Ел ынтымағы мен ертеңді ойласақ...

KZ

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВҚА!

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Үстіміздегі жылдың 20-21 сәуірінде, Сіздің шетелдік сапарыңыз кезінде «Хабар» телеарнасы өзінің апталық бағдарламасынан кенеттен ауытқып, Қожа Ахмет Ясауи негізін салған сопылық мектептің ізбасары Исматулла Әбдіғаппар жөнінде толықтай жалған ақпараттар мен бұрмаланған деректерге негізделген фильм көрсетті. Таққан айыбы – Исматулла ақсақал «зікірді пайдалану» арқылы азаматтарды өзіне бағындырып, саяси мақсаттарға, бәлки билікке таласуға ұмтылыпты-мыс. Шындығында, Исматулла ақсақал – Ясауи, Абай, Шәкәрім, Бекет ата өсиеттеріне сәйкес, мемлекет басшысын Жаратушының жердегі көлеңкесі деп есептейтін, елдік ұғымын ту етіп ұстаушы бабалар дәстүрінің, яғни сопылықтың бірегей өкілі. «Басқа-басқа, қазақтың маңдайына біткен патшасын сыйлау, Алла Тағаладан оның амандығын тілеу – қай қаракөздің болмасын парызы және міндеті» дегенін өз құлағымызбен ол кісінің аузынан талай естідік. Ал, зікір ғибадаты болса, бабаларымыз ғасырлар бойы қолданып келген, ең алдымен, рухты, адамдық болмысты көркейтетін, барынша жетілдіретін, жүрек пен арды тазартатын қуатты құрал, оның саясатқа ешқандай қатысы жоқ! Сондықтан да Сіздің үстіміздегі жылдың 11 наурызында Түркістан қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесу сәтінде «біздің халқымыздың рухани өзегі Қожа Ахмет Ясауи ілімі болып табылады» деген сөзіңіз мерейімізді өсіріп, көңілімізді қуанышқа бөледі. Өз кезегімізде, Исматулла Әбдіғаппардың ұлт бірлігі, елдік жөніндегі Сіздің көзқарасыңыз бен ұстанымдарыңызды жүзеге асыруға жан-тәнімен еңбек сіңірген, экстремизм мен терроризмге қарсы ымырасыздықпен күрескен ақсақал екендігін қай жерде, қай жиында болмасын мәлімдеуге әзірміз. «Хабар» сияқты алпауыт телеарнаны пайдалану арқылы, қалың көпшілік алдында Исматулла ақсақалдың беделіне нұқсан келтіру әрекеті жат діни ағымдардың өкілдеріне ғана пайдалы, өйткені олардың өрттей қаулап, тамырлап кетуіне күні бүгінге дейін И.Әбдіғаппардың басты және нәтижелі кедергі болғаны көпшілікке мәлім. Қазіргі кезде осы фильмнің шығу мәні, саяси астары, оның тапсырушылары жөнінде түрлі-түрлі әңгімелер қаулап кетті. Біз өз тарапымыздан, тапсырыс берушілер ретінде аты аталып, түсі түстелген саясиланған діни күштер, олардың басшы тұлғалары туралы бірқатар БАҚ беттеріне жарияланған ақпараттар шындыққа сая ма деп қауіптенеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да шетелдік ықпалдың, әсіресе, «ваххабшылдық» кейпіндегі, бізде жұмсартылып «салафизм» деп аталатын атышулы арабтық ықпалдың күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, жақында жариялаған арнайы пәтуасында дәл осы идеологиядан сақтандырды. Осыған орай, фильмді түсіру жөнінде бастама көтергендерді және оны қасақана көрсеткендерді мемлекетке, қазаққа қарсы қаскөй күш ретінде батыл атауға болады деп түйдік. Өйткені олардың іс-қимылы – Сіздің елдікке, бірлікке шақырған саясатыңызға қайшы әрекет, қазақтың түп-тамырына шабылмақ балта. Айдың-күннің аманында жұртты шатастырып, бүкіл ел боп сайлаған Президентті алдаудан тайынбаған олардың болашақта зұлымдық пиғылдарын іске асыру үшін ешкімді де аямасы, ештеңеден де тайынбасы белгілі. Фильмге тапсырыс берушілер 9 ай бойы қамауда отырған Исматулла ақсақал мен оның шәкірті, профессор Саят Ибраев сияқты бірнеше ат төбеліндей азаматтардан бүтін халықтың, Елбасы жауының бейнесін қолдан қасақана жасай отырып, қоғамда алаңдаушылық тудыруды, саяси жағдайды ушықтырып, сол арқылы өздеріне керекті жағдай қалыптастыруды көздеген, осылайша, жұрт назарын өздерінен алыстату мақсатын діттеген деп түсінеміз. Құқықтық тұрғыдан алсақ, Исматулла Әбдіғаппардың бар айыбы – кәдуілгі медицина мен қаптаған күресуші органдар емдей алмаған жүздеген нашақор мен маскүнемді сауықтырғандығында. Нақты айтқанда, қолында Денсаулық сақтау министрлігінің лицензиясы болмағандығында. Ал, біздің ойымызша, Исматулла ақсақалдың бұл қызметіне лицензия талап етудің еш қисыны жоқ, өйткені сөз болып отырған рухани сауықтырудың әдеттегі медицинаға қатысы шамалы. Мұндағы сауығу Ясауи бабамыздың «Диуани хикметінде» айтылғандай, адамды тек рухани тұрғыдан нығайтатын зікір салу, яки Жаратқан Алланың атын еске алу арқылы жүзеге асқан. Жай-жапсары ақылға қонымсыз «қылмыстық іс» түрлі себептермен уақтылы сауыға алмаған осындай категориядағы шыншылдығы күмәнді бірді-екілі адамның жазған арыздарына негізделген. Оны фильмнің өзінен-ақ көруге болады. Ал, іс барысын қадағалап отырғандар болса әлі сот процесі басталмай жатып, яғни тиісті заңдарымызды өрескел бұзып, қажетті қоғамдық пікір туғызу үшін осындай өтірікке барып отыр. Өткен жылдың қазан айы­нан бері біз Исматулла Әбдіғаппарды негізсіз қуғын­дау мен айыптауларға назар аударуыңызды сұрап, Сізге бірнеше рет хат жолдадық. Осы мәселелерге орай Өзіңіздің қабылдауыңызды сұрап, арнайы өтініш те жолдадық. Ондағымыз – осының бәрін дабыралатпай Өзіңізге айтсақ, алып-қосусыз жеткізсек деген үміт. Бірақ, ұшты-күйлі хабар жоқ, әсте хаттарымызды Сізге жеткізбейтін болса керек. Тіпті бара-бара дүйім жұрттың алдында масқаралап, жала жабуға көшкен соң еріксіз осы хатты жазуға бел будық. Ата салтымен «Дат» деп отырмыз. Бізді ұлтымыздың тағдыры, болашағы қатты алаңдатады. Ел­дің ынтымағы мен өркендеуі­нің бірден бір кепілі Өзіңізден осы бассыздықты тыйып, тиісті шара қолдануыңызды сұраймыз. Назарыңызға «Хабарға» жолданған сотқа дейінгі талап-арыздың көшірмесін қоса жіберіп отырмыз.

 

Құрметпен, 1. Шерхан МҰРТАЗА, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері; 2. Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы,профессор, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры; 3. Дидахмет ӘШІМХАН, жазушы, ҚР-ына еңбек сіңірген қайраткер, баспагер; 4. Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері; 5. Есенғали РАУШАН, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері; 6. Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, , І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері; 7. Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері; 8. Светқали НҰРЖАН, ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері; 9. Тасқара ҚАРАТАЙҰЛЫ, халық емшісі; 10. Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің бас редакторы; 11. Абай БАЛАЖАН, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «ОРДА-KZ» газетінің бас редакторы; 12. Болат ҚОРҒАНБЕКОВ, филология ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы; 13. Еділ ЖАҢБЫРШИН, Маңғыстау облыстық маслихатының депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, эколог-ғалым; 14. Оңайбек АБДИЛОВ, полиция полковнигі, ІІМ зейнеткері, техника ғылымдарының докторы, ҚР Заң ғылымдары академиясының академигі, Б.Сыртанов атындағы сыйлықтың лауреаты; 15. Ордалы ҚОСАЙ, ҚР білім беру ісінің үздігі, жоғары санатты ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері; 16. Аманжол МЕЙІРМАНОВ, ҚР ҒБМ ҒК, Философия және саясаттану институтының ғылыми қызметкері, ясауитанушы; 17. Бибайша НҰРДӘУЛЕТОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры; 18. Алмас ҚУАНБАЙ, «Үш қиян» Республикалық ұлттық тәуелсіз апталық газетінің бас редакторы; 19. Шолпан САПАРБАЙҚЫЗЫ, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов ат. КМТжИУ доценті; 20. Рза ОҢҒАРБАЙ, ақын,ҚР журналистер одағының мүшесі; 21. Ықылас КӨШЕРБАЙ, Ақтау қалалық маслихатының ІІІ-ІV-шақырылымының депутаты; 22. Базарбай ӘБДІРАХМАН, қажы, дінтанушы, өлкетанушы; 23. Ануарбек БИМАҒАМБЕТ, ақын, «Шабыт» фестивалінің лауреаты; 24. Амангелді ЖҰМАШ, зерттеуші-журналист; 25. Марат ОСПАН, Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры; 26. Қазбек ҚАБЖАНОВ, ақын, журналист, «Шабыт» фестивалінің лауреаты; 27. Тоқтар АБАЙЫЛДА, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Алматы қаласы №17 мектеп-интернатының директоры; 28. Зейнулла ҚОСАЙҰЛЫ, ата-ана;