РЕФЕРЕНДУМ ТАҒДЫРЫН ТЕК ПРЕЗИДЕНТ ШЕШЕДІ...

Ел үміті – елбасыда ЕҚЫҰ саммитінің сәтті өтті деген мезгілін аңдыды ма, әлде алдын ала ойластырған ішкі жоспар ма қазақ депутаттарының бір тобы президент Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастама көтеріп еді, Назарбаев тағының сақталуы өздерінің өмір сүруіне тиімді екенін білетін билік төңірегіндегі топ жаппай іске кірісті. Желтоқсанның соңында Орталық сайлау комиссиясында тіркелген бастамашыл топ референдумды қолдайтын 5 миллион 16 мың қазақстандықтың қолын жинап үлгерді. Референдумды Парламенттің қос палатасы да қолдады. Бірақ, өткен аптаның соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен референдум өткізу туралы ұсынысты кері қайтарып, оның тек қана Конституция арқылы іске асатындығын хабарлаған болатын. Алайда 14-қаңтарда Қазақстан парламентінің қос палатасы бірлескен сессия өткізіп, конституцияға президент Назарбаевтың өкілетін саяси сайлаусыз ұзартып отыруға негіз болатын өзгерістер енгізді. Конституциялық заң жобалары парламенттің екі оқылымда қаралуы тиіс болса да, қос палатаның депутаттары бір жолғы отырыста-ақ екі оқылымды қатар өткізіп, конституцияның екі бабына өзгертулерді жедел түрде енгізіп жіберді. Конституцияның 46-бабының 4-тармағындағы «Қазақстанның тұңғыш президенті» деген сөзге сызықша арқылы «елбасы» деген сөз жалғанды. Яғни, «елбасының» ерекше мәртебесі мен өкілеті конституциялық заңмен айқындалады. Бұрынғы бап бойынша президент қалай да болса сайлауға түсу керек еді. Осы реткі өзгертілген 42-баптың 5-тармағына кірген өзгеріске байланысты президенттің өкілеті референдуммен ұзартылады. Яғни президент сайлауға түспейді, оның өкілетін халық арнайы бір уақытқа ұзартып бере алады. Ол 10 жыл ма, 20 жыл ма я 15 жыл ма, оны халық өзі референдумда шешеді. Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес президент әлі де парламенттің ұсынысын кері қайтарып, әуелі референдум өткізу туралы ұсыныстың өзін жалпыхалықтық референдумға шығара алады. Алайда президент парламенттің жұма күнгі ұсынысын қабылдамай тастаса, онда дәл осы бапқа сәйкес парламент мүшелерінің бестен төрті дауыс берген жағдайда ол заң бәрібір күшіне енеді екен. Ал ел ішіндегі оппозиция өкілдері Назарбаевтың парламентті таратып жіберіп, 2012 жылғы сайлауға түсуін қалайды. Президент Назарбаевтың өкілетін жалпыхалықтық референдум арқылы ұзарту бастамасы шыға салысымен бұл акцияға қатысты ең бірінші болып және екі мәрте ұстанымын жариялаған АҚШ болды. Әуелі АҚШ үкіметі президент билігі референдум арқылы ұзарып жатса, мұның Қазақстан үшін демократиялық тұрғыдан алғанда «кері кету» екенін ескертті. Кейін Қазақстан президенті парламенттің ұсынысын қабылдамайтыны туралы жарлық шығарғанда АҚШ үкіметі іле-шала бұл шешімді құптайтынын жеткізді. Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламентінің қаулысы шыға салысымен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша кеңсесінің басшысы Янез Ленарчич референдум ешқашан тұрақты сайлаудың орнын баса алмайтынын шегелеп айтқан ол: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту жөніндегі референдум өткізу ЕҚЫҰ мүшесі Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай келмеген болар еді» деп атап көрсетті. Әлем алдында шоқтықты елге айнала бастаған жас мемлекеттегі президент пен халықтың арасына қамал соғып, өз білгенін істеп жүрген жағымпаз топтардың әрекеті елдің ішкі наразылығын тудырғанымен халықтың оған қарсылық білдірерлік дәрмені жоқ. Тіпті билік үшін қырқысқан көрші Қырғызстанның елі мен жеріне әкелген ылаңынан үрейленген бейбітсүйгіш топ, ел тыныштығының бұзылуынан да қатты алаңдайды. «Осы күнімізге де зар болып қалмайық» деген қорқынышын білдірушілер де көп. Дегенмен де, халық әлі де болса бір үмітті Президенттің өзінен күтіп, жоғарғы жаққа жаутаңдап отыр. P.S. Кеше, 17 қаңтар күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев референдум өткізу мен Елбасы мәртебесі туралы заңға Парламенттің енгізген өзгерістері мен толықтыруларының заңдылығын тексеру мақсатында Конституциялық Кеңеске жіберді. Конституциялық Кеңес шешімі бір ай ішінде шығуы тиіс. Алтай КӨКТҮРІК