Ұлы Абай өр Алтайға келді

Көкте жүзген көк туымыз Абай ескерткішін асқақтатты

Алтайда Абай ескерткішінің ашылғаны - Алашта ақ түйенің қарны жарылғаны! Барлығын кадр шешеді деген сөз баяғыдан айтылып келеді. Елбасының ең қиын сынға салатын сенімді серігі Бердібек Сапарбаев тағы бір сыңнан сәтті өтіп келеді. Өткенде ғана Шығысқа келген Елбасымыз Н.Назарбаевтың: “Облысқа осы жолы ең дұрыс әкім, менің сенімді серігім келді” деген сөзінің босқа айтылмағанына облыс орталығы Өскемен қаласында болған үш күнде толық көз жеткіздік. Ежелден көрші екі ел – қазақ пен орыстың ұлы ақындары Абай мен Пушкиннің ескерткіштері қатар ашылуы халықаралық дәрежедегі зор мәдени оқиға болды. Алыс-жақын шетелдерден де қаламгерлер қатысқан қоғамдық -мәдени һәм саяси жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ежелден дос қос халықтың қос алыбы туралы толғамды сөз сөз сөйледі. Астанадан арнайы келген Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев әлем таныған ұлы тұлға Абайдың – қазақтың рухы мен намысы екеніне тоқталып, Өскемен қаласындағы Абайдың ескерткіші Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болған елдің – рухани мінбері болады деп санайтынын айтты. Ескерткішке гүл қойылып, тағзым ету рәсімінен соң сөз қаламгерлерге берілді. Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Қалихан Ысқақ, Төкен Ибрагимов секілді тарландар ерекше әсерлерін білдіріп, Абай ескерткішінің Алтай төрінде ашылуы саяси зор маңызы бар оқиға екеніне тоқталды. Қазақстан Жазушылар Одағы бас­қар­масының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-драмматург Нұрлан Оразалин сөзін бұл тойға Батыстан Шығысқа тіке тартқанын- әйгілі тарланымыз Әбіш Кекілбайдың 70 жылдығын тойлап жатқан қалың елдің сәлемін жеткізуден бастады. Содан соң Қазақстанның қазіргі бас жазушысы Қазақтың мәңгілік бас ақыны туралы жырын толғады. Абай ескеркішін ашылуына көршілес елдерден де біраз қаламгер арнайы келіпті. Тәжіктің саңлақ ақыны Сафар Абдулло, қазаққа елшілігімен де белгілі қырғыз шайыры Ақбар Рысқұлов, орыс ақыны Александр Радионов Ұлы Абай жырының әлемдік мән-маңызын әңгімеледі. Қазаққа алғаш Абай таныстырған орыстың ұлы ақыны Пушкинге де өзінің атындағы кітапхана алдында ескерткіш-бюст орнатылған екен. Қос халықтың қос алыбы кенді Алтайға қатар келіп жатқанының өзі керемет сәулелі сәйкестік емес пе? Мұнда да облыс әкімі мен министр қос халықтың қос ақыны туралы мазмұнды сөз сөйледі. Содан соң сөз алған мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов, “Простор” журналының бас редакторы Валерий Михайлов, т.б. өз ойларын білдірді. “Жұлдыз” журналының бас редакторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алтайдан түлеген ақиық ақын Ұлықбек Есдәулетов сол жерде жазылған “Ұлылар” атты сиясы кеппеген су жаңа жырын оқып берді. Шалқақтағандар шаңыраққа қарай бастады... Асқар Алтайда асқақтаған Абай­дың алып ескерткішінің биіктігі 14 метр, салмағы 5 тонна екен. Оған облыс бюджетінен 60 миллион теңге бөлініпті. Облыс әкімдігінің алдындағы бұрын Ленин тұрған бас алаңда енді Тәуелсіз Қазақ елінің бас ақыны Ұлы Абайдың тұлғасы тұр. Бірақ бұған жетудің өзі үлкен кедергілерге кездескені, жергілікті кертартпа күштердің қарсылығына тап болғаны белгілі. “Мұнда Абайдың не керегі бар, орыс офицері Майковтың ескерткішін қояйық” деген өзге ұлт өкілдеріне, тіпті өзіміздің мәңгүрттер де қосылғанда, олардың қалам ұстаған біреуін қала әкімі Ислам Әбішев шақырып алып: “Абайға қарсы тұрғандарды қарғыс атады. Ол қарғыс сенің үрім-бұтағына кетеді” – деуге дейін баруы бұл ескеркіштің тұрғызылуына облыс пен қала басшыларының қаншалықты қажыр-қайрат жұмсағанының шет-жағасын көр­сетсе керек. - “Өскемендегі ең биік жерге көк туымызды іліп, “Қазақстан” – деп жазып қойдық. Ол күндіз-түні бірден көзге түсіп көрік беріп тұрады”, - деді жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Яғни, бұрын бұл өңірде байқала бермеген ел тәуелсіздігін елегісі келмей, шалқақтағандарды “шаңыраққа қара” деп, тәубесіне түсірудің басты қадамдары өз жемісін бере бастағандай. “Бұл Абайға ғана қойылып жатқан ескерткіш емес, еліміздің тәуелсіздігінің белгісі. Оның үстіне ескерткіштің мынау Қытайға қарай, Ресейге қарай өр Алтайдың төрінде тұруының өзі – қуанышты жағдай. Және бұл Өскеменге қазақ рухының, қазақ ұлтының намысы жеткендігінің үлкен белгісі деп білемін” – деп, тарлан сыншымыз Тұрсынбек Кәкішев әдеттегідей турасын айтты. “Бұрын Өскемен қазаққа жат көрінетін еді, енді жанымызға жақын тартып, өзіміздікі сезіне бастадық”, - деген Мұрат Әуезовтың сөзінде жан бар. “Қалаға қазақы рух келе бастапты, Әкімдердің бәрі Бердібек Сапарбаевтай болса, Елбасымызды да жүгі жеңілдер еді”, - деген Нұрлан Оразалин сөзі де көпшілікке көп ой салып кетті. Абай ескерткіші ашылғанда әуеде “Айттым сәлем, Қаламқаспен” бірге ақ көгершіндер қалықтап жүрді. Алып ескеркішті айнала ұшқан көгершіндердің бірі тас тұғырға қонып, ұзақ отыруы да қалың елдің көгершін көңілін білдіргендей әсерге бөледі. Аллаға шүкір, бір ғасырдан астам уақыт өткенде енді Абайды өз өлкесінде қарсы алып отырмыз! “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”,- деген Ұлы Абайдың зор тұлғасы дін мұсылманның Ұлы мерекесі – қасиетті Рамазан айында ұлықталып, мешітке қарама-қарсы орнатылғаны да құдайдың рахымы емес пе? Ұлы Абайдың ескерткіші Тәуелсіздіктің баянды бағдары болған Ата Заңымыздың мерекесі қарсаңында ашылуы да табиғи заңдылықтай сезілді. Абай тұрған бас алаңда өтіп жатқан мерекелік шеру Қазақ елінің рухын бір көтеріп тастаған шара болды. Әсіресе көк жүзіне көк туымыз көтеріліп, тікұшақтар айнала ұшып жүргенде, елдік мақтаныш сезімге ерекше бөлендік. Сонымен қатар тойланған Қала күнінде қаладағы көптеген өзгерістерге куә болдық. Айнадай жарқырап, ажарын ашқан аула тұрғындары облыс пен қала әкімдерінен ақжарма алғыстарын аяп қалмады. Суретке түсіріліп, тақтайшаларға ілінген бұл мекендердің бұрынғы қаусаған қалыптарын көргенде тұрғындардың шексіз ризашылығын түсінгендей боласың. “Жол картасы” бойынша жолға қойылған қала мекендеріне қарап, Өскеменнің өскелең келбетін аңғардық. Әсіресе, әдемі де, жайлы аулаларда ойнап, мереке күні тегін балмұздақ жеген балалардың шексіз қуанышынан олардың тәтті болашағын көргендейсің... Алла тілегімізді беріп, ләйім солай болсын, дедік біз қасиетті Рамазан айының шуақты күнінде. Ертістің бойындағы ерекше кеш Ер-Ислам деп сәбиге ат қойылды Абай ескеркіші ашылған күні түсте қала әкімі Ислам Әбішев алыс-жақыннан келген құрметті қонақтарға Ертіс бойын аралатты. Үлкен ақ кемемен өзен бойлап жүзіп отырған қонақтар Шығыстың шырайлы табиғатына көз жеткізіп, таңдай қақты. Бұл бір ерекше жиын, өнер тойы болды. Қонақтарды жылы жаңбырмен қарсы алған Алтай аспаны сәлден соң нұрын шашып шыға келді. Ақ кемеде басталған алқалы жиын екі-үш сағаттан соң Ертістің ең әдемі жағасында жалғасты. Бұл жерде күн батқанша нағыз өнер тойы Ұлы Абайдың бүгінгі ұрпақтарының дарынын танытты. Әйгілі тарландарға жергілікті өнерпаздар да қосылып, Алтай аспаны айшықты ән мен жырға бөленді. Жыр оқыған қонақтар Сафар Абдулло, Ақбар Рысқұлов, Александр Радионовтардан соң, әйгілі “Қызыл көрпесімен” Әзілхан Нұршайықов ортаға шықты. Жыр додасын Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулетов, Қасымхан Бегманов, Тыныштықбек Әбдіәкімов, Қазыбек Иса, Бауыржан Қарабеков, Әмірхан Балқыбек, Әлібек Шегебайлар жалғастырды. Ән бәйгесінде Әшірбек Сығай мен Нұрлан Оразалин ағамызды үйіндегі Фаузия жеңгеміз дара шықты. Би бәйгесінде сықақшы Еркін Жаппас ерекше көрінді. Жергілікті өнерпаздар да қарап қалмады. “Әкімдері де әнші екен”, деген қонақтар шығыстықтардың шынайы құрметіне шын ризашылықтарын білдірді. Ал қала әкімі Ислам Әбішев терең мазмұнды қорытынды сөз сөйлегенде кілең қасқа мен жайсаң жиылған қаламгерлердің өздері де разы болып, “Өскеменге осындай өткір ойлы, ұлттық рухы биік әкім керек болып жүр еді. Бұл кісінің өзі де жазатын болуы керек” деген болжаммен ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Жиын қайтар жолда қайта жалғасты. Бұрынғы белгілі тележурналист, бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Махат Садық та жақсы асабалығын танытты. Абай ескерткішінің авторы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі мүсінші Ескен Сергебаев, көрнекті қаламгер Кәдірбек Сегізбаев, әйгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов, “Қазақстан мектебі” журналының бас редакторы Сайраш Әбішқызы, “Сын” журналының бас редакторы, белгілі сыншы Бақыт Сарбала, “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ақын, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов және т.б. сөз сөйлеп, жыр оқыды. Бұл тойға шетелден келген қаламдастар да қатысты. Өзіміз куә болған бір жақсылықты айта кетсек, Қытайдың Алтай аймағынан қаламгер Көбен Асқар келді. Жүз жылдығын 2006 жылы Қытай тойлаған, былтыр Қазақстан Жазушылар Одағы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп атап өткен, арғы беттегі Алтайда, қара Ертістің басында өмір сүрген әйгілі ақын, қайраткер Асқар Татанайұлының ұлы, өзі де белгілі ақын, зерттеуші Көбен Асқардың сол күнгі таңда тұңғыш ұл немересі дүниеге келіп еді. Көбен ақсақал Абайдың тойында, Ертістің бойында толқып отырып, осындай ерекше той өткізген Ислам Әбішевке ризалығын білдіріп, сол немересінің атын Ер-Ислам қойып отыр екен. Өзімізге де сөз кезегі тигенде осы тосын жаңалықты жариялағанымызда ел дуылдап кетті. Өзі де сөз алған Көбен ақсақал: “Мен Алтайдың арғы бетінен, Ертістің төрінен келіп отырмын. Абайды Қытайда да қатты қадірлейді. Бүгінгі Өскемендегі Абайға жасалған құрмет ұлттық тұрғыдағы зор ерлік деп білемін. Ол үшін облыс пен қала басшыларына алғыс айтамын. Сондықтан осы тойдың қарсаңында бүгін дүниеге келген тұңғыш ұл немеремнің атын Ертіс бойындағы ерекше қайраты үшін Ер-Ислам деп қойып отырмын”,- дегенде қатты разы болған ел түгел қоштап, алғыс айтты. Өз кезегінде Ислам Әбішев те қадірлі ақсақалды немересімен құттықтап, алғыс айтып, Абай тойының қарсаңында дүниеге келген Ер-Исламға өкіл әке болатындығын жеткізді. Қара Ертістің бойында ақ кемемен армансыз жүзген қонақтар Алтайдағы Абай ескерткішінің ашылуын әлі талай жыр ғып айтары сөзсіз. Асқар Алтайда асқақтап тұрған Абай ескерткіші бізді әрдайым жаңа биіктерге шақыра береді деп білейік. Қазыбек ИСА Алматы – Өскемен – Алматы