Қазақтың бас қолбасшысы Алатау батырды ардақтау жалғасын табуы тиіс

Алатау-1-1

Алатау батырға ауыл аты беріліп, ескерткіш қойылды

Былтыр барыс жылғы Ұлыстың ұлы күнінде Шардара шаһарында қазақ халқының ұлы батырларының бірі Алатау батырдың 450 жылдық, Қоқан хандығына қарсы көтерілістің көсемі болған Мұсабек батырдың 195 жылдық, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойлары өткені белгілі. Сондағы республикалық ғылыми конференция барысында аудан басшылары мен ғалымдар, ақын-жазушылар ұлы бабаларымыздың ел үшін еткен еңбектерін, ерлік істерін жас ұрпақтың санасына сіңдіре отырып, олардың есімдерін мәңгілік ұлықтауға бәтуаласқан болатын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген азаматтардың ұйымдастыруымен көзделген мақсаттардың бір парасы жүзеге асып келеді.

Атап айтқанда, бұған дейін “Қазақ­стан ауылы” деп аталып келген елдімекенге Алатау батырдың есімі берілді. Мәселенің байыбына терең­деп үңіле қарасаңыз, бұл шешімнің дұрыстығына көз жеткізесіз. Шалғайда жатқан Шардарадағы бір ауылды әлем танып отырған бүкіл мемлекетіміздің атымен атау қисынға, логикаға тура келмейді. Мұның үстіне облысымыз көлемінде түрлі мекеме, ұйымдардың ( шаруа қожалық, бизнес орталықтары, елдімекендер, кафе-барлар, ойынханалар т.б.) атауы “Қазақстан” деп аталады екен. Қазіргі таңда мұндай атауларды орынсыз пайдалануға шек қою жұмыстары жүріп жатыр. Қазақ хандығы енді ғана бой түзеп, көшінің бетін өркениетке бұрған кезеңдерде, дәлірек айтқанда Тәуекел ханның тұсында және Есім ханның кезінде барша қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Алатау батыр Әз-Ғараб Бесайдарұлының есімін жоғарыда аталған ауылға беру - орайы келген оңды істердің бірі болды. Елдің бір шетінде қалмаққа, бір шетінде парсыға қарсы жеңісті жорықтар жасай жүріп, Самарқанға қала статусын әперіп, онда Жалаңтөстей баһадүрді әмір етіп бекітуге үлкен ықпал еткен Алатау батырдың сайын даласындағы соңғы демі осы маңда үзілген екен. Сүйегі ауданымыздың солтүстігін ала орналасқан Мұрынқарақ (кейде Қарақ тауы деп те айтылады) тауының басына қойылған. Былтырғы жылы бүгінгі ұрпақтардың батыр бабаның басына еңселі ескерткіш орнатуы – ерлікті бағалай білген елдіктің белгісіндей болды. Ерлікті - елге өнеге, ерге –ұран деп өсиеттеп кеткен халқымыз өлілердің разы болмай, тірілердің рухани байымайтындығын да баса айтқан. Ендеше, көне тарихымыздың қатпар-қатпар қойнауында көмескіленіп, ұмыт болып қала жаздаған бабалар рухы бүгінгі және ертеңгі ұрпақтарына жар бола берсін! Сәуір айының 23-жұлдызында Алатау батыр ауылының орталығында батыр баба ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Салтанатты жиынға аудан тұрғындарымен бірге Алматыдан ғалым – зерттеушілер, ақын-жазушылар, Оңтүстік Қазақстан облысының барша аудандарынан арнайы делегаттар қатысты. Ел басқарған хандардың, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан би-шешендердің, ел шетіне тиген жауды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қайтарған батырлардың есімін қайта жаңғыртудың жақсы дәстүрі Шардарада да өз жалғасын табуда. Мұндай игілігі мен ұлағаты мол іс-шараға осындағы ұлтжанды азаматтар ұйтқы болады. Осы елдің ырысы тасысын деп ынтымық білдірген жандарға үлкен алғыс айтамын, - деген аудан әкімі Марғұлан Марайым жиын үстінде осынау ғибратты істің басы-қасында жүрген “Алатау батыр” қоғамдық қорының төрағасы Қаржау Сәрсенбаевқа, баба мұрасын жинақтаушы-зерттеуші Асан Тұрабаевқа, зерттеуші ғалым Ілесбек Байжановқа “Алғыс хаттар” табыс етті. «Біздің қоғамдық қор қазіргі таңда Түркістан қаласында Алатау батырдың еңселі ескерткішін орнату үшін жұмыстар жүргізу үстіндеміз. Ойға алған жоспарымызды іске асыруға толық мүмкіндігіміз бар»,- дейді аталған қордың төрағасы Қ.Сәрсенбаев. Батыр мұрасын жинақтап, хатқа түсіріп жүрген зерттеушілер А.Тұрабаев, Ілесбек Байжановтардың мәлімдеуінше жақын арада батыр бабаның толыққанды өмірдеректері топтастырылған жинақ жарыққа шықпақ екен. Осы салада зерттеу жүргізген жандар аталған кітаптан ел туралы, жер туралы, ерлік пен елдік жайлы және қазақ тарихына қатысты қы­зықты деректер білуге болатындығын айтады. Демек, Алатау батыр жайындағы тың де­ректермен танысатын күн де алыс емес. Салтанатты жиынға Алматыдан ат арылтып келген жерлесіміз, белгілі ақын, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, “Жас қазақ үні” газетінің бас директоры Қазыбек Иса, айтыс өнерінің ақтаңгері атанған әйгілі ақын Әселхан Қалыбековалар өздерінің жүрекжарды лебіздерін жалынды жырларымен жеткізді. Той өткізіп жатқан ауылдың тұрғыны Жақсылық Орынбаев, Қызылқұм ауылының тұрғыны Құрманбек Шәметов ағаларымыз да игі істің үстінде жырдан шашу шашты. Облыстық мәслихат депутаты, “Шардара су электр стансасы” АҚ басқармасының басқарма төрағасы, айтулы азамат Құдайберген Ержан, бір жылдары осынау кеңшарды басқарған, қазіргі таңда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арап Аудабаев, белгілі өнер жанашырлары және өзге де ел ағалары тебіреніске толы лебіздерін ортаға салды. Салтанатқа қатынасушылар осы күні Ұзын ата кесенесі басында болып өткен облыстық «Ырыс алды – ынтымақ» атты ас-жиында бас қосты. Жиынға қатына­сушы қонақтар Шардаралық ағайын­дардың ынтымақ-бірлігіне ризашы­лықтарын білдіріп, жылы лебіздер жолдады. Дүниеден өткен ата-бабалардың рухтарына арнап құран бағыштады. Алаш туы алаулаған ғасырда Айналдың сен жауың үшін жасынға... Бүкіл қазақ деп қан кешкен батырдың «Сүті қазақ» деп жазылған басында!.. Алатаулап жауға шапса ерлерім, Аспан асты жаңғырғанын көрді елім. Байтақ жерді қорғап қалған батырдың Бағалайтын күн бола ма, еңбегін?!. Естілгенде тұлпарыңның дүбірі, Естілмей де қалған жаудың сыбыры, Шырқыраған кеуделерде шыбыны. Ат үстінде өткен бүкіл ғұмыры, Ер қазақтың бола білдің шын ұлы! Атына сай - ұран болған батырдың, Алатаудай асқақтасын тұғыры!..- деп, ақын Қазыбек Иса жырлағандай, ел үшін, жер үшін қан кешіп, ұлттың ұйысуына ұйытқы болған Алатау батырды бағалау басталып кетті. Сөзімізді қорыта айтқанда, шаң басқан көмескі тарих беттерінің бүгінгідей айқындала түсуі ел тәуелсіздігінің жемісі деп ұғынғанымыз жөн. Азат елдің намысты азаматтары аман болса, әлі де талай тарихтың ақтаңдақ беттерінің айқындалары сөзсіз. Әз-Ғараб Бесайдарұлы Алатау батырдың халықтарымен қайта қауышуы осы мақсаттағы жұмыстардың бір парасы ғана дер едік. Өткенін өнеге тұтып, бүгініне береке тілеп, ертеңгі күніне үлкен үміт артатын қазақтай дархан халықтың ұрпағы әманда аман болғай! Сәбит ЛАХАНОВ

 Қазақтың бас қолбасшысы Алатау батырды ардақтау жалғасын табуы тиіс

Қазақ тарихында шешуші тұлғаларға айналған Тәуекел хан, Есім хандардың кезінде бас қолбасшы болған Алатау батыр туралы мәліметтер сақталған, бірақ аз. Қазақ энциклопедиясында бар, содан соң Қазыбек бек Тауасарұлының кітабында Еділ бойындағы ерен ерлігі айтылады. Белгілі ақын Қазанғап Байболұлының «Есім хан» дастанында Алатау батырдың бас қолбасшы болғаны жырланады. Бір-екі жыл бұрын батыр баба мұрасын зерттеп жүрген Асан Тұрабаевтың «Алатау батыр» кітабы шықты. Көрнекті ақынымыз, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбектің «Алатау батыр» поэмасы жарық көріп, оқырмандар ықыласына бөленді. Батырдың ерлігі туралы біраз жырлар жазылды. Зерттеуші Ілесбек Байжанов та Алатаутануға үлес қосуда. Зерттеу әлі жалғасуда.

Алатау батырдың есімін ұлықтауда Шардара ауданы әкімі Марғұлан Марайымның еңбегі зор екенін айтуымыз керек. Жас та болса, бас бола білген әкім тарихтың ақтаңдақтарын ақтарып, өткенімізді қастерлеу- болашақтың баяндылығына жетелейтінін жемісті істерімен көрсетуде. Былтыр Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мерекесі қарсаңында Алатау батырдың туғанының 450 жылдығына, Қоқан басқыншыларына қарсы күрес көсемі Мұсабек батырдың 195 жылдығына және көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, БҰҰ-да алғаш сөйлеген біртуар қазақ, академик Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдығына арнап республикалық ғылыми конференция өткізіп, екі күндік ас берілді. Көкпар шаптырылып, спорттық жарыстар өтті. Бұрынғысын біз білмейміз, бірақ, Алатау батыр мен Мұсабек батырдың бұл алғашқы аты ардақталып, ас берілуі деуге болады. Енді, міне, тойласудағы ойласу нәтижесін беріп, жақсы іс жалғасын таба бастады. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында Шардара ауданындағы «Қазақстан» ауылына Алатау батыр аты берілді. Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің кең байтақ жерін қорғаған бас қолбасшы баһадүрге бір ауылдың аты беріліп жатса, елдің ұсынысы қолдау тапқаны деп білейік. Міне енді өз атындағы ауылға Алатау батырдың ескерткіш бюсті тұрғызылды. Елім деп, жерім деп қан кешкен, ту ұстап, тұлпар мініп, қан майданда атой салған Алатау батырды бағалау басталды деуге болады. Баянды болсын айтайық.. Бұндай ұлықтау жалғасын таба беруі тиіс. Айта кетуге тиіспіз, айрандай ұйыған елді бүлдіріп, Алатау батырдың атын ауылға беруге қарсы шығып, барлық жерге арыз жазып жүргендерді де білеміз. Олар өзінің өздерінен басқа ешкім білмейтін ағайындарының атын түгелдеп, атасының атын көшнге заңсыз беріп, үлкен жолға сілтеме іліп қойғанда бәрі жақсы болады. Ал осы өзіміз өмір сүріп отырған мемлекеттің – қазақтың жерін қорғауда арысы парсы,берісі қалмақтарға қарсы күресіп, қазақ қолын бастаған Алатау батырға бір ауылдың атын қиғысы келмей, арызқойлығына басады. Ұлттың ұйысуына ұйытқы болған бас батырдың басына, Мұрынқарақ тауындағы жерленген бейітіне «сүті қазақ» деп жазылғанын ескерсек, бүкіл қазақ үшін күрескен баһадүрге бір қазақты бөлуге құмар, ергежейлі ережелерімен ғана өмір сүретін іріткілердің істері халық тарапынан қарсылыққа ұшырай беретіні анық. Қазақ совет энциклопедиясында бүкіл елді қорғаған Алатау батыр Қоңыраттың ұранына айналды, ол кезінде орта жүздің де ұраны болды деп жазылған. Енді осыны айтсаң, тырнақ астынан кір іздеушілер өз пиғылдарын жасыра алмай бұдан рушылдық іздеп жатады. Қаракерей Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгембай батыр, Алатау батыр бата берген Шапырашты Қарасай батыр, Шапырашты Наурызбай батыр т.б. рудың атымен аталатын ерлер аз емес. Бұлар бөліну үшін осылай аталмаған. Бұл батырдың тегін білдіріп тұрады. Бұны сауаты бар әркім біледі. Түгел түркінің рухани астанасы Түркістанда тұрған, салмағы 2 тонналық әлемдегі ең үлкен тайқазанды көтерген жалғыз балуан да осы Алатау батыр екен. Бұл туралы «Айқын» газетінде (25.02.2011.) тайқазанды зерттеген Мәдениет қайраткері Нұрмахан Назаров: «Бір қызығы, тайқазанды 13 рет көтерген балуан бар. Ол XVІ ғасырдың орта шені мен XVІІ ғғ 40-жылдар аралығында өмір сүрген жүрекжұтқан атақты қолбасшы, қоғам қайраткері - Бесайдарұлы Алатау батыр. Өзінен бұрынғылардың үрдісін жалғастырып, Алатау жауға қарсы шабарда, кейде қайта оралғанда Түркістанға «Әзірет-Сұлтанға» келіп, бабаның аруағына сыйынып, Құран бағыштап отырған. Құраннан соң тайқазанды бір қарыс көтеріп қояды екен. Даңқы аспандаған Алатау батыр қартайған кезіндегі бір сөзінде «Қырық рет қанды қырғынға кірдім, тайқазанға он үш рет барып, он үш қарыс көтердім» деген көрінеді,» деп жазады. Тәуекел хан мен Есім хандардың, екі бірдей хан тұсында бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы болу үшін тумысы бөлек тұлға болу керек екені анық. Көрнекті жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым Мұқтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты әйгілі кітабында: «Сол күнде үш жүздің баласында атақты төрт батыр болар еді. Ұлы жүзде Бөгежіл елінен Жабайұлы Жақсығұл деген мерген еді. Қоңыраттан Алатау деген батыр еді. Кіші жүз Алшын Бортоғашұлы Жиембет деген еді.Үйсіннен Сүлеймен батыр…» деген дерек жазылған.. Алатау батырдың атын ардақтау үлкен қалаларда жалғасуы тиіс деп білеміз. Әруақ разы болмай, тірі байымайды. «Егемен Қазақстан» газетінде (30 шілде, 2010ж.) Табыл Құлияс: «Қолдағы бар деректерге жүгінсек, Қарасай батыр қолға түсіп қалғанда Жиембет пен Алатау батырлар оны асқан ерлікпен құтқарған көрінеді. Міне, сол тарихи тұлға – Жиембет жырау есімімен Астананың экономикалық аймағында бір көше аталатын болды.»- дейді. Осы жерде Алатау батырдың атын Астанадағы бір көшеге беру мәселесі туындайды. Елдің ерлерінің есімдерін түгел қамтуға тырысатын елорда мыңнан аса көше атын бірден өзгертіп, рухани қарышты қадам жасағаны белгілі. Енді Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында ел қорғаған ерлеріміздің, Алатау батырдың есімі елорда көшесіне көрік беріп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? «Мәдени мұра» бағдарламасы да бар, құм астында жатқан асылдарымызды аршып алып, жарқыратып көрсету жұмыстары жандана берсін деп тілейміз. Алла разы болып, Алатау батырдың әруағы қолдай берсін! Қазыбек ИСА