ҚАЛАЛАРЫМЫЗДЫ ҚАЗАҚШАЛАУДАН ҚОРҚАМЫЗ БА?

немесе Христиан мүриті Петр мен Павел әлі арамызда жүр, ал қазақ қаласы...

павл Осы тақырыптың бетін ашар алдында ойдан кетпес бір хикаядан бастауды жөн көрдім. Себебі тірліктің келеңсіз тәжрибесі таға да қайталанбаса екен деген ойдамын. Өткеннен үйренбесек – келешекте сол маңдайымызға тиеді. Түйін сөз осы. Кезінде кеше ғана тәуелсіздік алған Еліміздің болашағы, жаңа астананың халқымыздың тағдырындағы алар орны толғандырмай қоймады. Жақсы ойларды үміт жетелейді. Тілеуіміз – жаңа астана құтты болып, халқымызға келтірер жақсылғы мол болсын деген ойда едік. 1992 жылы Целиноград қаласына Ақмола деген ежелгі атауы қайтарылды. 1997 жылы Ақмола қаласы Еліміздің астанасы болып жарияланды. Сол күннен бастап Ақмола еліміздің астанасына лайық атау ма, оны жақсы ырымдарға балай аламыз ба? - деген сауалдар көңілімізді алаңдатты.

Шет мемлекеттерінің еліміздің астанасына ағылған ресми - бейресми топтары арасындағылар астананың атының мәнін, аудармасын сұрап білсе, не жауап берерміз деген ой мазалады. Сол себепті қаланың атын міндетті түрде өзгерту керектігі туралы негізделген ұсыныс – мақала жазып, республикалық басылымдарға ұсындым...Мазмұны қысқаша мынадай. Тарихи мысал: 1961 жылы Кеңестер Одағының бірінші басшысы Никита Хрущев Ақмоланың атын «Целиноград» деп өзгертуіне оңай себеп болған қаланың орысша аудармасы «Белая могила» екенін жұрт біледі. Ал Еліміз тәуелсіздік алып, қаланың Ақмола аты қайтарылған тұста Рейсейдің 1 –ші телеарнасынан берілетін «Поле чудес» (ғажайып алаң) бағдарламасын жүргізетін белгілі шоумен Леонид Якубович Ақмоладан келген жас орыс бикештен қаланың аудармасын сұрап алып, мысқылдай мұртынан күліп: «Значит, добро пожаловать в белую могилу» (Сонымен, ақ молаға хош келіпсіз?) деген сөздерін ауқымы кең Ресей телеарнасынан шартарапқа жайғанын келемеж ретінде қабылдамасқа лаж болмады. Әрине жаңа астананың атын осындай ажуа, пасық күлкіден арылту үшін астанаға лайықты ат қою керек еді. Жапандағы жалпақ даламыздағы халықымыз тарихи маңызды шаруалардың басында жүрген азаматтарымыздың терең ойлылығына, білгірлігіне қашанда кәміл сенеді. Бірақ кейде үміттері ақталмай, олқылықтарға жол беріліп қалады. Соның бір айғағы астана атының хиқаясы. Осы жіберілген кемістікті түзету ешкімнің ойына келмеген сияқты. Сондықтан ойларымды негіздеп, астананың атының келешегімізге аса маңыздылығын, үлкен үмітке толы мазмұнының, қасиетті ұғымдармен өрбітіп, естіген құлаққа жағымды, тілге оралымды болуын көздей келе - астананың атын «Ақмол-Ата» деп атауды орынды деген тұжырымға тоқталған едім. Біріншіден - үйреншікті Ақмола атының негізі сақталады. Екіншіден - жаңартылған қасиетті үлкен де терең ұғым туады. «Ақмол» деген сөзтіркес жақсылығы ұшан теңіз деген ұғым беретіні халыққа аян. «Алла ақ жағында» деп те бекер айтылмайды. Үшіншіден – қазақи қасиетті «Ата» деген қастерлі ұғым қосылып, жалпы қаланың атының мән-мағанасы биіктейді. Шын маңызды, аса биік ойды жеткізерде халық «атам қазақ айтқандай» деп бастайтыны жайдан-жәй емес. «Ата» деген сөздің мағанасы қазақи тамыры топрағымызға терең тараған қасиетті ұлы ұғым – Ел, жұрт, халық деген түсініктермен сабақтасып жатыр. Бекерге қазақ «Атамекен», «Атамұра», «Атақоныс» деп атамайды. Қай жағынан алсаңыз да «Ақмол-Ата» астанамыздың атына лайық, халқымызға мұра ретінде қалатын мәнді дүние. Астананың атын тұрақты Ақмол - Ата деп өзгертуге халқымыз зейін қойып, қабылдап, биліктегілер оны қолдауы жөн деп ойлаймын. Өйткені қазіргі еліміздің астанасы Астана деген атау, қазақи тақырыпты мән-мағаналы сөз табылмағандай ой туғызып, сананың логикасына үйлесімсіз болып тұр. Осы жалаң атауды жүзеге асырудағы жарамсақтардың түпкілікті не ойды көздегендері халыққа пешенесінен белгілі болған. Бірақ 2010 жылы Елбасы олардың ойларын құптамағанын халық естіді. Ал енді он бес жылдай бұрын жазылған ұсыныс-мақаланың тағдыры не болды деген сауал туса, оны сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижановқа ұсынғанымда: «Бұл тақырып жабылған. Президентіміз астананың Ақмола аты сол күйінде қалады, өзгертілмейді деген» деп жауап беріп еді. Одан мақаламды сол кездегі «Ақиқат» журналының бас редакторы Ахат Жақсыбаевқа, «Түркістан» газетінің бас редакторы Қалтай Мұхамеджановқа ұсынып, өкінішке орай естіген жауабым айтылғандағыдай болды. «Елге күлкі, жұртқа масқара» боламыз ғой дегеніме ешкім иланбады. Ырымға жаман ғой дегеніме де ешкім көнбеді. Сонымен даусым шықпай, мақала жарияланбай, ұсынысым жүзеге аспай қалды. Бірақ бір жыл өтпей еліміздің астанасы Ақмола қаласының аталуы Астана болып өзгерді ғой. Кейінірек кездескен сайын Уәкең сол күнгі ағаттығын түсінгендей кейіп білдіріп жүрді. Бірақ сол тақырып жабулы күйінде қалды. Әттең, еліміздің игілігіне деп ырмдалған ұсыныс өкінішке қарай халықтың назарына ілікпей, биліктің кәперінен калыс қалды. Әлі күнге дейін өкініші кетпейді. Бірақ, «ештен кеш жақсы» - «игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей – үміттемін. Орайы келгенде айта кететін жайт, «Ата» деген қасиетті сөз талай өзгертіліп жатқан жер-су, ауыл-қала аттарынан мүлдем кездеспей кетті. Тек ойға оралатыны Балқаш қаласының солтүстік - батыс жағындағы, алыстан мұнарлана көкшілдене көрінетін Бектау-Ата тауы ғана. Басқа еске түсетін атаулар жоқтың қасы. Әрине, қынжынарлық жағдай. Ал енді орыстілділер бұрынғы астанамызды Алма-Ата дегендермен алысатындар да кездеседі. Тіпті біреулер сотқа беріп осындай атауды баспа беттерінде тежеу салдырған. Түсініксіз, сондағылары Ата деген қасиетті сөзді жоққа шығару ма? Мен тіпті Алматыны Алма-Ата деп өз тарапымнан қазақша айтқанды жөн көремін. Мені ешкім сотқа бермейтін шығар. Керісінше мысалдар. Біз Россияның орнына - Ресей, Москваның орнына - Мәскеу демейміз бе? Тағысын тағылары. Орыстілділер де бізді сотқа беруі керек пе? Әр халықтың тілінің заңдылықтары мен өзіндік қалыптасқан ерекшекліктері бар, тіл солардың талабына саяды. Сондықтан олар да, біз де аталған жағдайларға түсіністікпен қарауымыз керек. Басқа жағдайда келеке боламыз. Қашанда әділ болсақ – тіпті жауымыз да сыйлайды, дұшпанымыз да иіледі. Әр құбылыстың өз заңдылығы, өз жөні бар. Орыстарға Алма-Ата деуге тежеу салу жөнсіз; тіпті қазаққа да олай жасауға бол­майды. Неге ол қаланы Алма-Ата деп атамасқа? Сөзтіркесті құрап тұрған екі сөздің қазақи мағанасы да әдемі, терең ойға сыйғылықты болып тұр емес пе?! Ал, ағайын, енді келешекке көз жүгіртіп, болжам жасап көрейік. Сана мен салтқа негізделген, үміт пен игілікке баланған ұсыныстар жасайық. Осыдан бірер жыл бұрын құлағымыз шалғаны Махматов атты қалтасын ақша керген кәсіпкердің ұсынысы бойынша Жамбыл қаласы Тараз қаласына өзгертіліпті. Тараз деген сөздің мәні неде? Қандай құндылықтарды айшықтап тұр? Махматовтың ойы бойынша - базар заманы келді, оның басты аспабы таразыға бас ұру ма?! Ал сонда басқа қазақи құндылықтар қайда? Біздің ойымызша, бұл ағаттық шешім шығыстың Гомері атанған ұлы Жамбыл атамыздың атына, аруығына жасалған киямет емес пе? Онымен қоса - киелі Қарахан аруағына қиямет емес пе? Сөзсіз үлкен қиямет. Сондықтан екі әулие бабамыздың және сол төңіректе жатқан аруақтардың сауабы тию үшін қалаға киелі «Әулие –Ата» деген әу бастағы атын қайтару абзал болар еді. Әулие-Ата – қандай қазақи қасиетті тамаша атау! Бұл атау көне тарихи болмысы тұнып тұрған биік түсінік. Бұл - тарихымыздың тамыры тереңде екенін дәлелдейтін, киелі Елімізді паш етіп тұрған атау. Шешімімізді созбайық, ағайын. Уақыт ұшқыр – қас қаққанша дүние өзгеріп сала береді. Осыны жасамаса – әруақтардың киесі тиер деп ойлау керек. Ал Махматов хақында: оған «пәле» жабысып, сотты болды деген ақпарат газеттер бетінде жазылды. Аруақ жібермейді деп осындайда айтылады. Енді облыс орталығы Қызыл-Орданы алайық. Ертеден тарихи үйлесімді Ақмешіт деген қастарлі аты Ресейдегі қазан төңкерісінен кейін билікті қызылдар алуына байланысты Еліміздің астанасын «большевиктету» мақсатында «ел іші қызылдары» Қызыл - Орда деп ауыстырған. Олай деп топшалап отырғанымыз бұған орыстар қатысты емес, өйткені «орда» деген сөз олар үшін түрпідей – ғасырлар бойы қасірет көрген қырғын монғол шапқыншылғын естеріне түсіреді. Бір қызығы, қаланың аты монғолдар келсе – Көк - орда, қызылдар келсе – Қызыл - Орда, қытайлар келсе – Ханьсу –Орда бола ма? Орда деген сөздің орыстарға жағымсыздығынан астананың Қызыл - Ордадан Алматыға ауысу себептерінің бірі ретінде Мәскеу аталғандай шешім қабылдаған. Кезінде белгілі алашордалықтар да «орда» тіркесінен зардап шеккені сөзсіз. Бізде қазір «орда» деген сөзді қолдану кең етек алып кеткен. Бірақ оны жаңғырту үлкен ұлт мүддесі саясатымен сиғылықты келмейді. Ол сөз өзімізге де монғол шапқыншылығымен, қырғынымен байланысты жағымсыз ойлар туғызады. Сонымен қатар, әкелеріміз қатысқан Ұлы Отан соғысы ұраны болған «Священная война» (қасиетті соғыс) әнінің шумақтарында фашистер «проклятая орда» (қарғыс атқан орда) деген тіркеспен сипатталған. Орыстарда мақал бар: «Слово из песни не выкинешь» (Өлең сөзін алып тастай алмайсың). Осыған сай олардың санасына тарихи терең бойлаған монғол шапқыншылығы, оның ғасырлар бойғы қасіреті «орда» сөздеріне байланысты болған түсінікті алып тастай алмаймыз. Осындай түсінік қытайлықтарда да қалыптасқан. Бекерден - бекерге олар монғол жойқын қалың қолдарын тоқтату үшін үш мың шақырымға созылған ғаламат еңбекті талап еткен қорғанды салмас еді. Монғолды атажау ретінде қарау түсінігі жаһандағы екі жақ бүйіріміздегі алпауыт екі мемлекеттің халықтарының гендік жүйесін құрап, сүйегіне дарып, қанына терең сіңген түсінік. Онымен ойнауға болмайды. Сондықтан монғол шапқыншыларының ұрпақтары іспеттес болуға тырысу, олардың шашбауын көтеру екі алпамсадай мемлекеттердің ( Ресей мен Қытай) арасындағы бұғанасы жаңа қатайып келе жатқан жас мемлекетіміздің келешегі үшін қатерлі. Ашық айтсақ, Шыңғысхан, Орда дей ұрандата берсек олар бізді ата жауындай нысанаға алып бірте-бірте құртып тынады. Әзірге іштерінен тынып жүргені сөзсіз. Ашық ақиқат осы. Сондықтан қазақи көне тарихы­мыздың беттерін ашып, жаңартқанда шапқыншылардың, басқыншылардың, отаршылардың қалдырған белгілерін әспеттеуіміз негізсіз және қауіпті. Біз қазақи өз ерекшеліктерімізді дәріптеп, озық жетістіктерімізді биіктетіп көрсетуіміз керек. Біз қазақи жағымды сипатымызды сомдауымыз керек. Ал енді патшалық Ресей отаршылдарынан бізге жағымсыз «ескерткіш» болып қалған Петропавловск, Павлодар мен қоса тағы жүздеген елді мекендердің атаулары әрине өзгертілуі керек. Петропавловск қаласының атын құрап тұрған Петр мен Павел христиандар дінінің алғашқы уағыздаушы-таратушылары, кейінде християндар оларды әулиелер ретінде танып қабылдаған. Құлаққағыс ретінде, Петр болса өзі бас иген ұстазы Иисус Христосты ( Иса пайғамбар ) сыртынан үш рет сатқан. Павлодар қаласының аты Ресей патшасының ұлы Павелдің туу құрметіне аталған. Біріншіден - бұл аттар кезіндегі Ресей империализімінің белгісі ретінде біздің жерімізді, халқымызды қорлап тұр. Екіншіден - біздің мемлекет діни мемлекет емес. Қазақстан Республикасының Конституциясының 1 бабының 1 тармағында былай деп атап көрсетілген: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды» делінген. «Зайырлы мемлекет» деген түсінік діни мекемелер мен дін ұстау мемлекеттен бөлек деген сөз. Мемлекет ешқандай дінді міндеттемейді, сондықтан әркім ар-ождан бостандығына құқылы. Діни сенімді ұстауды не ұстамауды мемлекет азаматы өзі шешеді. Дүниежүзі зайырлы озық өркениетті мемлекеттері секуляризм саясатын – қоғамның және жеке адамның діннің тікелей ықпалынан арылуы саясатын ұстанады. Сондықтан елімізде християн дінін уағыздаушыларға ашықтан – ашық мүмкіндік беріп, еліміздегі облысымыздың орталығы атауын бұрынғыдай қалдыру Атазаңға қайшы, санаға сиыспайтын құбылыс. Бұл атаулар Ресей отаршылдық саясатының қалдығы, ескінің сарқыншағы ретінде айқын көрініп тұрса да, елімізде 70 жылдай үстемдік құрған коммунистік идеологияның ұранының бірі болған дінге, патшалық құрылымға қарсы ашық соғысы қызу жүрген уақыттың өзінде де екіжүзділік саясат етек алғандығының анық дәлелі. Мәскеу көзқарасы бойынша бұл атаулар әйтеуір орысша ғой, орыстың үстемділігін білдіріп тұр ғой – сондықтан өзгертілмесін деген сұрқиялық ойды ұстанған. Кеңес кеңістігінде мыңдаған елді мекендердің атаулары оңай өзгертіліп, коммунистік сипат пен мазмұн алып жатса да ( мысалға, Петроград-Ленинград, Царицын-Сталинград, Екатеринбург-Свердловск, Луганск-Ворошиловград деп ауысқан мыңдаған атауларды келтіруге болады – осы заманда бұл керісінше сипат алған) бұрынғы патшалық отаршылдық саясаттың жалғасы болып отырған Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск қалалары атауларының өңін өзгертпеген. Қандай зымиялық әділетсіздік саясат. Империалистік саясатқа екіжүзділік қашанда ажырамас тән сипат. Осыған орай бір мысал. Кезінде АҚШ-тың Президенті Франклин Рузвельт никарагуаның қаныпезер диктаторы туралы былай депті: «Самоса әрине шектен шыққан жауыз, бірақ ол біздің жауыз». Сондықтан ол халқының қанын судай ағыза берсін, біз демократияның туын қанша жалаулатсақ та, көзімізді жұмғанымыз жөн дегені. Түсіндіруді қажет етпейтін ақиқат. Сол империалистік зұлым саясаттың жалғасы болған сталинизм саясатының құрбаны, қазақтың Абайдан кейінгі ұлы ақыны болып танылған, еліміздің шолпандай жарқыраған аса ардақты адал перзенті Мағжан Жұмабаевты қайта тірілткенімен іспеттес, бізге аруағының сауабы тиюі үшін – Петропавловск қаласын «Мағжанқала» деп атау әліде зәру болып жүрген шынайы әділеттілікті тәуелсіз отанымызда шынайы орнықтыру деп түсінуіміз керек. Ал енді ауызға алынып жүрген ескіше нұсқасы - мәндік түсінігі шамалы Қызылжар деп атап коюдың жөні жоқ. Павлодарды ( онда ертеде қазақтың көне қаласы Қимақ орналасқан ) Ресей патшалығының отаршылдық саясатының зардабын көрген, азаттыққа шақырған ақын, ауыз әдебиетіміздің мол қорын жинап, сақтап қалған фольклорист Мәшһүр Жүсіп атамыздың атымен – «Жүсіпқала» деп атаған жөн деп ойлаймын. Усть-Каменогорск қаласын халқымыздың ұлы ақынына арнап - «Абайқала» деп атаған жөн. Осы ұсыныстарды ақжүрек халқымыз қолдайды деген үміттемін. Ал ендігі кезекті үлкен істің басында болатын көкірегінде бұрқанған намысы бар биліктілерге берейік. Нақыпбек Сәдуақасов, заңгер