төл мерекемізді төрге шығарудан неге қорқамыз?

nauryz«Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар» деп Аллаһтың жаратылысын мойындағысы келмеген, көзі ашық, көкірегі соқыр Кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан 70 жылдай ұлт мерекесiнің «береке мен ынтымақтың, бірлік пен татулықтың» тойы екенін ұмыттырып, тұмшалап, тұншықтырып келді. Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының ортақ мерекесі болып, әлемнің әр қиырында, айталық, Қазақстан, Албания, Ауғанстан, Әзірбайжан, Босна-Гершек, Иран, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Қытай, Моңғолия т.б. елдерде ресми түрде тойланады. Сондықтан да, 2010 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық Наурыз күні» қарарына сәйкес 21 наурыз - Халықаралық Наурыз күні болып қабылданып, Наурыз мерекесі бүкіл адамзат баласының мәдени мұрасы ретінде бағаланды.

Наурыз – жыл басы. Көне парсы тілінде ноу- «жаңа», роуз- «күн», «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но-жаңа + роуз-күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді. Бұл мереке Иранда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда аталып өтіледі. Әзірбайжанда наурыз шаттығы шамамен 1 ай бұрын басталып, тоғыз күнге ұласатын көрінеді. Осылайша «батыстануда» басқа ағайынның алдын бермей келе жатқанымызға «жол болсын». Ұлттық құндылықтарымызда ұпайды басқаларға беріп қойып қарап отыру әдетке айналған сыңайлы. Ақындар айтысы, қымыз, киіз үй және басқа да мәдениеттерімізді басқалар «иемденіп», «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Оған да міз бақпай отырғанымыз сияқты, наурызды тойлауды да халықтық сипатқа көтере алмай отырмыз. 70 жыл қызыл партия мен атеистік идеидеологияның құрбаны болған мерекенiң өзіндік мән-маңызы бар. Бұл туралы Н.Назарбаев: «Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыстың татулық пен келісімде тұрмыс кешуі, қоғамдағы барша азаматтың этностық, тілдік және конфессиялық ерекшелігіне қарамастан, тең құқыққа ие болуы ежелден келе жатқан Наурыз мерекесінің қағидаттарымен сәйкес келеді» деп Наурыз мерекесінің қоғамдағы орнын айтса керек. Айтып айтпай, бұл күні халықтық іс шаралар өтізілген, ұлан-асыр той іспетті атап өтікізілетін достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі болған. Ұлыстың күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Бұрындары халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. Дәстүр бойынша қысқы соғымнан сақтаған сүріні қосып жеті түрлі тағамнан наурызкөже істейін болған. Дастарқанның басты асы болған наурызкөжені жеке-жеке жасамай «береке-бірлікте боламыз, жақсы-жаманды бірге көреміз» деген ниетпен ауыл болып, ел болып бір орынға жиналып, бір жерден наурызкөже жасау дәстүрі де халқымыз арасында кең тараған. «Қарғыс алма, алғыс ал» дегенді жадында сақтаған қазақ баласы көне көз қарияларда, діндар молда-қожадан, тақуадар кісілерден дастарқанға асқа бата жасатып, ел мен жерге, бүгіні мен келешегіне Аллаһтан дұға қылатын болған. Қазіргі таңдағы халықты «жұбату» үшін ғана атқарылып отырған «мерекелік концерттерге» бергісіз ұлттық ойын түрлері мерекенің ұлттық сипатын айшықтап отырған. Түрлі дерек көздері «Жамбы ату», «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр», «Айқыш-ұйқыш», «Ақсерек пен көксерек», «Алқақотан», «Алтыбақан» ойындары ойналатынын жеткізеді. Онымен қатар бұл күнi айтыс өткізіліп, наурыз жыр, наурыз жұмбақтары айтылатын. «Қазақша күрес», «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу» секілді айтулы спорттық додалар да өз деңгейінде өткізілетін. Сөйтіп, халықтық спорттық дамуына жағдай жасап отырған. Тәуелсіздік таңы атқалы да жиырма жыл болды. Басқаның қаңсығына жүруді өзімізге парыз санағанша, өз қолымызда бар алтын дәстүрлеріміздің де елеп-ескерілер, халық кәдесіне жарап, адамзат мәдениетінің мәйегіне айналар уақыт жеткен жоқ па?! Қысқы Азия ойындарына қосуға татитын ұлттық спорт түрлерінің елеусіз қалғаны сияқты осындай тамаша спорттық мәдениеттеріміздің жауһарлары да көмескіде қала бермесе нұр үстіне нұр болмас па еді? Бұл күні тоқшылықтың, Аллаһтың берген нығметтеріне шүкіршіліктің белгісі ретінде «бұдан әрі де молшылық, кеңшілік болсын» деген ниетпен ыдыстар ернеуіне дейін ақпен, ақ болмаса бұлақ суымен толтырылады. Ілгеріде халқымыз бұл күнді тек мереке ретінде тойлап қана қоймай, бұлақтардың көзін ашып, ағаштар отырғызатын дәстүр болған. Амал нешік, егемен елімізде отырып осындай тамаша дәстүрлерімізді әлі күнге жаңғырта алмай келеміз. Есесіне біздің мейрамдардан басқалардың мейрамының мерейі үстем бе деп қаласың. Айталық, жаңа жылда үкімет тарапынан арнайы ай бұрын дайындық жасап, «ұлан-асыр» қолдан жасалған «халықтық мереке» әр дәрежелі әкімшіліктер, жоғары оқу орындарынан мектептерге дейін дабыралы мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, телешоу жасап, ораза айт пен құрбан айтқа, наурызға бермеген жеті күн демалысты беріп әр кім өз үйінде көңілді тойлауына, бір сөзбен айтқанда, жаңа жылдың жалпы хылықтық деңгейде өтуіне мемлекет бас болып барлық жағдайды жасаймыз. Ал, наурызда ше? Айтпасада түсінікті... Басқаны айтпағанда, өткен жылы Алматы қаласында полицейлердің жиналған жұртты тарқатып, осы бір «халықаралық мерекенің» «мерейін асырғанын» халық көңілінен қалай ғана өшірерсің!! Наурыз жайлы түрліше көз қарастар бар, біреулер бірқатар Шығыс елдерінде тойланатынына қарап, бүкіл Шығыстың мерекесі десе, ал енді біреулер түркі халықтарыныкі дейді. Тағы бірқатар «діндар» бауырларымыз «бұл мәжусилердің (отқа табынушылар) от айналып билейтін, от пен суға, күнге тәу ететін мерекесінен қалған, бұл бізге парсылардан келген» Ислам көзімен қарағанда наурызды тойлау бидғат (дінге жат, кейінен қосылған істер, амалдар) деп қарап жүр. Наурыз жалпы Шығыстық мереке болатын болса, Шығыс халықтарына жататын қытай (Қытайда тек қазақ, ұйғыр, қырғыздар ғана тойлайды), жапон, корей ұлттары неге тойламайды? Ал түркі халықтарыныкі ғана болса, неге кавказ елдері «қосылып жүр». Ал, «наурызды тойлау бидғат» деген мәселеге келсек, оны білместікпен немесе таяз оймен кесіп-пішуге болмайды. Наурыздың тойлануына халқымыздың бір кездері шаманизмді ұстануына байланысты кейбір жора -жосындар қосылған да шығар дегенмен шығу төркіні жағынан Наурыз төл мерекеміз. Наурыздың шығу төркіні жайында әйгілі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінің «Тектелгі» тарауында былай делінген: «Қазғақ Созғақ күнбиге әшкере қарсы шыққан. Сол кезде Созғақ күнбиге елі наразы болған. Өйткені құлақтан қиқу кетпей, малын даулап алуға шамасы жетпей, ел іші ала жаңқаланып, ынтымақ жойылыпты. Ыза кернеген халық Созғақ күнбиді балағаттап, бетпе-бет қарсы шыққан. Шыдамы таусылған еліне Қазғақ: - Билігінде әділдік жоқ, жасағында мандырлық жоқ Созғақ күнбиді жоғалтайық, – деді. Елі мақұлдап, Қазғаққа ілесті, қолбасылық әміріне бойсұнды. Қан судай ақты, шабысты, арпалысты, жеңді, жеңілді, бейнет тартты. Ақырында Қазғақ Созғақ күнбиді қайта тап беруге шамасын келтірмей, күн шыға өлгені Қазғаққа күнбилік қондырды. Ел жырғады. Қазғақ төр иесі аға атанып, орнаулы тағына отырды. Халық бақытқа бөленіп, шаттық мерейінде қуана биге басты. Сан-санақсыз жиылған адам Қазғақ елі атанып, «қазақ» атану содан басталды... Қазғақ күнбидің үшінші жылы, қырық арыс халық қуаныштары салтанатты түс алды. Ел ұлыс - ұлыс бойынша бірге өткізген Қазғақ төрі тәулелділік тойы ұлан-асыр болды. Қазғақ күнби төр төбесіндегі төрағалық тағына отырды. Қырық арыс ұлыс жиылысы «алаш» делінді. Той күнін ұлыстың ұлы күні деп атады», - делінген. Сонымен қоса осы мерекені «науырыс» деп атуға жарлық түсіргені, ол кейін келе «наурыз» болып аталып кеткені, осы мерекеде «көкпар тарту» мен «қыз қуудың» барлыққа келгені жайлы баяндалған. Ал енді кім қандай дау айтады. Қазғақ қазақ болғалы, ұлыстың ұлы күні ретінде Наурыз мерекесі тойланып келеді екен. Демек, М.Жұмабаев айтқанындай «бұл Наурыз мерекесі ұлттық мейрам, діндік мереке емес». Құранда да Аллаһ Тағала: «Мен сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлт пен ұлысқа бөліп жараттым» деген. Сондықтан біреуіміз анау, біреуіміз мынау деп жақ жақ болғанша ұлт қамында бірігіп, ұйысып өмір сүргеніміз абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінің бірінде барлық істе орташа болуды, тіпті дін істерінде де шектен шығып кетпеуді дәріптеген. Ал, Ислам діні енді қанаттанып келе жатқан шақта «анау бидғат», «анау харам» деп азғантай біліммен өз алдымызға пәтуа беріп елді үркітіп қорқытудың керегі не? Бұлай істеу елді мұсылманшылыққа тарту ма, мұсылманшылықтан бездіру ме? Ойланайық ағайын. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. 22 наурыз - күнi күн мен түн теңеледi. Адамның сарайы ашылып, жер бусанып, жан-жануар да түлейдi, жаңарады, тал-теректер бүршiк жарады, бел-белестер қызғалдақпен құлпырып, дала өз сәніне келе бастайды. Осындай күнде тойланатын береке бірлігімізге ұйытқы, ынтымағымызға тұтқа болатын ұлттық салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін біле білгеніміз абзал, ағайын! Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Ұлыс оң болсын! Оразбек САПАРХАН