Сайлаушылар елдің тұрақты дамуын қолдайтынын дәлелдеді

назарбаев

 

 

 

 

 

 

 

 

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, «референдум», «сайлау» деп жінігіп, ойымыз онға, санамыз саққа кеткелі талай болып еді. Енді міне, додалы дүбірдің соңғы мәресіне жетіп, жанымыз жай тапқандай болды. Ұйқысы үрейге шырмалған талайлардың көңілі орнына түсті. Жыл басынан басталған әбігерлік сәуірге келгенде сап-сап басылатындай сыңай танытты. Ел тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болған президент сайлауының қорытындысы шықты. Ел сенімін арқалаған Нұрсұл­тан Назарбаев, сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысын еншіледі. Алдын ала болжамдарын жариялаған Орталық сайлау комиссиясының ресми деректері осылай деп хабарлады. Ал президенттікке үмітті болған өзге кандидаттардың жинаған дауысы мынадай: Ғани Қасымов 1,9 пайызбен, қалған екі кандидаттан көші ілгері. Жамбыл Ахметбеков 1,4 пайыз дауысты қанағат тұтса, Мэлс Елеусізовке сайлаушылардың бар-жоғы 1,2 пайызы дауыс берген. Дегенмен Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, бұл ресми мәлімет емес, тек алдын ала жасалған болжамдар ғана екен. Аймақтық сайлау комиссиясының хаттамалары толық келіп болған соң, нақтылы ақпарат берілетіндігі де хабарланған. Сайлауға Қазақстан халқының 89,9 пайызы қатысты. Аймақтар бойынша, әсіресе дауыс беру белсенділігі жағынан Алматы облысы өзге аймақтардан көш басында тұр. Шамамен айтқанда, сайлаушылардың саны 97 пайызға жуықтайды. Ал белсенділігі ең төмен - Павлодар облысы. Онда сайлаушылардың тек 88,3 пайызы дауыс беруге құлық танытқан. Ең ірі қала Алматы мен Астанада болса, сайлаушылар саны әдеттегідей 68,5 пайыз бен 69,1 пайызды құраған. Орталық сайлау комиссия­сының ресми ақпараты кейінге қалдырылығанымен, соңғы нәтиженің осылай шешім табатынына ешкімнің күмәні жоқ. «Нұр отан» партиясының 4-сәуір күнгі сайлаудың жеңісті тойлағандығын осы ойымыздан бөле қарауға бол майды. Қазақстан халқының өзіне сенім артқанына дән риза болған Н.Назарбаев «сайлаушылар елдің тұрақты дамуын қолдайтынын тағы да дәлелдей түсті» деп мәлімдеді. Әрі толқыған көңіл күйі мен елі мен жеріне деген махаббатын: - Қазақстандықтар біздің азаматтарымыз менің жүргізіп жатқан саясатыма, осы жиырма жылдың ішіндегі әр күнін аптаға, әр аптасын жылға балайтын істеген шаруаларымызды мақұлдап, болашақтағы бағдарламамызға сенім білдірді. Ел басқарған адамға бұдан артық қандай бақыт керек?! Сондықтан халықтың барлығынан айналайын, сенім артып отырған, шын жүрегімнен алғыс айтамын! – деген жүрекжарды сөзімен жеткізді. Халықаралық ұйымдардың «сырт көз» сарапшылары сайлаудың әділетті өткеніне шүбә келтірген жоқ. Қайта бақыр дәмін бірге татқан орыс ағайындар алдымен құттықтауды да ойынан шығармады. ҚазАқпараттың мәліметіне сүйенсек, Ресей Президенті Дмитрий Медведев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, оны Қазақстандағы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының сәтті өткізілуімен және ондағы айқын жеңісімен құттықтады. Ал кезектен тыс президенттік сайлау, 9 сәуірде ресми қорытындыланып, таққа отырғызудың жаңа салтанаты да жоспарланып отыр. Бұл туралы Еуроодақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі Пьер Морельмен кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос хабардар етті. Президенттің саяси мәсе­лелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың ақпа­рат көздеріне берген болжамы бойынша келесі қадамда «Президенттің елді одан әрі саяси тұрғыда жаңашалауына мүмкіндік беру үшін, Парламент өзін-өзі таратуы мүмкін» деген де сыбыс бар екен. Мейлі алдағы жерде ҚР Парламентінің сайлауы өтсін, мейлі өтпесін жаңа Үкіметтің жасақталатындығы туралы хабардың шындыққа жақындығын айтушылар да аз емес көрінеді. Президентті орнына отыр­ғыздық деп көп адам жұ­банғанымен тағы біраз адамның тағынан тайды­рыла­тындығы да сәуір, мамыр айларының талайларға мазасыздық сый­лайтындығын ұқтырса керек. Қазірше президентті құтты орнына отырғызған елімізге бақыт, байлық, береке-бірлік, тыныштық тілеуден басқа айтарымыз жоқ. Қазақтың көк байрағы мәңгі желбірей берсін! Алтай Көктүрік