ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНІҢ ШЫРШАНЫҢ ШЫРМАУЫНДА ҚАЛУЫ – ҚОРЛЫҚ!

Ең ұлы күнді ел есінде қалдырудың жаңа тәсілдерін ойластыру керек!

Соңғы жылдары Тәуелсіздік күні ұлық мереке десек те, жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қойып жатқандығы туралы ақпарат құралдары жаза-жаза нәтиже шығара алмай келеді. Қараша айының соңынан бастап еліміздің әр аймағында жаңа жылға байланысты дайындық жұмыстарын жүргізіп жүріп, Тәуелсіздік мерекесін мемлекеттік дәрежеде атап өтпеуіміздің себебі неде деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Жауап біреу-ақ, Ресейде ғана жоғары деңгейде тойланатын жаңа жылды тәуелсіздіктен жоғары қойғанымыз Ресейге тәуелділігімізді көрсетеді. Жыл өткен сайын Тәуелсіздік мерекесінің жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып бара жатқандығы бұл болашақта тәуелсіздікті тойламайтын жағдайға апарады. Біртіндеп Тәуелсіздік мерекесін санадан өшірудегі мақсат Кедендік одақтан басталған тәуелділікке апарып соқпай ма? 

Бір жағынан нақ Тәуелсіздік күнін тойлауға байланысты өзімізді де сөккеніміз әділетті болар. Той дегенде қу басы домалайтын қазақ неге Тәуелсіздікті тойламайды? Қазақтың өзінде де кінә бар. Жаңа жылды тойлағандай әркім өз отбасында болса да, атап өтсе кім оған қой дейді. Салғырттығымыздан өз елімізде отырып, Тәуелсіздікті мектеп, мемлекеттік органдар деңгейінде ғана атап өтетін мереке немесе халық үшін демалыс күні деңгейіне түсіріп тастадық. Ал жоғарыдағы билік Ұлы мерекемізді концерт деңгейінде ғана тойлайтын, халықты айтыс, концертпен ғана алдап қоятын болды. Мемлекет құрушы ұлтқа тән мінез көрсетпей, отырып алып ойбайлаудың қажеті не? Жыл сайын осы үрдістің қайталана беруі Алаш жұрты үшін екі дүниеде теңдесі жоқ Тәуелсіздік күні шыршаның көлеңкесінде қалып қоюы қорлық деп білген абзал.

Басқа қалаларды қайдам, қарашаның басы көрінер-көрінбестен Жаңа жылға жарыса кірісу елордада әдетке айналғалы қашан. Астана әрдайым Тәуелсіздік күнін емес, Жаңа жылды тағатсыздана күтеді. Қаланы бір аралап шықсаңыз, Тәуелсіздік күні емес, бүгін-ертең Жаңа жыл келіп жетердей күй кешесіз. 16 желтоқсанда тек «Ақ жол» партиясы ғана алаңға шықты... Сонда өзге партиялар, мемлекеттік органдар қайда? Олар үшін 16 желтоқсан демалатын күн, сондықтан 15 желтоқсанда едел-жедел өткізіп тынады...Қараша айынан бастап қала көшелерінде, қоғамдық көліктерге ілулі тұрған «Жаңа жылыңызбен», «Қош келдің жаңа жыл», «Жаңа жылда жаңа табыс», т.с.с. сияқты құттықтаулардан көз сүрінеді. Тіпті Ақордаға қарай өтетін екі арканың үстіне жаңа жылдық құттықтаулар бір ай бұрын ілінді. Ал ешбір жерде Тәуелсіздік күніне арналған құттықтаулар ілінбеді. Елордамыздың өзі осылай болғасын, басқа жерден не қайыр? Елордамыз дейміз-ау, Елбасымыздың өзі де соған мүдделі сияқты көрінді. Тәуелсіздік мерекесінің тойлануы туралы халық қам жеп, қоғамдық пікір қалыптасып жатқанда, Елбасымыз осы ұлы күнді мерекелеуге байланысты  сөз сөйлей ме десек, керісінше Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты сөзінде айдаладағы 1-мамыр мерекесін жаңа форматта тойлау туралы ұсыныс жасады... Менің ойымша мамыр мерекесінен бұрын, жаңа жыл мерекесінен бұрын Тәуелсіздік мерекесін тойлауды ойластыруымыз керек сияқты. Тәуелсіздік мерекесін жаңа форматта тойлауды тапсыруы керек еді. Елбасының өзі шыршаның алауын жағып, Жаңа жылды Тәуелсіздікті тойлаудан бұрын бастап жатса, өзгелер не істемек?. Барлық басшылар Елбасының көлеңкесі екенін ескерсек, қалған басшыларға не дейсің... Барлығы Елбасыдан көргенін жасайды. Олар да шырша жағады, думандатады, рюмка соғыстырады. Бұл мерекені тойлаудың бір «түрі». Ал мерекені тойлаудың басқа тәсілдері де болады. Мысалыға, жаңа жылды жұрт неге асыға күтеді. Біріншіден, БАҚ-та тереңінен насихатталса, екіншіден жекелей адамдарға қатысты. Көпшілігі жаңа жыл қарсаңында түрлі сыйлықтар, жаңа жылдық жеңілдіктер алады, тойлайды. Демек, Тәуелсіздікті елдің есінде қалдыруда да осындай бір қарапайым әдістерді, жекелеген адамдарға қатысты «тәсілдерді» пайдаланған жөн. Аға буынның осындай адасушылық әрекеттерінен кейін жас буынның бойына ұлттық рухты, отансүйгіштік қасиетті қалай терең сіңіруге болады? Айтыла-айтыла жауыр болған көпұлтты мемлекетпіз, халықтар достығы мен діндер келісімі жасасын, деген сияқты тамырсыз ұрандарды жағымыз талғанша қайталай бергенше, неге Тәуелсіздік мерекесін құрығанда осындай дәрежеде ұлықтай алмадық. Әлде біз Тәуелсіз ел емеспіз бе?

Заңдық тұрғыдан алып қарасақ Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жыл мерекесінен мәртебесі көп жоғары. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес Тәуелсіздік күнінің мәртебесі ең биік, жалғыз ғана ұлттық мереке. Сондықтан соңғы жылдары жиі тілге тиек болып жүрген Ұлттық мерекенің жаңа жылдың көлеңкесінде қалмасы үшін 17 желтоқсанға дейін жаңа жылдың жарнамасы, әзірліктері жасалмауы тиіс. Бюджеттен жаңа жылды тойлауға бөлінген миллиондаған қаржылар Тәуелсіздік мерекесіне де бөлінуі керек. Мәртебесі Тәуелсіздіктен төмен тұрған жаңа жыл мерекесіне көп қаржы бөліп, бюджетті шығындату бұл да заңсыздық. Құрығанда заңымызды сыйлайық. Билігі былқ етпесе де, қазақ үшін қасиетті ай саналатын желтоқсандағы аса мәртебелі ұлттық мерекеміздің алдын  жаңа жылдың орап кете беретініне қазақ қоғамының іштей қарсылығы күшейіп келеді.

Біреудің қаңсығы енді бізге таңсық емес. Христиандар мерекесі-бірінші Петрдің  жаңа жылында ағаштың жанын қинап, жас өскінді кесіп, үйіне шырша орнатып жатса, ата-бабаларымыз Наурыз айында көшеттер отырғызатын мерекеміз қандай ұлық десеңші. Кім қалай санамыздан Тәуелсіздікті өшіреміз десе де, Қазақ мәңгіге тәуелсіз. Қазақ дегеннің өзі еркін, тәуелсіз деген мағына береді. Сондықтан Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да бөлек. Батыр бабаларымыздың төгілген ыстық қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеткен аналарымыздың ақық жасының, Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлейміз. Тәуелсіздік мерекесі  құтты, ұзағынан болсын!

 

Фазылбек Әбсаттарұлы