Ұлт мүддесі ұраныңыз болсын!

олжас цв

 

Олжас – Антей (көне грек құдайы) сияқты иығымен аспан тіресе де,

аяғы туған жеріне тимей салбырап тұрған батыр. Ақселеу Сейдімбек

 

Қазақтың сыртқа салар сұлтанындай дара тұлғамыз Олжас Сүлейменов туралы айтылар сөз көп. Ондай заманында құбылыс болып, қазақтың атын айдай әлемге жарқ еткізген жасын ақын жайлы әртүрлі пікірлердің болуы да заңдылық. Ол үшін сын айтқандарды жау санап, жарға апарып тіреп қоятын жағымпаз-жалбағайлардың әдеттегі әдісі Олжастай дүлдүлге жүрмеуі керек. Өйткені ол заманалар ауысуындағы қайсарлығымен қоса, қайшылығы да бар аса күрделі тұлға. Ол қайшылық ең алдымен ұлт мүддесіне келгенде байқалып қала беретіні белгілі жағдай.

«Жас қазақ үні» газеті Олжас туралы бірнеше рет сын мақала жариялады. 70 жылдығында сын мақала да, мерейтойлық мақала да жарияланғанын ел біледі. Олжекең туралы сын мақала жариялау қиын. Елдің ерекше тұлғасын сынамайын десең, сөздің атасы өледі... Таразының бір жағында қазақ деген ұлт, ұлт мүддесі мен тілі тұрады. Ал ешкім де ұлттан биік емес. Осы жолы да қазақтың шуақты «Мамыр» сөзінен суықтап, орыстың «Май» сөзі майдай жағатын Олжекең туралы ғалым Дихан Қамзабектің сын мақаласын дайындап жатқанымызда, белгілі жазушы Сәбит Досанов ағамыз хабарласып, Олжастың 75 жылдық мерейтойы келе жатқанын есімізге салды. «Сондықтан, талай сынап жатырсыңдар ғой, енді бұл жолы мерейтойлық мақала бергендерің дұрыс шығар» деген сөзге тоқтап, ағамыздың өзіне қолқа салдық. Ол газетімізде жарияланып отыр. Ғалам таныған қайраткеріміздің ғаламшарлық ойы ғаламға пайдалы болғанмен, қазаққа зияны тие берсе, онда ұлттың да ұлына деген мейірі де кеми түспей ме? Бізді ең алдымен осы ой, орны бөлек Олжас тұлғасының асқақтай беруіндегі кемшілік-кедергілер алаңдатады. Неге Олжекең ұлт мүддесін ұрандап, ұлт тілін ұлықтап шықпайды? Өмір бойы орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінің мүддесін қорғап келе жатқан оған ешкім ұлтшылсың деп айып таға алмайтыны анық қой. Орыстар оған рахмет айтсын да, енді Олжасымызды өзімізге қайтарып берсін!.. Әрине, бұл ең алдымен Олжас Сүлейменовтың өзіне байланысты... Мен қазақтың талай буыны дара дарынына даусыз сүйініп, ал ұлт мәселесіндегі кемшіліктеріне күйініп келе жатқан Олжас Сүлейменов туралы ойлағанымда ылғи көз алдыма әйгілі Қобыланды батырдың Тайбурылы елестейді. Олжекең де Қобыландыдай тұлғалы батыр, сұр заманда «Аз и Я-сымен» қамал бұзған сұңқар, Тайбурыл тектес тұлпар! Бірақ... Бәрімізді сол «бірақ» құртады ғой. Олжас Сүлейменов Құртқасы болмағандықтан 43 күндік баптау кемдігі бойында қалып қойған Тайбурыл тұлпар. Оның, яғни, қазақтың дана Құртқасы бабының кемдігі әсіресе, ұлт мүддесі бәйгеге түскенде тұлпарымыздан байқалып қала беретіні сондықтан шығар деп ойлаймын. Олжас ағамызды мерейлі 75 жылдығымен құттықтай отырып, ұлтының мүддесі- ұраны болуын, өзі қиясынан төмендемес қазақтың қыраны бола беруін тілейміз!

«Жас қазақ үні» газеті ұжымы атынан, Қазыбек ИСА.