Хан Кененің рухы асқақтаған күн

0
1485

Тарихтың ауыр күндерін басынан өткізген алаш баласы өз еркіндігіне қол жеткізген күннен бастап, жоғалтқанын іздеп, барын қадірлей білді. Тарихтың аты – тарих. Көзбен көрмесек те деректерге сүйеніп ой-пікірімізді жинақтап жектізетініміз ақиқат. Батырлар тұлпарының дүбірімен азаттық алған бұл маңғаз даланың иесі де киесі де қазақ. Сол қазаққа ұлы рух сүйемдей жер үшін ата жауымен алысып өткен ұлы балабарымыздан дарығаны ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Егемендіктің көк туы желбірегеннен бастап, алыс-жақынға сүйінші айтып, өзгенің қанжығасында кеткен жәдігерлерімізді қасиетті топырағымызға әкеле бастадық.

Оның басты дәлелі алып тай қазанның елге оралуы. Әрине, бұл исі қазақтың бөркін аспанға лақтырған даталы күні екені айтпаса да түсінікті, дей тұрғанмен әлі талай жауһарларымыз өзгенің архивінде шаң басып жатқанын біле тұра білмеске салынамыз. Өзін осы елдің азаматы санайтын кез келген қазақ баласы ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, асыл-қазынасының жоқшысы бола білуі міндет. Сонда ғана ұлттың мерейі тасып абыройы асқақтайды. Жиырма жылдан бері, жетістігіміз көп болғанмен, өкінетін жерімізде аз емес… Ең бастысы жоғалған рухты іздеп, соның қадыр-қасиетін арттруымыз керек еді. Амал не олай істей алмай келеміз. Мемлекет болып атсалысатын іске, қоғамдық ұйымдар жарғақ құлағы жастыққа тимей шауып жүр. Қадамдарына гүл бітсін дейік.

Шілденің 9-шы жұлдызында «Кенесары Хан» қоғамдық қорының президенті Кенесары ханның жетінші ұрпағы Талғат Шораұлы Айдаров мырзаның бастауымен елімізге белгілі бір топ зиялы қауым өкілдері айыр қалпақты қырғызстан еліне барып қайтты. Бұл сапардың әлқиссасы әу баста қырғыз еліндегі «Инсанат» қорының төрағасы Өмірбек Эгембердиевтің Алматыда болған сапарында негізі қаланыпты. Конференцияның мақсаты өткен тарихымыздағы құндылықтарымызды жоғалтып алмай сақтап қалу. Екі елдің ежелден келе жатқан туыстық қарым-қатынасын одан ары күшейту. Конференция Бішкектің «Даелия» мәдени орталығында өтті.
Сөз арасында айтып өткеніміздей елімізде болған қырғыздың белгілі азаматы Өмірбек «Кенесары хан» қорының мақсат-мүддесімен егжей-тегжейлі танысып шыққан соң, елдеріндегі бүгінгі берекесіздіктеріне қайыр болар деді ме, қазақ туысқандарына жата жабысып, өзі басқарып отырған «Инсанат» қорымен бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс білдірген. Өмірбектің бұл ойын қордың жетекшісі Мұхтархан Абаған халқымызға танымал тұлғалармен ақылдасса келе, ой-елегінен өткізіп барып, алдыңа келсе атаңның құнын кеш дегендей көрші елдің мақсатын білмекке, қырғыздарға атқа қонды. Көңілде күдік те жоқ емес-ті. Араға бір ғасырдан артық уақыт салып ағайындарымыз қателіктерін мойындарына алып жатса, бұл да өткеннің өкінішінің азда болса жеңілдегені емес пе? Оның үстіне қырғызстандағы қақтығыстан бір емес, екі бірдей президенттерінің елден қашуы адам санасына қандай әсер беретінін ойлай беріңіз? Осының бәрін қырғыздар біз Кенесарының қарғысына қалғандықан осындай берекесіздікке душар болып жатырмыз деп ойлатын сияқты. Солай болуы да әбден мүмкін. Сонымен не керек, шекара дегеніңіз болмаса сұт пісірім уақытта жетіп бардық. Қырғыз ағайындар қазақ зиялыларын қонақжайлық танытып шекарадан күтіп алды. Қандарында бар кішпейілдік пе, жоқ әлде бабаларының қателіктерін мойындарына алғаны ма, құрақ ұшып бәйек болды. Халықаралық деңгейде өткен айтулы жиын басында екі жақтың қас-қабақ аңдуымен басталып еді, бара-бара бірінің сөзіне бірі бас шұлғумен емен-жарқын әңгіме болды. Ұйымдастырушы Өмірбек Эгембердиев іс-шараның мақсат-мүддесіне тоқталып, былай деп ағынан жарылды. «Өткенімізге зер салсақ қырғыз-қазақтың тарихын бөліп-жарып қарауға болмайды. Ежелден бұл екі халықтың төскейде малы, төсекте басы қосылған. Сол үшін екі қордың бірігіп бір мақсатта жұмыс істеуі, сіздермен-біздерге тиімді деп ойлаймын» деді. Ары қарай сөз кезегі төл теңгеміздің авторы қазақтың ру-тайпаларына арналған сүбелі тарихи кітаптар шығарып жатқан «Алаш» тарихи – зерттеу орталығының президенті Хайролла Ғабжалилов «Қазақ пен Қырғыздың тамырының тереңде жатқан ұлт екенін, уақытша қиыншылықтардың күні ертең ұмыт болатынын, қайтсек болашақ ұрпаққа тілін, дінін, тарихын терең түсіндіріп, ертеңгі елдің ұлтжанды азаматтарына қандай қадамдарға бару керектігін атап өтті. Сондай-ақ, қолынан іс келетін азаматтардың шекараға қарамай ел мүддесі үшін аянбай қызмет істеулеріне ақ жол тілеп, қуанышын жасырып қала алмады. Ел игілігі үшін қандай да бір ұлағатты іске қолынан келген көмегін аяп қалмайтынын жеткізді». Көңілді тербеген, отты сөзге жиналған жұрт қайта-қайта қол соғып ризашылық танытты.
Елімізде Кенесары Ханның атын жамылған онға жуық қор бар. Сол қордың көбі не істеп, не қойып жатқанын өздері де білмейді. Тек қорды тіркетіп алғанмен, қаржының жоқтығына байланысты нәтижелі жұмыс істеп жатқандары шамалы. Бірақ ұлы ханға он қорда көптік етпейді. Барлық қордың мақсаты тек біреу ғана! Ұлы батырдың бас сүйегін елге әкеліп денісімен бірге арулап жерлеу. Ұлттың мерейін асырып, рухын асқақтату.
Қырғыз Ғылым академия­сының академигі сексеннің сеңгіріне шыққан көрнекті ғалым Мырзабек Иманалиев ақсақал сөзге шыққанда айырқалпақтылар атағы алысқа кеткен көрнекті ғалымдарының әр сөзін жерге түсірмей қағазға түсіріп отырды. Ұлттың арындай бұл ақсақалды бәрі төбесіне көтеретіні қол шапалқтастарынан-ақ белгілі болды. Аспай-саспай сөз бастаған ғалым «Қазақ пен Қырғыздың өрісі бір. Екі елдің осындай игі бастамасы ынтымағымызды арттырып, тарихымыздың кең қанат жаюына көмектесетіндігін ашып айтты. Сонымен қатар, қиын-қыстау кезеңде қаржылық жақтан көмектескен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атына шексіз алғысын жеткізіп, қазақ елінің жеткен жетістіктеріне өзіміз қол жеткізгендей қуанамыз», – деп ағжарма тілегін ақтарып тастады. Ұлы батыр Кенесары қазақ пен қырғыздың бір жағадан бас шығарып, өз алдына түтін түтетуін аңсап, құрыштай мықты елдің саясатына қарсы тұрғаны белгілі. Бірақ көктен тілеген тілек, қасында жүрген опасыздардың кесірінен асқақ арманды жер құштырды. Жә, бұның бәрі өткен тарихтың жаңғырығы. Ендігі мақсатымыз не болмақ? Қайтсек, жоғымызды толықтап, барымыздың бағасын арттырамыз?! Халықаралық конференцияда елге белгілі азаматтар сөз жарыстыру үшін мінбеге көтерілген жоқ. Елдің өткен кеткен тарихына байланысты әңгімені тереңнен қозғап, дәлелдер арқылы ойларын көпке жеткізді. Тарих ғылымдарының докторы Қамбар Атабаев «Қыз алысып, қыз беріскен екі ұлттың бір-біріне тарих жағынан жақын екенін, өткен дәуірімізде көп шындықтың бұрмаланып, теріс түсіндірілгенін ашып айтты». Рас, шындықтың қашанда жолы ауыр. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ақиқат бар, бірақ ол біршама кешігіп жүреді» деген сөзі осындай да еріксіз ойға оралады. Мемлекет және қоғам қайраткері Ишенбай Әбдіразақов «Қазақ халқының тарихы тереңде жатыр. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов пен ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының Манас жырын өз бастарына төнген ауыртпалыққа қарамай, қорғағандарын біз ешқашанда ұмытпаймыз. Сіздердің қарыштап дамып келе жатқан қадамдарыңызға әрқашанда сәттілік тілейміз, әрі сіздерден үлгі алуға тырысамыз». деді. «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Сейітқапар Мамадалиев екі елдің ғылым техника жағын тілге тиек етіп, болашақ даму жоспары туралы сөз өрбітсе, ғалым Жанұзақ Әкімұлы «Жаһандану дәуірінде бір ұлтты бір ұлттың жұтып қою қаупі бар екенін, тек алпауыттарға жем болмау үшін тереңде жатқан тарихымызды тірілтіп, Қырғызбен қазақтың бүгінгі бет-бейнесі, ертеңгі болашағы үшін ұлттық құндылықтарды басты орынға қоюымыз керек» – деді.
Орманхан манаптың шөбересі қоғамдық бірлестігінің төраға мүшесі, КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Шәмшібек Медетбеков (көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне Шәмшібек деп қойған) арнайы сөз алып, қырғыздар атынан қазақ бауырластарына ыстық ықыластарын жеткізіп Кенесарының ұрпағы Талғат Шораұлымен қордың атқарушы директоры Мұхтархан Абағанға шапан жауып сый-сияпат көрсетті. Тарихшы Ташмамбет Кенесариев, (Кенесары бабамыздың құрметіне қойылған) Заңгер Шолпан Баекова, Ишенгүл Садықова, Құлбек Бөкенбаевтар өз ойларын ортаға салды. Наурызбай батырдың ұрпағы Айсара Ысқақова апамыз ақ батасын берді. Қордай ауданы Қарасай ауылының әкімі Жандос Алтыбаев сынды белгілі азаматтар сөз сөйлеп, Кенесарымен Наурызбайдың Қарасай ауылындағы ескерткішіне алдағы уақытта жарық тартылып, әкімшіліктің қармағына алынатынын жеткізді. Қорытынды сөз алған «Кенесары қорының» атқарушы директоры Мұхтархан Абаған «Тарихымызға сын көзбен емес, шын көзбен қарайық, оны жинақтап кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Сонда ғана өткенге деген өкінішіміздің орны толатын болады», – деп, кесімді ой айтып, Кенесары ханның құрпағы Талғат Айдаровпен Орманханның шөбересі Шәмшібекті ортаға шақырып, қол алыстырып, төс қағыстырды. Ұзаққа созылған жиынның бар қортындысы осы болғандай, жиналған қауымның жүзіндегі шаттықтың белгісін көрсеңіз, тілмен айтып жеткізу қиын. Сонымен қырғыз ағайындардың мұрындық болуымен тариыхтың бір беті ұлы батырымыз Кенесарының аруағына құран бағышталып, ас берумен жабылды. Алдағы уақытта екі қордың ұжымы бір мақсатта жұмыс жүргізетін болады. Алаштың алдаспан ақыны Мағжан Жұмабаев «Алашта Кенекемдей ер тумайды» деп жырға қосқаны белгілі. Ұлы ханның бас сүйегі елге оралатын болса, қазақтың күні бұл күннен де жарық әрі нұрлы болатынына сенімім мол. Өйткені хан Кене ұлттың айбары мен намысы, ұяты мен ары. Ең бастысы рухы. Рухын жоғалтқан ұлт өз мүддесін қорғай алмайды. Ал біздің рухымыз тәнінен ажырап қалған бас сияқты. Ақын тілімен айтсақ, «Қазақ бүгін Кенесары, Кеудесі бар басы жоқ» ащы да босла ақиқаты осы! Қырғыздар не үшін ойда-жоқта Кенесарыға ас беруді ойластырды. Себебі, тыныштығы кетіп, берекесі қашқан елдің болшағына алаңдағандықтан осы қадамға барып отыр. Тарих қашанда ақиқатқа айналып соғады. Ал біз Хан Кененің бас сүйегін елге әкелуге енжарлық танытып отырмыз. Бұл жақсылық емес, ертеңіміздің нұрлы бүгініміздің баянды болуы үшін ата-бабамыздың рухының алдында бетіміз жарық болу керек. Ендеше, ойланайық, ағайын!

Ерғали БАҚАШ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз