«Ең басты жол – Отанға бастайтын жол»

Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы қарсаңында, өткен күндер парағына үңілсек...

11 Аллаға тәубе, қазақ өз алдына дербес мемлекет болып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастар отанына оралды. Тағдырдың тәлкегімен тарыдай шашылған сол халықтың ұрпағынан 800 мың адам атажұрттан мейірім тауып, ел-жұрттың қатарын толықтырды. Кетігіміз толып, кемтігіміз жамалды. Тәуелсіздіктің 20 жылына орай өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы да қазақ басындағы бақытты күндердің бір мысалы. Өткен күндер парағына үңілгенде, ел үшін еңіреген ерлердің үні күні кешегідей құлағымызға жаңғырығады. Тәуелсіздік баянды, ұрпағымыз ұлағатты болсын!

...Сіздер қазақтың елі мен жерінен алыста жүрсеңіздер де, ниеттеріңіз бізбен ортақ, жүректеріңіз Қазақстан деп соғатынын білемін. Қазақстанда болып жатқан жақсылық өзгерістерді, экономика мен мәдениетіміздегі, саясат пен әлеуметтік саладағы айтулы жетістіктерді естіп-біліп жүрсіздер. Біз бүгінгі таңда дүниежүзінің ең озық, өркениетті елдерінің қатарына қосылу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ата жұрттарыңыз мақсат еткен осынау үлкен міндетті абыроймен жүзеге асыру әлемдегі барша қазақтың ортақ міндеті болуы тиіс. «Жол жүрсе өнеді» дейді дана халқымыз, ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүріп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың жүрегі арқылы жүретін жол. Сол жол, міне он төрт жылға жуық уақыттан бері сіздерді жиі-жиі атамекенге алып келуде. Талайларыңыз атамекенге жүрек жолымен келіп, туған жер төсінде тұрақтап қалып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отанның ыстығына күйіп, суығына тоңып келесіздер. Қай жерде жүрсеңіздер де, атамекенді ардақтаған адал жүректеріңізбен туған жеріміздің жақсы атын шығарып келесіздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рахмет айтамын.

Нұрсұлтан Назарбаев *** Әрине, туған жерден қол үзіп, ана отаннан айрылып, ұзақта жүрген адамның көңілі қашанда қаяулы болады. Бүгінгі мына Қазақстанның тәуелсіздік алғандығы және осы салтанатты құрылтай сол мұңымызды тарқатып, мақтаныш сезімін тудырды. Дегенмен, тағдырмен бетпе-бет келіп, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың сонау зар замандар, ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның тауқыметтері ойға оралып, «Елім-айлап» ән салып зарлаған елдің қайғылы дауысы құлаққа естілмей, қамықтырмай қоймайды. Халифа Алтай, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында сөйлеген сөзінен *** Түркиядағы қазақтардың ал­ғаш­қы тобы сонау қырқыншы жыл­дардың бас кезінде Қытай билеу­шілерінің қорлығына шыдамай, бірнеше мемлекеттің шекарасын басып өтіп, орасан шығынға ұшырап, Үндістан жерінде тұйыққа тіреліп, “жер ортасы Көктөбе” деп қайда барарын білмей дағдарып қалған елден құралған. Оларға жәрдем қолын созып, көшіріп әкеп қоныс берген, орналастырған, ес жиып, етек жиюға көмектескен Түрік үкіметінің мұндай қамқорлығын ешқашан да естен шығаруға болмайды. Рахманқұл Бердібаев **** Мен алдымен шетелдегі қазақ қандай және олар не дейді? Нендей сыр-мұңы бар? деген сұраққа жауап іздедім. Әрине Қазақстанның шуағы шетелде тұрып жатқан әрбір қазаққа керек. Қазақ баласы әлемнің қай түкпірінде дүниеге келсе де, оның Отаны – Қазақстан. Ол өз отанын мәртебе көріп, қорғаныш тұтып, арқа сүйеп жүруі керек. Алайда олар өздері өмір сүріп отырған елдің экономикалық, мәдени дәреже-деңгейіне қарай тіршілік еткендіктен, тұрмыс жағдайлары әртүрлі. Тұрмыс дегенде бір ауыз французша сөз білмесе де жиырма жасында Түркиядан Парижге келіп, тіл үйреніп, бір жылдан соң жеке шеберхана ашқан Мехмет есіме түседі. Оның шеберханасын көрдім. Өзі, інісі, жиені, лицей бітірген тағы бір жігіт жұмыс істейді екен. Жиырма түрлі өте жоғары сапалы киім тігеді. Ал ирандағы қазақтар көбіне қолөнермен, саудамен айналысады. Отандастармыздың шет елдерге бару тарихы да әртүрлі. Мынадай бір тосын кездесу есімде. Берлин қаласында Қаби Смер (қазақ диаспорасының өкілі) жазғы кафеде сусын ішіп, тынығып отырғанбыз. Кенет көше жақтан ұзын бойлы, еңкіш тартқан, қараторы қарт кісі көрінді. Түрі қазаққа келеді. Оны көргенде Қаби де алыстан сәлемдесіп, үстел басына шақырды. Әлгі кісі шынымен қазақ екен. «Атым Мишель» – деді ол кісі жөн сұрасқан маған. Тыңдап отырсам, оның тағдыры да өз алдына бір бөлек хикаят. Ұлы Отан соғысы басталғанда 24 жаста ғана екен. Майданда жүріп, фашистердің тұтқынына түсіпті. Бельгияда шахтада көмір қазыпты. Соғыс біткен соң, «елге барсам жауға қызмет істедің деп коммунистер дарға асады» деген қорқынышпен шетелде қалып қойған. Әр алуан тағдыр, әртүрлі оқиға. Бірақ бәріне бірдей қасиет - шетелдегі бауырларымыздың әр жанның көңіліне нұр құятын атамекенге, ана тілімізге адалдығы. Соған қарап ойлаймын, қай қиырды мекен етсе де адам баласы атамекенін, туған халқын ұмыта алмайды екен. Тіпті, жұмақта жүрсе де атамекенін сағынатын шығар.. Қалдарбек Найманбаев *** ...Ұшақ келіп белгіленген жерге тоқтады. Бүкіл әуежайды аңыратып, төбе-құйқаны шымырлатып “Елім-ай” кетті шырқалып. Басқыштан түрік тақиялы ақсақалдар, ақ жаулықты аналар бірі еңіреп, бірі қол орамалдарымен көздерінің суағарын іліп сүртіп түсіп келеді. Жерге жеткен бойда еңкейіп асфальтті сипайды, сүйеді (әуежайда қара жер қайдан болсын). Бір ақсақал тіпті жерге етбетінен жатып қалды. Мауқы басылған соң екі қолынан демдеп, сабыр сұрап тұрғызып алып кеттік... Мюнхендік Шәріп Найман ақсақал “мен алты жасымда туған елімнен жер ауып кеткенде осы ән құлағымда қалыпты” дейді. Енді бір қария босқын болып талай белден асып, талай елді басып, ит қорлығын көрген заманда өзіміз де осы әнді жүрегіміз жылап тұрып айтушы едік деді. Қысқасы, атажұртын аңсап келе жатқан ағайынды гимнмен емес, “Елім-айлап” қарсы алғанымыз дұрыс болғанын осы кісілердің жүрекжарды тілектері де дәлелдегендей болған... Жалпы Тәуелсіздік жылдарында нелер бір думанды тойлар өтті ғой. Солардың ішінде Абай мен Жамбылдың, Мұхтар Әуезовтің, Құрманғазының мерейтойлары сияқты дүйім дүниені дүркіреткен ұлы тойлар да болды. Кейін қазақтың тағы екі құрылтайы өтті. Бәрібір, тұңғыш Құрылтайдың мазмұны мен рухы мүлдем өзгеше еді. Адамдардың бет-жүзі бал-бұл жанып, қуанса да, күлсе де, тіпті әзіл мен қалжың айтса да іс-әрекеттерінен әлдебір табиғи шынайылық сезілетін. Қайда барсаң құшағын жайып арсалаңдаған қа­зақтар. Тұңғыш Құрылтай өзіне де­йінгі де, өзінен кейінгі де ешбір тойға ұқсамады. ...Бұл не деген ас та төк береке, есепсіз байлық, шадыман қуаныш деп таңғаламын қазір. Қазақтың мың жылдық рухы осы күндері тіріліп, Алматының төбесінде қалықтап тұрып алғандай еді. Кейін пайымдадық – бұл той қазаққа бақ боп қонған, Тәңір тарту еткен Тәуелсіздіктің тұңғыш қуанышы екен. Төрткүл дүниеге бытырап, тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен, діні мен тілінен айрыла бастаған сорлы қазақтың есін жинап бас қосқан күні екен. Сандаған ұрпақ арман еткен атажұрттың бостандыққа жеткеніне жүректері жарылардай болып, ағайынның бір-біріне қошемет көрсеткендері екен. Бұл Құрылтай қазақ айтқан нағыз “ақ түйенің қарны жарылған” күн болды! Әлібек Асқар *** Ойыма ең бірінші елім, жерім оралады. 1945 жылдан бастап өмірім қашумен өтті. Ал 1946 жылы өмірім жақсырақ болды деп айта аламын. Ол уақытта Шығыс Түркістан Республикасы бар еді. Оның жеке туы, ақшасы бар еді. Президенті Әлихан Төре болатын. Сол кезде менің әкем бір ауданның әкімі болды. Бір күні ұйықтап жатсам, бір топ әскер қазақша марш айтып келе жатыр екен. Солардың арасында мен де жүретінмін. Ол кездері ораза ұстап, намаз оқитын едік. Содан 1947 жылы Шығыс Түркістан құлады. Сол себепті біз Совет одағы кезіндегі Қазақстанның дінсіздігін, «Алаш орда» көсемдеріне не істелінгенін білеміз. Орыстың астына түскенше, коммунист емес қытаймен келісуді дұрыс санадық. Бізге қарсы Марков, Лескен, Алинов деген орыстар соғысты. Ол бізден ұзақ еді. Біз Алтай бөктерінде болдық. Мен оны кітабымда жаздым. 1947-1948 жылдары Манас өзенінің Шығыс жағына қашып өттік. Шығыстан келе жатқан қытай коммунистері батыстан келе жатқан советтің ықпалын көріп, әкем марқұмдар жылжи-жылжи Шығыс Түркістанның орталығы Үрімжі тауына жақындады. Ол кезде мен он бес жастамын. Содан келесі жылында қытай коммунистері Шығыс Түркістанға басып кірді. Біз Такламакан шөлінен де өттік. Олардың бірі де оңай болмады ғой. Такламакан шөлін ойлап көріңіз. Су жоқ, түк жоқ. Мен жылқы айдайтынмын. Жылқылар қарны ашқанда адамның киімін иіскеп, жұлқылап жеуге тырысатын. Содан Гималай тауына да келдік. Ол жерде де қиын болды. Қар, боран, суық. Қайда болса да оңай болмады ғой. Алғашында 5-6 мың болып бардық. Солардан Түркияға жеткені 171 адам болды. Гималайда жағдай өте ауыр болды. Күннің суығы соншалықты жылынатын жер де болған жоқ. Содан мен қойдың арасына барып жаттым. Өйткені қақаған суық. Кейін мен дүние жүзіндегі бір­қатар елдерді араладым. Әлгі бес жұлдызды қонақүй дейді, сон­дай­лардың талайында жатып көрдім. Бірақ менің бір көзқарасым бар, ол қазақ қайда жүрсін, қандай жағдайда жүрсін, кім болсын Қазақстанның тәуелсіздігі үшін қызмет етуі керек. Совет одағы тағы бір елу жыл өмір сүрсе, қазақтың жағдайы қандай болар еді? Тәуелсіздікті қорғау керек, бекемдеу керек. Ол немен бекемделінеді? Ол тек ұлттық санамен бекемделінеді. Ал ұлттық сана-сезім ана тілімен келеді. Мысалы, 100 млн. арабтың ішінде 4-5 млн. еврей отыр. Олар қалай жан бағып отыр. Өйткені олардың сана-сезімдері күшті. Өкінетін дүниелер бар. Мен елімнен кетпес едім. Түріктердің бір қызық сөзі бар. Ауылынан қырық қадам шыққаннан кейін адам мүсәпір болады, пақыр болады дейді. Менің қазіргі жағдайым да жаман емес. Пенсиям да жаман емес. Далаға шықсам немісті көрем, түрікті көрем. Бірақ маған кеңесетін қазақ керек қой. Хасан ОРАЛТАЙ *** ...Көп замандар бойы көрінгенге бодан болып келген қазақ халқының өзіне-өзі қожа болып, тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын Алатаудың асқарында желбіреткеннен кейін ғана көзі ашылды. Есеңгіреген халден құтылып, есін жиып дүниеге басқаша көз жіберді. Ненің шын, ненің жалған екенін қайта талдауға кірісті. Коммунистік үгіттің алдамшы сандырағына әбден уланып, «Кеңес Одағынан басқа жерде тіршілік жоқ» - деген қызық сөзге имандай ұйып алған жазықсыз жұрт енді жаңадан еңсе көтеріп, әлемді өз көзімен танып, жаңа белеске қадам қойды. Осы қатарда отыз жыл бойы хат-хабар алыспай кеткен шекараның ар жағындағы бауырлас туыстарын да есіне алды. Ел елмен қауышып, қайтадан барыс-келіс жасауға кірісті. Әкеге бала, балаға іні қосылып, шат-шадыман қауышқан жақсы күндер туды. Бірен-саран болса да атмекенінен көшіп те келе бастады. Жақсылық Сәмитұлы, «Қытайдағы қазақтар». *** Тағдыр-ай десейші, мен ұлтым да, ұраным да қазақ бола тұра сонау Моңғолия жерінде, оның өзінде қазақ ортасынан жырақта, нағыз моңғол ортасында туып өстім. Көзімді ашып «Тал мініп, шыбық мініп жүргенде-ақ жат екенімді сезіне бастадым. Балалар мені «Хасаг» деп, басқаларын өз аттарымен шақырады. Менің де өз атым бар емес пе десем, «сенің атың біз үшін шақыруға қиын, айта амаймыз» дейді. Ал үйдегілер болса «Біз қазақпыз, атың Зардыхан, ұл туса деп армандап зарығып жүргенде туғансың, сосын атыңды осылай қой­ғамыз» дейді. Өскен ортадағы жаттығымды осылайша сезіне бастаған едім. Зардыхан Қинаятұлы **** Батыстан керіліп «КАМАЗ»-дар керуені жетіп, ақ лайнерлер бірінен соң бірі Өлгий әуежайына келіп қонғанда, рас, мал-мүлік, үй-жай, қора-қопсысын сатпай-ақ текке тастап жүре бергендер де, бала-шағасын ұшақпен, дүние-мүлкін автомобильмен жөнелтіп жіберіп, өздері малын айдап Қызыл үй, Ташанты өткелегіне атпен жеткендер де болды. Көп ұлтты, өзара тату, байыпты, мәдениетті Қазақстан халқындай ел-жұрты, егеменді де іргесі тыныш мемлекеті, қатарлас әріптестерінен оқ бойы озық, өресі биік Нұрсұлтандай Елбасы болмаса, Баян-Өлгий қазақтары солайша жөңкілер ме еді? Бұл жақтан оларды ешкім де қуған жоқ, «Туған жеріңді қалай қиып кетесің?» - деп моңғолдардың өзі көз жастарын көлкітіп қалып жатса не дерсің! Үзбен Құрманбайұлы, *** Адамның кіндік қаны тамған, кіндігінің ұшы көмілген жерімен сабақтасып, тамырласып жататын қасиеті болады екен. Сол жеріңнен, ата-бабаңның күл төккен киелі даласынан айырылған соң жермен жалғасып жатқан кіндігің үзіліп кеткендей тамырсыз қаңбаққа айналасың, жел қалай соқса солай домалап кете барасың. Басқасын айтпағанда туған жер, өскен ортаңның суы да ауасы да ем екен ғой. Оның әр тал шөбі мен әр уыс топырағының өзі дәрі. Ал біз бәрінен шалғай жүрміз. Қаншама дәрі-укол істеткеніне қарамай адамдарымыз әлі қырылып жатыр, мүбәда осы адамдардың бір тобын ұшаққа отырғызып туған жерінің бір түп жусанын иіскетсе бүкіл дертінен құлан таза айығып, мүлдем сауығып кетер еді. Шіркін, туған даланың қасиетін айтсаңшы. Жәди Шәкенұлы «Каралы көш» (Елсіханның диалогы) Дайындаған Оразбек САПАРХАН