Туған елге көшіп келемін деушілерге қашанда есігіміз ашық!

курылтай 1Мемлекет басшысы, Қауымдастық Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзі

Ардақты әлеумет! Төрткүл дүниедегі қазақты туған жердің төсінде қауыштырған осы құрылтайға келіп отырсыздар. Бүкіл еліміз сіздерді құшағын ашып, шын жүректен, қуанышпен қарсы алуда. Осы күні еліміздің ақпарат құралдары, зиялы қауым, жастар – барлығы да сіздердің келгендеріңізден хабардар. Жолдарыңыз ақ болсын, қош келдіңіздер деген қуанышымызды білдіргім келеді.Баршаңызды қасиетті қазақ жерінде қарсы алып отырғаныма мен де зор қуаныштымын.Еуразия төріндегі ұлан-ғайыр атажұртқа сіздер әлемнің 35 елінен келіп отырсыздар.Туған топыраққа сағыныштарыңызды арқалап жеткендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. «Қасиетті қазақ жеріне, жерұйық мекен Астанаға келген «қадамдарыңыз құтты болсын, ағайын!» деп тағы бір рет айтқым келеді. Қымбатты бауырлар! Құрылтай – тойласу үшін емес, ойласу үшін шақырылатын жиын екенін баршаңыз білесіздер.Бабаларымыз ел тағдыры таразыға түскен тұста, жаңа белеске қадам басар шақта құрылтай шақырып, кеңес құрған.Біз бүгін сол игі дәстүрдің ізімен жиналып отырмыз.Тағдыр талайымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен ағайынның атамекенде басқосуы бәрімізге зор қуаныш.Десек де, биылғы құрылтайымыздың жөні бөлек, жолы ерек, маңызы айрық­ша. Өйткені, біз тәу етер Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында жиналып отырмыз. Сондықтан, бүгінгі құрылтайдың «Қазақ елі» монументі жанындағы мынау біз отырған Тәуелсіздік сарайында өтуінің өзіндік мәні бар! Ендеше, өткеніміз бен жет­кенімізді байыптап алар сәт туып отыр, ағайын... Биыл тәуелсіздікпен бірге атамекенге атбасын бұрған Ұлы көшке де 20 жыл толды. Бүгінгі құрылтай осындай мерейлі белеспен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, биылғыдай баталы жылы біздің бастамаларымыз жемісті болуға тиіс. «Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз. Азаттықтың елең-алаңындағы күрделі кезеңге қарамастан, көшіміз көлікті болды. Содан бері ұлы көш бір сәтке толастаған емес. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Біз дүние жүзінде өз қандастарын еліне шақырып, қаражат бөлген үш-ақ мемлекеттің біреуіміз. Өздеріңіз білесіздер, ол – Израиль, Германия және Қазақстан. Үкіметтің тарапынан келген ағайындарға біраз көмек көрсетіліп жатқанын білесіздер. Халқымызда: «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы», деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан қай қиырда жүрсек те «Қазақстан» ұғымы біздің жүрегіміздің түкпірінде сақталуы тиіс. Сіздер «сүйегім атажұртымда жатса» деп тілеген аталар аманатын арқалап келіп отырсыздар. Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге, біздің жан-жүрегімізді де сыздатуы керек. Менің Жарлығыммен 2008 жылдан бастап қандастардың жыл сайынғы көшіп келу квотасын 20 мың отбасыға көтердік. Елге ағылған ағайынның көшін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдадық. Оны ойдағыдай іске асыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінді. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында іргелі істер атқарылды. Бірқатар облыс әкімдері көшіп келген қандастарға арнайы ауылдар салып, игілікті іс тындыруда. Жұмысқа бейімдеу үшін орталықтар құрдық. Шеттен келгендерге тіл үйрету шараларын қолға алып жатырмыз. Мен Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысындағы осындай елді мекендерді өзім барып көрдім. Келіп жатқан, қоныстанып жатқан ағайынның қуанышында шек жоқ. Қадірлі бауырлар, Атажұртын аңсап келген ағайын! Бүгінгі алқалы жиында қандас­тарымызға қолдау көрсетіп, қам­қор­лық жасаудың нақты жолдарын айқындап алуымыз керек. Сон­дықтан, алдағы мақсат-міндет­терді бірлесіп белгілеп алғанымыз жөн. Біріншіден, Парламентте «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылда­натын жаңа заң қандастарымыз­дың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс. Бұл орайда бір нәрсені қаперде ұстаған жөн. Соңғы кездері белгіленген квота толмауда. Туған елге табан тіреймін, көшіп келемін деушілерге қашанда есігіміз ашық екенін мен тағы да қайталап айтамын. Бұл орайда, қандастарымызды Отанға оралту жұмысын жүйелей түсу керек. Дүниеде жағдайдың әртүрлі екенін білесіздер. Біз дүниежүзілік дағдарыстан өзге елдермен бірге шығып келеміз. Сондықтан «келемін дегеннің бәріне қаражат, үй, жұмыс беріліп, то-лықтай жағдай жасалады» деп ойламаңыздар. Біздің 20 мың отбасы деп отырғанымыз сондықтан. Ал бірақ өз бетімен көшіп келіп, ағайын болып, отбасымен қосылып, басқа жағдайлармен келсе, әсіресе, жастар оқуға келемін десе, оларға да ешқандай кедергі болмайды. Осыған байланысты біз «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-ші кезеңінің жоба-сын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашылығына кеңінен тартудың жолдары сараланатын болады. Ол үшін келген мамандарды қажеттілікке байланысты қайта даярлап, қысқа мерзімде оқытумен қамтамасыз етеміз. Мемлекет қандастарымызға қа­тысты қамқорлығын жалғастыра береді. Бағдарламаның еліміздің ин­дус­триялық дамуымен байланысты екенін қаперден шығар­ма­ғандарыңыз абзал. Екіншіден, шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшілігі – 60 пайызы жастар екен. Жастар – біздің болашағымыз. Біздің әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда біз оны жүзеге асырамыз. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне қандас­тарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын. Қазір білектінің емес, біліктінің озатын заманы. Астанада әлемдік деңгейдегі Халықара­лық университет ашылғанын білесіздер. Кіріп-шығып, көріп те қайтарсыздар. Бұл жоғары оқу орнында дүниежүзінің ең білікті мамандары мен ғалымдары дәріс оқиды. Сондықтан, мен әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенде оқуға және Қазақ еліне қызмет етуге шақырамын. Қазір жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, білімді жас мамандар аса қажет. Жас қыздар мен жігіттер келіп оқитын болса, осында оқу бітіріп, мамандық алып, кейін ата-аналарын шақырып алатын шығар. Ол да қажет. Сондықтан, шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриялық өндіріске жұмысқа тарту керек. Қажет болса, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуді енгіземіз. Үшіншіден, біз шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесеміз. Байланыс және ақпарат министрлігі «Каспионет» арнасы­ның қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен бірге, ұлттық дәстүріміз бен тарихымыз туралы хабарларды арттыру жолдарын қарастыруды тапсырамын. Бұған қоса, министрлік дүние-жүзіндегі қазақ жастарының байланысын нығайту үшін арнайы веб-портал ашқаны жөн. Төртіншіден, қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнердің кеңінен таралуына жағдай жасауымыз керек. Біз қазақтың қаймағы бұзылмаған көрші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақталғанын жақсы білеміз. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экспедициялар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын. Бесіншіден, біз шет елдерде кіші құрылтайлардың тұрақты өткізілуін құптаймыз. Осыған байланысты, бұл құрылтайларға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болады. Қадірлі қауым! Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек. Қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан – ел тәуелсіздігі! Сондықтан, біздің басымызға бақ болып қонған тәуелсіздіктен асқан ешқандай құндылық жоқ. Ендеше, тәуелсіздіктің 20 жыл­дығына тұстас келіп, ақ түйенің қарны жарылған бұл той – біздің ұланасыр ұлы тойымыз. Тойымыз тарқамасын, ардақты ағайын! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Алаштың айбыны, бар қазақтың ортақ Отаны – Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасасын! (қысқартылған нұсқа)