САЙЛАУ МЕН РЕФЕРЕНДУМ «мәңгілік президенттік» емес

0
1730

Өткен қыркүйек айында Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Свобода слова» газетіне берген сұқбатында «Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы өтетін президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбақ ниетте», – деп мәлімдеген еді.

Оған іле-шала үн қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясында Қазақстан кәрістері қауымдастығының президенті Роман Ким Нұрсұлтан Назарбаевты 2020 жылға дейін президент қызметінде қалдыру туралы ұсынысын айтқан болатын. Ал сенатор Оралбай Әбдікәрімов сол кезде осы мәселеге орай: «Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік Мемлекет басшысы болып қалу мәселесі жалпықалықтық референдумда шешілуі тиіс. Бұл мәселені бірінші кезекте Елбасының өзінен сұрау қажет. Бұл ұсынысқа ол кісі келіседі ме екен. Президент бұған келісе қалған күнде де менің пікірімше, мәселені жалпыхалықтық референдумда шешу қажет. Бұл ретте бізге қандай да бір заңдар қабылдап жатудың қажеті жоқ. Мәселені тек референдум ғана шешуі тиіс. Бұл нағыз демократиялық елге тән әрекет болмақ» – деп жауап берген болатын.

Осы бір бастаманы Елбасының облыстардағы сапарында, оны «аңдып» отырғандар ішкі есептерінен жаңылған жоқ. Ақтөбелік профессор Закратдин Байдосов Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір бойы басқаруын қалайтынын білдірсе, Атырауға сапары барысында жергілікті тұрғындармен кездескен ҚР президентіне қаладағы №6 мектептің директоры Хамза Ғабдолла: «Сіздің Атырауға әр сапарыңыздың тарихи маңызы бар. Сіздің кемеңгер басшылығыңыздың арқасында Қазақстан шыңнан шыңға көтерілуде. Осыдан кейін сізді неге патша демеске? Бүкіл облыс тұрғындары атынан сіздің мәңгілік президент болуыңызды сұраймын!» -деді.

Осыдан кейін Павлодар облысындағы «Солтүстік-Оңтүстік» электр желісінің екінші тармағының ашылуына қатысқан Н.Назарбаевқа Екібастұздық энергетик Андрей Рассоха: «Осы жерде жиналған барлығымыз елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауы тек Сіздің арқаңызда мүмкін болғанын біледі. Айтарымыз, бізге басқа президенттің қажеті жоқ» деп тебіренді.

Ал, жақында депуттардың қозғауымен президенттің құзіреттілігін 2020 жылға ұзарту қайта көтеріліп, оны тақырыбына тақия ететіндер тіпті көбейді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Өскеменде өткен республикалық жиналыста 7 адамнан тұратын қоғамдық топ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу бойынша бастама көтеріп шықты. Бастамашыл топтың төрағасы болып Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов тағайындалды. Олардың қатарында Семей Мемлекеттік университетінің профессоры, орыс мәдени орталығының жетекшісі Михаил Панин, Шығыс Қазақстандағы шаруа қожалығының басшысы Владимир Акулов, Үлбі металлургия зауыты жетекшілерінің бірі Геннадий Бергедин және басқалар бар. Ұсынысты жиналыстың 850 делегаты қолдапты. Жиынға сонау Еуропадан ат арытып келген елші Олжас Сүлейменов те: «Тіпті, сайлау өткен күннің өзінде  оның қортындысы белгілі. Сондықтанда да сайлауға ақша ысырап ету жөн емес», – деп президент тағына сенімділік білдіріпті. Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын құруға арналған Қазақстан Республикасы азаматтарының осы жиналысына қатысушылар отандастарымызға үндеу де жариялап үлгірді.

Енді, міне, бұл бастамаға жер-жерден үн қосушылар да аз болған жоқ. Айталық, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бұл ұсынысты алғашқылардың бірі болып толығымен қолдайтындығын білдірсе, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева президенттің өкілеттігін 2020 емес, 2030 жылға дейін ұзарту туралы мәселе көтеру қажеттілігін айтты. Осы орайлы сәтті қолдан бермей, президентке жағудың қолайлы сағаттарын тағатсыздана күткен пысықтардың «оңай олжадан» шет қалғысы жоқ. Ендігі жерде облыс әкімдері, ректорлар мен директорлар атқа қонды. Осылайша жаңа жылға қарсы көтерілген жаңа науқан қыза түсті.

ҚР Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) ҚР Тұңғыш Президентінің өкілеттігін 2020 жылдың аяғына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуге өтініш те келіп түсті.

Дәл осындай тайталас кезеңде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, оңды-солды сілтеп жатқан тәуелсіз сарапшылар да жетерлік. Сөздерін естісеңіз кейде жағаңызды ұстайсыз. Олардың бірі: «осындайға жел беріп, халықтың қаржысына қампиып, үлпілдеп- маржандалып отырған Зағипа секілділер өз орындарынан оңай кетпес…» деп кіжінсе, енді бірі: «Жағымпаздардың логикасына сүйенсек, зейнеткерлікке тек 80 жаста ғана шығармыз, бәлкім 90-да» – дейді. Ал енді біреулер: «Президент өз атақ-абыройымен-ақ 96 пайыз дауыс жинай алады, қалғаны далбаса» дегенді айтады. Тағы біреу: «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Ұлы супер держава Америка Құрама Штаттарының тұңғыш Президенті Джордж Вашинтгоннан үлгі алса ондайға бара қоймайды» деген сенімділік білдірсе, оны қостаушы: «Елбасымыз, тұңғыш президентімізге Қазақстанды гүлденген мемлекетке айналдыру мақсатында қабылданған өзінің стратегиялық «Қазақстан 2030» бағдарламасын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беруіміз керек. Ол үшін Нұрекемізді 2030 жылға дейін президент жұмысында қалдыруға дауыс берейік баршамыз. Бағдарлама жүзеге асқан соң, Елбасымыз Назарбаевқа «Атақазақ», яғни бүкіл қазақтың атасы, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы деген құрметті атақ берілсін деген ұсыныс айтам» – дегенді көтереді. Енді бір білгіш: «Парламент пен «халық» мемлекет басшысынан елді мәңгілік басқаруды сұрайды. Сол кезде Нұрекең шығып: «жоқ, болмайды. Бұл демократияға сәйкес келмейді» – деп айды аспанға шығарады. Сөйтіп, күллі Еуропа Қазақстанда демократия барына имандай сенеді», – деген қорытынды да жасап жіберіпті.

Осылайша шыны қайсы, өтірігі қайсы, бопсалы сөздер мен топсалы көздер жылқының майындай жылпылдайды. Айтарын айтып алып өздері де қылпылдайды.  «Мәңгілік президентті» шығарған манағы топ, президентке жапақтап «шатақ» емес, атақ күтеді.

Ал, мұндайды жұрттың айтуымен емес, Конституцияға сай жүзеге асырудың қажеттілігін бізден жақсы білетін президентіміз әзірше жеңіл қолпаштауларға желп етер емес.

Сайлау өте ме, референдум бола ма, соңғы сөзді Елбасы айтады.

Ж.Шаяхмет

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз