2011 жылдың 1 тамызы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні

0
19710

Шейх Әбсаттар қажы дербісәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын.

Құрметті мұсылман бауырлар, қадірменді отандастар! Барша мұсылман жұрты асыға күтетін қасиетті Рамазан айына де келіп жеттік. Биыл еліміз 57 мұсылман елін біріктіретін Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуде. Осынау мәртебелі қызметте елімізге Аллаһ тағаладан зор абырой нәсіп етуін тілейік. Алдағы қыркүйекте Астанада ТМД бойынша қариялардың қасиетті Құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан халықаралық жарысын өткізбекпіз.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол мүбәрак ай. Бұл айда адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран түсірілді. Сондықтан да бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі-іс амалдардың өтемі өзге айларға қарағанда еселеп артады. Бұған қоса, бір түнгі құлшылығымызды мың айдан артық сауапқа жеткізетін Қадір түнінің осы айда берілуі де жайдан-жай емес. Себебі, әдеттегі әр түннің қасиеті ерекше.

Рамазан айында ораза ұстау – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде нақты бекітілген бес парыздың бірі. Бұл жайында Қасиетті Құранда: «Ей иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етіледі» («Бақара» сүресі, 183-аят)-делінген. Хадис-шәріпте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Аллаһ тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен және келешектегі күнәлары кешіріледі» деп ап-айқын айтылған. Демек, пенделікпен істеген кемшілік-қателіктерге өкініп, тәубаға келіп, сауабын Аллаһ тағаладан үміт ете ораза ұстау барша жамандықтарға кәффарат болатындығы хақ. Өйткені, ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Жаратқан Аллаһ ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат ойына келмеген жақсылығымен марапаттайды. Тағы бір құдси хадисте Аллаһ тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені, пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты».

Алайда, ораза тек таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәнді рухани тазартады. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе: «мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал, сабырлықтың сыйы – жәннат!

Бұл айда құлшылықтарын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылады. Яғни, Рамазан айында парыз амалдарды орындаған адам өзге айларда орындағаннан жетпіс есе артық сауапқа ие болады. Ризық-несібесі артады. Кімде-кім ораза ұстағанның аузын аштырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Бірде сахабалар ардақты Елшіге (с.ғ.с) келіп: «Уа, Аллаһтың расулы! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді» – дегенде Аллаһ елшісі (с.ғ.с): «Аллаһ тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын береді…» – деген.

Сондықтан кедей-ғаріптерді бір күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпірлердің жанынан табылсақ, Аллаһ тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз хақ.

Осы тұста, еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берілетін мол сауап үшін өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игі-іс шараларды мейлінше көп атқаруға шақырамын. Мұнымен қоса Рамазан айының құрметіне дүкенде де ішкілік атаулы сатылмаса жән тойлар мен мейрамханаларда құйылып, ішілмесе екен деп тілеймін.

Сөз соңында айтарым, оразаның жылдан-жылға он күнге кейін шегінуіне байланысты биыл тамыздың алғашқы күнінен басталып ыстық аптапқа тұспа-тұс келмек. Бұл өз кезегінде мұсылман жамағатының төзімділігі мен сабырлылығына сынақ. Жаздың аптап ыстығында ауыз бекітсек, хадисте айтылғандай жәннаттағы «Райан» қақпасының есігін ашуымызға септігін тигізер, иншаллах!

Құрметті әлеумет! Баршаңызды қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Жүздеріңізге нұр, жүректеріңізге иман шуағы ұялай бргей! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Аллах тағаланың құт-берекесі дари бергей!

Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия Мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің министрліктер мен салалар жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен ел халқына қасиетті Рамазан айына қатысты

ҮНДЕУІ

Құрметті мұсылмандар, отандастар» Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел тәулсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы атаулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақтастығы ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре – тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде.

Тәуелсіздігімізді алғалы бергі аз ғана мерзім ішінде еліміз аяғынан тік тұрып, қарқынды даму жолына түсті. Алла тағаланың мейірім-рахымы түсіп, Қазақстан жұрты мерейлі 20 жылдығын әлем алдында абыроймен, толағай табыс және берекелі-бірлік, ынтымақпен қарсы алып отыр. Небәрі жиырма жылда ғасырға татырлық орасан зор істер атқарылды. Халықаралық мәртебелі ұйымдарға төрағалық етті. Мұның қай-қайсы да елім, жерім, халқым деген әрбір отандасымыздың мақтаныш сезімі мен қуанышын тасытары сөзсіз. Бұл табыстарға кеңпейіл де жомарт халқымыздың бейбітшіліксүйгіш дархандығының үлесі мол деп білемін. Алла тағаладан еліміздің одан әрі биік белестерге көтеріле беруін тілеймін.

Мүмкіндігі бар отандастарымды осынау қасиетті де, берекеге толы айда Алла разылығы үшін игі істерді мейлінше көбірек жасауға шақырамын. Жыл сайын Рамазан айы келуімен дүкендер мен базарларда азық-түлік бағаларының күрт қымбаттап кететінін көріп жүрміз. Бұл, әрине, халықтың орынды наразылығын туғызады. Мүбәрак айда кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жасаған иеміздің мейірімін тілеп, азық-түліктің, қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердің бағасын 10 пайызға жеңілдетуге шақырамын. Қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық төлемақылар және телекоммунациялық байланыс тарифтері де осылай төмендетілсе.

Жұртымыз қасиетті айда Алла тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариғатымыз тиым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса. Себебі, ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың құдси хадисінде Алла тағала ішімдік ішкенді, ішкізгенді, сатқанды, сатып алғанды, сондай-ақ оны жасап шығарғанды лағынеттеген. Қаситті Құран кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, бұттарға табыну және бал ашатын оқтар – ластық, шайтанның істері. Мұратқа жетем десеңдер олардан аулақ болыңдар», – делінген («Маида» сүресі, 90-91 аят).

Бұл үндеу барша адамзат баласына мол ризық беруші Алла тағаланың разылығына біздің жұртымыз мұнан әрі қарай да бөленіп, сауабына ие бола берсе деген ізгі мақсаттан туып отыр. Сауапты амалдар жасаудың сәтін қолдан шығарып алмайық, ағайын!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз