төменде отырған келіншек оқыды да, төрде отырған әйелге берді, ол кісі журналдың бас редакторы Әтина Жакетова деген апай екен, ал өлеңімді алған Тұрсынхан Абдрахманова болып шықты. Кейін профессор, доктор болып, көптеген өлеңдері, кітаптарын жазды. Содан Жакетова айтты, «өлеңіңді басамыз, 5-інші нөмерге кетеді» деді. Сөйтіп менің алғашқы ақындық тұсауымды қазақтың екі әдемі қыздары кесіп еді.

- Сіздің еңбек жолыңыз қалай басталды, қандай басылымдарда жұмыс істедіңіз?

- Университетте оқып жүргенімде, басылым беттеріне өлеңдерім шығып, атымды ел аздап тани бастаған кездер болатын. «Қазақстан пионері», газетінде Сарғасқаев Сансызбай ағамыз, «Пионер» журналында Мұзафар Әлімбаев ағамыз, «Лениншіл жаста» Нығмет Ғабдуллин ағаларымыздың алдына жиі барып жүрдім. Олар менің өлеңдерімді ешқашан қайтарған емес. Бір күні әдеттегідей өлеңдерімді алып, Нығмет ағама бардым, ол кісі орнында жоқ екен, басқа бір кісі отыр. Сол кісіге өлеңімді көрсетіп едім, оқып отырып «сен филологияда оқисын-ау, журналистикада емес» деді. «Ия, филологияла оқимын». «Егер де журналистикада оқысаң осы уақытқа дейін очерк жазатын кезің болып еді. Оқуды бітірген соң, жұмысқа қайда барғың келеді» деді. Ол кезде 5 курсттың білімгерімін, «әзірге білмеймін негізі мектепке мұғалім болып барғым келеді» дедім. «Егер бізге шақырсақ, келесің бе?» деді. Әрине, деп қуанып кеттім. «Онда екі жеті өткеннен кейін маған келе ғой» деді. Содан журналистикада оқитын Бек Тоғысбаевтан сұрадым: «осындай жігітті танисын ба, мені жұмысқа алам деп айтты десем», «ол өзің очерктерін мақтап жүрген Сапар Байжанов қой, Нығметтің орнына келді деп естігенмін» деді. Сөйтіп екі жеті өткеннен кейін Сапар ағаның алдына бардым. Ол кісі газеттің бас редакторы Абай Бейсенбаевқа апарып, «менің сізге айтып жүрген Тұманбайым осы жігіт, бізге өлеңдерді қарайтын бір адам керек, осы баланы алсақ қайтеді» деді. Ол кісі «жарайды» деп, бір айлық сынақпен қабылдады. Содан сынағымның жиырмасыншы күндері Мәскеуден бір хат келді, Генрих Гейне туралы жазылған мақаланы бастығым Баймақанов Бекмырза аға аударуға берді. Бір күннен кейін тарсырманы орындап барсам, Бекмырза ағам іс сапарға кеттіпті, оның орнында Тілеген Қайдаров деген жас жігіт қалыпты. Содан Сапар ағаның кобинетіне кірсем Кәкімжан Қазыбаев бар екен, өзара сөйлесіп жатыр, «мына Тілеген аударманы жақсы аударыпты», Сапар аға да «жақсы екен» деді. Сосын мен «қандай аударма» деп едім, «мына Гейнені Тілеген аударыпты, керемет» деді олар. Сосын мен тұрып, «Гейнені мен аудардым, ол кісі аударған жоқ» дедім. «Ой, солай ма, деп дереу Кәкімжан аға Тілегенді шақырды. Ол «Тұманбай аударды Баймақанов жоқ болғаннан кейін, мен қол қойып әкелдім, бір де бір сөзі менікі емес» деді. Сосын Кәкімжан аға тұрды да, «Тұманбай аударса «сынақтан өттің» деп қағаз бермесек құдайдан ұят болады» деп, сейфін ашып бұйрық шығарып берді. Солай, 1956 жылдың 9 қаңтарынан бастап «Лениншіл жастың» қызметкері болдым. Екі айдан кейін «Пионер» журналына ауысып, Мұзафар Әлімбай ағамаздың орнына келдім. Ол жерде 2-3 жылдай қызмет атқардым. Осылай оқырман қауымның ыстық ілтипатымен, өз оқырмандарымды көбейте бастадым. 1957 жылы алғашқы өлеңдер жинағым “Студент дәптері” жарық көрді. Содан, 1958 жылы мені бір ауыздан ағаларымыз Жазушылар одағына мүшелікке қабылдады. Кейіннен Жазушылар одағында хатшы болып істедім, сосын осы «Балдырған» журналына келдім. Содан бері осы журналда жұмыс істеп жүрмін. Осылай менің жазушылық ғұмырым жалғасып, әлі күнге дейін біреуден ілгері, біреуден кейін, дамылдамай жазып келемін.

-Сіз, нәзік сырлы, ойлы да отты жырларыңызбен танылып, оқырман жүрегінен жол таптыңыз. Аға, осы шығармаларыңыз жайлы айтып беріңізші?

- Жоғарыда айтып өттім, тұңғыш өлеңдер жинағым 1957 жылы “Студент дәптері” деген атпен жарық көрді. 1960 жылы “Кәмила”. 1961 жылы “Көктем таңы”, 1963 жылы “Алатау қызы”, 1964 жылы “Ферюза туралы жыр”, 1965 жылы “Зулайды күндер”, 1966 жылы “Жүрегім менің сапарда” атты өлең жинақтарым шықты. Ал, 1967 жылы жарық көрген “Жаңа дәптер” атты кітабым үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атандым. Одан кейін, 1969 жылы “Ескерткіш”, 1970 жылы “Шақырады жаз мені”, 1972 жылы “Жүрек ояу қашанда” деген кітаптарым да оқушылардың ілтипатына бөленді. Сонымен қатар, орыс тілінде “Я — сын Семиречья”, “Первая встреча”, “Новая тетрадь” атты өлеңдер жинағым шықты. Сондай-ақ, көптеген ән мәтіндерім жарыққа шықты. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевтің, Еркеғали Рахмадиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Бекен Жамақаевтың, Әсет Бей­сеуов­тың, Ескендір Хасанғалиевтің әуендеріне мәтін жаздым.

-Аға, осыжазудан шаршап, қолыңызды бір сілтеген кездеріңіз болды ма?

-Жоқ, ешқашан болған емес, болмайды да. Жазу ешқашан адамды шаршатпайды. Өзің жақсы көріп, айналысқан ісіңнен жалықпайсың. Тіпті, соңғы кездері үдетіп жазып жүрмін. Бұл жерде осы мен танылған үстіне таныла түсейін деген ойым жоқ, тек Алланың берген дүниелерін қағазға түсіріп келемін.

- Бойыңыздағы өнер кімнен дарыған?

- Менің әкем ақын кісі болған екен. Алғашқы өлеңдерім шыққаннан кейін, ауылға барып, шешеме, әпкеме көйлек, атама шапан, кәмпиттерімді көтеріп бардым. Ол кезде әлі студентпін. Сонда атам тұрып айтты, «тұқымымызда ұры жоқ еді, бұл ақшаны қайдан алдың» деді. Содан шыққан өлеңдерімнің бір тобын ала барғанмын, ішінен 3-4 өлеңімді оқып едім, атам тұрып: «әкеңе тартқан екенсің, ал енді ала беріңдер баламның әкелгенін» деді. Содан білдім, әкемнің ақын болғанын.

-Аға, «өмірдің көбі кетіп, азы қалды», өкінішіңіз немесе ойда қалған армандарыңыз бар ма?

- Жоқ, менде ондай ой жоқ. Мен ешқашан болмайтын нәрсеге ұмтылып, үлкен роман жазамын деп талпынған адам емеспін. Өзімнің шамам жететін өлеңімді, үлкенді-кішілі поэмаларымды жаздым. Жалпы, маған өмір не сыйласа соны алдым, артық қомағай болғаным жоқ. Ешкімнің бағын қайтарып, алдын тосқан емеспін. Қадыр досым қайтыс боларынан екі апта бұрын маған хабарласып, ауырып қалғанын айтып, «Тұманбай, осы екеуміз бір адамбыз ғой» деді. «Иә, бір адамбыз» дедім мен. Сонда таң қаламын, оны неге айтты екен деп. Қадыр қазақтың әбедиет тарихындағы ұлы ақын еді.

- Бала дүниеге келгенде, оған жақсы ат қоюға тырысады. Өйткені, баланың болашағын оның қойылған атымен сәйкестендіріп, ырымдап жатады. Сіздің атыңызды неге Тұманбай қойған?

-Менің атым Тұманбай емес, Тұмабай екен. Әкемнің туған жеңгесі Әсіп апам қойған. Мен әкемнің тұңғыш баласымын. Әкемнің ағасының баласы Түменбай деген ағам бар екен, соған ұқсастырып қойған болар. Кейіннен Әсіп апам, «осы сенің атыңды Тұмабай қойып едім, Тұманбай деп атап кеткендеріне таң қаламын» дейтін. Солай менің атым Тұманбай болып кетті, енді Тұмабай десем болмайды ғой. Кейде осындай сұрақ қойғанда Тұмабайды есіме алып қоямын.

-Бүгінгі қазақ әдебиетінің деңгейі қандай деп ойлайсыз?

- Өте жоғары деңгейде деп санаймын. Қазақтың маңдайына біткен дарынды жазушыларымыз бен ақындарымыз құдайға шүкір, баршылық. Менің қатарымдағы прозашылардың біразы үлкен мәселелерді қозғап, қалам тербеп жүр. Ал ақындардан Мұзафар ағамыз бар, қазір жасы тоқсанға келіп қалды. Одан кейін Қадыр екеуміз едік, ол да кетіп қалды, енді кәрі ақыннан Мұхаффар ағам екеуміз қалдық. Ал, жастардан талантты, дарынды жастар баршылық, бірінен-бірі асып түседі.

-Аға, ұл-қыздарыңыздан немесе немерелеріңізден өзіңіздің жолыңызды қуып келе жатқандары бар ма?

-Ондай ешкім жоқ. Дегенмен менің балаларымның барлығы өте жақсы оқыды. Тұңғыш қызым математик болды, кенеттен 46 жасында дүниеден өтті. Одан кейінгі қызым Зәуреш дәрігер. Үшінші қызым Жазира ғылым кандидаты, төртінші қызым Жанна экономист болып жұмыс істеп жүр. Ұлым Дәурен, ол да экономист мамандығын меңгерді. Алланың берген 5 перзентін көрдім, олардан немерелерім бар. Жақында ғана бәйбішем кішкентай шөберемнің тұсауын кесіп келді. Солай шөбере де сүйіп отырмын.

-Ақын-жазушылар, жалпы шығармашылық адамдарыжыл мезгілдеріне байланысты немесе ғашық болған кезде өлең жазады дейді ғой. Сіздің өлеңдеріңіз қалай туады?

-Мен өзім көктем мезгілін қатты жақсы көремін. Көктеммен бірге оянатын сияқтымын. Сондықтан болар, «Көктем таңы», «Қош көктем» деген өлеңдер жинағым тегін аталмаса керек. Жақында бір кітабым шықты , «Арман адастырмайды» деген, енді тағы жаңа кітап жазып жатырмын. Менің мақсатым бұрынғыдан кем түсіп қалмай, «мына Тұманбай нашарлап кетіпті, несін жазып жүр» дегізбесем деймін. Жұртты қуантып, тебіренте алмаған ақын, өзін де қуанта алмайды.

-Еліміздегі қандай түйіткілді мәселелержаныңызға батады?

-Мен саясаттың адамы емеспін. Барлығы да жақсы болса екен деймін. Елдің болашағының кемел болатынына сенетін адаммын. Алда жақсы жылдар, жақсы күндер біздің елімізді күтіп тұрған секілді. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Егеменді ел болып, соған қол жеткізу не деген бақыт! Осының барлығы Елбасының кемеңгерлігі, ұлы саясаты деп білемін.

Әсел РЗАЕВА