БИЛІК СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ ТАПСЫРЫЛАТЫН БОЛДЫ...
2011 ж. 01 сәуір
14105
19
Бүгін, яғни көктемнің екінші айының алғашқы күні елімізде үлкен саяси жаңалық болды. Кешке таман барлық парламент пен үкімет мүшелерін Ақордаға шұғыл жинаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сенат төрағалығына Иманғали Тасмағамбетовты тағайындағанын жариялады. Әрине, сенат мүшелерінің келісімі әдеттегідей жүз пайыз дауыс берумен анықталды.
Әйтсе де ең басты саяси жаңалық бұл емес екен... Оны Елбасы су жаңа Сенат төрағасын құттықтап болғаннан кейін, жабық есік жағдайында жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлы алдын-ала болжанғанындай жаңа сайлауда 98,5 пайызын иеленген соң, инаугурацияны өткізіп, жаңадан құрылған Ұлттық кеңесте жаңа бағыт-бағдарды айқындап беріп... ел тізгінін Конституция бойынша екінші адам болып табылатын Сенат төрағасына, яғни Иманғали Тасмағамбетовке тапсыратын болды... Өзі Тұңғыш Президент-Елбасы ретіндегі ең жоғарғы лауазымда ел тынысын бақылап отыратын болады.
Тағы бір саясаттағы жаңа қадам - әр партия мен ұлтттық қозғалыстардан Ұлттық кеңеске кірген мүшелер де Үкімет мүшелігіне кіріп коалициялық үкімет құрылады. Әлихан Бәйменов пен Ораз Жандосовты вице-премьерлер етіп тағайындау туралы жарлыққа Ұлттық кеңес мүшелері алдында қол қойылды. Жармахан Тұяқбай - Әділет министрі, Балташ Тұрсынбаев- Ауыл шаруашылығы министрі, Нұртай Сабильянов –Экономика министрі, Тоқтар Әубәкіров Ғарышты басқару агенттігі төрағасы, Мұхтар Шаханов –жаңадан құрылған Ұлт істері комитеті төрағасы болып тағайындалуына Ұлттық кеңес мүшелері бірауыздан келісті. Енді бұдан былай Атазаңда Мемлекеттік тіл – тек қана қазақ тілі болып, қазақ тілін білмегендер оқуға да, ешқандай қызметке де қабылдандайды.
Болат Әбіловке де біршама ірі қызмет ұсынылған екен, Әбілов Қарағандының Металлургия комбинатын сұрапты. Енді оны қазақтың темірі мен көмірінің... және талай шахтердің құрбан болып, қиылған өмірінің арқасында әлемдегі ең алдыңғы қатардағы миллиардерлердің бірі болған үндіс Митталдан алу қалай болады, Болаттың тағдыры солай шешіледі...
Ал «Нұротан» партиясының бірінші орынбасарлығына... Коммунистер партиясы төрағасы Ғазиз Алдамжаров баратыны белгілі болды.
Айтпақшы, Президент кеңесшісі Е.Ертісбаев «Ертегілер» атты мемлекеттік баспаға жетекшілік ететін болды. Оған сарай бұлбұлының өзі риза болып: «Өз жұмысым емес пе?» дейтін көрінеді... Нені «өз жұмысым» деп отырғанын, баспа ісі ме, әлде... ертегілер айту ма, ол жағын анықтап айтпапты...
Алда тағы да бірталай өзгерістер орын алмақ. Олар Президент инагурациясынан кейін белгілі болады.
Қазыбек Иса