ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫН ШЕШПЕЙТІН ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ БОЛА МА?

кош жолында

2011 жылдың 11-сәуірінде Түркімен­станның астанасы Ашхабадта Бегдесенов Бейсенқұл Оңайұлын Түркіменның ұлттық қауіпсіздік комитеті жазықсыз құрықтаған. Осы орайда Алматыдағы баласы «MacLeod Dixon» компаниясының заңгері Алибек Бегдесенов Бисенқұлұлы Қазақстандағы біраз құзырлы органдардың есігін тоздырады. «Абай kz» сайтындағы азаматтар – Айдос Сарым, Дәурен Қуат және «Азат» ЖСДП-ы мен бір бөлім тұлғалар осы мәселені шешу жайында Елбасымызға да хат жазған. Әйтеуір, мәселенің беті оң қарап, бір айдан артық сергелдең жүрістің арқасында Бейсенқұл Оңайұлы қамаудан босайды.

Бір адам қамаудан босағанмен, ондағы қандастарының тағдыры қабырғасын қайыстырған Алибек Бегдесенов Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырзаға мұң шағады. Осы мәселе жайында редакциямызға бас сұқан Алибек мынадай әңгіме айтты:

- Мен әкемнің мәселесі ғана емес, Түркіменстанда тұрып жатқан он бес мыңнан астам қандасымыздың хал-күйінің өте мүшкіл екенін айттым. Атап айтар болсақ, қазір онда бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Қазақстан тарапының олардың тіл және мәдениет жақтарына да ешқандай көмегі болмай отыр. Мен осындай мәселелерді көтеріп, ондағы қандастарымыздың тағдырына алдағы өткелі отырған Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайының оң ықпал етуін сұраған едім. Талғат мырза болса: «Біз қоғамдық ұйымбыз. Құрылтайда қазақтарға қатысты ешқандай мәселе шешпейміз, Түркіменстандағы қазақтардың мәселесін қарау құрылтайдың міндеті емес» деді. Мен қазақ тағдырын шешпейтін де Қазақ құрылтайы болады екен-ау деп таң қалдым. Тез құтқарып алмаса, Түркімен болып бара жатқан қандастарымды ойлап, Қауымдастықтан қан жылап қайттым.

Бұл жауапқа біз де таңғалып отырмыз. Шынымен де қазақ тағдырын шешпейтін қазақ құрылтайының болғаны ма?!

Әсел РЗАЕВА