ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ХРИСТИАНДАР МЕРЕКЕСІНІҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

Басқа қаланы қайдам? Бас шыршаны Қарашада жақты Астана. Желтоқсанды көре салысымен  тойлатып ерді Алматы. Осылайша келуіне ай қалған «бас мерекені» қарсы алып жүргенде жетімсіреп қалды «Желтоқсан». Неше жылдан бері жым-жырт «қарсы алынатын» тәуелсіздік мерекесі тағы да жым-жылас келе жатыр...

Бүгінде алып шаһар жаңа жылдық құттықтауға толы. Алаңдарда, әкімшіліктер мен оқу орындарында, көшелер мен сауда сарайларында.... қойшы әйтеуір, қайда қарасаң да, аяқ алып жүргізіз «жаңа жылыңмен» деген құттықтауды көресің. Ақтабан болып шұбырып, Алакөлде сұласа да, түбі түркіден қап кеткен асқақ рухын маңғол мен татарға да, қытай мен орысқа да бермей, өз азаттығы үшін күрескен атам қазақтың алыстан аңсаған  арманы тәуелсіздік туралы үндеулер мен құттықтаулар тым аз. Салыстырмалы айтқанда жоқтың қасы. Сонда не, сонау бір кездері тарих қойнауында ұлт тәуелсіздігі үшін ат үстінде атойлаған  батыр бабаларымыздың арманы орындалған айтулы күн осылайша қайдағы бір христиандық мерекенің тасасында қап кете ме?!

 

 

 

Жаңа жылды намыс көрдік

 

 

Бұл күнде ана тілін білмегеніне намыстанбайтын қазақтар, жаңа жылды намыс деп біледі екен. Онысы кешегі «саммит» сияқты Алаш намысы, ағайын намысы емес, бұтаның түбін паналап, бұғып жүрген бұралқы иттей әрбір надан көкіректі мекен еткен жалған, ерсі  намыс.

Қазіргі қазақ  әуелі, жаңа жыл келерде кім қандай бағадағы от шашу алғанына, кім қандай сорттағы шампан ататынына, кім қандай бағаға, қаншалық биік шырша жағатынына, кім қайсы «Аяз атаны» шақырып,  қалай дастархан жаятынына ... осы тектес жаңа жылдың бар салтанатына көршісімен, ағайынымен, әріптесімен дәулеттес, мәрте­белесімен ішті тысты бір бәстеседі.

Бұл кездегі қазақты көрсең, «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» ап «темір қазық жастанып» тұрып, «түйеде қом, атта жал» қалмағанша, базар базарды кезіп жүріп, жаңа жылға дайындалмақ. Егер бұлай етпесе, тұрғыласынан қалып қойғанды біртүрлі намыс қылады екен.

Жаңа жыл келгенде, бір-бірінің үйіне барып қыдырып, құттықтап, айттан бетер аралап, дыр-дудың көрігін басады. Ат аяғы жетпейтін алыс шалғайға телефонмен қоңырау шалып құттықтағанды қажыдан келгеннен бетер абырой көреді. Құтты үйін түн жарымында иен тастап, көшеде «Аяз атамен» кезіп жүргенді өмірдегі ләззәт деп біледі. Ондағысы - өзінше «мәдениетті, өркениетті» атанбақ. Сөйтіп, мән-мағынасыз ісімен «демократиялы Батыстың» көшіне ергені. Жаңа жылды әлем тойлайды деп басқадан қалғысы келмегендегісі.

Қала берді «той» тарқағанда, жаңа жылдан кейін үшінші мәрте намыстанғаны: «Былай қарсы алдым, былай тойладым, сөйтіп іштім, бүйтіп іштім» деп соны мақтан тұтады. Еркегі қайтып ішкенін, әйелі қалай қызғанын, мақтан етсе, бұны істей алмағаны «салтанатының» жаңағыларға астар болмағанына намыстанып, өзінше қам қып, мұңайып, мүсеурейтінін қайтерсің. Осындай бейбақтардың ісі  тыңдауға тати ма деші. Ой, тәйірі ай, сол ма екен намас?! Мен білгенде намыс деп атам қазақтың , тегім түркінің, дінім Ислам мен исі мұсылманның намысы үшін жасалған намысты атасақ керек. Амал қанша бұл намыс қайда, шын намыс қайда?!.

... Хақ діннен хабарсыз, отанды ойлап, ұлтын ұлықтау жоқ. Бар мұраты қарнының тойғаны мен қалтаның қампайғаны болған ұры-қары, парақор, ортадан «қағып қалғыш»  делдал қазақтардың еркегі телпек, қатыны шәңкіш, қыздары жалаңтөс, жалаңбұт, ұлдары дарақы, қызқұмар, ессіз боп жүріп қайдағы намыс?! Намысқой болсақ, ең әуелі дін мен дәстүрімізді білмегенімізге неге намыстанбаймыз. Басқалардан ғылым мен білімнен кемшін тұстарымызға несін намыстанбайды екенбіз?! Орысша оқып, орысша ойлап, орысша түс көріп, солардың дәстүрін қабылдап, дініне кіргеннен неге намыстанбаймыз?! 

        

Аяз ата мен ақша қарды күттік, олар бізге не берді?

 

Осы жұқпалы ауру жұққалы бермен Аяз ата ананы әкеп береді, мынаны әкеп береді деп ай бұрын балаларымыздан сүйінші сұрадық. Аузымыздан жаңа жыл түспеді. Балаларымыз жаңа жылды атасы Алтай-Сауырдан келетіндей сарыла күтті ... Сарғая күтті ... Оларға тәрбие берер ертегі Аяз ата мен ақша қар болды. Жұмыстан шаршап келген әкесін күтіп алуға жарамайтын балаға Аяз атаны күту зор болды.

  Көкшұнақ аязға қарамай, тайлы-таяғымызбен сақалы қаптай болған Аяз ата мен ілмиген ақша қарды күтетін күн де келді. Түн жарымында Аяз ата сендерге «ананы әкелді», «мынаны әкелді» деп өтірік айтып балаларымызға сауға ұсынамыз. Олар соған мәз болды. Өзіміз болсақ, от шашу аттық аспанға. Атылған от шашумен бірге ақылымыз да шашылып кететін болды. Сонымен не керек, іштік, жедік, ойнадық, күлдік.

Балалармыз жаңа жыл күні осыны көрді емес пе?! Осылай санасына ұлттық рух сіңбей, «коммунизммен» тәрбиеленген өз заманының  қарадомалақтары бұл күнде ата-анасын қаңғыртып, атам қазақта болмаған  қарттар үйіне апарып жатқан жоқ па?! Соларды жастайынан ауыз әдебиетімен сусындатсақ, тәуелсіздік үшін жан берген бабалар ерлігін баяндап бергенімізде, олар ұлтына адал, отанға опалы болмас па еді?! Ал бүгінде әлемнің «өркениетті елдерінен» қалғысы келмей, тәуелсіз қазақтың Аяз атасын күткен ұл мен қыздан ертең не күтеміз? Ұлан байтақ жерімізге олар тұтқа бола алар ма екен?!.

Асырып айтсақ, есіктен кіріп, төріңе озып отырған орысшылдық санадан серпіле­тін күн туды ғой,  қайран, Қазақ?!

 

Күнәні жидық,  күпірге кірдік

 

 

Жаңа жыл талассыз христиандардың діни мерекесі. Исус Христостың, ақиқатында, Иса ғ.с-ның туған күні.  Ал «мен мұсылманмын» деген әрбір адамның бұл мерекемен қатысы жоқ. Олар үшін Алла бекіткен мерекелері Ораза айт пен Құрбан айты бар.

Барымызды беріп, қасы­мыз­ды керіп, қарсы алатын жаңа жыл күні қоғамда ұрлық, тонаушылық, қыз зорлау, кісі өлтіру ... қылмыстарымен істі болатын азаматтар саны қаншама? Оған от шашудан жарақат алатындар саны тағы бар. Бұлардың үстіне шыршаға, отшашуға, түрлі ілікке алғысыз сәндік зерлер мен харам ішімдіктерге жұмсалатын қаржының сырапшылығын қосыңыз. Ұлы раббымыз Құранда: «Ішіп-жеңдер, сырап етпеңдер» деп бұйырады.

Ескеретін бір жәйт, әр қазақтың тойлап жүрген жаңа жылын мереке иелері қалай тойласа, өз еркі. Оған мемлекет те, заң да, әлеумет те қарсы емес. Біз жат мәдениетке есірткіге улағандай ессіз берілудің ұлтты жоятын апатты жол екенін білгеніміз абзал. Ал саясат тізгінін өз қолына алған қазіргі  қазақ үшін өз ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, әлем алпауыттарымен иық тірестіргені дұрыс.

Бұл жерде басқаның діни, дәстүрлі наным сеніміне құрметпен қарай отырып, әр «әннің есері мен естісін» парықтай білуіміз қажет.

 

Жә, бар айып жоғарыдағы «есер қазақта» емес, «балық басынан» демекші бұл үрдісті ата дәстүріміздей ардақтап, салтымыздың сапына алғанымызға үлкенді-кішілі үкімет орындарының, ұлт зиялыларының қосар үлесі де аз емес.

Жоғарыдан Ораза айт пен Құрбан айтқа бермеген демалысты беріп, бір төрімізге шығардық. Мемлекет жұмыстан босатса, үйде қатын бала ұлардай шуласа, кім тойламайды? Бұндай да қазекем «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық»-тың керін қылмай қайтсін.

«Тәуелсіздік күні» мен «Науырызда» жер жылжыса, жылжымайтын кей әкім қаралар, өз қарамағындағы әр мекеме, іс орындарына алдын ала тапсырмалар беріп қолдан арнайы «дайындық» жасатып, үлкен концерттер ұйымдастырылатыны ақиқат. Осылай әуектеген жаңа жылдың мерейі бас мерекенің мысын басып тұрған жоқ па?

Ал дін мен тілге келгенде, мыңқ етпейтін шенеуніктер бүйрегі бүлк етпей дәріптеп, орысшасын қимай жүрген «отаншыл» телеарналар арнайы теле бағдарламалар жасатып отыруы да осының айғағы емес пе?!

Бұл арада мемлекет басшысының бас шырша жағуы - басқа дінге деген құрмет деп түсіну керек. Амал қанша, Елбасының «ендігі аю да қазақша сөйлейтін болды ғой» дегеніне пысқырмайтын «пысықтардың» осындайда Елбасын көлденең тартуы орынсыз. Ол кісі ел бірлігі мен ұлтаралық татулықты ойласа,  жанындағылары ойын- сауықты, аста төк салтанатты, орынсыз сырапқорлықты ұйымдастыратынында дау жоқ. Ал неше жыл болды, Халық жүрегінде «Желтоқсанның» ызғарлы суығы қалған, еліміз егемендік алған «Тәуелсіздік күні» Алматыда жым-жылас өтіп кететін әдет шықты. Өткен жылы «Наурыз»-дың да жырғатып тойланбағаны белгілі.Сонда қазақ тәуелсіздігінен христиан діні мерекесінің мерейі үстем болғаны ма?

Бәрін айт та бірін айт, біреудің қаңсығы, біздің таңсығымыз емес.

Жүрегімізге орыс сіңірген Христиан мерекесін осылайша намысымызға ту еттік. Атам қазақ «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» демекші, орыстың отарынан құтылсақ та, оның идеядағы бұғауынан әлі құтылмаған екенбіз.

Жаңа жылға жұтынып-ақ тұрмыз. Ал тәуелсіздік күнінде бүйрегіміз бүлк еткен жоқ. Сол күннің боздақтары есімізге де түспейді. Сонда қан майданда шейіт болған батыр ұлдарымыз бен қаракөз қыздарымыздың қан қақысы үшін Құран оқып, оларға дұға қылуға жарамадық. Амал не?!

 

Оразбек  Сапарханұлы