ҚАЗАҚҚА ЖЕР ҚАШАН ЖЕТЕДІ?

Ел думандатып жатқанда «Думанда» тұтанған өрт!..

думан

Алматы маңындағы Думан-1 және Думан-2 шағын аудандарындағы бос жатқан жерлерді басып алған жергілікті тұрғындар мен полиция қақтығысы өршіп отыр. Аталмыш аймақта, тәртіп сақшыларының қысымымен жиырма бес адам соққыға жығылып ауруханаға түскені анықталған. Көтеріліс баспана қиындығынан әбден қажыған жандардың баяғыдан бері бос жатқан жерді бөлісіп алмақшы болғанынан шыққан. Көпшіліктің айтуынша жердің иесі бір түрік кәсіпкер. Бірақ ол шетелде тұратын көрінеді. Бос жерлерді біреудің пайдаға жаратқанын немесе бір тал да ағаш отырғызбағандығын айтып мұң шағады жер иеленушілер. Ал, халық игілігіне жаратса бұл жерде 2500 үй бой көтермекші екен. Әкімшілік қызметкерлерінің айтуына қарағанда бұл жердің иесі бір адам емес, жүздеген адам деседі. Сонымен қатар, бұл мәселенің бір-екі күнде емес, бір-екі жылда да шешім таппайтынын айтады олар. «Жер дауы» осымен қашан толастайтыны белгісіз. Дегенмен де он бес жыл бойы не егін егілмеген, не құрылыс салынбаған 30 гектарға жуық жердің иесі кім деген сауалға әзірше жауап жоқ көрінеді. «Бақай» мен «Шаңырақ» оқиғасының кінәлісі саналған талай қазақ әлі де болса темір тордың ар жағынан құтыла қойған жоқ. Енді қазақтың сол жер дауы қайта қоздап, қала жағалаған панасыз қазаққа қарулы қазақтар (әрине, құқық қорғау орындарының құралды күштері) құқай көрсетсе, сорланған да, сорлатқан да тағы да өзіміз боламыз. Жер дауының жебесі тағы кімдердің өңменіне қадалатынын ойлағанда ет жүрегіміз тағы да тітірейді. Қазақтың жерінде отырып зар жылаған, панасыз күйзелген қандасыңды көру қандай қасірет! «Думанда» тұтанған өрттің соңы елдің көңіліне күмән, көгіне тұман ұялатпаса игі еді... Әсел Кеңесқызы