Астана жасыл желекке айналып келеді

2
1023

Ал миллиондаған қарызы бар қалталылар салығын қашан төлейді?..

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 3 маусымда, яғни, жұма күні Астана қаласын дамыту мәселелері жайында жиналыс өткізді. Аталмыш кеңесте жаңа архитектуралық жобалар, қаланың коммуналдық шаруашылығын басқарудағы электрондық жүйе, көлік инфрақұрылымын дамыту картасының таныстырылымы жайында сөз болды. Cонымен қатар, Елбасы «қала бұрынғыдан да құлпырып, үлкейіп келеді әрі еңбек етіп, демалу үшін өте қолайлы. Мен алғашқы күннен-ақ әрбір ғимаратқа, әрбір көшеге қарап осы өзгерісті байқаймын. Кеше біз қаланың ең маңызды орындарын аралап, көріп шықтық. Мен қаланың даму барысын үнемі қадағалап отырамын. Астана соңғы жылдары тазарып, жасыл желекке оранып келеді. Алайда, біздің сіздермен ортақ еңбегіміз, табысымыз ретінде осының бәрін айта отырып, қала құрылысының қарқынын төмендетіп алмай, біз астаналық жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге қазірден жұмылуымыз қажет», – деп, атап айтты.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жүйелі түрде санды сапаға айналдыру бағытын ұстану керектігіне тоқталып, өкінішке орай елорда кезекті жылыту маусымына да дайындықсыз кіруі мүмкіндігін жеткізді. Өйткені қаланың жылу тұтыну көлемі шамамен 130 гикакалорийге артпақ. Өткен жылы қалаға 200 гикакалорий жетпей қалған болатын, міне осыларды қосқанда 330 гикакалорий шығып отыр. Демек, біз қысқа қиын жағдайда кіруіміз мүмкін», – деп ескертті. Сондықтан да, «Үкімет әрбір проблемалық ЖЭО мен қазандық қандай жағдайда екенін біліп отыруы қажет. Президент аппараты мен үкіметтің барлық инспекторлары жер-жерлерге барып, облыстарда не істеліп жатқанын өз көздерімен көрсін», – деп тапсырма берді. Және премьер-министрі Кәрім Мәсімовке қарап, «Осы күндері қала әкімдігімен барлығының басын қосып, жылыту маусымының қарсаңында болмаса да, қыс түскенге дейін су жылыту қазандықтарын іске қосуға қажетті барлық шараларды атқарыңдар. Бір аптаның ішінде қаржыландыру көзін тауып, барлық мәселелерді шешіңдер», – деді «Қысқа дайындық – бұл жалғыз елорда емес, Қазақстанның барлық өңірлеріне қатысты. Бұл бірінші кезектегі маңызды тапсырма, ол қатаң бақыланатын болады», – деді президент.
Кеңес барысында, Қаржы министрі Болат Жәмішевке «Қала бойынша салық жиналып, ақша қазынаға түсуі керек!» және «Бүгінде елорда пайдаланып отырған қаржының 70 пайызы мемлекеттің трансферттері мен несиелер. Ал салықтың жинақталмаған көлемі қалада 15 млрд. теңгеге жетіп отыр», – деді ол. «Біз кеше әкіммен қарап отырсақ, олардың арасында Астанада тұратын таныс адамдар да бар», – деді. Бүгінде елордада миллиондаған қарызы бар тұрғындар бар. Олардың ішінде 163 тұрғынның қарызы 167 млн. теңгені құрайды. Соның ішіндегі 44-нің қарызы 1 млн. теңгеден асып отыр. «Олардың аты-жөнін жариялаңдар, олардың есімін барша ел білсін. Миллиондаған қаржыға коттедждер сала алады, бірақ мемлекетке салық төлей алмайды. Әуелі олардың коттедждерге ақшаны қайдан алғанын да сұраған жоқпыз» деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Астанадағы құрылысы жүріп жатқан барлық нысандардың сапасы бақылауға алынсын. Олардың тұрмыстық қолайлылығы халықаралық стандарттарға сай болсын. Әсіресе, жаңалары. Соның ішінде паркингтің болуы, Интернетке қолжетімділік, қуат үнемдейтін технологиялардың болуы міндет етілсін. Біз бұл туралы көп айтамыз, бірақ іс мардымсыз. Бұл істі өзге елдер жүзеге асыруда. Мен жаңартылған қуат көздерін пайдалану туралы айтып тұрған жоқпын. Бұдан бұрын да Қарағанды қаласындағы бір фирмада электр қуатын үнемдеу, жылумен тегін қамтамасыз ету тәжірибесі туралы айттым. Біз әлі күнге дейін қалада диодты шамдарды қойып жүрген жоқпыз. Оларды елімізде жасайды. Атап айтқанда, әкімшілік ғимараттарды диодты шамдарға көшіріп, электр энергиясын 30-40 пайызға үнемдеңіздер. Осы орайда халықты да осыған көшіру керек. Көшелердегі жарықтандыруды да осы үнемді шамдармен жабдықтау қажет. Қала жаңа, инновация бар, сондықтан мұнда инновация болуы тиіс. Айтып жатырмыз – бірақ біз оны қашан іске асырамыз? Бұл белгісіз. Егер «Нұржол» көшесінің бойын астаналық мәртебеге сай жасаған болсақ, онда игілікті іс болар еді. Корейлік Хайвилл солай жасап отыр, тәжірибе бар. Әлемдегі жаңаның бәрі қаланың құрылысы кезінде пайдалануы тиіс. Бұл мәселенің қойылуына байланысты. Жүзжылдық болмаса да сапалы әрі әдемі етіп тұрғызуға болады, – деді Президент.
Жиналыста, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Президентке қаланың дамуы мен перспективасы туралы баяндады. 2010 жылғы 2 сәуірде өткен қаланы дамыту жөніндегі кеңесте берген Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы, сондай-ақ, ағымдағы кезеңдегі басым міндеттер мен перспективалар туралы баяндама жасады. Онда Астана қаласының даму барысында, 2011 жылдың 4 айы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерін бөліп көрсетті. Айталық, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 51,3 млрд. теңгеге жеткен; өңдеу өндірісінің көлемі екі есеге артып, 39 млрд. теңге болған; негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 18,4%-ға өсіп, 74 млрд. теңгеге жетті. Елбасы тапсырмаларының орындалуы туралы баяндаған И. Тасмағамбетов құрылыс секторының позитивті қарқынын жоғалтпағанын атап көрсетті. Егер соңғы үш жылда 4 млн. ш.м. тұрғын үй салынса, биылғы жылы тағы 1,4 млн.ш.м. тұрғын үй салу жоспарланып отырғандығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 20-жылдығына орай Астанада 4 маңызды нысан – Хэйли Берри ағылшын үлгісіндегі мектебі, Мешіт, Телерадиокешен және Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуы тиіс. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы қала бойынша 649 млрд. теңге несие берілді, оның ішінде 22 млрд. теңгені шағын кәсіпкерліктер алған. Бұл 2010 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 3,6 есе жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар бағдарлама аясында абаттандыру және көгалдандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіледі. Аталған шаралар қаланың шеткі аймақтарының инфрақұрылымын едәуір дәрежеге дейін көтеруге мүмкіндік береді. Кеңесте Президент Астана қаласының басшылығы, өкілетті мемлекеттік органдар алдына Қазақстан елордасын дамыту жөнінде басымдықтарды айқындап, жаңа міндеттер қойды. Жиналыста Астана әкімі И.Тасмағамбетов Елбасыға: «Өзіңіздің ерекше қамқорлығыңыздың арқасында Астана алғашқы күннен-ақ айшықты даму жолын таңдап, сол бағыттан тайған емес. Оның әрбір көкейтесті мәселесі де Өзіңіздің жеке назарыңыздан тыс қалған емес. Қала басшылығы алдында жедел шешімін табуы қажет стратегиялық міндеттер кешені тұр, оларды тиімді шешу арқылы осындай жоғары даму қарқыны қамтамасыз етіліп отырады», – деді.
Ал, Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Астананың бүкіл Қазақстанға, тұтас әлемге үлгі болуына барлық күш-жігерін салатынына уәде берді.

Әсел РЗАЕВА

 

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз