Қазаққа үлгі болар Созақ елі

Созаккк Оңтүстік Қазақстан облысын «кіші Қазақстан» деуге болатыны көпке белгілі. Өйткені, біріншіден, еліміздегі барлық қазақтың ширекке жуық бөлігі және талант пен дарынды, оған қоса оны іске асырмайтын күншілдік, алауыздық секілді темір кісен мен бұғауды Алла Тағала аямай берген, жақсысы мен жаманы бірдей қазақтың бастапқы бітім-болмысын барынша мол сақтап қалған бөлігі осы жерде тұрады. Екіншіден, Оңтүстік – ежелден қазақтың үш жүзінің басы табиғи түрде қосылған теңдессіз аймақ. Үшіншіден, бұл облыста мәңгі мұзарт Сайрам, Өгем таулары менен құс қанаты күйетін Бетпақдаладай (атының өзі қандай әдемі - әрі дәл, әрі ызғарлы, әрі поэзия!) шөлден бастап теңіз бен өзен-көлге дейін барлық географиялық ландшафт кездеседі. Басқа бір де бір облыста ондай жағдай жоқ. Ал, енді осы елдің ең күнгей облысының тұп-тура үштен бір бөлігін иеленіп алып Созақ, шежірелі Созақ, шерлі Созақ, сырлы Созақ елі жатыр. Шымкент облысының өзін көлбеп жатқан қарт Қаратау шартты түрде Күнгей, Теріскей деп екіге бөліп тастаған.

Күнгейдің ішіндегі Күнгейіңіз қалған 14 аудан-дағы, Теріскейіңіз осы Созақ. Кәдімгі Шәмші, Сабырхан ағаларымыз «айналайын келбетіңнен, сен бізге ақ бесіксің тербетілген» деп өлмес өлең-жырға қосып кеткен Теріскей. Тек оңтүстіктегілердің ғана емес, қазіргі «қазақ» атанған, кезінде әлемді аузына қаратқан бірнеше алпауыт империяларды құрған, Алла қаһарынан қайтса тағы бір рет қаратуға жететін күш-қуаты, әлеуеті, әлі бар, жаны жылқымен бірге жаратылған (Асқар Сүлейменов) керемет халықтың тал бесігі. Оның солай екенін «Әлкей академик емес, Әлкей – академияның өзі!» деп ұлы Мұхаң дәл бағасын беріп кеткен сол соңғы ғұлама Әлекеңдердің сарқыты, ақын бола тұра кейбір тұтас тарих институты істейтін істі бір өзі атқарып келе жатқан Жарылқасын Боранбай қолмен қойғандай дәлелдеп берген, Қазақ хандығының алғашқы шаңырағы көтерілген киелі жер! Сол азаматтардың бастауымен, қарапайым халықтың қостауымен Керей мен Жәнібекке ешқандай дау-дамайсыз, елімізде бірінші болып ескерткіш орнатқан ел! (Енді Созақ елі Едігеге ескерткіш орнату қамында. Ісіне Алла береке берсін!) «Әулиелердің әулиесі» деуге болатын, түп-төркіні қазақтан шыққан әулиелердің ең құдіреттісі, Алпамыс бастаған, Ер Едіге қостаған небір баһадүрлердің өмірге келуіне тікелей шарапаты тиген Бабай Түкті Шашты Әзіз жатқан, Қожа Ахмет Ясауидің қорғаушысы, қолдаушысы, жаназашысы болған Қарабура жатқан, Ысқақ баб жатқан жер. («Әзіреті Қаратау, әулиенің кені еді!» деп жырлаған сол «Алпамыс батырды», поэзияның інжу-маржанын қолында билігі бола тұра «Өзбектің ұлттық эпосы» дегізіп қолдан беріп қойған біздің зиялыларымыз да ұялмай жер басып жүр-ау!..) Бір сөзбен айтқанда «мини Қазақстан» деуге әбден келетін, мұнда да қазақтың табиғи түрде үш жүзінің басы қосылған, Мұқағали жырлаған «пай, пай, пай, киелі неткен жер!» дейтін тарихқа тұнған, қасиет, кие қонған нағыз қазақы жер! Міне, осы құт дарыған өлкеде наурыздың 22-інде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде аталып өтті. Оның олай аталып өтуіне бірден бір бастамашы, себепкер болған ауданның әкімі Берік Мейірбеков екен. (Наурыз демекші, бұл мейрам Ираннан, парсыдан бізге келген жоқ, бұдан 4-5 мың жыл бұрын бізден жауынгер бабаларымызбен сол жаққа барған. Бұл мерекені сақтар «сақоя» деп атаған. Кейін ол «нау ырыс», яғни «мол ырыс» аталған. Бұл жайлы Өтейбойдақтың «Шипагербаян» кітабында да айтылады. Ираннан наурыз атанып өзімізге қайта оралған. Аралас-құралас жатқан елдер арасында ондай оқиғалар бола береді. Ғалымдарымыз ізденсе оның нақ солай екенін дәлелдейтін айғақ, деректер жеткілікті). Наурызға арналып аудан орталығы Шолаққорғанның (орталықтың бұл кентке көшуі де тарихи оқиға – 1930 жылғы Созақ көтерілісінен кейін кеңес өкіметі кезінде қазақ елінің астанасы болған елдімекеннің маңызын түсіру үшін, бұл атаудың өзі мүмкіндігінше аз естілуі үшін аудан орталығын Шолаққорғанға ауыстырған) орталық алаңында 21 ақшаңқан киіз үй тігіліпті. Алаң өзіне ағылған қалың көпшілікті күмбірлеген күймен, әсем әнмен қарсы алып жатты. Келген қонақтар ішінде қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов, Қазақстанның халық ақыны Ә.Қалыбекова, облыстық мәслихаттың депутаты Н.Жұмашов, «Жас қазақ үні» газетінің ОҚО тілшілер қосынының меңгерушісі Ө.Ақжігіт, «Жаңалық» газе­ті­нің бас редакторы Ж.Базаров, «Жаңа Қазақстан» газетінің бас редакторы А.Аспан, «Алмас» газетінің бас редакторы Е.Көшербаева, «Дөңгеленген дүние» газетінің бас редакторы Т.Орман және Созақ ауданының құрметті азаматтары болды. Таудың үстімен өтетін жолдың ұзындығы 30 шақырым болса, оның солтүстік бетіне көктем де сол отыз күнге кешігіп жетеді. Дәл мереке күні де Теріскей теріскей екенін елдің есіне тағы бір салып қояйын дегендей таңертеңнен ызғырып тұрды. Дегенмен, көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі болдығ анау-мынау суықты елей қоятын сыңайда емес еді. Мерекелік жиынды аудан әкімі Берік Қуанұлы Мейірбеков ашып, аудан тұрғындары мен Астана, Алматы республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтарды ұлыстың Ұлы күні - Наурыз меркесімен құттықтады. Әкім сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі төрт азаматқа жаңа үйдің кілтін, дәл осындай 53 балаға түрлі сый-сыяпат тапсырды. Бұдан соң аудандық мәслихаттың хатшысы А.Аймұрзаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы аудандық мәслихаттың шешімімен таныстырды. Әкім бұның алдында ғана, 8-наурыз мерекесінде аудан­дағы 1531 «Алтын алқа» иегерлеріне, Батыр аналарға арнайы сыйлықтар тапсырып, одан бөлек 8-наурыз бен 21-наурыз арасында дүниеге келген сәбилерді де өзі барып құттықтап шығыпты. Ауданның алыс аймағындағы малшыларға қажетті күнделікті тауарларды арттырып керуен жіберу – бүгін таңда кез келген аудан басшысының ойына орала қоймайтын іс. Ал алқалы жиын-той, мерекеде «Назқоңырды» нәшіне келтіре орындайтын әкім де кез-келген ауданның маңдайын бұйыра бермейді... Айшықты мерекемен ау­дан жұртшылығын құттықта­ған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов: «Біз сіздермен өте бір қиын кезеңде, аудан халқына айрықша ауыртпалық әкелген айтулы қыстарда бірге жұмыс істедік, сол қиындықты бірге көрдік. Мен сіздердің соның бәрін қайыспай көтерген ер бітімдеріңізге ризамын. Енді бүгін басқа көрініс, ел тойынған. Алда да жарқын биіктерден көріне беріңіздер» деген тілегін білдірді. Сенатор мырза сыпайылық сақтап тұр, әйтпесе 1993-1994-тің төрт ай бойы мал қолға қараған, оның 183 күнінде бет қаратпас боран соғып, сақылдаған сары аяз ұрған қаһарлы қысында Айтахановтай аса білімді, қайтпас қайсар, қажырлы, қиыннан қиыстырып жол табатын көреген басшы келмегенде аудан халқының таяқ ұстап қалары хақ еді. Әлемдік алпауыт компаниялардың мойынын қайырып, оларды астанадан келіп Созақта тіркелуге, сол арқылы салықты да, экологияға келтірер зарарға өтемақыны да Созақ еліне төлеуге мәжбүр еткен, соның арқасында Созақты республикадағы субсидия алмайтын жалғыз аудан болуына қол жеткізіп кеткен де сол Қуаныш Айтаханов болатын... Қонақтардан ауданының құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков құттықтау тілек айтып, Әселхан Қалыбекова жыр шашуын арнады. - «Жүйесімен сайланса әкім жақсы, Жүйесімен сөйлесе ақын жақсы, Еліне құтсыз болған басшылардан, Бір арқа кеуіп қалған отын жақсы» – деп жырлап едім бір кез­дері,-деп бастады Қазақстан­ның халық ақыны өз сөзін. - Құдайға шүкір, кәзір Қуаныш Айтаханов ағамыздың ізімен еліне қуаныш, бақыт сыйлайтын әкімдер қатары өсіп келеді. Солардың бірі осы Берік ініміз. Оның келгеніне көп болмаса да істеп жатқан игі істеріне біз сырттай сүйсініп жүрміз. Дәйім осы бағытынан таймасын! Енді мен өздеріңізге осы тойға арнайы жазған ақ тілек өлеңімді оқып берейін (ақынның арнау өлеңі төменде). Мерекеде көпшілік кө­рермен облыстық «Шаншар» әзіл- сықақ театрының жан сергітер қойылымдары мен елімізге танымал өнер саңлақтарының концерттік бағдарламасын тамашаласа, «Мыңжылқы» Мәдениет сарайында ақындар айтысының тартымды сәттерін қалт жібермеді. Шашасына шаң жұқпайтын Ақмарал Ілеу­баева, Жарқынбек Наушабек, Кәрима Оралова, бүгінгі таңда қай сайыста болсын «бәйгемді шаппай бер!» дейтін дәрежедегі Бекарыс Шойбеков наурыз мерекесінің әрін кіргізе ұтқыр ойлы сөз саптауларымен тыңдаушыларының айызын қандырды. Түс ауа ауыл шетіндегі «Бағдат» ипподромында аузымен құс тістеген тұлпарлардың аламан бәйгесі, құлынынан құрық көрмеген құнандар бәйгесі, тұяғы тасқа тимеген тайлардың жарысы өтіп, аламан десе айылын жимайтын қазекеңнің көңіліне желік бітірді. Артынша «Көк бөрі ережесі» бойынша көк сер­кені тақымдаған жігіттердің делебесін қоздырған көкпар ұлттық ойынына жалғасып кетті. Дала төсін шаңдатқан апайтөс арғымақтардың болат тұяғының дүбірі сайын өлкеге наурыз келгенін сездіріп бар тіршілік иелерін оятқандай болды. Кешке жастардың біраз бөлігі бас қосып айлы түнді алтыбақан маңайында өткізсе, енді бірі әзілмен астасып білімі мен ой өрісін шыңдаған өрелі жастардың «көңілді тапқырлар клубының» сайысына ұласты. Мерекелік шараның барлығы демеушілер тарапынан түскен қаржының есебінен өтті. Осындай Наурыз-думан мереке Созақ ауданының барлық ауыл, поселке әкімшіліктерінде өз дәрежесінде өтіп жатты. Жалпы, кімнің қалай жұмыс істейтінін оның демалыс, мейрамын қалай өткізуінен байқауға болады деген көне әдіс бар. Созақ елінің Наурыз мерекесін құлашын кең жая тойлауы берекелі елдің ұлыстың ұлы күнін қалай тойлау керек екені жөнін де өзгеге үлгі болғандай. Бірте-бірте біздің Жаңа жылымызды ресми түрде Наурызға ауыстыруымыз бүгінгі осындай әрі шат-шадыман, әрі есте қалатындай түрде өткізілуімен тікелей байланысты. Ауданның жаңа әкіміне жұмысты қалай істеуде де, демалыс-мерекені қалай ұйымдастыруда да алыстан өнеге іздеп керегі жоқ – Қуаныш Айтахановтың қалдырып кеткен көп игі ісі мен айшықты ізі ауданда әлі сайрапп жатыр, жұмыс істеу мектебінен өткен сарабдал азаматтар сол Созақта көп бүгін де. Айтахановтан үлгі алып қана қоймау керек, одан шама келсе озуға да тырысу керек. Өркениет сонда ғана алға басады. Тұлпардың артқы тұяғы алдыңғы тұяғынан озғанда ғана ол тұлпар болып саналады...

Өмірзақ АҚЖІГІТ Созақ ауданы