Пара – қордан бала қор болмасын!...Өнер-білімдегі жемқорлық – өзекке түскен жегіқұрт...

878 «Жемқорлық» деген ұғым біздің қоғамымызда өз шешімін таба алмай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл тек біздің елімізде ғана емес халықаралық деңгейде де дәрежесі мықты жаһандық мәселелермен тепе-тең тұр. «Economist» журналының Лондон­дық зерттеу топтарының сараптамасы бойынша, Қазақстан (Әзербайжан, Украина, Ресей, Өзбекістанмен бірге) мемлекеттік чиновниктер арасындағы жемқорлықтың өріс алуы бойынша алдыңғы орындардың бірінде екен. Барлық аталып өткен елдер жемқорлық үшін ең жоғарғы – 4 ұпайды иеленеді. Ал Ресей сарапшылары М.Левин және Г.Сатаров жемқорлықтың жағымсыз іздерінің толық бір қатарын бөліп қарастырады:

1. Жемқорлық экономикалық даму фазасына өтуге кедергі жасайды: көлеңкелі экономика дамиды; бюджетті қаражаттардың қолданылу тиімділігі төмендейді; экономиканы және тұтастай мемлекеттік машинаны басқа­руға кедергі келтіреді; мемлекетке деген сенімсіздік өседі және осының нәтижесі ретінде – инвестициялық ағындар тарылады және т.б. 2. Жемқорлық әлеуметтік салаға зардабын тигізеді. Жем­қор­лық қаражаттың халықтың кедей қабаттары есебінен белгілі бір олигархтық топтардың пайдасына іске асуына себеп болады. Нәтижесінде - әлеуметтік кернеудің өсуіне алып келеді. 3. Жемқорлықтың саяси салдары да бар. Биліктің жемқорлық алдындағы әлсіздігі мемлекет пен қоғам өмірінің негізгі реттеу құралы ретінде құқықты сенімсіздендіреді; құқықтық нормалар және әкімшілік құрылымдар жемқорлыққа себепші болатын жағдайларды қорғауға жұмыс істей бастайды. Жемқорлықтың аталып өтілгендерден де басқа толып жатқан қоғам өміріндегі мәдениет, білім, ғылым, педагогика, психология салаларына да тигізер зардаптары сан алуан. Қазіргі күні бұл мәселе көтерілмей жатқан жоқ. Бірақ сонда да серпіні сейілер емес аса күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Жақында «Жас қазақ үні» газетінің тұрақты оқырман­дардың бірі редакцияға қоңырау шалып, қоғамымыздағы осындай кезекті әділетсіздіктің құрбаны болғанын ашына айтып, жыларман болды. «Мамырдың төртінші жұлдызында П.Чайковский атындағы музыкалық колледжі, қала әкімшілігінің тапсырысымен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай музыка аспаптары бойынша «Жас талант» атты байқау ұйымдастырды. Конкурсқа барлығы 70 бала қатысты. Баламызды байқауға қатыстыру үшін ата-аналар 5000-7500 тенге көлемінде колледж қорына банк арқылы ақша өткіздік. Байқауда аспапты кімнің қалай ойнағаны көрініп-ақ тұрды. Балалар байқауға барынша дайындалып, жан-тәнімен өнер көрсетті. Алайда талантты балалар жайына қалып, қазылардың қалтасына конверт тасыған ата-аналардың балалары жүлделі орындарға ие болды. Қазылар алқасының құрамында студент тәрбиелеп, бала талантын шыңдап жүрген, жастарға үлгі болар абзал азаматтарымыз да бар... «Шынымен де, бұл кісілердің мұндай әділетсіздікке барғаны ма сонда?!.» деп сене алмай, мең-зең болдым. Бұдан да басқа байқауларға баламызды қатыстырып жүрміз. Барлығында осындай. Кім ақша берсе, кімнің көкесі болса, сол орын алады, жүлделі болады. Сол жүлдені сатып алды ма, танысы арқылы алды ма, мейлі қалай алса да, осы байқауда жеңімпаздардың өздері құны 40 теңгеге жетпейтін бір мақтау қағазына ие болды. Қалғандарына ынталандыру сыйлығы ретінде бір сапасыз қалпақшаны кигізіп үйлеріне қайтарды. Сонда біздің қаншама мыңдап өткізген ақшамыз қайда кетті? Баласын байқауға қатыстырам деп, ауыздарынан жырып қалтасын қағып өткізген ақшасы, кімнің қалтасын барып толықтырды екен? Осыдан барып өнерге кім қызығады? Тіпті балаларымыз енді сол аспабын ұстағысы да келмей қалды. Оларды тағы не деп ынталандырамыз? Қандай сылтау айтып байқауға қатыстырамыз? Ендігіде жүлдені сатып әперем дейміз бе сонда? Осыдан барып, қазақтың ұлттық өнерін қалай дамытамыз? Қалай жастарды, балаларымызды өнерге баулимыз?» Оқырман осындай ащы үнін га­зетімізде жариялауымызды өтінді. Бұл тек бір ғана ата-ананың, бір ғана оқырманның емес, қазаққа жаны ашыған, қазақтың өнерін, мәдениетін бағалайтын әрбір азаматтың жан даусы. Қазақ айтады, «нағыз тұлпар бәйгеде шыңдалады» деп. Шынымен де, бұл тек осы аспаптар бойынша ғана емес, мәдениеттің барлық түрлерінде, спортта да кездесіп жататын жайттар ғой. Әрине, «байқауда бастысы жеңіс емес, бастысы қатысу», дегенмен, бала болғаннан кейін балаға рух беретін, өнерін одан әрі шыңдауға себеп болатын жағдайлардың бірі – сол өнердің жемісін көру, өз өнерін, талантын барынша жұртқа жеткізе білгендігін сезіну емес пе? Байқауға қатысып, орын алған, жүлдеге ие болған сәби сол өнерді одан сайын бағалап, аспабын сүйе орындап, келешек байқауларда да жетістіке жетуге барын салмай ма? Осындай байқаулардың жүлдегерлері тек қана Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдерде де қазақтың өнерін паш ететін өнерпаздар ғой. Өз елімізде, өз жерімізде жүріп осындай әділетсіздіктің куәсі болып өскен бала басқа өңірге барып қалай өнер көрсетіп, қазақтың намысын қалай қорғамақ? Әке-шешесі ақша беріп, орын алып берген бала өз талантына, өз қабілетіне емес, ата-анасының ақшасына сеніп өспей ме? Өзіміздің ортамызда да «талант бар да, таныс жоқ» деп, қалжың болса да, ащы шындықтың дәлелін айтып жүрген өнерлі құрдастарымыз жетіп жатыр. Сыбайлас жемқорлық, пара­қор­лық деген сөзді естігенде жүрегімді елең еткізетін тағы бір жәйт бар. Ол білім саласына байланысты мәселе. Қазір түлектер мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына дайындық үстіндегі кезең. Оқушылардың, талапкерлердің, түлектердің болашағына бағыт берер, ең жауапты кезеңдерінің бірі – Ұлттық Біріңғай Тест те жақындап келеді. Заманауи талаптарға сәйкес, мемлекетіміздің экономика саласы жағынан ілгері дамып келе жатқандығына байланысты қазіргі күні осыдан 10 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, халықтың 90 пайызы балаларының диплом алуына жағдай жасап, жоғарғы білімді азамат болуына бар күштерін жұмсап бағуда. Әрине, бұлай істеу өте орынды. Себебі қазіргі күні көп мекемелерде білімді азаматтар, білгір мамандар тапшы және жоғарғы білімсіз жұмысқа орналасу да мүмкін емес. Сондықтан болар жоғарғы оқу орындарына тапсырушы талапкерлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Жас талапкерлердің жоғарғы оқу орындарына түсуі немесе білім грантын жеңіп алуы да де үлкен мәселеге айналды. Талаптанып жүрген өзіміздің іні-сіңлілеріміздің көбісі сыныптастарының қайсысы оқуға түсетіні анықталып қойғандығын айтып жүр. Әрине бұл ақылға сиымсыз нәрсе, бірақ сонда да осының алдыңғы жылдардағы жәйттарға көз жүгіртсек, олардың сөзінің де жаны бар-ау деп ойлап қаласың. Танысы бар, ақшасы бар, көкесі бар ата-ананың баласы, тіпті мектеп кезінде мандытып оқымаса да, 100-120 баллдың иегері немесе баллсыз ақ гранттың иегері болып шыға келді емес пе? Тіпті осыдан 6 жыл бұрын мен өз басым сондай оқиғаның куәгері болған едім. Біздің екі сыныптасымыз Ұлттық біріңғай тесттен 75-80 баллды жинап тұрып, газетке қорытынды шыққанда қайдан, қалай екені белгісіз 90-95 баллмен еліміздегі ең беделді оқу орнына грантқа түсіп тұрды. Сол кездегі менің таң қалғаным-ай! Ақшаның құдіреті қандай болып кеткен?! Бір ғана кішкентай ауылдан 2 оқушы осылай түсіп тұр. Ал Қазақстанда қаншама елдімекен бар, қаншама қала бар. Егер соның бәрінен кем дегенде 2 баладан жоғарғы оқу орнының грантын осылай иеленсе, осылай оқуға түссе, әрине мұндай жағдай қаншама дайындалған, талаптанған білімді баланың орнын әділетсіздікпен жаулап алады. Ол осыдан 5 жыл бұрын ҰБТ деген ұғым енді ғана шыққан кез. Ал қазір Аллаға шүкір, талапкерлер саны одан қаншама есе артты. Әлбетте, сатып алушылар саны да өсті ғой. Осының бәріне куә болып жүрген сол іні-сіңлілерімізде әрине сондай пікірлер қалыптасады. Осыдан кейін олар да әке-шешелеріне «ақша дайында» дейді. Өз күшімен түсіп жатқандар жоқ емес, бар. Осыған оларды қалай сендіріп, қалай үміттерін оятамыз? Кеңес заманының қатал қы­сымының құрбаны болып, құрып кетуге айналған тілімізді қайта қалпына келтіріп, мәдениетімізді дамытамыз, салт-дәстүрімізді жан­дандырамыз, өнерімізді ұлық­таймыз, әлемге танытамыз деп жүргенде өзіміздің арамыздағы осындай опасыз жайттардың бетін қалай қайтарамыз. Онсыз да қоғамымызда асыл дініміз исламның атын жамылып жүрген қаншама секталар, қаншама діни ұйымдар мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді бұрмалап, көптеген әдет-ғұрыптарымызды жоққа шығарып жүрген жоқ па? Бұл өз алдына түйіні шешілмес жеке бір мәселе. Президентіміз Н.Ә.Назарбаетың «Қазақстан 2030» бағдарламасында атап өткендей, әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қалайша қосылмақпыз? Әлеуметтік жағдайымызды түзеп, экономикамызды тұрақтандырып, ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, аманат еткен осынау ұлан-ғайыр байтақ даламызды, қазынаға толы шұрайлы топырағымызды, бабаларымыздың тәрбиесі мол, молдір мәдениетіне дақ түсірмей, қоғам талабына сай дамыта отырып, қалайша келешек ұрпаққа жеткізбекпіз? Егер қоғамымыз жемқорларға, пара­қорларға, өтірікшілерге, әділетсіздікке толы болса, егер ұрпа­ғымызды осылайша ақшаның буымен тәрбиелесек. Ұрпағымызға мате­риалдық жағдайды былай қойып, рухани байлығы жоқ қоғамды табыстамақпыз ба сонда? Бұл тек қана бір Прези­дентіміздің ғана міндеті емес қой. Барлық қазақтың атсалыса атқарар міндеті. Сол міндетімізді атқаруға жалындап, өсіп келе жатқан жастардың көкірегіндегі патриоттық сезімдерінің шоғын сөндірмесеңіздер екен парақор мырзалар! Пара-қордан бала қор болмасын! Барша қор болмасын! Бұл Бар қазақтың, Жас қазақтың үні! Марал БОТАЕВА