«Арыстың әруағынан қорықпағандар киіз үйдің әр уығынан ТАЯҚ ЖЕСІН!»

123

«Желтоқсан» көтерілісінің асқақ рухы арқылы, сан ғасыр бойы бодандық езген ұлтымыздың еңсесі көтеріліп, «Кеңес империяның» қалпағын бір-ақ қағып ұшырған желтоқсаншылардың озық ойы мен қашанғы болашаққа алаңдаушылығы қуантарлық жәйт. Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігі бейсенбі күні, яғни 14 маусым күні сағат 11-де ұлт мүддесінің аяққа тапталуы салдарынан болған келеңсіздіктерге байланысты прессконференция өткізді. Көптеген азаматтар қатысып, өз ойларын тіке, ашына жеткізген бұл жиынның бір ерекшелігі БАҚ өкілдерінің бірде-бірі келмеуімен ерекшеленді. Десе де бұл жиналысқа екі күн бұрын барлық қазақ БАҚ өкілдерінің почталық адрестеріне хабарландыру парағы жіберілген болатын.

Арпа ішінде бір бидай болып, біздің газеттің тілшілері ғана бой көрсетті. Сонымен, басқа-басқа емес, қазақ мүддесіне келгенде салғырттық танытқан баспасөз орындары ашына бүккен бір саусағымыздың еншісінде кетті делік. Әрмен қарай, сөз тізгінін алып, ең бірінші болып негізгі мәселелерді алға тартқан «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы өз ойын қалың халықтың алдында толғана жеткізді. Сәлден кейін сөз кезегі «Желтоқсан ақиқаты» газетінің бас редакторы Аманғазы Кәріпжанға да тиген еді. Соңыра желтоқсаншылардың ақиқаты елеусіз қалмауын күйттеген ақын жиналысқа қатысушылардың бәріне дерлік өз пікірлерін айтуына мүмкіндік беріп, бірлестік бағдарламасын жаңа ойлармен толықтыруды көздеді. Жиынның мақсатына көшсек... Жақында ғана Көкшетау қаласында «Степной маяк» облыстық газеттің соңғы бетіндегі сканворд шешу ойынының бір сұрағында «Қаңғыбас қазақтың баспанасы» (БОМЖ) деген жымысқы, қитұрқы сұрақтың жауабы «юрта», яғни қазақтың киіз үйі болыпты. Адамды емес, бір ұлтты әжуалаған газеттің бас редакторы кешірім сұраса да оған қанатты үйдің әр уығын санап, әр уығынан таяқ жесін дегендей, сегіз жылға бас бостандығынан айырылсын деген талап қойылды. Сонымен қатар, ата-баба тарихын, ел мәдениетін қаралағаны үшін облыстық газеттің редакциясы жабылып, айыпты адамдар тиісті жазасын алсын деген сұраныс-талаптарын да жеткізді. Масқараның көкесі бұл да емес, «Бурабай», «Луч», «Сельская новь» деген (тағы да орысша!) газеттер бар. Онда ұлы тұлғамыз, қазақтың маңдайына біткен ашал ақыны Мағжан Жұмабаевты «Магжан Пятницабаев» деп жазған көрінеді. Иә, үш газетте де бар бұл мақаланы басқа-басқа емес, жоғары сауаты бар бас редактор мен редакторлар алқасының төрағалары жазған! Қазақты қорлау жалғасып келеді... Масқаралап, бетімізді қызартқаннан пайда түспейтінін білген қазақтың домбырасын әу баста-ақ «Одна палка, два струна» деп, ал бірде арақ құйылған домбыра ойлап тауып, ал бірде тіпті ұлттық байрағымызды іш киімнің суреті етіп жатқан «ізденімпаз» көрші ұлттар ендігіде ұлтымызды барынша қорлауға бел буған секілді. Әйтпесе тілімізді, ділімізді, мәдениетімізді басына қорлаған шовинистер мен нацистер көл-көсір мақтанышпен шығып жатқан тұста қалың қазақ арасынан «әуп!» деп үре шыққан сұңқыл дауысты дүбәралар да барын ұмытпайық. Жиналысқа қатысқан қауымның тағы бір талабы назардан тыс қалмады. Желтоқсанға қатысқан жас батырларды өз кезінде саяси ақылсыздыққа балаған атақты «65-бап» бойынша 5 жылдық бас бостандығынан айырған еді. Ендігі кезекте саяси сауатсыздықтың көкесі жоғарыда айтылған екі мәселенің шешімі осы баппен байлыныстырылып отыр, яғни 65-баппен 5 жыл бас бостандығынан айыру мәселесімен сотқа арыз жазу ісі. Мұны қалай деп қорытсаңыз да жарасарлық іс. Себебі айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы нәтижеге келіп тірелгенін ешкім бұрыс деп сөге алмас. Себебі киелі де қасиетті қазақ ұлтының қарашаңырағын, оның қастерлі тұлғаларын ешкім де әжуаға, тіпті ойынға да айналдыра алмайды! Жиынға бірде-бір баспасөз құралдары келмегендігін айттық. Жалпы прессконференция тарихында болмаған бір емес, екі бірдей тосын әрекетпен жалғасқан еді. Біріншісі – БАҚ өкілдерінсіз болуы, және екіншісі – топ жиналысын тастап, дүйім жұрттың бірден желтоқсан алаңына беттеуі. Қазақ намысы көрінген тұста ат-қоңымызды жалдап, көш соңынан біз де ерген едік...

 

Не деген масқара, білімсіздік, мәдениетсіздік!

Бейсенғазы СӘДУҰЛЫ, «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Конференциямыздың басты мақсаты Көкшетау қаласы, Ақмола облысында болып жатқан қазаққа қарсы әрекеттерге тосқауыл қою. Қазақстың қара шаңырағы сканвордта жарияланғандай «жилище бомжа казаха – юрта» деге сөз бүкіл қазақтың намысын аяққа таптап, қазақ ұлтының мәдениетіне ашық шабуыл жасау деген сөз. Одан кейінгі Мағжан Жұмабаевтың есімін «Магжан Пятницабаев» деген сөз сүйектен өтетін сөз! Осы сөзді ғаламтор бетінен көріп, тыпыршып, байыз тауып отыратын жер таппадым десе де болады. Не деген масқара, білімсіздік, мәдениетсіздік! Орыс ұлтына қазақ халқы не істепті сөйтіп айтатындай? Ендеше біз де аударуға көшейік, мәселен, Соловьевті «Бұлбұлов» деп, Лев Толстойды «Арыстан Толықбай» деп..! Абсурд! Осы орайдағы баспасөз бетіне шыққан мақалалардың бәрі де қазақ ұлтымен басқа ұлттардың арасына салатын іріткі! Орыс ұлтына бүкіл қазақ жастары қарсы екенін де білеміз. Бұл ғаламтор бетінен алынған айқын дәлелдемелер. Тоқ етері, биліктен талап ететініміз – әлгі мақалаларды шығарған газеттің басшыларын («Луч», «Степной маяк» газеттері) 8 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру керек! Редакция толығымен жабылуы ләзім. Осы мәселе депутаттарымыздың негізгі нысанасына айналуы тиіс. Бұл тек қазақ емес, қандай да бір ұлттың намысына, абыройына тиетін сөздер айтылса, онда ол жауапқа тартылуы керек деген сөз. Осы іске қатысты белгілі бір заң шықпайынша, елде тыныштық болмайды. Ал Қазақстанда қазақ ұлтынан биік бірде-бір ұлт жоқ! Ата заңымызда көрсетілгендей, мемлекеттік тілімізбен қарынға жабысқан талақ ұқсап қатарласып келе жатқан ресми тіл – орыс тілінің «жемісі» бізге әлгіндей «тосынсый» дайындап қойғандай. Біз сол үшін де соңғы 2-3 жылда орыс тілін тіпті де пайдаланбайтын елге айналуымыз керек. Тек мемлекеттік тіл болуға керек!

Дайындаған Ардақ ҚҰЛТАЙ