Ақтөбедегі айқастың астары

Шубарши-3 Бірнеше ай бойы Маңғыстаудағы ереуіл не болып жатыр екен деп елеңдеп отырған елдің назары енді бес-алты күннен бері Ақтөбеге ауды. Полицияның екі бірдей қызметкерін атып кетуден басталған қақтығыс туралы әртүрлі алып-қашпа пікір ақпарат құралдары бетінде қаптап жүр. Олардың көбі «ваххабистердің сойқаны бұл» дегенге саяды. Шын мәнінде де солай ма? Біз өткен аптада сол өңірге жолымыз түсіп қалды да, жергілікті азаматтардан бұндай қанды оқиға қандай себептерден туындады деген сұраққа жауап іздеуге тырысып көрдік. Сонда түйгеніміз мынау болды.   Ең алдымен бұл жерде барлық бәле діни ағымдағылардан шықты деп үзілді-кесілді айтуға болмайтын сияқты. Әрине, ол факторды ескермеудің де жөні келмес, дегенмен, негізгі фактор етіп алудың қисыны тағы жоқ. Олай дейтініміз, ең үлкен мәселе экономикалық-әлеуметтік салада, дәлірек айтқанда жұмыссыздықта, жұмыс болған жердің өзінде орын алып отырған әділетсіздік пен теңсіздікте жатса керек. Ақтөбенің казіргі таңдағы басты байлығы – мұнайы екендігі, ал, сол мұнайдың толығымен дерлік қытайлықтардың қолында екендігі, қытай­лықтардың жергілікті қазақ жұмысшыларын адам орнына санамайтыны туралы, қазақтың «А,Құдай!» деп емес, «А,Қытай!» дейтін болғанының өзіне бірнеше жылдың жүзі толғаны жайлы жазыла-жазыла жауыр болды. Бірақ, баспасөз жазып жатыр екен деп қылшығы қисайған қытайлықтар жоқ. Баяғы жартас – бір жартас, бұрынғы саясаты күшеймесе әлсірер түрі көрінбейді. Оларды, тек оларды ғана емес, Қазақстандағы барлық шетелдік компанияларды солай тайраңдатып қойып отырған біздің өзіміз, өзіміздің «сүйікті» билігіміз. Қысқасы, көкте – Құдай, жерде – Қытай! Қара халықтың қолынан келер түк жоқ. Сол Жаңажол, еңқияқты жұмыссыздық жайлаған дейді жергілікті жігіттер. Еті тірілеу азаматтар не істеген? Олар жиған-терген ақшасына «нефтевоз» деп аталатын, 5-6 тонна мұнай кететін машиналар сатып алған-дағы құбырдан мұнай ұрлаумен айналысқан. Құбырды тесіп, насос қойып беретін шеберлер еңбегіне 2 мың доллар алады екен. Насостың қуаттылығы сондай, әлгі нефтевозды он минутта толтыратын көрінеді. Кейбір азаматтарда 15-20 шақты нефтевоз бар секілді. Соның әрқайсысы бір түнде 2-3 рейс жасайды екен. Бұлар әкелген мұнайын құятын жер де бар. Бәрі жолға қойылған. Себбеі, машинамен мұнай ұрлау дегеніңіз ине ұрлау емес іс болғандықтан, ондай «бизнеспен» жергілікті билік жақсы таныс көрінеді. Және тек «таныс» қана емес сықылды... Қысқасы, белгілі бір уақытқа дейін «қасқыр да тоқ, қой да аман», «құда да тыныш, құдағи да тыныш», екі жақ жасырын мәмілеге келіп, «жұмыстарын» тындырып жүрген. Бірақ, әлгіндей қуатты насостар іске қосылғанда күзетшілер далаға басын шығаруға қорыққанымен, құбырдағы қысымның күрт төмен түсіп кететінін қашанғы жасыруға болады – күндердің күнінде бұл әрекет құбыр қожайындары мен қазақстандық биліктің арасында сөз болды деп жорамалдауға толық негіз бар. Себебі, істің салдары соны көрсетіп тұр – жергілікті «құпия бизнестің» жетекшілері бірінен соң бірі түрмеге топылдап түсе бастапты. Ал, бұл енді көптеген адам алып отырған арам да болса нәпақасынан қағылды және анау-мынау емес, миллиондаған нәпақасынан қағылды деген сөз. «Бизнесмендер» билікпен «келіссөз» жүргізе бастайды – «біздің жігіттерді шығарыңдар!» Олардың да айтар жауабы дайын болса керек: «біз сендерге ескерткенбіз, бұндай нәрсе көпке бармайды, ертерек қой дегенде қоймаған өздерің...» деген сықылды. «Бизнесмендер» сол кезде «тұз көзірді» шығарады: «сендер неге түсінбейсіңдер – мұнай қазақтікі, бірақ оның қызығын көріп отырған біз жоқпыз, тіпті қытайлармен тең түрде адал ақша табуға да мүмкіндік бермейсіңдер, енді ең болмағанда өз малымызды өзімізге барымталауға да болмай ма?» Бір сөзбен айтқанда, бұлар – бүгінгі күннің Робин Гудтары... Және олардың сөзінде уәж жоқ деп тағы айта алмайсың. «Ашынғаннан шығады ащы даусым», «ашынған анасының қойнын ашады» дейді қазақ, ашынған адамның тірлігі бұның бәрі. Әрине, ұрлықтың аты ұрлық, бірақ, оларды сол ұрлықты, қылмысты жасауға итермелеп, мәжбүрлеп отырған – мемлекет. Жалпы, мемлекет бірінші кезекте қылмыспен күресу емес, қылмыстың алдын алумен, қылмысқа барар жолдарды жабумен, қылмысқа апаратын жайттарды болдырмаумен айналысуы тиіс. Ол, бірақ, теорияда, ал, нақты өмірде құқық қорғау органдарына қылмыспен күресіп жатырмыз дей отырып, сол қылмыстың қанат жаюына өзі жол беріп қойып қарап отыратыны, дәлірегі жай ғана жол беріп қойып қарап отырмай «долясын» алып отыратыны, сосын тағы да сол қытайша айтқанда «мысық семірген» соң, оны «сойып алуға» кірісетіні бүгінгі таңда бесінші сыныптың баласына да құпия емес. Бұл жерде де нақ сол «классикалық нұсқа» орын алып отыр деп болжам жасасақ, ешкім «олай емес» деп айта алмас. Әрине, біз де, басқалар да «ұсталмаған ұры – ұры емес» деген қағиданы жақсы біледі. Сондықтан мойынға қойып беретін дәлелі болмағандықтан «дәл солай болып жатыр» деп кімнің болса да атын атап, түсін түстеуге бара алмайды. Бірақ, бұл жағдай қылмыс жоқ дегенді білдірмейді, керісінше, одан жаманды– дәлелдей алмауды ғана білдіреді. Ақтөбелік жігіттер бізбен әңгімелескенде Жаңажолда нефтевоздар күндіз қаңтарылып тұрады, неге десеңіз олар «жұмысты» түнде істейді ғой дейді... Осы оқиға біздің есімізге осыдан біраз жыл бұрын орын алған тағы бір оқиғаны еске түсірді. 2004 жыл, «Жас Алашта» қызмет етеміз. «1990-жылдардың басында Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі темір жол стансасының - Арыс қаласының қасында кеңес кезеңінен қалған қару-жарақ арсеналынан автомат, гранатомет, пистолет оңды-солды сатылды, сол сатқан адамдардың бірі өзіммін, он екі КамАЗ алып шығып саттым. Ал, әр КамАЗға жәшіктерге салынып, дайындалып қойған 50 автомат, 50 гранотомет, 50 пистолет кетеді. Соның 11 машинасын Түркістан мен Шымкенттің өзбектері алды, саудаласпастан алды, қалған бір машинаны қазақтарға «су тегін ғой, алсаңдаршы, жем-шөп сұрамайды, қораңның бір бұрышында жатады» деп, жалынғандай болып жүріп саттым» деген ақпаратты есіткен соң, нақтылай түсу үшін сол қаладағы әскери бөлімде сол кезде жұмыс істеген прапорщик пен облыстық ішкі істер саласында істеген подполковниктен сұрастырғанымызда екеуі де ондай оқиғаның болғанын растады. «Жас Алаш» мақаланы баса қоймады. Сол кезде шығатын «Ақ жол-Қазақстан» газеті редакторының орнындағы орынбасары қорқа-соқса да жариялады. Өкімет тарапынан үн болған жоқ. Әлгі орынбасар, жас жігіт «тыныштық па?..» деп сұрап қояды. «Баурым-ау, ҰҚК сияқты мекемелер істің дәл сондай болғанын бәрімізден жақсы біледі, сондықтан үнсіз отыр, ешқандай қам жеме» деп жұбатып қоямыз. Бүгінгі атыс та содан айна-қатесіз. Жергілікті жігіттер «өзіміздің ОМОН-дағылар да, әлгі «Робин Гудтар» да, бәрі осы жердің, бірін-бірі танитын жігіттер ғой, қалай олар бір-біріне оқ жаудырсын, сол себепті облыстағылар Алматыдан алдырып отыр ОМОН-ды» дейді. Бұл сөз де құлаққа кіреді. Қалай болғанда да қаржы жүрген жерде қару жүреді. Көп қаржы жүрген жерде көп қару жүреді, бұл да бұрыннан белгілі жайт. Дос Көшім секілді сарабдал, салиқалы саясаткерлер ҰҚК-нің алдында шарасы әбден таусылған адам өзін-өзі бомбамен жарып жіберген жекелеген оқиға орын алған кезде-ақ «бұл тек бастамасы, наразылықтың көкесі әлі алда» деп ескертіп еді. Бірақ, біздің билік қандай да бір наразылық, ереуіл, жанкештіліктің себебіне үңіліп, соны зерделеп, алдағы уақытта соны болдырмаудың қамына кірісудің орнына оның бәрін күшпен басқанды әрі тез де оңтайлы, әрі бірден-бір дұрыс әдіс деп танитын сықылды. Сықылды емес, дәл соның өзі деуге де болады. Өйткені, наурыз айның соңында Бесағаштағы өлтірілген қызға байланысты «желтоқсандықтар» бар, басқалар бар сол ауылға келіп, рұқсат етілмесе де митинг өткізбек болғанда Алматы облыстық, Талғар аудандық әкімдігінің, Алматы облыстық ішкі істер басқармасының өкілдері бірауыздан «біз бұндай адамдармен сөйлесіп болдық, енді сөзге уақытымызды, күшімізді шығын етпейміз, тек жазалайтын, қамайтын боламыз» деп еді. Және бір ай өтпей жатып, «уәдесінде» тұрып, дәл 1 мамыр, Қазақстанның халықтар татулығы күні қасиетті мерекені мазақ қылғандай «Думан» мөлтек ауданында үй салатын жер телімін ала алмай жүргеніне наразылық білдіріп барғанның бәрін шапырлатып, бір күн, жарты күн болса да «қамақ» дегеннің не екенін көздеріне көрсетіп еді. Сонда ел Президенті жарғақ құлағы жастыққа тимей «саяси тұрақтылық, ел арасындағы тыныштық, бейбіт­шілік» деп жүргенде, біздің билік өз қолымен сол тыныштықты шай­қалтуға құмар болып отырғаны ма?.. Бізге жеткен соңғы мәлімет бойынша «бизнесмен» басшылардың он бірі қашып құтылып, біреуі оққа ұшқанға ұқсайды. Билік ең болмаса осыдан кейін қылбырауды қатайта бермей, бұндай қанды оқиғаның астарына, оның ішінде әлеуметтік мазмұнына тереңірек көз жіберсе дұрыс болар еді... Өмірзақ Ақжігіт