ОСК оңбай сүрініп кетті

2
939

оск1Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің басшысы ретінде Қазақ елінің Орталық сайлау комиссиясымен бірнеше жыл тығыз қарым-қатынаста болдым. 2005 жылдан бері олардың құрамы да пәлендей өзгере қойған жоқ. 1999 жылдан бастап, 2005 жылға дейінгі сайлауларды бақылау, «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізу жұмыстары үстінде сайлау мәселесін терең теңгерген Владимир Карлович Фосс мырзамен де, ұстамды да білімді Бақыт Мелдешовпен де, сол комиссиядағы қазақ тілі мәселесі сөз болғанда, барлық жүкті бір өзі көтеретін Ләззатпен де, байсалды да аз сөзді Қуандық ағамызбен де, саяси дипломатияның шебері Зағипа замандасыммен де қоян қолтық жұмыс істедім. Сол жылдарда өткізілген (Парламенттік, президенттік, жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау) сайлаулардың барлығы біздің ұйымның тарапынан «әділетсіз өткізілген», «көптеген заң бұзушылықтар орын алған» деген сияқты бағаларға ие болса да, жаға жыртысып, бет тырнасқан күндеріміз болған емес. Сондықтан бұл мақаланы «Едігенің ескі кегі» деп ойлап қалмаңыздар.

 

Жақында «Зона КЗ» сайты ОСК нің төрағасы Қ.Тұрғанқұлов ағамыздың баспасөз конференциясында сайлауға бойкот жариялау мәселесіне байланысты пікірін жариялап, бәрімізді таң қалдырды. Әрине, ОСК бұл мәселеге қатысты өздерінің ресми мәлімдемесін қабылдаған жоқ (құдай сақтап қалды!), дегенмен төрағаның ресми конференцияда айтқан пікірінің өзі сол органның ресми көзқарасы болып қабылданары анық. Сайттағы мәлімет бойынша ОСК төрағасы «сайлауға бойкот жариялауды –арандату» деп қабылдапты. Ал халықты «Бойкот жариялауға үндеуге – деструктивті іс-әрекет» деген баға беріпті.
Сөз арасында айта кетейік, Тәуелсіздік алып, демократия жолына түскен уақыттан алыстаған сайын, сол демократияның тынысы тарыла бастаған сияқты… Былтырдан бастап Алматы қаласында белгілі бір шаршы метрге (ұмытпасам 15 болуы керек) 1 адамды ғана тіркеу туралы заң қабылданды. Бұның қазақтардың Алматыға орналасуын шектейтін «прописканың» қайта тірілуі екенін түсіндіріп жату артық болар. Кеңес өкіметі дәл осындай талап арқылы бейшара қазақтарды «жетім бұрыштарын» іздеттіріп, қаңғыртып жіберген болатын. Демократия жолына түсіп, кез келген адам қазақтың қай жерінде, қай қаласында тұрамын десе де өз еркінде екендігін бекітетін заң да қабылданған болатын. «Прописка» келмеске кетіп, оның орнына азаматтың мекен-жайын көрсететін тіркеу ғана енгізілген еді. Қазір туысқандарыңды тіркеу мәселесі тағы да Кеңес өкіметіндегі жағдайға түсті. Сол сияқты, ОСК төрағасы да адамның ажырамас құқығы болып табылатын «пікір бостандығына, оны тарату мәселесіне» көз алартқан сияқты… Менің білуімше, біздің елімізде Сайлауға бойкот жариялауға қарсы ешқандай заң не заң баптары жоқ. Сайлауға қатысу не қатыспау, дауыс беру не бермеу – әр адамның жеке шешімі. Әрине, белгілі бір саяси күштер, партиялар не қоғамдық ұйымдар азаматтарды сайлауға қатысуға шақыруы мүмкін. Сол сияқты (әділдік екі жаққа да бірдей қарағанда ғана орын алады) белгілі бір саяси күштердің азаматтарға сайлауға бармаңдар деп үгіт-насихат жүргізулеріне де толық мүмкіндіктері бар. Осы екі үндеудің қайсысын таңдап алады, ол азаматтың өзінің еркіндігінде. Бұл жерде «арандату» деген сөз мүлдем ретсіз! Сайлауға бармаған адамдар арандап қалады ма, әлде сол сайлауға қатысып, дауыс берген адамдар арандайды ма, ол жағын тарих көрсетеді. Бірақ «арандату» деген сөздің астарында «алдау» деген мағына тұратынын ескерсек, сайлауға қатыспаңдар деген нақты да ашық үндеудің кімдерді алдайтынын тағы түсіне алмадым. (Сайлауға қатыспағандарға ақша беремін деп, кейін бермей кетсе бір сәрі). Сайлауға қатысу – міндет емес, азаматтық парыз. Егер парызын орындамаған адамдардың барлығы «деструктивті» азамат болса, қазақ тілін білмегендердің (Қазақстанда мемлекеттік тілді білу – парыз) барлығына да осындай атақ тағу керек сияқты. Меніңше, ОСК – өзінің атқарушы орган екендігін естен шығарып алған сияқты.
Сайлау мәселесіне келгенде «әйтеуір, қатыссаңдар болғаны!» деген ұран орынсыз болып табылады. Егер таңдау жоқ болса, сайлау да болмайды. Ондай сайлауға қатысқаннан біз қандай пайда табамыз, қоғам қандай пайда табады? Дауыс беру – қолдау деген сөз, егер ешкімді қолдағымыз келмесе, сайлауға не үшін баруымыз керек? Біздің Конституциямыздың сайлауға қатысуды (не қатыспауды) азаматтардың өз таңдауына қалдыруы да осыдан шығады. Оған ренжудің қажеті қанша?
Әрине, біздің сайлауға «Бойкот» сөзі дәл келе бермейді. Себебі, сайлауға бойкот жариялау арқылы белгілі бір саяси нәтижеге жетуге болмайды. Біздің заңымыз бойынша сайлауға қатысқан азаматтардың саны сайлаудың заңдылығына ешқандай да әсер ете алмайды. (Кейбір елдерде дауыс беруге сайлаушылардың жартысынан азы қатысса, сайлау засыз болып табылады). Ал менің жеке басыма келсек, соңғы жылдары баланың ойынына ұқсап кеткен сайлауға қатыспауымның бірнеше себебі бар:
1. Кезектен тыс сайлау өткізуге ешқандай да саяси-қоғамдық жағдай туған жоқ деп есептеймін. Сондықтан бұл сайлаудың тағайындалуының өзі әділетсіз жолмен жүрді.
2. Үміткерлердің қазақ тілін меңгеру дәрежесін тексеру жұмыстары әділетсіз өтті деп есептеймін. Сайлау процесінде міндетті болып табылатын ашық­тық пен жариялылық болған жоқ.
3. Үміткерлердің барлығы бір бағыттағы – қазіргі билік бағытындағы азаматтар. Сондық­тан олардың қайсысын таңда­ғаныңмен біздің қоғамда саяси, әлеуметтік, ұлттық, т.б өзгерістер болмайды. Бір-біріне балама болатын бағдарлама көріп тұрған жоқпын.
Сайлауға қатыспау – билікке қарсы әрекет, немесе Президентке үміткерлердің барлығын ұнатпау болып табылмайды. Егер Әділ сайлаудың нәтижесінде билік басына Мэлс досым келсе де, Ғани ағамыз не Нұрсұлтан ағамыз келсе де, Жамбыл замандасымыз келсе де қабыл алуға дайынмын. Ал қоғамдағы әділетсіздікті көре тұра оны дұрыстауға күш салу – әрбір азаматтың міндеті. Егер дұрыстауға күшіміз жетпейді екен, әділетсіздікті мойындап, қолымызды кірлетпей-ақ қойғанымыз дұрыс деп білемін. Сайлау учаскесіне келетін адамдардың саны аз болған сайын біздің билік те ойланар, әділ сайлау жүргізуге бір қадам жақындар деген буалдыр үмітімнің бар екендігін де жасырмаймын.

Дос Көшім,
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы

2 ПІКІРЛЕР

  1. сіз озіңізді ғана кереметпін деп көре бермей жаңа көз қараспен атам қазақтын тәуба сөзіне өзінізден жауап іздеп көрсеңіз қайтеді!? жауап кутем

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз