Оспан батыр – Азаттықтың өшпес рухы

0
3858

Х.Оралтай: 

Үстіміздегі жылдың 29 сәуірінде Алматы қаласында Түркістан Ислам мәдениет орталығында Оспан батыр Ісләмұлының өмірден өткеніне 60 жылдығына орай арнайы ас беріліп, батыр рухына құран бағышталды.
Оспан батыр есімін көтеруге еселі үлес қосқан белгілі тұлға, марқұм Хасан Оралтайдың осыдан он жыл бұрын «Азаттық» радиосына берген сұхбатын Досан Баймолдаұлының жақында жарық көрген «Шындық жаршысы» кітабынан алып жариялап отырмыз.

Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы жолындағы көсемі, ел басқарған, әйгілі батыр Оспан Исламұлының қытай коммунистері қолынан қаза болғанынына, міне, 50 жыл толды. Осыған орай «Азаттық» радиосының қазақ редакциясы 2001 жылы сәуір айының 4-5 күндері арнайы бағдарлама дайындап, эфирден берді.
Бағдарламаға, Оспан батырды көзі көрген, «Азаттық» радиосында 26 жыл, оның соңғы 9 жылында қазақ бөлімінің директоры қызметін істеген Хасен Оралтай қатысты. Прагадағы студиядан сұхбатты жүргізген редактор– Досан Баймолда. Оспан батырға арналған арнайы бағдарлама «Елім–ай» музыкасымен ашылып, бұдан кейін Оспан батырға арнап құран оқылды.
– Хасен аға, Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы үшін күрескен атақты батыр Оспан Ісләмұлының коммунистік қытай билігі қолынан қаза болғанына міне 50 жыл уақыт өтті. Оспан батырдың тарихтағы орны, қазақ халқының тәуелсіздігі үшінгі күресіне әлі толық баға берілмей келеді.Сондықтан да алғашқы сұрағымды осы Оспан батыр кім дегеннен бастасам деймін.
– Оспан батыр деген жалпы айтқанда бүкіл түркі тектес халықтардың, жекелеп айтқанда қазақ халқының 20-ғасырдағы әйгілі қаһарман, батыр тұлғаларының бірі. 1899 жылы Шығыс Түркістанның Алтай аймағының Көктоғай ауданына қарасты Өндірқара (моңғолша Өндөрхар–қазақша Биікқара) деген жерде дүниеге келген. Қазақтың Орта жүзінің Абақ Керейі ішіндегі Молқы руынан шыққан.
Оспан Ісләмұлы Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы үшін шын күрескен нағыз батыр адам. Орыс, қытай отаршылары Оспан батыр Исламұлының бұл күресінің мән мағынасын төмендету мақсатында оған негізсіз жалалар жауып келді. Жалғыз мысал келтірер болсам, 1950 жылы Мәскеуден шығатын «Правда» газеті Оспанды «Американың шпионы» болған деп өтірік жала жапты. Ал сол жылдары Кеңес одағының құрамындағы Қазақстанның баспасөзі және арнайы жарияланған кітаптар Оспан батырды «АҚШ шпионы» не «бір топ қарақшылардың басшысы» ғана болды деп өтірік жала жауып жазды. Кейін Мәскеу мен Пекин арасындағы қарым- қатынас салқындағанда Мәскеу Оспан батыр жөніндегі бұрынғы көзқарасын өзгертіп, ол туралы басқаша жаза бастады. Соның бір мысалы ретінде кеңестік дәуірде жарияланған жазушы Қабдеш Жұмәділұлының «Соңғы көш» романын және Оспан батырға қатысты басқадай жарық көрген кітаптар, мақалаларды атауға болады. Ал Қытай билігі Оспан батыр жөніндегі бұрынғы көзқарас, пікірін әлі өзгертпей отыр.
– Хасеке, сіздің де өмір жолыңыз осы Шығыс Түркістаннан басталды ғой. Әкеңіз Қалибек Хакім Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы үшін Қытай коммунистеріне қарсы күрескен халықтың көсемі болды. Сіз, «Елім–айлап өткен өмір» атты кітабыңызда Оспан батырды көрдім депсіз, Оспан батыр қандай адам еді? Өзіңізге қандай әсер қалдырды? Есіңізде ме?
–Оспан батырды көргенім туралы 1999 жылы Стамбұлда жарық көрген «Елім-айлап өткен өмірім» кітабымда және одан бұрын 1961 жылы Измирде жарияланған «Еркіндік жолындағы Шығыс Түркістан қазақтары» атты кітабымда егжей-тегжейлі баяндадым. Қысқаша айтар болсам, 1950 жылы қазан айында Гималай тауының жалғас сілемі болатын Қанамбал тауының етегінде, Мақай деген жерде күзеуде отырған Оспан батырға әкем Қалибек Хакімнің атынан барып сәлем беріп, әкемінің «батырға бер» деген хатын тапсырған едім. Ол кез 17- ден 18- ге жаңа шыққан бозбала шақ кезім.
Оспан батыр сом денелі, балуан бітімді, ұзын бойлы, кең жауырынды,қалың тұйық қабақты, қою сақал мұртты, қызыл шырайлы, сәл дөңестеу қыр мұрынды, көзшарасы үлкен әрі отты кісі екен. Бір таңғалғаным соншама жылдар бойы халқының ұлт азаттығы үшін күрескен батырдың тұрмыс тіршілігінің ауыр жағдайда, әйелі, бала- шағасымен бірге бір жұпыны қоста отырғандығы. Қасымдағы Мұса, Сатай, Зарлықандармен бірге Оспан батыр жанында бірнеше күн болып, Ғаскөлдегі өз аулымызға қайттық. Сол жолы Оспан батыр өзінің жасы 51– ге келіп қалғанын айтып және жер ұзақтығын сылтауратып әкемнің Ғаскөлге көшіп кел бірге қыстайық деген өтінішін қабылдамады. Сонымен туған ел жұртты тастап шыққан қазақтар көші үш жерде шоғырланды. Оспан батыр ауылы Қанамбал тауы етегінде, Құасайын Тәйжі ауылы Тажынорда, Қалибек Хакім ауылы Ғаскөлде қалды.
– Соңғы уақытқа дейін жабық қазан күйінде айтылмай келген бір нәрсе ол Моңғолия маршалы Чойбалсан басқарған Моңғол үкіметі мен Оспан батыр арасында орнаған күрделі қарым қатынас мәселесі. Осы туралы не айтар едіңіз?
–Оспан батырдың «орыстың ойыншығы» болған Шығыс Түркістан үкіметіне қарсы шығуы Мәскеудің мүддесіне қайшы болғаны анық. Сол үшін Мәскеу қалайда Оспан батырдың көзін құртудың шарасын қарастырды. Алдымен оған Үш аймақ, яғни Шығыс Түркістан үкіметі әскерлерін аттандырып, қазақты қазаққа қырғызды. Бірақ мақсатына жете алмаған соң бұл іске Моңғолияны қосты. Моңғол маршалы Чойбалсанға бұл істі тапсырды. Оспан батыр мен Моңғол маршалы Чойбалсан 1944 жылдан бастап жақын қарым- қатынаста болып, Мәскеу нұсқауымен Моңғол жағы Оспан батырға бірнше рет қару- жарақ көмегін берді. Маршал Чойбалсан Оспан батырдың күшін гоминдандық қытайға қарсы бағыттағысы келді.Ал гоминдандық қытай әскери басшылары болса, Оспан батырды коммунистік қытайлар мен Мәскеу ықпалындағы Моңғолияға қарсы бірлесіп күресуге үгіттеді. Осындай екі оттың ортасында жүріп, Оспан батыр ең маңыздысы ол өзінің қазақ халқының ұлт азаттығы, сол үшін күресу керектігін түсіне білді.
– Оспан батыр 1944 жылы, Шығыс Түркістан Респуб­ли­касының құрылуына атсалысып, соны қолдады. Бірақта көп кешікпей осы ШТР үкіметіне қарсы тағыда күресті. Оспан батыр не мақсатпен мұндай шешімге барды деп ойлайсыз?
–Оспан батырдың аты бүкіл Шығыс Түркістан жұртшылығына, әсіресе, Шығыс Түркістан қазақтарына отызыншы жылдардың аяғынан бері әйгілі болатын. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық Оспан батырды «ақ киізге отырығызып» хан көтерген. 1945 жылы Оспан батыр қосындары Алтайды қытайдан түгел құтқарып, өзі Алтай аймағының уәлиі болып тағайындалады. Оспан батыр алғашында шынымен Әлихан Төре басқарған Шығыс Түркістан үкіметін қолдап, сол үкіметтің бір мүшесі болды. Бірақ қытайға шабуылдау ісінің тоқтап, Үрімжіде келіссөздер өтіліп, «Шығыс Түркістан үкіметі» деген атауға тиым салынып, «Үш аймақ үкіметі» деген атау шыққан соң Оспан батыр бұның артында Мәскеу саясаты тұрғанын біліп, «орыстың қуыршағы» болған Үш аймақ үкіметіне қарсы күресті. Бұл жағдайда, жоғарыда айтып өткенімдей, ол гоминданшыл қытай үкіметімен де ымараласуға мәжбүр жағдайға барды. Бұл оның тактикалық қадамы болды. Өйткені Оспан батырға әскери қолдау және сарбаздарына қару жарақ өте қажет болды.
–Оспан батырды қытай коммунистері қапыда қолға түсіріп, 1951 жылы 29 сәуір күні Үрімжіде халық алдында ату жазасына кесті. Бұдан кейін Оспан батырдың үй іш, бала- шағасының кейінгі тағдыры не болды? Бұл жайында сізде қандай ақпарат бар?
–Оспан батыр 1951 жылы 29 сәуір күні емес 1951 жылы 28 сәуір күні атылды. Өкінішке орай, Оспан батыр қытайдың талай жендеттерін құм қаптырып, жау қоршауын бұзып қашып шығамын дегенде жау қолына тірідей түседі. Оның балалары мен бірқатар сарбаздары қашып шыға алған.Қолға түскеннен кейін қытайлардың Оспан батырға істеген қорлық зәбірі көп болды. Оның бетіне қара күйе жағып, екі қолын мойынындағы жазалау ағашына қайыра байлап, Үрімжі көшелерімен жаяу айдап, халыққа көрсеткен. Шығыс Түркістан қазақтарының әйгілі қаһарманы Оспан батыр 28.04.1951 жылы Үрімжіде атылды. Сол күні Үрімжі радиосы: «Оспан батырды Әнуар Жәкулен деген бір қазақ атты»,–деген хабар таратқан. Ал шын мәнінде бұл халықты алдаған өтірік хабар болған. Оспан батырды қытайдың арнайы әскери қосындары жұртшылық алдында атқан.
– Оспан батыр туралы қазір көп жерде айтыла бастады. Әсіресе кеңестік қызыл империя ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан бері, Оспан батыр туралы Қазақ елінде айтылатын болды. Оспан батырдың ерлігі ауыздан ауызға көшіп, тауысылмас жырға айналуда. Ал Оспан батыр туралы батыс зерттеушілері де қомақты кітаптар, зерттеу еңбектерін жазғаны белгілі. Бірақта батыс зертеушілері Оспан батыр жөнінде қарама қайшы пікір ұстанады. Сол жөніндегі сіздің пікіріңізді білсем деймін.
– Оспан батыр туралы тәуелсіз Қазақстанда қазір жайлап шындық жағдайлар айтыла бастады. Бұрынғы кеңестік дәуірде айтылғандардың бәрі негізсіз екендігі ортаға салынып, талқылануда. Ал Оспан батыр туралы батыс зерттеушілері бірқатар қомақты еңбектер жазғаны рас. Олардың арасында Оспан батырды әлемге танытқан ағылшын зертеушісі Годфрей Лиастың «Қазақ көші» кітабы шындық жағдайды жазған еңбек болмақ. Батыс зерттеушілері арасында да кейбір қытай,орыс зерттеушілері секілді Оспан батырды әл күнге дейін дұрыс түсінбей ол туралы қате пікір айтып, жазып жүргендер баршылық. Уақыт өте келе бәрі дұрысталады деп ойлаймын.
– Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен батырлар, соның ішінде Оспан батырдың ерлігін артындағы халқы ұмытпауы үшін әлі де не істелінуі керек деп ойлайсыз?
– Әсіресе, тарихты зерттеуші ғалымдар Оспан батырдың кім болғанын, қандай мақсатпен өзінің жауларымен күрескендігін әліде жақсылап зерттесе, соның нәтижесін халық жұртшылыққа таныстырып отырса деймін. Кеңес империясы тарады, бірақ сол империяның Оспан батырға қатысты жүргізген саясатын әшкерлейтін көптеген құжаттар шаң басып мұрағаттарда жатыр. Соны шығарып келіп, жұртшылққа таныстырса, бұл Оспан тануға қосылған баға толмас үлкен құнды материал болар еді деп ойлаймын. Сондай-ақ Оспан батырға қатысты моңғол мұрағаттарындағы біраз материалдар зерттеушіліер қолына барды, енді қалғаны қытай мұрағаттарындағы Оспан батырға қатысты материалдарға қол жеткізу болмақ. Қазақ елі өзінің Оспан секілді осындай батырларын ұлықтап, оларды жас ұрпақ санасына құйып отыру– қазіргі Қазақ мемлекетінің парызы болмақ

Сұхбат «Азаттық» радиосының эфирінен 2001 жылы сәуір айының 4-5 күндері беірілді. Хасен аға «Елім-айлап өткен өмір» деген соңғы кітабының 11-бетінде:Осы сұхбатты естіген Қытай, Моңғолия және Қазақстандық көптеген тыңдармандардан ризашылық хаттар алғанын және 2001жылғы Қазақ бөлімінің «Program review» яғни жыл қоры тындысы бағалауында ең таңдаулы сұхбат хабар болғанын атады.

Досан Баймолда,
ғылым докторы,
журналист

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз