Шығыс қазақстан облысы – бірлікті нығайтудың жарқын мысалы

Н.Назарбаев 25 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысына арнайы сапарда болды. Ол «Нұрлы көш» өңірлік бағдарламасын іске асыру аясында салынған жаңа тұрғын үй кешенін аралап көрді. Нұрсұлтан Әбішұлы бағдарлама аясында тұрғын үйге ие болған жаңа қоныс иелерін құттықтады. Кент тұрғындары Президентке қолдау көрсеткені үшін алғыстарын айтты. Барлығы 363 үй тұрғызылған, құрылысқа 3,9 млрд.-тан астам теңге жұмсалған. Биылғы жылы пайдалануға берілетін, жалпы құны 1,2 млрд. теңге болатын балалар бақшасы мен 600 орынды мектеп салыну үстінде екен. Тағы 700 үй салу жоспарланған, оның 100-і биылғы жылы пайдалануға беріледі. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде туған Отанына 823196 адам оралған, оның 49000-ы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. ВКОда

Н.Назарбаев сондай-ақ Өскемен қаласындағы «Raimbek Vostok Agro» ЖШС сүт өндіретін зауытта болып, жаңа өндірісті іске қосты. Зауыттың жобалық құны – 1,2 млрд. теңге. Негізгі шығаратын өнімі – ұзақ сақталатын ультура-пастерленген сүт өнімі. Өндірістің жоспарланған көлемі – жылына 30 мың тонна. Қажетті шикізатпен Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан, Шемонаихин, Көкпекті, Зырянов аудандарына қарасты 13 шаруашылық қамтамасыз етеді. Жоспарланған жұмысшылар саны – 150 адам. Зауытты таныстыру кезінде облыс әкімі Б.Сапарбаев Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттары туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ «Наурыз – достық пен гүлдену мерекесі» фестиваліне қатысты. Бес мыңнан астам шығысқазақстандықтар қатысқан іс-шара Өскемен қаласындағы Спорт сарайында өтті. Мемлекет басшысы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті, сондай-ақ «Шеберлер қаласы» көрмесіне қойылған қолөнер бұйымдарымен танысты. Өз сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүріп жатқанын, оған Шығыс Қазақстан облысы жарқын мысал болып табылатынын атап өтті. Мұнда 105 этнос өкілі бейбітшілік пен достықта өмір сүруде. Осында 81 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Шығыс Қазақстанда кіші Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей инфрақұрылымы құрылған. Оған 6 Достық үйі қарайды. Биылғы жылы тағы 2 Достық үйін ашу жоспарланған. - 1992 жылы Қазақ­стандағы алғашқы Достық үйін Өскеменде қалай ашқаным менің есімде. Бұл бастама одан кейін еліміздің өзге өңірлерінде қолдау тапты. Өткен жылы мен Қазақстан бойынша алғашқы болып саналатын Өскемендегі этномәдени кешенде болдым. Онда этномәдени бірлестіктердің 16 үйі тұрғызылған. Шығыс Қазақстан облысы, өзге өңірлер тәрізді – этникалық әртүрлілік достық пен тату көршілестіктің, бірлікті нығайтудың факторына айналғандығының жарқын мысалы, - деп атап өтті. Фестиваль кезінде «Наурыз – бейбітшілік пен жасампаздық мерекесі» атты эстрадалық қойылым көрсетілді. Ардақ ЖЕТІБАЙ