«Шаңырақ» қақтығысы – арандатушылықтың айғағы еді

шаныркОсыдан 5 жыл бұрын болған «Шаңырақ» шайқасының шаңы әлі басылған жоқ. Арандатудың кесірінен адам құрбан болған бұл оқиғаның жаңа бір жалғасы жақында «Думандағы» дүрбелеңнен көрінді. Жер дауы ең үлкен дау екенін көрсеткен бұл оқиғалар баяу жарылатын минаны елемей жүргенімізді күннен күнге айқындап келеді. Оны залалсыздандырудың ең басты жолы – баспана үшін жер беру мәселесін заңға сай шешу болып табылмақ. Шаңырақ шайқалмаса ғана мемлекеттің де іргесі берік бола береді. Біз бүгін өткеннен сабақ ретінде «Шаңырақ» оқиғасының шындығына тағы бір көз жеткізу үшін белгілі қоғам қайраткері, қорғаушы Дос Көшімнің соттағы сөзін беріп отырмыз.

Біріншіден, Айыптылар орындығына кімдерді отырғызу керек?

Құрметті сот алқасы,

Құрметті сот процесіне қатысушылар.

Қазақ елін дүр сілкіндірген бұл сот процесі – дүкенге түскен бір топ ұрыны соттау немесе талай адамның қанын шашқан қарақшылар тобын айыптау емес. Бұл мәселенің саяси- әлеуметтік негізі бар, керек десеңіз ұлттық сипаты да анық көзге түседі.

Әңгімені «Шаңырақ» оқиғасына алып келген жер сату мәселесінен бастаған дұрыс сияқты. Адамның өзі жасап шығарған дүние мүлкін, таланты мен біліктілігін, шығармашылық туындысын тауар ретінде сату – қалыптасқан мәселе. Ал Алланың берген ауасын сату, жерін саудаға салу – ешбір мемлекеттің құзіретіне жатпайтын жағдай. Оның ішінде қазақ халқына жат дүние. Қазір біздің осы жерді қорғаған Қабанбай, Бөгенбай батырларымыз жоңғар жақтан қайтіп оралса, үстеріндегі қан мен тер сасыған киімдерін жуып, суға шомыла алмайды. Себебі – солардың қорғаған Қапшағайлары мен Алакөлдерінің жағасына оларды ешкім жолатпайды. Жағаның бәрі сатылып кеткен. Ол бейшаралар «Шаңырақ» деген ауылдың атынан үміттеніп, аттарының басын бұрса, б ұл сайдың ішінде де аттарын шалдыра алмайды, меніңше ол уақытта бұл жерде әкім Устюговтың демалыс жайы болатын болар. Ол бейшаралар найзаларын сүйретіп, сарбаздарын ертіп, бастары салбырап Америкаға жол тартады деп ойлауымыз артық болар. Меніңше, олар қалың қолды Алматыдағы әкімшілікке бұруы әдбен мүмкін. Қысқасы, қазақ жерін саудаға түсірген жандар – бүгінгі процестің негізгі айыптылары.

Прокурор мырза өзінің сөзін “Шаңырақ” деген сөздің маңызынан бастады. Өте дұрыс. Шынымды айтсам, прокурордың аузынан бұндай сөз шығады деп күтпеген едім. Сот төрағасының ұлттық бағыттағы жалынды өлеңдері, прокурордың Шаңырақ туралы тамаша ойларын оқып, тыңдай отырып, біз өзімізді өзіміз соттап жатырмыз ба деген ойға келемін. Әлде биліктің күші ұлттың рухани сезімінен асып түседі ме...

“Шаңырақ” деген сөз алғашқыда тәуелсіздікпен бірге пайда болды. Былтырғы қақтығыстан соң, бұл ұғым қайтадан жаңғырды. Әлі есімде, 90-91 жылдары Тәжікстан, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан қазақтар шұбырып келіп, “өзіміздің шаңырағымыз көтерілді, енді үйімізге қайтамыз” деп бөріктерін аспанға атып жатты. “Азат” қозғалысының төрағасының орынбасары болып жүрген уақытымда талай отбасыларға Алматының жанындағы совхоз, колхоздың директорларымен келісе отырып, жер алып беріп, жұмысқа орналастырғанымыз да есімде. Бұл қазақтың еңсесін көтеріп, ел болдық, өз жеріміз бар деген кезеңі еді. Жері жоқ елді көрдіңіздер ме? Ал дүниенің түкпір-түкпірінен келетін қазақтар табан тірейтін жеріміз бар деп келеді. Сол жердің аты – Шаңырақ, қазақтың басын қосатын жердің аты – Шаңырақ. Осыны ұмытпауымыз керек. Демек сол Шаңыраққа таң атпай сойыл ұстап келгендер – Шаңырақтың ғана жауы емес, қазақтың жауы болып табылады. Шаңыраққа қарумен келген бұзақылар (өздерін таныстырмаған жандарды, полицияның киімін киген бұзақылар деуге толық құқымыз бар) – бүгінгі процестің басты айыптыларының бірі.

Шаңырақ оқиғасының басы алдаумен басталып, аяғы да алдаумен бітейін деп отыр. Алғашқы алдау 1992 жылдың 17 маусымында болған. Сол уақытта “Азат” қозғалысы Терещенконың үкіметін кетіру мақсатында Парламентті қоршап алып, шатыр тігіп алты күн жатты. Бізге “Баспанасыздар одағының” үйсіз жүрген 2000 адамы қосылады деген сөзді естіген қала әкімшілігі ертеңіне-ақ жер бөліп беретін болды. Жер аламыз деген үйсіздер біздің әрекетімізге қосыла алмады. Шаңырақ жерінің басы осылай басталған. Екінші алдау - 2005 жылдың 9 тамызында болды. Жатақханадан шығарылып жатқандар – қазақтар, үйсіз жүргендер – қазақтар болғаннан кейін “Ұлт тағдыры” қозғалысы сол күні қала әкімімен жатақханалар мен «Шаңырақ» ықшамауданының өкілімен кездестірді. Иманғали Тасмағамбетов сол жерде екі жа­тақхананың мәселесін нақты ше­шетінін айтты және “Шаңы­рақ­тағы” газдың үсіндегі 500 үйді қи­рат­пайтынын, газ құбырының қысымын азайтып, кейіннен оны ықшамауданды айналып өтетіндей етіп қайта жүргізетінін айтып, сөз берген болатын. Шындығын айту керек, бұл кездесуде сайдың ішіндегі үйлер сөз де болған жоқ. Ал тұрғындардың айтуынша сол жылдың 5 қыркүйегінде Шаңыраққа келген қала әкімі “Шаңырақ» шай­қалмайды, «Әйгерім» әбір­жімейді” деген атақты сөзін айтыпты. Президент сайлауының алдында, халықты дауыс беруге үндеу мақсатында, салынып жатқан үйлердің ешқайсысына ескерту айтылмаған. Ал Президент сайлауы өткеннен соң-ақ (2006 жылдың ақпан айында) үй бұзу басталды.

«Шаңырақтағы» үйлер жергілікті шенеуініктер үшін, ең сүтті “сауын сиыр” болатын. Әрбір үйді заңдастырғаны үшін мыңдаған долларлар алынатын. Сондықтан болуы керек, 1992 жылы берілген үйлердің көпшілігі әлі де заңдастырылмай отыр. Ал ақшаларын берген, бірақ сайдың қақ ортасында тұратын ондаған үйлер – заңды болып саналады. Алайда тышқан сияқты кертіп жейтіндердің үстінен қарайтын асап жейтіндер келді де, олардың бизнесін де, Шаңырақтықтардың жерін де тартып алуға кірісті.

Демек, осы жағдайдың алдын алмаған жергілікті билік органдары – бүгінгі процестің тағы бір айыпты жағы.

Соңғы статистикалық мәлімет бойынша Алматы қаласының өзіне жыл сайын 40 000 тұрғындар көшіп келеді. Бұл – қазақ ауылдарының күйреуінің салдарынан пайда болған ішкі миграция. Басын 90-жылдардан алған бұл аласапыран трагедияға қирап жатқан байлықтан қарпып қалуды ғана ойлаған билік көңіл де бөлмеді. Оншақты жылдан соң ауылдан шұбырған қазақтар қала маңдарындағы ауылдарға, ықшамаудандарға орналаса бастады. Өз күндерін өздері көре берсін деген болу керек, мемлекет бұл жағдайды да көрмеген болып отыра берді. Ал жер – ақшаға айнала бастаған уақытта қойдан жуас қазақтарды бір жапырақ жерден қуып шығу саясаты өмірге келді. Сот барысында куә болған Шаңырақтық апайдың “Устюгов 14 шілденің алдында екі күн бойы машинамен келіп, көлдің маңын қайта-қайта қарап жүрді” деген көрсетпесі мен жер комитетінің өкілі Козлов мырзаның “ол жерге демалыс орнын салуға болады” деп абайсызда айтып қойған сөздерінің өзінен-ақ, сайдың бойына ақшалы қалталылардың демалыс орнын салмақшы болғаны белгілі болды. Мүмкін олар бір демалыс орны үшін 500 қазақтың үйін қирату түкке де тұрмайды деп ойлаған болар...

Мемлекет осы уақытқа дейін не ішкі миграцияны реттеген жоқ, немесе ауылдан қалаға шарасыз келген қазақтарды жермен қамтамасыз ету мәселесін шешкен жоқ, заңды түрде берілген «Шаңырақ» сияқты аудандардағы салынған үйлерді заңдастыруды қолға алған жоқ. Демек, темір тордың ішінде осы қанды трагедия тудырған процестің нақты бір айыпкері ретінде мемлекеттің өзі отыруы керек.

Қазақ елінің түрмелеріндегі жағдай – демократиялық жолға түсіп, адам құқығы мен еркіндігін сақтаймыз деген декларацияны да, Конституциялық заңдарды да жоққа шығарады. Оны бәріміз де жақсы білеміз. Бәріміз көзімізді жұмып, бұл зұлмат менің басыма түспейтін шығар деп ойлаймыз. Бірақ тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Кешегі «Шаңырақтың» аналарын етікпен таптаған Самалихов та, қарусыз халыққа темір құрсанған СОБР жаналғыштарын алып келген Қадірқожаев та бүгін түрмеде отыр. Біздің деректеріміз бойынша 14 шілдеден бастып 170-ке жуық қазақ жастары ешқандай заңсыз ұсталынып, жауап алынды. Олардан зорлықпен жауап алған тергеушілер тобының басшысы Тельман Есілбаев та осы сот процесінің алдында қазаға ұшырады... Олардың алды бір, ал кейбіреулері 7-8 күн абақтыға отырып шықты. Олардың көрген азаптарын, соның ішінде бүгінгі 25 жігіттің жеген таяқтары мен көрген қорлықтарын ешкімнің басына бермесін. Бүгінгі процесте айыптылардың орнына “шындықты іздеушілер” – тергеушілер мен қанды қол полиция қызметкерлері отыруы керек еді. Ең басты айыпталушылар да солар болуы керек. Кеше ғана Желтоқсанның 20 жылдығы болды, Президентіміз “мен желтоқсандықтарға тағзым етемін” деген сөзін де айтты. Алайда сол жаналғыштар әлі де сол жерде, сол қызметтерінде отыр. Біз, өкінішке орай, қоғамды өзгерте алмадық. Демек осы процестің тағы бір айыпты жағы – біздің әділетсіз қоғамымыз деп түсінемін.

Екіншіден, Азаматтардың қарсыласу құқығы бар.

Бір елге дұрыс келетін іс-әрекет немесе заң екінші елде жұмыс істемеуі әбден мүмкін екен.

«Шаңырақтағы» үйлерді қиратудың алдында 744 полиция қызметкерлерін жібергенде де біздің үкіметіміз «жаппай тәртіпсіздікті» қуып таратамыз деп ойлаған болар. Басқа елдерде де полиция айтқанға көнбеген тобырды су шашып таратады, сойылмен таяқтап, көшелерді тазалайды, қысқасы, қоғамдық тәртіп оранатады. Теледидардан Жапон, Кәріс, Француз елдеріндегі осындай жағдайлардың болып жатқанына көзіміз үйреніп кеткен.

Алайда, Қазақтар – жапондар емес, ал Шаңырақтықтар бұзақылар емес екен. Біздер өз жерімізде, өз елімізде, өз аулымызда қолдарына таяқ ұстап келгендерді тек қарақшы, басқыншы деп түсінеміз. Мейлі, ол – орыстың казактары болсын немесе ішкі істер бөлімінің қызметкерлері болсын. Ал егер олар, сағат бесте тасаға жиналып, таңғы сағат алтыда ауылға кірсе, сөз жоқ, жау болып табылады. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, қанымызда сақталып қалған қасиет. Оны «тағылық» немесе «өркениетті елдердің заңдылықтарын қазақтардың қабылдамауы” деп түсінбелік. Қазақтар қойға шабамын деп, қораға қамалған қасқырды терісін тірілей сыпырып алып қоя береді екен. Киімдерінен, қаруларынан айрылып, «Шаңырақтан» қашып шыққан тәртіп сақшыларының сол қасқырдан несі кем. Француздардың еттері үйренген мәселеге қазақтардың көнбейтіндігінің нақты себебі де бар деп ойлаймын. Қазақтар атам заманнан тек бітімге келумен, дастархан басында келіссөз жүргізумен, төбе бидің бір ауыз сөзіне бағынумен дау-дамайды бітіре білген. Бұл – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Өкінішке орай, бұл ерекшелік мемлекеттің ешқандай заңынан орын таппаған. Бірақ қазақ халқының салт- дәстүріне ешқашан көңіл бөлмеген, орыстанып кеткен билік иелері бұл мәселеге көз қырын салады деп ойламаймын.

Қазір билік Шаңырақтық­тарды басқаларға сабақ болсын деп жазалайын деп отыр. Алайда бұл да жүзеге аспайтын тәсіл. Желтоқсанның тозақтарын білмейтін қазақ жоқ, бірақ Шаңырақтықтар сол зобалаң біздің де басымызға туады деп, үйлерін тастап қашып шыққан жоқ. Сол сияқты, кешегі Шелектегі оқиғада, одан соңғы Малаводныйдағы жағдайда, ешкім де «Ойбай, «Шаңырақтағы» жаппай тәртіпсіздікке қатысқан жастарды соттап жатыр екен, абай болайық» деп тартыншақтаған жоқ. 25 жігіттің сотының жүріп жатқанын біліп-көріп отырып, ұлттық намыс қысқанда, әлеуметтік әділетсіздікке төзе алмаған жағдайда полицияның сойыл, қалқанына қарамай оққа қарсы ұмтылды.

Үшіншіден, Тәртіп сақшыларының арандатуы

Сот процесіндегі ең үлкен көзге түскен мәселе – сол күнгі жергілікті билік пен тәртіп сақшыларының іс-әркеттерінің заңсыздығы болды. Процеске қатысқан барлық куәлар өздерінің әрекеттерін заң негізінде жүргенін айтып бере алмады. Сондықтан болуы керек, біздің алдымызда олардың барлығы дерлік куәден көрі айыпталушы сияқты ыңғайсыздық жағдайында тұрды...

Менің ойымша, құрметті сот алқасы, полицияның «Шаңы­рақ­тағы» барлық іс-әрекеттері бір ғана нәрсені дәлелдейді. «Шаңырақ» қақтығысы – полиция тара­пынан жасалған арнайы арандатушылықтың нақты жемісі. Тағы да қайталап айтайын, бұл – арандатушылық. Бұл арандатушылық кімдерге қарсы бағытталған немесе кімдерге тиімді екендігі екінші мәселе, – ол жағын келешекке қалдырайық, ал іс-әрекеттердің барлығы «Шаңырақты» қорғаушыларды қатыгез, қарақшы, басқыншы етіп көрсетуге бағытталғаны анық көрініп тұр. Оның нақты дәлелдері мыналар:

Арнайы белгіленген әр ау­дандық ішкі істер бөлімі дайындаған фиксациялық топтар (болып жатқан әрекеттерді суретке, бейнетаспаға жазып алатын мамандар)

а)не өрт сөндіретін машиналарды кімдердің жаққанын түсіре алмаған не түсірмеген;

ә)не полиция қызметкерлерін ұрып жатқан бір де бір адамды түсіре алмаған не түсірмеген;

б)не полиция қызметкерлерін “кепілдікке” алып жатқан мезетін не соны кепілге алып жатқан азаматтарды түсірмеген не түсіре алмаған;

в) не Бейсеновке от қойған адамды бес жақтан тұрып (!) түсіре алмаған не түсірмеген;

г) не жарылған бір де бір газ баллондарын түсірмеген;

д) не қарсылықты «ұйым­дастырушы штабтың» жұмысын түсірмеген;

Қысқасы, қақтығыстың ең бір қажетті жерлерінде арнайы дайындалған алты бейнекамера мен фотоаппараттар мылқау күйінде қалған.

13 күні «Шаңырақ» ық­шам­ауданындағы тұрғындар дүрлігіп жатыр, тастар жинап, бөтелкелер дайындап жатыр екен» деген хабарды алғанын қаланың қоғамдық қауіпсіздігінің басшысы өз аузымен мойындады. Бірақ «неліктен сол жерге барып, оқиғаның алдын алмадыңдар» деген сұраққа мардымды жауап бере алмады. Ол түсінікті де. Полицияға шаңырақтықтардың осы соғысқа дайындалғандары қажет болды. Жұртты дүрліктіріп, түні бойы ұйқыдан қалдырып, оларға қарсыласуға жағдай жасау – арандатушылар үшін ең тамаша психологиялық қару болатын. Ал сол түнде барып, бәрін тоқтатса, ертеңгі ойластырылған қырғын болмайтыны айдан анық еді.

Полиция басшылары немесе аудандық прокурор таңертең келген уақытта жиналған халыққа өздерін таныстырмаған, не үшін жиналғандықтарын хабарламаған.(!) Бұл – тәртіп сақшыларының ең басты міндеті болып табылады. Шынын айту керек, осы дерек анықталғанан кейін-ақ сотталушыларды толық босатуға болады. Халықтың өкілдері өздері келіп, оларға шабуыл жасамау туралы өтініш айтпайды, полиция басшылары жиналған топқа барып, құжаттарын көрсетіп, өздерін таныстыруы шарт. Бірақ куәлердің барлығынан осы сұрақты сұрағанымда, ондай әрекеттің болмағаны анықталды. Бұны полиция басшылары да, «Шаңырақты» қорғаушылар да айтты. Ең қызығы, полицияның қолында (машинада) дыбыс ұлғайтқыш та болған. Бірақ олар «ескерту берсек, халық тарап кетеді де, арандату әрекеті іске аспай қалады» деп қорыққан болуы керек. Өздерін ресми түрде таныстырмаған жандарды полиция киімін киген бандиттердің қатарына қосуға әбден болады, сондықтан олармен қақтығысу ешқандай заңды бұзушылық болып табылмайды.

Арандатушылар өздері­мен бірге ешқандай үйді бұзатын техника әкелмегені (5 трактор, 4 бульдозер, 2 камаз және 30 жұмысшы) де сот барысындағы куәлерден анықталды. Устюговтің ғана “Массагет” жағында техника тұрды деген жауабын ешкім де қостамады. Аудан әкімінің өзі “осыған байланысты бухгалтерлік құжаттар бар ма” деген сұраққа, “бәрі телефон арқылы, ауызша болды” деп жауап берді. Қандай мекеме ішінде бульдозер, ауыр машинасы бар оншақты техниканы бір күн бойы тегін береді? Үйді бұзатын 30 адамды да ешкім көрмеген, демек олар да шақырылмаған. Қысқасы, техника мен жұмысшылардың әкелінбеуінің өзі полицияның үйді бұзуға емес, төбелесті ұйымдастыра отырып, арандату арқылы, Шаңырақтықтарды соттауға алып келу мақсатын нақты көрсетеді. Шынында да үйлерді бұзу емес, қырғын жасауға келгендерге техника мен жұмысшылардың қандай қажеті бар?

Бұл әрекеттердің аран­да­ту­шылық екендігінің тағы бір дәлелі сот барысында тағы да көзге түсті. Ол - үйлерді қиратудың жоспарының болмағандығы... Меніңше, сот орындаушылары полицияның соңынан жүріп отырғанда “біз неге келе жатырмыз” деп ойламаған да болуы керек. Себебі олардың қолдарында сот үкімі де болмаған, сот үкімінің барлығы сумкадағы папкада, бір адамның қолында болғаны сот процесіндегі жауаптан анықталды. Қай үйді, кімдердің бұзатындығы да нақтыланбаған, қысқасы, сот орындаушыларын өздерінің арандатушылық әрекеттерін сәл де болса жасыру мақсатында, статис есебінде пайдаланған сияқты.

Логика бойынша жиналған халыққа бірінші болып сот орындаушылары бару керек еді. Бірақ оларды халықтың ешқандай қарсылықсыз жіберетіндігін жақсы білген полиция басшылары, сот орындаушыларын саптың соңына қойған. Сот орындаушыларының бір де бірі жарақат алмауының да себебі осында жатыр. Олар полиция сияқты халықты қақтығысқа алып келе алмайтын еді. Үйді бұзу үшін алға жылжыған саптың алдында сот орындаушыларының болуы міндетті еді. Бұл да полицияның халыққа шабуыл жасау үшін істеген әрекеті деп білу керек. Ең қызығы, «СОБР сот орындаушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қатысты» деген жауап болды. Алайда СОБР-дың бір де бірі сот орындаушыларын танымайтын да, білмейтін де болып шықты. Сот орындаушыларында арнайы форма да болмағаны белгілі. Сонда олар (шаңырақтықтар мен сот орындаушыларын ажырата алмайтын полиция өкілдері) кімдерді кімдерден қорғамақшы болған?

Полиция басшыла­рының кепілге алынған қызметкерлерді шығарып алуға өрт сөндірушілерді итермелеуі - арандату әрекетінің нақты дәлелі. Арнайы дайындығы жоқ өрт сөндіруші қызметкерінің кепілдерді құтқару әрекеті жүзеге аспаса (оның жүзеге аспайтыны анық) бейбіт қызметтің адамын құрбан қыла отырып, «Шаңырақ» тұрғындарын тағы бір жауыз етіп көрсетуге болатын еді.

Өрт сөндіргіш машинаның біреуін алып барып, өртенген уақытта не өздерінің экипажы сөндірмей не артындағы екінші машинаның сөндірмей шегініп кетуі, экипаждың машинаны тастап кетуі де нақты ойластырылған арандату әрекетін көрсетеді. Арандатушылардың жоспары бойынша Шаңырақтықтарға бір-екі машинаны жақтыру керек болатын. Олардың сол пасық мақсаттарына жеткені де белгілі.

Арандату жұмысы халыққа жалған ақпарат берумен қатар жүргізілетіндігі белгілі. Сондықтан да теледидардан берген сұқбатында Бугаев мырза «Шаңырақтың» адамдары мас» деген жалған ақпарат берді. Бұл мәлімдеме эфир арқылы бүкіл Қазақстанға тарады. Алайда біздің алдымызда берген жауабында полковник мырза өзінің осы сөзіне нақты дәлел келтіре алмады. Полиция тарапынан болған куәлердің бір де бірі «Шаңырақтағы» шайқас кезінде мас адамды көрдім деп айта алмады, ал айтқандары ешқандай дәлел келтіре алмады. “Маскүнемдер мен нашақорлар” деген атақ Желтоқсан жастарына да тағылған, бұл жерде қалалық құқық қорғау органдарының басшылары ешқандай жаңалық ашқан жоқ деп ойлаймын.

Жаппай тәртіпсіздік туған жағдайда оларды қуып тарату міндеті осындай жағдайда жұмыс істеуге арнайы дайындалған полиция тобына жүктелетіні де белгілі. Алайда осы арандатушылықты ұйымдастырушылар арнайы полиция тобын емес, бұл істен ешқандай хабары жоқ полицияның басқа да мамандарын шабуылға қатыстырған. Олардың ішінде, тек қана менің көзіме түскендерді атап өтейін, мыналар бар: мемлекеттік көлік инспекторлары, қылмыстың алдын алу бөлімнің инспекторлары, тергеушілер, учаскелік инпекторлар, оперуполномоченныйлар, криминалистер, балалар ісі жөніндегі инспекторлар, кеңсе қызметкерлері – заңгерлер. Адамдарды резина сойылмен ұрып таратуға криминалистер де, балалар ісі жөніндегі инспекторлардың да дағдыланбағандығы анық. Сондықтан да бұлардың барлығы СОБР сияқты жұмыла жұмыс істей алмайтын еді. Олардың көпшілігінің сайдың ішіндегі тасаларға тығылып қалғандары да соны дәлелдейді. Осы оқиғаны ұйымдастырушылардың басты мақсаты да осында болатын.

Тағы бір мәселеге көңіл аударған дұрыс сияқты. Куәлердің айтуы бойынша қарсылық білдіріп тұрған тұрғындардың мөлшері 700-1500-дің арасы. Оның ішінде бала-шаға, кемпір-қолаң, әйелдер де бар. Сонда 300-ге жуық жігіттерге ұзын саны 956 тәртіп сақшыларының әлі келмеуі мүмкін емес еді. Олардың барлық мақсаты халықты ызаландыру, олардың қарсылығын тудыру, сол қарсылықты қылмысқа айналдыра отырып, халықты енді қайтіп бас көтере алмайтындай етіп жазалау болатын. Кешегі прокурор мырзаның екі тас лақтырған адамға жеті жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отырғаны да осы арандатушылықтың заңды жалғасы болар деп ойлаймын.

Арандатудың ең үлкені – шабуыл кезінде тығылып қалған, өздерінің қатарларына қосыла алмай халықтың арасында қалған қызметкерлерін құтқару туралы полиция басшыларының ешқандай іс-әрекет жасамағаны деп түсіну керек. Біріншіден, арнайы дайындығы бар қызметкерлер ешқашан қасындағы жолдасын жаудың қолына тастамайды. Олар жаралы болса да, өлі болса да алып шығады. Бұл арнайы топтың ең басты парызы болып саналады. Алайда, кепілдікке адамдарды тастап кету үшін жасалған дарынсыз шабуылдың салдарынан бірнеше полиция қызметкерлері «Шаңырақтың» ішінде қалды. Әрине, қарапайым логика бойынша, осы жерде адам өміріне қауіп төніп тұрғаннан соң, полиция басшылары халықпен келісімге баруы қажет еді. Оның орнына олар тағы да шабуыл жасауға көшкені де арандатушылықтың нағыз дәлелі. Олар емес, алғашқы полиция қызметкерін арада жүрген қоғам қайраткерлері алып келеді. Әсет Бейсеновтың қазасы да осы зымиян жоспардың заңды жалғасы деп білемін. Байқап қарасаңыздар, полиция тергеушісі жанғаннан кейін ғана, “уһ” деп, алға қойған мақсаттарына жеткен арандатушылар шабуылды тоқтатуға бұйрық берген. Бұдан артық арсыздық болуы мүмкін емес.

Бұзылған мүліктердің қайырымы туралы

«Шаңырақ» қорғаушы­ла­рының “басқыншылық” бейнесін барынша көрсету мақсатында оларға полицияның киімдері мен арнаулы жабдықтарын бұзды деген айып тағылды және сол шығынды айыпкерлерден өндіріп алу туралы мәселенің көтерілгені белгілі. Бірақ сот материалдарының ішінде осы құралдардың тізімін беріп отырған жауапты адамның өзі жоғалған құралдардың тізімінің басына “информация по утере спец. средств в подразделениях и аппарате ДВД при проведении мероприятия “Шаңырак” деп жазыпты. “Жоғалған” киімдерді тауып алу үшін “БЮРО НАХОДКА” деген жерге бару керек еді. Меніңше, ішкі істер органдары өздерінің талан-таражқа түсірген заттарын «Шаңырақ» тұрғындарына жауып, бір оқпен екі қоян атып алғысы келген болуы керек. Оқиғаның жазды күні болғанын естерінен шығарып алды ма, әлде сот құрамын ақымақ деп ойлады ма, жоғалған заттардың ішіне қысқы жылы куртка да, жаңбырға киетін плащ та кіріп кетіпті... Сонымен қатар ол заттардың әкелінгені, таратылғаны, қайта өткізілгені де сот процесінде анықталмай қалды. Кейбір куә болған полиция қызметкерлері “маған каска жетпей қалды” десе, енді біреулері “шынтақ қорғағыштың” өзінде болмағанын айтқанын бәріміз білеміз. Адвокаттардың “сол бұзылған заттарды әкеліп сот үстінде көрсетсін” деген заңды талабының орындалмауы да, ұрының арты қуыс екендігін дәлелдейді.

Тізімдегі бұзылды деген 24 бронежилет, 24 қалқан, 65 сойыл, 35 қорғау құралы, 34 шлем, 32 форма, 14 куртка дегендерді оқыған уақытта «Шаңырақтың» азаматтарына киімдері мен құралдарын бұзуға тапсыру үшін сапқа тұрған полицияны көз алдыма еріксіз елестетемін. Небары 7 271 423 теңге үшін Қазақ елінің айбынды да қайсар тәртіп сақшыларын мұндай масқара жағдайға қалдырған, дүние жүзінің алдында абыройын төккен жандарды қатаң жазалау керек шығар.

Сондықтан да, құрметті сот алқасы, бұл дәлелесіз жаланы айыптау қортындысынан толықтай алып тастауларыңызды сұраймын.

Ұйымдасқан,

алдын ала сөз байласқан қылмыс туралы

Тергеу орындары «Шаңырақ» қар­сылығына арнайы ұйымдас­тырылған сипат беруге тырысқаны белгілі, алайда, оны негіздейтін ешқандай дәлел келтіре алмады. Менің осы оқиғаның барлық дерлік куәлеріне “қарсылықтың ұйымдасқан сипатын көрдіңіз бе?» деген сұрағыма, бір кісідей “жоқ” деген жауап алынды. Қазақтардың “ойбай, үйімізді қиратайын деп жатыр, жиналайық, не істейміз” деген айқайы, сондағы айтылған сан түрлі сөздердің ұйымдасқан қылмысқа негіз бола алмайтындығы белгілі. Халық сол жерде өздерінің басшыларын да сайлап қоймаған, олардың арнайы жасаған жоспары да табылмады. Олардың жиналыстарының хатттамалары да біздің алдымызға қойылмады. Ондай жоспар, хаттама жоқ болса, қайдан табылсын. Алайда жаза қатаңырақ болу үшін, белсенді азаматтарды қатаң жазалау мақсатында “алдын ала сөз байласқан” деген тіркес қажет болғанға ұқсайды. Ал алдын ала сөз байласқан жандардың бір бірлерін тек түрмеде ғана алғаш рет көргені тергеушілердің есінен шығып кеткен сияқты.

Мүмкін, қарсылық көрсету үстінде басшы адамдар көзге түскен шығар деген ниетпен істегі барлық фонограммаларды оқып шықтым. Алайда айқай-шудың ішіндегі мамандар тапқан сөйлемдер мен үзік сөздердің ішінен ұйымдасқан іс-әрекеттің ізін де таба алмадым. Сондықтан, құрметті сот құрамы, “ұйымдасқан, алдын ала сөз байласқан қылмыс” деген сөз тіркесін айыптау қорытындысынан толық алып тастауыңызды сұраймын

Аян Темірбаев туралы

Енді менің қорғауымдағы Аян Темірбаевқа келейік. Алдындағы сөздерімнің барлығы да осы азаматты және соның жолдастарына таққан айыптың негізсіз екенін көрсетеді. Ал Аянның жеке басына тағылып отырған айыпқа келсек, мен, ең сыпайы түрде айтқанда, прокурор мырза ақылынан алжасып кетті ме деп қорқып та қалдым.

241 – баптың екінші тармағы бірінші тармақшасына сілтегендіктен, сол жердегі әрбір сөз тіркесін жеке қарастыралық.

Жаппай тәртіпсіздікті

– “күш қолданумен” – Темірбаев­тің біреуге күш қолданғаны сот про­цесінде не тергеуде анықталып дә­лелденген жоқ. «Маған Аят күш қол­данды» деген бір де бір куә келген жоқ.

“қиратумен” – Темір­баевтің бірдемені қиратқаны туралы айыптау қортындысынан басқа еш жерде сөз болмағаны белгілі

“өртеумен” – Темірбаевтің біреуді немесе бір затты өртегені сот процесінде де, тергеу кезінде де анықталған жоқ.

“бұзумен” – Темірбаев нені бұзған екен, оның куәсі осы процеске қатысып, мойнына қойып берген жоқ,

“мүлікті жоюмен” – Темірбаев қандай мүлікті және қашан жойды екен және соның дәлелі келтірілді ме?

“жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен” – Темірбаев қандай жерге мина қойғандығы да сот процесінде сөз болған жоқ

“өкімет өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетумен” – Біріншіден, өтіп бара жатқан иттерге тас лақтырған адамдардың барлығын қарулы қарсылық деуге болмайды. Екіншіден, Темірбаетің тасы тиді, сол арқылы зақым алдым деген адам біздің алдымызға келген жоқ.. Үшіншіден, өздерін алдын ала ресми түрде таныстырмаған, заңның талабына сәйкес құжаттарын көрсетпеген адамдар тобына қарсылық көрсету - әрбір азаматтың қасиетті міндеті болып саналады. Бұны қылмысқа жатқызудың ешқандай да жөні жоқ.

Екінші бапқа келетін болсақ, 362 (1) Аят Темірбаев туралы немесе оның заңсыз салынған үйі туралы сот шешімінің шықпағанын прокурор мырза да жақсы біледі. Сондықтан осындай ешқандай ақылға симайтын, заңның маңына да жуымайтын айыптар мен бір де бір дәлелі жоқ баптарды менің қорғаушыма тағып отырған айыптаушыларға таң қаламын. Осы жерде Желтоқсан оқиғасына қатысты шыққан мына бір анекдот есіме түседі. “Студенттерден тергеуші сұрақ алып жатыр дейді: Сен Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда болдың ба?” – Иә, болдым!, “Атып тастаңдар!” Екінші студентке: “Сен алаңда болдың ба?” – Иә, болдым! “Атып тастаңдар!” Үшінші студентке: “Сен сол күні алаңда болдың ба?” – Жоқ, болған жоқпын... “Онда...алаңға апарып бір айналдырып шығарыңдар да, атып тастаңдар!” депті. Мүмкін, айыптаушылар сол күні «Шаңырақта» болған 1500 азаматтың барлығын да қылмысты қылғысы келетін шығар. Ол жағдайда сол адамдардың барлығын да соттаған дұрыс.

Құрметті сот алқасы!

Соттың әділдігі, әрқашан екі шарттың сақталуынан тұратыны белгілі. Біріншісі – барлық азаматтарға бірдей қарау, егер сол оқиғада белсенді рөль атқарған ағайынды Ибрагимовтердің айтқан сөзіне сенген сот, бізді ұрып-соқты деген айыпталушыларға да дәл солай сенуі шарт. Бір де бір куәсі жоқ, бірақ «Жаппасов менен 1000 теңге тартып алды» деген бір адамның сөзіне сенген сот, «ол ақшасын өзі беріп, суға жіберді» деген Романның сөзіне неге сенбеуі керек. Сот әділдігінің екінші шарты – нақты дәлел болмайынша, айыптаушы жақ бұлтартпас айғақтарды жайып салмайынша, айыпты негізсіз деп тану. Бұл сотта айыптаушы жақтан ондай дәлелдер келтірілген жоқ.

Сондықтан да, құрметті сот алқасы, менің қорғауымдағы Аят Темірбаевті толық ақтауларыңызды сұраймын немесе прокурорлардан қылмыстық Кодекстің басқа бір шындыққа жақындау бабын тауып, айыптауларыңызды өтінемін. Жақында Байқоңырдан ұшқан “Протон” ракетесы құлады деген хабар шықты, мүмкін менің қорғауымдағы Аят Темірбаевтің осыған қатысы туралы бірдеме табуға болатын болар...

Дос КӨШІМ,

Айыпталушы

Аят Темірбаевтің қорғаушысы

«Шаңыраққа тірек»

комитетінің төрағасы

2006 жыл.