Гиннеске кірген қазақ батырының тоны

Батыр тонХалық аузындағы аңыз бойынша 1745-1746 жылдар шамасы қазақтар «Еркінқасқа» атаған Монғол батырымен жекпе-жекке шығып, оның басын кесіп алған. Жоңғарлар басып алған қазақ жерін қайтарып алу жолындағы осындай ерлігі үшін дән риза болған халқы оның абыройын асырып, ат атағын шығарып, ерекше құрметпен сый жасайды.Үстіне арнайы тіктірген оқалы тон жауып, басына тәжілі тұмақ кигізіп, оқшантайлы белбеу буғызып, жәдік руының биі сайлайды. Содан бастап, ел басқарып, әділ би, қолбастаған батыр, Ер Жәнібектің сенімді сардары болады. Қуандық батырға елден ерек тон тіктіруге он екі Абақ керейдің әрқайсынан бірден, ырымдап жасы егде, тәжірибелі әйелдерден жиыны он үш шеберге арнайы тон тіктірген екен. Оң қолынан өнер тамған оюшы, кестеші әйелдердің талабы бойынша жасалатын тонның терісі жібектей жұмсақ болуы шарт етіліп, бұл міндет ерлерге жүктеледі. Қазақтың тері илеу өнері сөз болғанда, Махмұт Қашғаридың «Түркі тілдер сөздігінде», «Моңғолдың құ­пия шежіресінде», тіпті 1773 жылы жазылған орыс саяхатшысы, академик П.С.Палас еңбектерінде де кезігеді. Сөйтіп, қазақ шеберлерінің тері илеу және оны мәнерлеу, бояушылық өнерінің ең шебер жетістігі ретінде жеті маралдың терісінен Қуандық батырдың тоны дайын болады. Тонды тігіп бірігенге дейін үш ай уақыт кетіпті. Тонға тігілген гүлдерді қазақ сахарасының жайлауында өсіп, көздің жауын алатын, «Алтай күнгелдісі», «Қызылшұғынық», «Ақшамгүл», «Айгүл», «Ақшұғынық», «Қоңыраугүл», «Алтай ақ кекіресі», «Сарана», «Бұғытұяқ», «Қожашөп» секілді гүлдерің өрнек-үлгісі пайдаланылған. Осы оқалы тонның ою-өрнек, кестелерінен ерте заманнан бергі қазақ әйелдерінің тігіншілік ою-өрнек, кестешілік жақтағы ақыл-парасатымен, шеберлігі айқын көрінеді. Екінші жақтан қарағанда елі мен жерін қорғауда шыбын жанын шүберекке тиіп, қан майданда қамал бұзып, жеңіске жеткен, жас батырға деген халқының жүрекжарды сүйіспеншілігін, ерекше ілтипатын көруге болады. Оқалы тонды кестелеп тіккен қазақ әйелдері ақыл-парасат, зейін-зердесін сарқа жұмсап, көз майын тауысып, алпыс сегіз бөлек мәнерленген маралдың терісін жұмдастыра ойыстырып, оған үлкенді-кішілі, төрт жүз он бес гүл қауашақтары мен жапырақ және шашақтарды алуан өрнекпен кестелеген. Тонға тігілген алуан гүл бәйшешектеріне түгелдей жеті түрлі жібек жіп істетілген. Атадан балаға жалғасқан, осы асыл қазына қандай да бір тауқыметті жылдардан аман сақталып, осы ғасырға дейін жетіп отыр. Қытай мемлекеттік ШҰАР мәдени мұраларды бағалау мамандары жағынанан арнайы сараптамадан өткен, бұл тон «Мемлекеттік бірінші дәрежелі мәдени мұра» ретінде бағаланған. 2004 жылы 12 қарашада Бейжің ұлттық киімдер жәрмеңкесінің арнайы шақыртуымен көрмеге қойылған. Ата-тек бойынша Қуандық Байға­раұлынан Жантелі Қуандықұлына, одан Үпек Жантеліұлына, одан Тоңғақ Үпекұлына, одан Нұреке Тоңғақұлына, одан Сағдолла Нұрекеұлына, одан Санияз Сағдоллаұлына, одан Бақытхан Саниязұлына мирас болып, жалғасқан осы бағалы мұра 2010 жылы тамызда Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Гиннестің КХР Шаңхай қала­сын­дағы бас мекемесі жағынан арнайы ұсынылған, «02396» нөмірлі куә­лігінде былай деп жазылған екен: «Сақталған уақыты ең ұзақ марал терісінен кестелеп тігілген тон. Сақталған уақыты 263 жыл. Бұл тон 68 құрақ бұғы терісінен құрастырылып, қиыстырылып тігілген. Иық аралығы 0,75 метр, алдыңғы өңір биіктігі 1,44 метр, екі жең ұшының аралығы 2,2 метр. Қазақтың 13 шебер кестеші әйелі қызыл-қоңыр, сары, ақ, жасыл, көк, қара жеті түрлі жібек жіппен 415 гүл және жапырақшалармен кестелеп тігіп шыққан бұл тон 9 ұрпақ бойы жалғасты сақталып, бүгінгі күнге жеткен. Қазір ШҰАР Буыршын аудандық мұражайда сақталуда». Қуандық Байғараұлының осы оқалы тоны Қытайдағы қазақтардың ғана емес, әлем қазақтарының бағалы жәдігерлерінің бірі есептеледі.

Қажынәби Ғаппасұлы ҚХР ШҰАР Буыршын ауданы